Көкжал Барақ батырды ескеріп жүрміз бе?

Көне түрік тілінде «Алтынтау» мағыналы бүгінгі Кенді Алтайда, яғни Шығыс Қазақстан өңірінде өнегелі өмір кешкен тарихи тұлғалар аз емес. Солардың бірі Абылай ханның қаһарман сарбазы Көкжал Барақ екен. Ол туралы тарихи-әдеби жазба еңбектер баршылық (өкініштісі – оларды тарихшы-жазушылардан ешкімнің жинақтамай жүргені!). Ел аузындағы аңыз айтады: Бірде қалмақ Шоян батыр желігіп, желпініп, Абылай ханға: «Мен келе жатырмын! Жекпе-жекке шыға алар батырыңды баптай бер!» деп доңайбат ескерту жолдапты. Біздің батырлар: «Мен шығам!», «Оның әуселесін мен көріп алайын!», «Маған рұхсат ет, бәлемге жер жастандырайын!» деседі. Сонда Бұқар жырау Абылайға қарап: «Жол Барақ батырдікі. Анау осал емес-ау!» депті. Абылай сәл ойланып: «Бар, батырым!» дейді Бараққа. Арыстанша атылған Барақ жау қолына құйғытып жетіп, қарсы ұмтылған Шоянға найза жұмсайды, бірақ қалмақ та тым ыспар екен, найзасын бұрып үлгіреді. Екеуі найзамен бірін бірі ала алмасқа айналған соң шоқпарға кезек тиеді. Үшінші рет қарама-қарсы келген сәтте Барақ, қапысын тауып, жауын құлақ-шекеден ұрып өте шығып, көкжалша шалт бұрылады да, атынан ауып бара жатқан Шоянды бүркітше бүріп ала жөнеліп, Абылайдың алдына әкеліп тастай салады. Хан хас батырының ерлігіне ерекше риза болып: «Бәрекелді, Көкжалым!» деп, арқасынан қаққан екен. Барақ батыр содан былай «Көкжал Барақ» деп аталыпты. Екінші аңыз: «Барақ батырдың желкесінен беліне дейін ұзындығы бір елі көкшіл жалы бар екен, Көкжал атануы сондықтан болса керек» деседі. Қалай болғанда да, Көкжал Барақ батыр Абылай ханның сенімді серігі болғаны – тарихи шындық. Барақ Шүрекұлы 1701 жылы осы облыстың Жарма-Шар жерінде дүниеге келген. Тегі: Найман - Белгібай - Ергенекті - Өтей - Шона - Шүрек. Қазақ жерін басқыншылардан азат ету жолындағы шайқастардың бәріне дерлік қатысқан Көкжал Барақ батыр бір жолы бүгінгі Күршім жерінде жоңғардың атақты Күршім батырына да жер қаптырған. Өмірде кереғарлық бола береді ғой. Оған бір дәлел – қанқұмар Күршімнің аты бертінде аудан, өзенге бұйырып, оның көзін жойған Көкжал Барақтың елеусіз қалғаны. Бұның масқарашылық екені айтылмай, жазылмай жүрген жоқ. Бірақ не Күршім ауданының, не облыстың бұрынғы басшылары естімеді. Облыстың жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев мырзаның назарын осы жәйтке аудара отырып, Ұлан ауданының орталығы «Молодежный кентін» «Көкжал Барақ кенті» деп атауды, оның орталық алаңына батырға ескерткіш орнатуды ұсындық. Сондай-ақ: «Республикалық, облыстық баспасөзде жазылып келе жатқан бір пікір-ұсыныс қалмақтың атындағы Күршім ауданын «Көкжал Барақ ауданы» деп атау екенін білетін шығарсыз. Кезінде, Қасым Қайсенов, Қалихан Ысқақов және басқа көрнекті қаламгерлер «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Дидар» газеттеріне жазған» дедік. Қазақстанның Шығысында ғана емес, басқа жақтарымыздың да жер-суында кеше атажауымыз болған жоңғарлардың аттары қалған. Дес бергенде, олар соңғы жылдары өзгертіле бастады. Бір мысал: Алматы облысындағы Қаскелең ауданы «Қарасай батыр ауданы» деп аталды. Күршім сияқты, Қаскелең де - қалмақ батырының аты. Күршімдіктердей емес, қаскелеңдіктер жақсы өзгеріске өздері мүдделі болып, бірден құлшына құптады. «Күршімдіктердей емес» дегенім үшін күршімдіктерден кешірім өтінемін, себебі Күршім атын өзгертуге олардың әсте қарсы болмайтынын білемін. Бірақ іштеріндегі кейбір мырзалар өз төтесінен дәнеңе дей алмаған жағдайда бұрынғы дағдыларынша халықтың атынан сөйлеуге өте құштар да шебер екенін күршімдіктер білсін деген оймен айтып отырмын. Күршім атынан құтылып, ауданға Көкжал Барақ батырдың атын қою әділдік болар еді деген ұсынысымызды облыс әкімдігі аудан басшылығына жолдаған екен. Жергілікті жұртшылық білсін, өздері шешсін деген ғой. Бірақ көпшіліктің одан бейхабар болғаны, мәселе аудан басшыларының кабинетінде «шешілгені» сөзсіз. Оны аудан әкімінің орынбасары Д.Әлханов мырзаның маған жолдаған хатынан және ауданның көрнекті кісілері: Қ. Сембаев, Б. Сіләмов, М. Тұяқов, Ә. Нұрсадықов, Б. Өлмесеков және облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Х. Зәкәрия мырзалардың бірігіп жазған мақалаларының («Ертіс өңірі» газеті) көшірмесінен көрдім. Хат, мақала иелері «күршім» қалмақ батырының аты емесін, ол сөз: мәнжүрдің, монғолдың, тәжіктің, көне түріктің қоссөздерінен шыққанын энциклопедиялардан, тарихшылардың кітаптары мен мақала атаулыларынан мысал келтіре «дәлелдепті». Яғни алты әріпті «күршім» төрт халықтың сөздерінен құралған ортақ атау көрінеді (тізген «дәлелдерін» жазып келтірудің өзі ыңғайсыз). Мұндай «ғажап жаңалық» басқа ешбір елде болмаған шығар-ақ. Ол сөздің мағынасы құдды Біріккен Ұлттар Ұйымының деңгейінде қаралып анықталған сияқты. Сондай «дәлелдерді» үйіп-төккен алты автор «бар пәле» менде екенін «көріп-біліп», облыс әкімдігіне қайтарған жауаптарында «Ғ. Қабышұлының пікірі күршімдіктердің орынды ренішін туғызды» десе, Д. Әлханов мырза: «...халықтың қарсы екенін хабарлаймыз» деп, қайырылып қарамастай қатты кетіпті. Жұртшылықтың атынан сөйлеу үшін, халықтың аузымен үкім шығару үшін олармен ашық ақылдасу шарт екенін, сырттарынан сатып сөйлеу өлермендік болатынын ешқайсысы ойламапты. Қорыта айтарым: халықты қалқан етуші мырзалар «күршім» деген сөзді бірнеше тілден құрастырып әкеліп қазақ тіліне телуге тырыспай, сол өңірде туып-өскен, қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосқан жазушы, ақын Тұрсынбаев Бәдел ағамыздың (топырағы торқа болғай!) «Базар батыр» дастанын оқыса, иншалла, көкірек көздері ашылар еді.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ