Тәуелсіздіктің бір нышаны – ономастика

0
3644

 

Қазақ елінің көптеген ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ономастика жүйесі ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап түбегейлі өзгерістерге ұшырады және патша үкіметінің отаршылдық мүдделеріне, кейіннен кеңес жүйесінің тоталитарлық саясатына қызмет етуге мәжбүр болды. Отаршылдық пен тоталитарлық режимдердің идеологтары ономастиканы қоғамның тарихи-мәдени санасына әсер етудің саяси құралына айналдырды. Нәтижесінде қазақ ономастикасының өзіндік болмысына, ұлттық ерекшелігіне, әсіресе оның топонимикалық және антропонимикалық жүйелеріне орасан зиян келтірілді. Қазақстан картасы едәуір бұрмалауларға ұшырады. Әсіресе, Ресейдің бес облысымен шекаралас Батыс өңірінің атаулары жаппай орыстанып, ежелгі ұлттық бастауымыздан ажырап қалғандай күй кешкен едік. Бірақ, бақытымыз бар екен, тәуелсіздік таңы атып, соның арқасында жоғалтып ала жаздаған ұлттық құндылықтарымызды ақырындап қайтара бастадық. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуымен, тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтің салиқалы саясаты арқасында ұлттық ономастика әлемдік кеңістікке белсене араласа бастады. Қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен және өкілетті органдардың қолдауымен ономастика мәселесі жергілікті жерде жақсы жолға қойылды.

Қала, көше, алаң, нысан аттарын қою, ауыстыру – мемлекет­тік идеология болса, сол ұлттық ономастика саясатын халық арасында насихаттау, мемлекеттік тұжырымдама, осы салаға қатысты басқа да заңдық құжаттарды тү­сіндіру атқарушы және өкі­летті органдардың, тиісті ме­кемелердің және қоғамдық ұйымдар мен БАҚ-тың басты міндеті.
Ономастика – ғылыми-талдамалық және тарихи негіздерге сүйенетін сала. Мемлекеттік ономастика саясатын қолдау мақсатында құрылған «Батыс Алаш» қоғамдық бірлестігі Тіл білімі институтымен, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының БҚО және Орал қаласы бойынша филиалдарымен, «Ағартушы» мемлекеттік тілді оқыту орталығымен, «Жас ғалымдар» кеңесімен, БҚГА халықаралық байланыс және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Са­бырмен, облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, заңгер А.Құспановпен, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ғалым-өлкетанушы Ұ.Ержановамен, БҚГА филология кафедрасының мең­герушісі, ф.ғ.к. доцент А.Рамановамен, БҚМУ-нің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Жақсығалиевпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеді. Жоғарыдағы есімдері аталған ғалымдар, тіл және тарихшы мамандары бір ұйғарымға келе отырып ономастикалық комиссияға қазақ тарихына аттарын алтын әріппен қалдырған Ш.Қалдыаяқов, Ж.Нәжмеденов, А.Жұбанов, Қазыбек би, Әйтеке би, Төле би, Күлтегін т.б ұлы есімдерді Орал қаласының басты көшелеріне, сонымен қатар Орал қаласына қарасты елді-мекен атауы Круглоозерное кентінің тарихын зерттей, зерделей келе, бұрынғы Қырықкөл атауын ұсынды. Круглоозерное атауының шығу тарихы туралы аталмыш кенттің тұрғыны, өлкетанушы С.А.Каленьтеев өзінің «Чтобы помнили» кітабының «Названия поселка Круглоозерного и происхождение этих названий» атты тарауында: «Немногие поселки нашей области могут похвастаться таким количеством свойх названий, как Круглоозерное. Это название, кстати, чаще употребляется в официальной переписке и в печати, а в повседневной жизни он больше известен как Свистун. Такое одновременное бытование двух названий порождает множество анекдотичных ситуаций. Как и никогда появились эти названия? Официальное, скорее всего, происходит от наличия в окрестностях поселка множества озер и котлубаней, одна из которых находилась даже в центре поселка и была засыпана в начале 50-х годов 20 века. По мнению А.З. Курлапова в средние века у татар Золотой Орды эта местность была известна под названием Кырык-Куль (Сорок озер)…» деп тарихи дерек келтірген.
Ономастикалық жұмысты реттеудің қазіргі уақытта басты құжаты болып отырған ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 21 қаңтардағы Мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұ­жырымдамасында ежелгі халықтық және тарихи қа­лыптасқан атауларға халық­тың құрметпен қарауын қа­лыптастыру мақсатында оно­мастиканың көкейтесті проблемалары бойынша әдебиеттер шығару жөніндегі жұмысты жалғастыру керектігі айтылған. Тұжырымдамаға сәйкес оңтүстік аймақты айтпағанның өзінде, өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған және жер-су атауларының аз ғана бөлігі ғана өзгертілген Солтүстік және Шығыс Қазақстан облысында ономастика саласы бойынша танымдық-анықтамалық кітап шығарылып ел-жұртына және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде өз игілігін беріп жатыр. Ресми деректер бойынша БҚО-ның елді-мекен, жер-су атауларының басым көпшілігі тәуелсіздік мұраттар талаптарына сай ауыстырылса да, өкінішке орай, өңірімізде ондай жинақ әлі күнге дейін жоқ. Осындай тағылымы мол жинақ кітабының жоқ болуына байланысты жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың ономастика саласында атқарып отырған ауқымды шаралары халық арасында дұрыс насихатталмай келсе, тұрғындар өзгертілген елді-мекен, көше және жер-су атауларының шығу тарихын біле бермейді. Бұл сөздеріме «БҚО қазіргі ономастика жағдайы» туралы жүргізген әлеуметтік сауалнама қорытындысы нақты дәлел. Оның үстіне, әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді-мекендердің, сондай-ақ көшелердің, алаңдар мен мекемелердің тарихи атауларын қайта атау және тарихи – географиялық атауларды қалпына келтіру кезінде қандай қағидаттарды ескеру және сақтау керектігін қарапайым халық білмейді. Нормативтік-заң актілерін білмеу салдарынан қоғам арасында аудан мен елді – мекен және көше мен нысандар атауларын өзгертуде кейбір керітартпа пікірлер, біржақты көзқарастар қалыптасуда. Оған бір ғана мысал, 75 жастағы Ескендір Сұлтанғалиев деген ақсақал қасиетті де байырғы Қаратөбе ауданының атауын Аққозы батыр деп өзгертуге ұсыныс жасап, Үкіметке, Парламентке және Елбасыға дейін хат жазып шапқылап жүр. Әрине, ол азаматты еш кіналауға болмайды. Бұған себеп, ономастика мәселесі және нормативті құжаттары бойынша түсінік жұмыстары жүргізілмеуі және анықтамалық-танымдық жинақтың болмауы.
Өңірімізде «ономастика» туралы танымдық-анықтама­лық кітаптардың болмауын пайдаланған жікшіл топтар ел арасында іріткі туғызуда, яғни байырғы халықтың ар-намысына тиюде. Көше және елді-мекендердің өзгертілуі­не наразылығын білдірген тіркелмеген «Алға!» партиясы БҚО филиалы «бұл өткен тарихымыз, оны ауыстырудың жөні жоқ» деп өз тарихын дұрыс білмейтін тұрғындарды алдап, қолдарын қойғыздырып мемлекеттік саясатына қарсы шаралар жасап жүр. Ал, журналист Зоя Уразалиева «Уральская неделя» газетінің 21.01.2010 жылғы № 2 санында «О мифах и реальности» мақаласында «…но переписывание истории надо было ведь начинать с переименования названий, оканчивающихся на «ты», «ті» (Алматы, Жымпиты, Қалдығайты, Бұлдырты, Өлеңті и т.д), оставшихся со времён джунгарского (калмыцкого) нашествия на казахов. Как будто бы не было нашествия на казахов, как будто бы казахи не присоединялись к России из страха перед джунгарским порабощением… А там, глядишь, выросло бы поколение казахов, не знающих свою ближайшую историю, и тогда можно было бы говорить о русском порабощении казахов с полным правом переименовать всё и вся свой лад…», – деп жазған. Автордың батыр болған ата-бабаларымызды қоян секілді қорқаққа теңеп, олардың рухын қорлауы, тарихты және қазақ тілінің төл атауларында қалыптасқан «ты», «ті» көне жұрнақтарынан аяқталатын сөздерді жоңғардан қалған деп бұрмалай, негізсіз жазғаны жергілікті байырғы халықтың ар-намысына тиіп, қадір-қасиетін түсіріп отыр. Алайда, З.Уразалиеваның барша қазақ ұлтының ар-намысын таптаған, қадір-қасиетін тү­сірген мақаласын ҚР Білім және ғылым министрлігі, А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі (29.09.2010 ж, № I-192) анықтамасына сүйеніп отырып, теріске шығара аламыз. Тіл білімі институтының директоры, филология ғылым­дарының докторы, профессор Ш.Құрманбайұлы: «О мифах и реальности» атты мақалада келтірілген қазақ жер-су атауларының жоңғар (қалмақ) басқыншылығы нәтижесінде пайда болған дегенімен келіспейміз. Журналист «ті», «ты» жұрнағымен келетін Алматы, Жымпиты, Қалдығайты, Өлеңті топонимдерін атайды. Ең алдымен айтарымыз, Қазақстанның топонимдік кеңістігінде «ті», «ты» тарихи жұрнақтарымен келетін жүздеген жер-су атауларын мысалға келтіруге болады. Ұлттық ономастика, оның ішінде топонимикада «ті», «ты» көне жұрнақтары кезінде түркі және монғол тілдеріне ортақ болғандығы, сондай-ақ, олар арқылы жасалған бұл атаулардың қазақ жалпыхалықтық ономастиканың еншісіндегі, қазақ тілінің төл атаулары, тілдік фактілері ретінде қалыптасқандығы дау тудырмайтын, ғылыми тұрғыдан дәлелденген мәселе…» деп анықтама берген.
«Батыс Алаш» қоғамдық бірлестігі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы БҚО және Орал қаласы бойынша филиалдары, БҚО ардагер журналистерінің үкіметтік емес ұйымы Үкімет қаулысына сүйене, халықтың ой- пікірлерін ескере бір ұйғарымға келіп және ғалымдар мен білікті мамандардан ақылдастар алқасын құра отырып ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты «БҚО ономастикасы» және «Орал қаласының көше тарихы атаулары» туралы анықтамалық-танымдық кітабының жобасын тиісті жергілікті атқарушы органдарға ұсынды. Осы мақсатта ҚР Білім және ғылым министрлігі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен тығыз қарым-қатынасты жолға қойдық. Кейбіреулер айтқандай, жер­гілікті жерлердегі жер-су, елді-мекен атауларының барлығын өзгертіп барып жинақ кітабын шығару және облыс көлеміндегі өзгертілген географиялық атаулардың шығу тарихын бір кітапқа сыйғызу ақылға мүлде сыйымсыз. Соған байланысты, әзірге ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында алғашқы томды ғана шығаруды қолға алмақпыз. Төрт бірдей қоғамдық ұйы­мының мемлекеттік ономастика саясатын қолдау мақсатында жергілікті жерде жер-су атау­ларының тарихы туралы кітапты шығару бастамамызға облыс пен қала әкімдігі және тілдерді дамыту басқармасы оң көзқарас танытып, бізге қолдау көрсетеді деп сенеміз.

Талғат Қатауов,
«Батыс Алаш» қоғамдық бірлестігінің
төрағасы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз