Тарихын ескермейтін АҚШ

2
2574

акш

Бүгінде ұлттың болашағы жоқ, жаһандану дәуірінде шағын ұлттарды күшті, үлкен ұлттар жұтып жібереді, бұл объективті процестен қашып құтылу мүмкін емес деген сияқты сөздер жиі естіп жүрміз. Ұлттық мемлкеттердің келешегіне сенімсіздікпен қарау күшейе түсуде. Осыдан Батыс пен АҚШ саясаткерлері мен ғалымдары ұлт саясатын, ұлт проблемаларын сөз етуден гөрі әлемде демократияны насихаттауға баса күш салып отыр. Сонымен ұлт проблемасының теориялық және практикалық мәселелері екінші кезекке ысырылып, тіпті ұмытылып барады десек те болады.

Жер шарында екі мыңнан астам ұлт бар деп есептеледі. Оның екі жүздейінің өз алдына мемлекеті бар. Көбісі өзін ұлттық мемлекет деп санайды, өйткені негізгі бір ұлт елге өз атауын берген. Солардың ішінде АҚШ көп этностан құрылған, жергілікті үндістерді қырып жою, ығыстыру арқылы жаңа материкте келімсектер өзгенің жерінде жаңа мемлекет құрды. Ағылшындар не істеп, не қойып жүргендерін білмей жүріп-ақ жарты әлемді жаулап алды. Оған көбінесе сауда ықпал етті деген Дж. Чемберленнің «Империя—дейтініміз сауда» деп жүргені де содан шығар.
1559 жылы болашақ Лондон эпископы Дж. Эйомер құдайдың өзін ағылшын деп жариялап, отандастарын француз, итальян, немесе неміс емес, ағылшын болып жаратылғандары үшін құайға күніне әлденеше рет алғыс айтуға шақырды.
Тәуелсіздік жолындағы күресте бұрынғы отаны Британияны жеңіп шығып, 1776 жылы 4 шілдеде Тәуелсіздік Декларациясы жарияланды. 1778 жылы Америка Құрама Штаттары құрылып, Конституциясы қабылданды. Оның егемені алғаш рет әуелден құдайдың шарапатымен ел билеп келе жатқан әулеттің өкілі емес, өз еріктерімен мемлекет құрған халықтың өзі болды.
Барлық келімсектер жаңа жерде жайлы қоныс та­уып, байлыққа кенелді. Мемлекетінің іргесі бекіп, экономикалық күш-қуаты артты. Өздерінің шығу тегінің әрқилылығына қарамастан, америкалық ұлтпыз деп жариялады. Қазақстандық ұлт осы американдық ұлт дегеннен түлеп ұшты. Біреудің қаңсығын тансық көрген көптеген саясатшылар мен саясаттанушы ғалымдар «бір мемлекет—бір ұлт» болу қағидасын жиі айтып жүр. Бұл арада олар АҚШ-тың тарихи ерекшеліктерін ескере бермейді және Құрама Штаттардың Тәуелсіздік декларациясын жариялап, конституция қабылдауы кезіндегі қалыптасқан тарихи жағдайды ойламайды.
Айдарынан жел есіп жүрген теңізшілердің бірі Христофор Колумб Үндістанға аттанды. Жолда адасып, 1492 жылы 12 қазанда басқа құрлықтан бір-ақ шықты. Бірақ ол өле өлгенше 1504 жылға дейін Үндістан деп кетті. Қасындағы картограф Америго Веспучи жаңа құрлыққа өз атын теліді.
Алғаш рет испан конкистадорлары киліккенде құрлықта 90 миллион халық бар екен. Екі жүз жылдан кейін олардың 3 миллионы әзер табылған. Адамзаттың тарихында бұрын соңды болмаған жауыздық 87 миллион адамның өлігінің үстіне бой көтерген, қазіргі Американың болашағы жарқын болады деп ешкім айта алмас. 1980 жылы санақ бойынша 250 мың үндіс бар екендігі анықталды. Мексика жазушысы Октавиа Пастың пайымдауынша, ацтектер елі—теократиялық мемлекет еді. Әр қаланың өз құдайы болғанымен, ұстанған нанымдары біркелкі болған. Көп сенімдері католиктермен үндес болыпты. Күнәға батқан халықты, аспаннан машайық түсіп құтқарады дегенге сеніпті.
Оның үстіне, олардың күнтізбелері бойынша, бұрынғы құдайдың өкілеті таусылып, жаңа құдай іске енді кірісетін, өлара кезеңге тура кепті. Аборигендер құдай жіберген жазалаушыны күтіп, қаралай алаң болып отырған абыржулы қауымның төбелерінен қар түскендей болды. Әуелі Жаңа Дүние деген атақ алған тосын құрлық оңай бағындырылды.
Алтын, асыл тас, құлдар іздеп келген конкистадорлар қарық болып қалды. Ақырындап, жаңа құрлыққа бойлап кіре бастады. Әлгі аталғаннан да басқа байлықтардың бар екендігіне көздері әбден жетті. Мұндай бай қазынаға тұнып тұрған өлкенің дәулетін өзі иемдену үшін бұрынғы қожаларының көздеріне көк шыбын үймелету керек еді. Ол үшін бас көзге қарамай қырып сала берсе, әлгі қыруар байлықты игеретін жұмыс қолдары қайдан табылмақ? Ол үшін плантацияларда жұмыс қолы жетпейтіндігін сылтау қылып, Африкадан кеме-кеме адамдар сатып әкеліне бастады.
Байырғы халық олармен ию-қию араласып, бұрынғы сипаттарынан біржолата айырылды. Оларды шахтаға түсіріп кен қаздырып, тропиканың таңсық дақылдары мен миуаларын өсіріп, ауыр жұмысқа салды. Экологиялық факторларды пайдаланып, үйренген мекендерінен басқа өлкелерге көшірді. Жаңа жағдайға бейім­деле алмай көбі қаралай қырылды.
Эдуарда Галеано «Латын Америкасының күре тамырын тілу» дейтін кітабында «Олар бір жақтардан құдды бір Мысырдың асыл қазыналары секілді қып, оба, сүзек, алапес, безгек, чума, жүрек, ішек, аузыңды өзінен өзі опырып түсетін кариес, көз ауруларды тиеп алып келді»–дейді. Америка аборигендерінің көбісі, міне осындай Еуропада арнайы лабораторияларда жасалып, кемемен тасылған таңсық індеттерден қырылған.
Психологиялық фактор­ларға сүйеніп,байырғы халықтың мінез-құлқы да, тұрмыс-салты да, жұмыс істегендері де дәйім сыналып, үзбей әжуаланып, олар өздерінен өздері ұялатындай жағдайға жеткізілді. Ұдайы кемсітілді. Ұдайы мазаққа ұшырады. Отырса опақ, тұрса сопақ делінді. Отарлаушылық идеология мен психология осылай қалыптасты. Мұндайға шыдай алмай, қырылғандары қырылды.
Қырылмағандары ашық ассимиляциялауға көнді. Сөйтіп, байырғы халық­тың эволюциялық және өркениеттік дамуының табиғи траекториялық қасақана өзгертіліп, түбірімен өзге халыққа айналуына жағдай жасалды. Осындай ассимиляция және зорлап аккультурация жасау арқылы жаңа құрлықты аборигенсіздендіру көзделді.
Индиана штатының сенаторы болған Генри Гаррисон АҚШ президенті Джеффорсоннан елді мекендеген жергілікті тайпаны жауласпай тазарту жөнінде тапсырма алады. Алайда бұл мүмкін емес еді. Жергілікті тайпаның көсемі Шауни Текумеш пен оның ағасы Тескватава тұрғындарынан әскер жасақтап, Гаррисонға қарсы шығады. Ақ нәсілділер мен үндістер арасында қан төгіледі.
Тайпа көсемі басқа өңірде жүргенде, Гаррисонның жасағы үндістердің үйлерін өртеп, оның ағасын өлтіреді. Болашақ президент Генри Гаррисон Американың байырғы халқы үндістерді жер бетінен жойып жіберуге осылай үлесін қосады. Алайда үндістердің көсемі Шауни Текумеш сол кездегі АҚШ билігі мен Гаррисонға жолдаған хаты бүгінгі аңыз ақпарат күйінде жетті.
«Гаррисон бүгін жеңді, кейін де жеңіске жетуі мүмкін. Бірақ оның салтанаты ұзаққа созылмайды. Ол билікке келеді, билікте тұрып өледі. Мұны мен айтып тұрмын. Гаррисон өмірден өткенде Америка жұрты менің тайпамның, менің ағамның өлімін еске алады. Әр жиырма жыл сайын бұл оқиға қайталанып тұрады». Үндіс тайпасының ұлы көсемі Шауни Текумештің айтқаны кейін ақиқатқа айналды дейді сарапшылар. 1840 жылы АҚШ президенті болып, Генри Гаррисон Ақ үйде таққа отырды. Бірақ … Оның билік ғұмыры бір айға ғана созылды. Өкпесіне суық тиіп, қайтыс болды. Содан бері үндіс тайпасы көсемінің үні әр жиырма жыл сайын естіліп тұрғандай. Бұл ақиқат па, аңыз ба, сәйкестік пе, кездейсоқтық па?
Әлемді билеп төсегісі келетін АҚШ-тың қысқаша тарихы осылай, бүгіні бас айналдырып жастардың түсіне кірсе, болашағын айту уақыт еншісінде қалдырайық.

Жұмамұрат Шәмші
тарих ғылымдарының кандидаты

2 ПІКІРЛЕР

  1. Жұмамұрат інім-ау жазу деңгейің, күн өткен сайын, әжептәуір өсу үстінде бұндай деңгейде, екінің бірі жаза алмайды. Неде болса, бәрекелді шыңдалып жатырсың. Журналистика тұнып тұрған ғылым ғой, оны әрі қарай алып кету әркімнің қолынан келе бермейді. Табыс тілеймін.

  2. Жұмамұрат аға бұл деректерді қайдан алдыңыз?, керемет мен таппай жүрген тарихи деректер енді талай мықтылармен бәстесуге болады. Бәрін есінен тандырамын сізге үлкен рахмет сізді қайдан тапсам болады бір сұхбаттасам аға.
    Сіз сияқты адамды табу мен үшін үлкен бақыт , Жас қазақ үніне хабарластым Астанада тұрады деді. Мен Алматыда оқимын. Сізді қалай табсам екен. Көмектесіңдер.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз