Тәуелсіздік тірегі –халық мұрасы

44 «Құбылған заманда құбыл­намасынан жаңылмаған Қа­зақстан дамудың өзіндік даңғыл жолына түсті.Аз уақытта айбыны асқақ алаш жұрты әлеуеті асқан, дәулеті тасқан іргесі берік, беделі зор айбынды елге айналды »-деді Елбасы өзінің инаугурациялық сөзінде. Иә, аз ғана уақыт небәрі 20 жыл. Тарих жылнамасындағы сан ғасырға бергісіз қас-қағым сәт қазақ халқын барша әлемге танытты,танытып қана қоймай әлем елдерінің бас қосқан алқалы жиынында айшықты ойы мен аталы сөз арқылы төрелік еткізді, ел еңсесін көтерді,рухын асқақтатты. Сонау «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама»кезеңіндегі «Елім-ай» зарынан бастап ойын улап,сөзін бұрмалаған отаршылдықтың озбырлығы, тіпті кешегі қан сасыған отыз жетінің қасіретті ылаңы, сергелдеңге түсіріп сарсаңға салған сексен алтының ызғарлы бораны –бәрі –бәрі халықтың жанына да арына да аз жара салған жоқ. Ұзақ жылдар ойлаған оймыз, айтқан сөзіміз істеген ісіміз біреулерге қарап алаңдаушылықпен өтті .Тарихымыз бұрмаланды. Ата-бабадан қалған асқақ рух пен мол мұраны жоғалта бастадық.Тоталитарлық тәртіп жүзеге асырған халыққа жат саясат аса зор қасіретті зардаптар әкелді: -жаппай отаршылдықтың салдарынан қазақ халқының жартысына жуығы қырылды; -өзінің атамекенінен басқа елдерге ауа көшті; -тіл мен діл,дін мен ұлттық сезім, таным жойыла бастады; - өз жерінде ұлттық азшы­лыққа ұшырады; Қазақтың еркіндігінен қорыққан қызыл империя Алаш туы астына ел болып, мемлекет құруға біріккендердің бәрін біртіндеп құртты. Оқы­ғандарын қудалады, қырды. «Алаш»ұранын тарихи санадан өшірді.Бас көтерерлік қауһар қалмаған қара халықты қызыл империя «тарихтың тезіне»салып қорлай бастады. 32-33-тің ашаршылығы , 36-37-нің қырғыны әдейі ұйымдастырылды. 1937-38 жылдың өзінде 125000 қазақ зиялысы қырылды. 1949 жылы қазақ халқы атом полигонының сынағына түсті, бұл –қазақ көрген нәубеттің ең сорақысы еді.Ядролық қарудың қасіретін қазақ ұрпағы әлі тартып келеді... Үш ғасырға жуық бодан­дықтың құрсауында болып, алаш азаматтарын жалмаған заманда ел тілегі мен халық мұраты –Тәуелсіздік еді. Түлкі бұлаң тарихтың нешеме бұрылысында ел азаттығы үшін талай тарланның тақымындағы тер кеппеді. Ұлттың ұлылығын сақтап, бостандығын баянды етудің жолында ат жалын ұстаған қазақтың қаһарман ұлдары басын бәйгеге тікті,құрбандыққа шалынды, шейіт кетті. Сырым,Исатай-Махамбет, Кенесары бастаған ұлт-азаттық күрестер,Алаш арыстарының азаттық ұраны,Торғайда, Меркіде, Созақта. Қарқара-Албанда болған Кеңес үкіметіне қарсы үлкенді –кішілі көтері­ліс­тер,Алматыдағы қазақ жастарының қанға боялған бейбіт шеруі – бәрі-бәрі «Тәуелсіздік» атты дәуір дөңгелегін тым ілгері жылжытып тастаған еді. Бүгінгі Тәуелсіздік пен ұлттық сана –сезіміміздің құны осыншама құрбандықпен келгенін,сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгініміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз бол­мағанын насихаттап, болашақ ұрпаққа аманат ету –сіздер мен біздердің басты парымыз. Бұл қасіретті де қасиетті шежіре –бүгінгі буын арқылы келер ұрпаққа аманаттайтын баға жетпес игілік. Жуырда ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи этногрфиялық орталықта зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде: «Біз жел қуған қаңбақ сияқты халық емес, тамыры терең кеткен халықпыз.Шынайы патриотизм туған тарихыңды жақсы білуден басталады,»- деп біздің,тарихшылар мен мұражай қызметкерлерінің, міндетін айқындап берді. Елбасы өзінің «Сындарлы он жыл» атты еңбегінде «Тәуелсіздік –тарихтың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халықтың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес екенін,азаттық алуымен іс бітпейтінін, оны сақтап қалу үшін заманға сай амалың болуы керек екенін»нақтылап, еліміз үшін алғашқы жылдар нағыз сын сағаты болғанын жан-жақты баяндайды. Одақ құлап, қалыптасқан шаруашылық жүйесі бұзылды.Ауылда да, қалада да халық тұрмысы күрт төмендеді.Зейнетақы мен жалақы уақытылы төленбеді елде жұмыссыздық етек жайды.Әрбір заттың құны еселеп өсті өнеркәсіп тоқырып, инфляция 3600% құрады. Елбасының бастауымен әкімшіл-әміршіл экономикадан нарықтық экономикаға,жабық елден ашық қоғам құруға кірістік, колхоз-совхоздар таратылды, қоғамдық мүліктер жекелендірілді, баға шектелмей босатылды, шетел инвестициясы кеңінен тартылды. Қаусап қалған режимге кектенушілер мен шаңырағы ортасына түскен одақтың жоғын жоктаушылардың дауысы өктем шықты. Елдегі саяси проблемалар, қоғамдық -әлеуметтік күрделі мәселелермен қатар,сыртқы саясатта да келелі мәселелер күн тәртібінен түскен жоқ.Мәселен, Қытаймен, Ресеймен арадағы шекара мәселесі, Каспий асты мұнайын бес елдің бөлісуі, азуын айға білеген алып державалар мен тартысты дипломатиялар ,тұрақтылық саясатындағы міндеттемелерді үйлестіру,қазба байлықтарын ел игілігіне тарату-міне бұлардың бәрі жас мемлекеттің іскерлігіне сын болғаны айқын. Күмән мен үмітке толы сол бір сындарлы кезеңнен Елбасы да, халық та абыроймен өтті.Реформа саласындағы айшықты қадамдар жақынның да, алыстың да көңілін аударды, өз халқымыз олардың жемісін көрді.Әлемдік қауымдастық сол реформаларға «Қазақстан жолы »деп ат қойып , айдар тақты.Озық тәжірибемізбен танысуға көршілес мемлекеттер келе бастады. 1993жыл Лиссабон хаттамасына қол қойып, дүниежүзінде біріші болып Атомнан бас тартты.Арқа төсінде айшықты жаңа астана салу, Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету, ғаламда басы бірікпей келе жатқан әртүрлі дін өкілдерінің басқосуын ұйымдастыру, дамыған 50 елдің қатарына ұмтылу. Қысқа Азия ойындарын өткізу және күллі Ислам Конференциясы Ұйымына төраға болу сынды белестер елімізді әлемге танытты.Қазақстанның абырой беделін әлемдік саясаттың жоғарғы легіне алып шықты. Елбасының биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты жолдауында: -«2030 жылы біздің ұрпақтарымыз әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүреді» деген сөзіне кезінде күмәнмен қарағандар аз болған жоқ еді. Әйтсе де діттеген бұл межеге біз 33 жылда емес, бір мүшел жастың өзінде ғана жеттік, - деген пікірінің дұрыстығына беделіміз өскен сайын көзіміз жетті. Аз ғана тарихи уақыт ішінде аяғынан тік тұрып, тәулесіз, бақуатты мемлекет құрып қана қоймай әлемдік қауымдастық ортасынан лайықты орын алған Қазақстан сияқты ел сирек. Әрине, бұл-ең алдымен Елбасымыздың ерен еңбегі. «Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болу керек» деп қалың жұртты дәстүрлі құндылықтарына бастады. Елбасының ерік-жігерімен, тарихты тәуелсіздік ұстаным­дары тұрғысынан қайта қарау қолға алынып, халықтың көне дәуірлерден бүгінге дейінгі елдік, ерлік дастаны ақиқат тілімен, ұлттық намыспен жазылды. Бағзы дәстүрлі құндылықтар бүгінгі өркениетпен үндесті.Мәдени мұраларымыз, салт-дәстүрлеріміз қайта зерделеніп, тарихи тұлғала­рымыз халқымен қайта қауышты.Елбасының тікелей қолдауымен көптеген тарихи күндермен қатар, ұлт тарихи тұлғалардың мерейтойлары аталып өтілді, олардың рухани мұралары зерделенді.Қазақ хандығының орта ғасырдағы астанасы болған қасиетті Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Жаңа заманға қадам басқан сайын қоғамымызда білім мен ғылым саласы да өзгерістерге ұшырауда. Орта білімді ақпарат­тандыру, дарынды балаларды табу, оқыту және дамыту үшін – «Дарын» бағдарламасы, жаңа мамандарды даярлауға арналған «Болашақ» халықара­лық бағдарламасы қабылданып, жылына 3000-нан астам Қазақ жастарының әлемнің беделді оқу орындарында білім алуына мүмкіндік берді. «Назарбаев университеті» бағдарламасы елімізге кемел білімнің көшін бұрса, «Балапан» арнайы бағдарламасы,12 жылдық оқыту моделі, интелектуалды мектептер құру сынды маңызды шаралар аясында «100 мектеп , 100 аурухана » бағдарламасы да тәуелсіздіктің жемісін баянды етуде. Көне ғасырлар қойнауынан бастау алатын төл тарихымызды сан қырынан жарқырата көрсетіп, асылдарымызды тарих тереңінен аршып алумыздың,асыл мұраларымызды жинақтаудың басы болған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы. Елбасы бастамасымен қабылданды Бұл бағдарлама еліміздің мәдени мұраларын сақтауға, пайдалануға және зерттеуге, тарихи –мәдени салт-дәстүрлерді қайта қалпына келтіру, тарихи және мәдени ескеркіштерді қайта өңдеу қалпына келтіру, мұражайға айналдыруға байланысты негізгі аспектілерді анықтайды.Қазақстанның тарихи –мәдени ескерткіштерінің тізімдері қайта қаралып, нақтыланды. Біздің ел 1994 жылы бүкіл әлемдік мәдени және табиғи мұраларды қорғау конвенциясына қосылған соның нәтижесінде Қазақстан ЮНЕСКО-жөніндегі ұлттық комиссия арқылы бүкіл әлемдік мұра орталығына ұлттық мұраға жататын он ескеркіштің номинациялық құжатын енгізді.Олардың қатарына; -Иасауи сәулет кешені - Яссы Түркістан қалашығы , - Тамғалы петроглиф кешені. - Мерке зиярат орны, - Беғазы –Дәндібай ,Тасмола қорғандары. -Ешкіөлмес - Арпаөзен петроглифтері -Қаратау геоморфо­логиялық кешені. - Отырар ескерткіштері. -Ұлытау тарихи-мәдени ландшафты кіргізілді. Қазіргі уақытта Қазақ­сатанда тарихи, археология, сәулет және мүсін өнерінің жылжымайтын ескеркіштері 25000 астам, 11000 кітапхана, 215 мұрағат, 161 мұражай, 8 тарихи-мәдени қорық мұражай ел игілігіне қызмет етуде. «Мәдени мұра» бірінші стратегиялық жоба аясында 40 археологиялық және 26 ғылыми –қолданбалы зерттеулер жүргізілді.Қытай, Түркия. Монғолия, Ресей, Жапония, АҚШ және Европа елдеріне жасалған ғылыми іздестіру экспедицияларының нәтижесінде елімізге 5 мыңнан астам тарих,этнография, өнерге қатысты аса құнды мұрағаттық құжаттардың қайтарылуы ұлт тарихындағы «ақтаңдақтардың» орнын толтыру ісіне зор серпін береді;-деді Парламент мәжілісінде министр Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза. «Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнетімізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл ойымызбен, ісімізбен, бүкіл қимыл әрекетерімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлтардың басқа ұлттарға жем болатынын естен шығармау қажет» деген Мұстафа Кемал Ататүріктің сөзімен аяқтай келе, болашақ ұрпаққа «Тәуелсіздік» атты алып ғимараттың әрбір түйір тасының халықтың қаны мен маңдай тері арқылы өрілгенін болашақ ұрпаққа аманаттауда істеріңіз жемісті болсын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын, ағайын дегім келеді.

Ғалымжан БАЙЖІГІТ