Сарытүбектегі жаңа жәдігер
2011 ж. 21 сәуір
1875
0
Ахмет Байтұрсынұлы туған үй қалыпқа келтірілді
Сарытүбек – Алаш көсемдерінің бірі, көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы, әдебиетші, журналист, түрколог, ақын, аудармашы Ахаң – Ахмет Байтұрсыновтың туған ауылы. 1872 жылдың қаңтарында (кейбір деректерде 1973 жылы делінуі – халқымыздың бұрын жылды наурыздан наурызға дейін есептеуінен болар) Торғай уезі Тосын болысының Сарытүбек мекенінде артына мол мұра қалдырып ғибратты ғұмыр кешкен қазақтың арысы Ахмет дүниеге келген. Тумысынан талантты бала ауыл мектебінен дәріс алып, 1886-1891 жылдар аралығында Торғай қаласындағы орыс-қазақ училищесінде оқиды. Хан сарайындай болған қараша үйін кейін Орынборда мұғалімдер мектебінде оқығанда да, оны тәмамдап, ұстаздықпен еңбек жолын бастаған кездерде де есінен шығармаған шығар.Ғасыр басында ұлт тағдыры мен елжандылық мақсаттың жалауын желбірете сахараға еркіндік пен бостандық рухын сепкен құбылысқа айналған Алаш қозғалысының белсенді көсемі, қазақ мерзімді баспасөзінің қарлығаштарының бірі «Қазақ» газетін ашушы редактор, республиканың ағарту ісінің халық комиссары, Бүкілодақтық атқару комитетінің мүшесі, Қазақстан академиялық орталығының басшысы, Алматы, Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры сияқты қызметтерін атқарған сәттерде де, 1909 жылы Петербургте алғашқы жинағы шыққаннан бастап 20 жылдан астам уақытта ұлттық басылымдарды былай қойғанда, Москва, Петербург, Ташкент, Орынбор қалаларынан басылып шыққан тарихи еңбектер, зерттеулер, оқулықтарды жазу барысында да туған ауылының түтінін аңсаған болар. Елінің көсегесі көгеруін ойлағаны үшін тар жол тайғақ кешулерді басынан өткерген сәттерде де Отаны басталатын от басы -Сарытүбектегі қоңыр үйін сағынғаны хақ.Халық әні деп айтылып жүрген алтын мұрасы «Екі жирен», «Қарғашы» мен «Аққұмы» да туған жерді аңсаудан туған. Ахаң ауылға соңғы рет 1924 жылы келіп кеткен екен... Аққөл мен Қарасу ауылдарының дәл орта тұсындағы Сарытүбектегі (екі ауылға да 6 шақырым қашықтықта) Ахаңның туған үйінің орнына 1993 жылы Ахаңның 120 жылдығы қарсаңында «Ахмет Байтұрсыновтың туған үйі» деген шағын белгі қойылған болатын. Халқының бостандығы мен жан-жақты дамуын басты мақсаты етіп қана қоймай сол үшін аянбай қызмет жасап, жанын да пида еткен біртуар азамат дүниеге келген қара шаңырақ өткен ғасырдың 50-ші жылдарына дейін талай жанұяға қастерлі қоныс, пана болып келген. Кейін иесіз қалған үй әбден тозып, құлап, үйіндіге айналған. Соңғы екі жылда елдегі ер-азаматтар мен ағайын-жұрты, ұрпақтары бірлесіп асар жасап, Ахаңның шыр етіп дүниеге келіп, кіндік қаны тамған үй үйіндісінің нақ орнына мұражай-үйін тұрғызып, қалыпқа келтірді (суретте). Аға әруағы алдындағы бір парызды өтеп, игілікті шараны жүзеге асырды. - Әрине, әлі де жұмыс жеткілікті. Сол кезеңдегі қолданыста болған заттармен, киім-кешек түрі, ыдыс-аяқпен толықтырып, үйдің сыртын, төбесін әлі де ретке келтірмек ойымыз бар, - дейді Ахмет Байтұрсынұлының ұрпағының бірі Балғабай Қалиев. Жанкелдин аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, ішкі саясат және спорт бөлімінің бастығы Қазбек Мұқатұлы өткен күзде ғана мұражайдың сырты ақталып, айналасы қоршалғанын, сондай-ақ, үй құрылысының түп нұсқасын сақтау мақсатымен құрылысшы жігіттер төбесін қалың шимен қабаттап жабуды күн жылына қолға алғалы отырғандығын жеткізді. Әзірге екі жақтағы екі ауыл – Аққөл мен Қарасудың азаматтары кезек-кезек отын жағып, бақылап қояды. Қыс ішінде келетіндер саны некен-саяқ болғанымен, міне, көктем туа ат басын бұрып, дұға бағыштайтын жолаушылар көбеюде. Тарихы тереңге бойлаған кәрі Торғайды танығысы келетіндер, оның тұнып тұрған тарихы қызықтыратын жандар, ақын-жазушылар, ғалымдар елге ат басын тірегенде алаштың ардақтысы – Ахмет туған өңірді әдейілеп келіп көріп, ауасын жұтып, суынан татып кетеді, талай әулиелер мен дуалы ауызды билер, көзсіз батырлар мен Ақаң мен Жақаң сияқты кереметтерді дүниеге әкелген осы қасиетті топыраққа тәу етіп, құран бағыштайды. Енді міне, ен далада жетімсіреген жұпыны белгінің орнына ошағының оты маздап жанған, саусағыңның ұшы тисе сөйлеп қоя беретіндей аз болса да саз көненің көздерінен тұратын мұражай ашылды. Әрине, мұражай дегенде ол кәдуілгі жергілікті, облыстық немесе республикалық тарихи археологиялық не сәулет ескерткіштерінің тізіміне енген, бюджеттен арнайы қаражат бөлінетін көрнекті орын емес, өкініштісі. Ел азаматтарының ардақтысын қастерлеп, артында қалған ұрпақтарға танытар дүниенің бар екендігін ескерген әрекеті ғана. Аудан орталығындағы Ахаң мен Жақаң мұражайы да сол алғашқы қарқынмен келіп қалған аз-мұз, көшірме материалдардан тұрады. Құжаттар, экспонаттар атаулары оқушы қолымен жазылған қарапайым және ащылғалы бергі уақыт ішінде көнеріп қалған. Алаш ардақтыларының мұражайына тиісті дәреже беріліп, ел назарын, әсіресе өскелең ұрпақ аңсарын аударатындай әрекеттер жасалса... Бес мұражайы бар аудан деп мақтанамыз: Жанкелдиндегі Ыбырай Алтынсарин, Әліби Жанкелдин, Нұрқан Ахметбеков мұражайлары мен Шақшақ Жәнібек панорамаларының да жәдігерлерін жаңартып, толықтыратын, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ішкі-сыртқы көрнекілеуін өзгертетін уақыт келді. Өткен жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім саласына бөлінген, тіпті жол картасына бекітілген миллиардтаған теңге қаржы игерілмей қалған. Ал, бір жылдан екінші жылға қаржыға жарымай, әупірімдеп жететін мәдениет саласына қарасты, оның ішінде осындай, түптеп келгенде, мемлекеттік тұрғыда маңыз берілуге тиісті жергілікті бастаманы қолдауға қаражаттың жоқтығы қарын аштырады. Қарынның ашқанына емес, қадірдің қашқанына налимыз. Ахметтанушыларды, ғалым, тарихшы, әдебиетші ағаларымызды осы мәселе ойландырса екен. «Балам дейтін елі болмаса елім дейтін бала қайдан туар» дегенді айтқан да осы Ахаң кемеңгер емес пе? Тағы да бір назар салар жәйт, Ахаң ауылы маңындағы көне зиратта Алашорда мүшесі, Ахаң, Жақаңдармен (Міржақып Дулатов) үзеңгілес болған қайраткер, Қостанай облысы Қарабалық елінің азаматы Омар Алмасовтың бейіті бар екен. Халық жауы аталып қудалауда жүрген қайран азамат Ахмет ауылына соғып Ырғыз аспақ болғанда аңдушыларға тап болып қаза табады. Аққөл ауылының тұрғыны Жақыпбек жасырын, түн жамылып белгі қояды да, кейін басын көтеріп, там салған. Уақыт өте мүжіліп, құлазыған бір қабырғасына арабша жазылған белгісі сүйеніп тұр (суретте). Әбден үйіндіге айналмай тұрғанда артында қалған ұрпақтары болса іздеп келіп, болмаса үкімет тарапынан қолдау болып, ел үшін еңіреп өткен ерлердің бірі Омар Алмасовтың да елеусіз қалған бейітін ретке келтірер ме еді?.. Рухани байлығымыздың құлдырамауын ойласақ, ата-баба мұрасын өскелең ұрпағымыз, келешегі кемел елдің жас өскіні бойына сіңіріп, тарихын қастерлеп, қадірлеп өтуін тілесек кешегімізге байланысты ештеңе де көзден таса болмауы керек. «Өсер елдің баласы жоғын іздейді» деген ғой халқымыз. Рәзия Бикенова, Арқалық қаласы