ОРАЛМАНДАРДЫҢ ОТАНҒА БЕРГЕНІ ДЕ БЕРЕРІ ДЕ КӨП

oralmandar

Мысалы, Германияның Берлин қаласындағы Гумбольдт университетінде докторлық диссертация қорғаған, Моңғолияның ауыл шаруашылығы университетінде проректор қызметін атқарып тұрып атажұртқа оралған, қазір С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде биотехнология орталығына жетекшілік ететін Мағаш Аятқанұлы «Жануарлардың өсіп-өнуі биологиясы» атты монографиялық құнды еңбек жазса, Моңғолияның батыс аймағы – Қобдадағы мұғалімдер дайындайтын жоғары оқу орынының ректоры қызметін атқарып тұрып атажұртқа оралған, қазір Павлодар мемлекеттік университетінің ұстазы биология ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Қаманұлы «Орталық Азияның қуаң топырағында кездесетін омыртқасыз жануарлардың ландшафтық және белдеулік сипаттары» атты көп жылғы ғылыми зерттеу еңбегін жариялаған. Моңғолия ғылым академиясының биотехнология инситутында қызмет істеп тұрып атажұртқа оралған қазір әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, биология ғылымдарының докторы Болатхан Қажиханұлы «Фототрофты микроорганизмдер биотехнологиясы» атты монографиялық еңбек жазса, Моңғолия ғылым академиясының Химия институтында химиялық заттарды физикалық әдістермен зерттеу зертханасын басқарып тұрып, Чехия астанасы Прага қаласындағы Чех Техника Университетінде докторлық диссертация қорғаған Досан Баймолда «Рентген флу­оресценциялық зерттеу әдісін көмір өндірісінде қолдану» атты ғылыми монографиялық еңбек жазыпты. Моңғолиялық қазақ ғалымы Словакияның Кошице Техникалық уни­верситетінде докторлық қор­ғаған Қани Қабиұлы «Техника, технология және қоршаған орта» деген қомақты еңбегінде қолданыстағы техника мен технологиядан қоршаған тір­шілік ортасына қалай әсер етуі мүмкін тұстарды саралап, оған ғылыми түрде қорытынды жасады. Венгрия астанасы Будапешт қаласындағы Техника университетінде докторлық қорғаған Оқас Құрманұлы жоғары оқу орындарының физика және инженер техникалық мамандықтар бойынша оқитын студенттерге арнап «Электротехниканың негіздері» атты қазақ тіліндегі оқулық кітабын жазды. Бұл екі ғалым екеуіде бүгінгі күні Астанадағы Евразия Университетінде дәріс береді.

Қытайдан атажұртқа оралған бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс оқитын тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы «Қазақ тарихының өзекті мәселелері» атты монографиялық зерттеу еңбегінде ортағасырлық Орта Азия мен Қытай арасындағы қарым -қатынастар және тарихи мәдениеттің қәзірге дейінгі сабақтастығы жөнінде қытай жазба деректері бойынша зерттеу жасады. Соңғы жылдары Қазақстандағы көне түркі жазуларына қатысты зерттеу жұмыстарын біршама деңгейге көтеріскен ғалымдар: Моңғолиядан келген түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, бүгінде Астанадағы Евразия Университеті жа­нындағы түріктану және ал­тайтану орталығының ди­ректоры Қаржаубай Сарт­қожаұлының, Қытайдан кел­­ген оралман ғалым филология ғылымдарының докторы, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұстазы Тұрсынхан Зекен­ұлының еңбектерін де ел-жұрт жақсы біледі. Ал Моңғолияда кезінде жоғары билік тұтқасын ұстаған, қоғам қайраткері бүгінде Алматыдағы тарих институтында бөлім басқаратын тарих ғылымдарының докторы Зардықан Қинаятұлының, Моңғолия қазақтарының ауыз әдебиетін алғаш зерттеп, филология ғылымдарының докторы атанған, бүгінгі күні Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы мемлекеттік университетінде жұмыс атқарып отырған Қабидаш Қалиасқарұлының есімдері де алты Алашқа мәлім. Ал филология ғылымдарының докторы Д.Мәсімқанұлы Евразия университетінде, Ирандық қазақ ғалымы, бүгінде тарих ғылымдарынң докторы Ислам Жеменей Алматыдағы әдебиет институтында қызмет етеді. Бүгінгі күні Түркістандағы Қазақ-түрік университетінде сабақ беретін тарих ғылымдарының докторы, профессор Мініс Әбілтайұлының «Отан тари­хының өзекті мәселелері» атты кітаптары жарыққа шығыпты. Осы ғылми еңбектерді жазған авторлардың негізінен шет елдерде есімдері танымал болған білікті де білімді азаматтар екенін көруге болады.

Ал білім, ғылым саласымен бірге дін, әдебиет, спорт, өнер саласында көрнекті еңбек жаратқан көптеген саңлақтарымыз отанына оралды. Олардың бастыларынан Халифа Алтай, Жақсылық Сәмитұлы, Сейітхан Әбілқасымұлы, Оразанбай Егеубаев, Жамлиқа Шалұлы, Серік Қапшықбай, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Жұмаділ Маман, Ғазез Райыс, Күлмән Шүленбай, Мұстафа Өзтүрік, Қабылаш Әбікейұлы, Майра Мұхамедқызы, Қабидаш Ахмерұлы, т.б ларды атауға болады.

Ал өздері келмеседе есімі елге белгілі болған Хасан Оралтай, Дәлелқан Жаналтай, Қажықұмар Шабданұлы, сияқты кісілердің еліне бергені де аз болған жоқ.

Мұндай жекелер мен олардың еңбегі қазақ халқы үшін, егемендікке ұмтылған ұрпақтар үшін өте зор мәнге ие. Ал екінші жағынан атажұртқа оралып жатқан ағайындар арасында осындай танымалы есімдердің болуы бұл еліміз үшін де үлкен абырой екені анық. Елге ел қосылса құт болады деп баяғыдан аталарымыз айтқандай елге келіп қосылған бауырларымызға және шетелдегі ағайындарымызға қол ұшын беру атажұрттағы бәріміздің парызымыз.

Досан Баймолда, ғалым, журналист