«Қызылқұм оқиғасы» болған ба?

котерҚазақ басына түскен нәубет тақырыбы ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Өйткені ол біздің тарихымыздың бір тамшысы. Оны ұмытуға болмайды. Халқымыздың жеріне қара әріппен жазылған сол бір кезеңдерді есте сақтау арқылы ғана біз жарқын болашаққа жол тарта аламыз. Себебі, қазақ басына түскен небір қиыншылықтар біздің намысымызды жанши түсіп, олар армандап кеткен қазіргі мамыражай заманды аялап, дамытып, бабалар рухын шат-шадыман ету – біздің борышымыз. Жерлесіміз, ұлт жанашыры Сламбек Мергенбаев ағамыздың ұқыптылықпен сақтап, ұсынып отырған Омар Маутанұлы жазған мақала соның дәлелі. Оңтүстік өлкесі пернесін дөп бассаң күмбірлей жөнелетін киелі домбыра тәрізді. Көне тарихты былай қойғанда, өзім куә болған оқиғалар қаншама жылдар бойы сұраушысын күтіп, архивтерде шаң басып жатты. Солардың бірі Созақ көтерілісімен тұспа-тұс болған «Қызылқұм оқиғасы». Бұл оқиғаны бастамас бұрын Қызылқұм даласының сол кездегі әлеуметтік-саяси жағдайына тоқтала кетейін. Өздеріңізге мәлім, Сырдария мен Әмударияның ортасындағы аралық Қызылқұм. Шығысы Ташкеннен басталып, Түркістан, Шиелі, Қызылорда Аралға дейін, Оңтүстік-шығысы Өзбекстанның Жызақ, Самарқан, Бұхара, Төрткүл, Нүкіспен шектесіп жатыр. Негізгі кәсібі мал шаруашылығы еді. Жылдың төрт мезгілінде көшіп-қонып жүрген дала қазақтары бидайдың қандай «ағаштың» басына бітетінін өңі түгілі түсінде де көрмеген деуге болады. Баққаны мал мен түйе болған. Ал, сиыр малы үшін құмда жейтін шөп жоқтың қасы. Мал басы аман болып, нан, су көршілес өзбек ағайындарынан айырып алып отырған. Менің анық білетінім – 1926-27 жылдары аралығында сол далада 1 миллион 200 мың қой, жарты миллион түйе болған. Тамыз, қыркүйек айларында көршілес Өзбекстанға қора-қора мал айдап, қант-шайын, киім кешегін көтеріп алып қайтатын. Қызылқұм даласында 30 шақты дергілікті ауыл кеңесі бар еді. Сол бір жылдарда, атап айтқанда 1928 жылдың күз айында Ізтілеу, Тойша атты ауқатты адамдардың мал-мүлкі конфискеленді. Олар­дың әрқайсысында 200 түйе, мыңдаған қойы болатын. Олардың бірсыпырасын кедей- кепшіктерге бөліп береді де, қалғандарын бір түннің ішінде Қызылордаға айдап кетті. Келер жылдың аяқ жағында тарихқа «асыра сілтеу болмасын, аща тұяқ қалмасын» деген таңба қалдырған зобалаң жылдар басталып кетті. 1929 жылдың екінші жартысынан бастап Қызылқұм даласында ет салығы басталды. Мұның қармағынан ешкім де аман қала алмады. Тауып бере алмағандарын, «құлақтың құйыршығысың» деп ұстап алып, қысымға алды. Беріп құтылайын десе қолында малы жоқ халық еріксіз бас сауғалап, тау-тасты паналап, қашқынға айнала бастады. 1930 жылдың басында олардың саны 30-ға жетті. Шаш ал десе бас алуға дайын тұратын жергілікті өкілдер жоғарғы жаққа «Совет өкіметіне қарсы бас көтеріп жатыр» деп үсті-үстіне мәлімет берумен болды. Сол қашқындардың бел ортасында жүрген Ағатай деген орта шаруаны үкімет адамдары ерекше нысанаға алып, басына бәйге тікті. Өйткені, ол бастаған қашқын панасыздардың даңқы берісі Шымкент арысы Қызылордаға дейін жеткен еді. 1929-1933 жылдар Голощекиннің «кіші Қазан» төңкерісін орнатамын деп кеудесіне нан пісіп, көзіне қан толып тұрған кезі. Панасыз халықтың әлсіз қарсылығын ол үлкен кедергі деп бағалап, Түркістан, Ташкент қалаларынан жазалаушы отрядтар шақырды. Ел арасынан шыққан жандайшап адамдардың көрсетуімен құм ортасында жасырынып жатқан қарусыз қашқындарды бір түн ішінде ұстап алды. Ағатайды сол жерде өлтіріп, қалған 12 адамды Шымкентке айдап кетті. Естуімізше Ағатайдан қалған тұяқ Адайбектің ұрпақтары қазіргі таңда Жетісай ауданы Микоян селосында тұрады. Бұл оқиғадан соң Қызылқұм даласында әйгілі «ақтабан шұбырынды алқакөл сұламаның» кіші көрінісі басталды. Баяғы мыңдап саналатын малдан тігерге тұяқ қалмады. Дүние мүліктерін құм қойнауына жасырған босқындар Өзбекстанға қарай ауа бастады, Қызылқұмның батыс бөлігі Қарақалпақстан мен Түркменстанға қарай шұбырды. Ашыққан қазақтар 10-12 жасар қыздарын өзге ұлт өкілдеріне он қадақ жүгеріге сатқанын өз көзімізбен көрдік. Жас қыздар мен келіншектер өзге ұлттың мазағына айналды. Архивтерде сақталған деректер де «Қызылқұм көтерілісі» дегенмен олар шын мәнінде көтерілісшілер емес, ет салығына мал тауып бере алмай, тау мен тасты паналап кеткен қашқындар еді. Ел арасында бұл жәйтті тереңірек білетін көнекөз кәриелердің табылып қаларына сенімдімін. Менің мақсатым өзім көрген оқиғаны ешнәрседен хабарсыз болып өсіп келе жатқан жас жеткіншектерге жеткізу еді. ОМАР ҚЫЛЫШБЕКОВ. Қызылқұм оқиғасы «Қызылқұм оқиғасы» деген тақырыппен тарих қойнауына енген Ағатай көтерілісін кейінгі жастар біле бермеуі де мүмкін. Кәрі құлақ қариялардан естуім бойынша осы көтеріліске қатысты деген жаламен атылып, ұзақ мерзімге түрмеге жабылған, жер аударылған жерлестеріміздің ұзын саны Шымкент ОГПУ-ында қозғалған архивтік-қылмыстық іс бойынша отыз үшке жеткен көрінеді. Олар кімдер еді? 1. Орынбаев Жолбарыс 2.Өткелбаев Ерхан 3.Пірімжаров Есенбай 4.Тілеуқабылов Аппаз 5.Тілеуқабылов Мырқы 6.Тілеуқабылов Орынқұл 7.Тілеуқабылов Жақсылық 8.Тілеуқабылов Мүсілім 9.Елшібаев Әйтек 10.Ізтілеуов Әуелбек 11.Жолбарысов Ибрагим 12.Сағындықов Алтынбек 13.Жолымбетов Таңатар 14.Қожабаев Мүсабек (Бұл он төрт адам 1931 жылы 25 мамырда Шымкент қаласында атылған) 1.Ізбасаров Ералы 2.Айыпов Бекежан 3.Шәйімбетов Бекмаханбет 4.Әлібеков Қожаназар 5.Шайманов Өтемұрат 6.Қазақбаев Назарбай 7.Әлібаев Молданазар 8.Омаров Қуандық (Бұлар он жыл мерзімге сотталған) 1.Назаров Қасым 2.Қалменов Өтетілеу 3.Құдайбергенов Таңатар (Бұлар бес жыл мерзімге сотталғандар) 1.Қожабеков Мүсілім 2.Тағаев Меңлібай 3.Тағаев Игібай 4.Малқаров Жолымбет (Бұлар үш жыл шартты мерзімге жер аударылғандар) Қарақұлов Ағатай – көтеріліс басшысы.Қызыл комиссар Фрунзенің қолынан марапат қағазын алған. Ізбасаров Сералы – Қызыл отрядпен қақтығыста қаза тапқан. Аппаз, Мырқының ұрпақтары Өзбекстанның Жызақ облысы, Фариш ауданы, Нұрата ауылында тұрады. Есенбайдың, Әйтекенің, Жолым­беттің ұрпақтары Көксу, Берекелі ауылдарында, Шардара қаласындағы екінші мөлтекауданында түтін түтетіп отыр. Сералыұлы Құттымұрат атамыз Шардара ауданында көп жылдар ішкі істер қызметінде істеген. Арманда кеткен арыстарды іздестіруде Маутан болыс Омарша Қылышбекұлы атамыз үлкен еңбек сіңірді. 1985-1995 жылдар аралығында үздіксіз сұрау салып, нәтижесінде 1994 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қызылқұм оқиғасына қатысқан азаматтардың барлығы толығымен ақталды. Сол жылдың 10-12 тамызында Қызылқұм, Шардара өңіріне белгілі ақсақал Рахматолла атамыздың ұйымдастыруымен Ағатай көтерілісі болған жер – Бесқұдық ауылында марқұмдардың рухына бағышталып, ас берілді. Осындағы бауырластар зиратында арманда өткен боздақтардың есімдері жазылған ескерткіш тақта тұрғызылды. Осы астың өтуіне, халықтың басының бір қосылып, солақай саясаттың кесірінен опат болған ата-бабаларды еске алу жолында аянбай тер төгіп еңбек еткен, елге тұтқа боларлық бірқатар азаматтардың атап өтуді жөн көрдім. Атап айтатын болсақ, Шардара ауылында тұрған Шайхыұлы Жұмаділдә аға, Көксу ауылынан Әліпбаев Қаржау ағалардың үлесі айта қаларлықтай. Нахақтан құрбан болған ата-бабалардың ақ, адал екенін кейінгі ұрпаққа мәлім ету жолында қаншама уақытын сарп еткен Омар атамыз екенін жоғарыда айтып өттік. Омекеңнің Алматы, Қызылорда, Шымкент қалаларындағы мемлекеттік мұрағаттарға барған сапарларында әрдайым жанына серік бола білдім. «Қызылқұм оқиғасы» жайлы біздің білеріміз осы. Не үшін атылды, не үшін сотталды? Жазықты ма, жазықсыз ба? Бұл тарихтың еншісіндегі дүние. Біздің мақсатымыз, осы азаматтарды білетіндер, не туған-туыстары болса, хабарласып, арманда кеткен кеткен арыстардың рухын тербеп жатса, бұдан артық әңгіменің қажеті де шамалы. Сламбек МЕРГЕНБАЕВ.