ҚАЗІРГІ ТАРИХ ҚАНАҒАТТАНАРЛЫҚТАЙ ЕМЕС...

Қамбарбек Атабаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Тәуелсіздігіміздің тарихы жайлы сөз қозғасаңыз... – Тәуелсіздік туралы айтар болсақ, бұл өте кең ұғым. Тәуелсіздікті айту біз ойлап жүргендей тек қана 1991 жылдан бергі азат өмірді айту емес. Тәуелсіздік тарихы біздің ата-бабаларымыздың да, арғы тектеріміздің де тарихы болып табылады. Әрқашан да барлық халықтар өз тәуелсіздігі үшін, оны сақтап қалу үшін күрескен. Біздің тарихымыз бірнеше мыңдаған жылдарға жетті. Сақ, ғұн, одан бергі ата-бабаларымыздың мемлекет құруы бәрі, бәрі дерлік тәуелсіздік жолындағы ізгі мұраттар. Қазақ ұлты тарих сахнасына орта ғасырларда шыққанынан басталған барлық ізгі істер де осы тәуелсіздіктің жолында болатын. Керей мен Жәнібек құрған хандыққа батыстан да, шығыстан да қаншама қауіп төнді. Осы кезеңнің өзі тәуелсіздік үшін күрес тарихы болып табылады. Ал бергі Ресей қоластындағы екі жүз алпыс жылдық тарихымызды шығыстан Қытай империясы, ал солтүстіктен Ресей деген үлкен державалар қиратуға айналды, түп-тұқиянымен ұлттың болашағы деген ауқымды тақырыпқа санамызды улағаны соншалықты біз бір кездері орыс халқының құрамына кіргеніміздің екі жүз, екі жүз елу жылдығын атап өттік. Масқара! Қандай да бір ұлт біреудің қоластына бодан болып кірген күнін мақтаныш етіп, оны ұлан-асыр той етіпті. Тәуелсіздік үшін күрес дегенді біреулер басқандай анықтамалармен көпе-көрнеу етіп көрсеткісі келеді. Оны тек қолға қару алып, кезіндегі Кенесарыдай ұран салып, қолдағы найза ұшымен, білектің күшімен қорғау емес. Ол тәуелсіздік үшін күрестің үлкен бір формасы. Ол күрес кешегі Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтардың және басқа да алаш зиялыларының күресі. Бірден айта кететін жәйт, бұл күрес бір күнде басталып, бір күнде тоқтаған дүние емес. Ол ұлтымыздың қаншама қиын-қыстау заманды басынан өткеріп, сананың мәңгүрттенген кезіне жеткен кездерімен тұспа-тұс келеді. Өзінің тарихынан, ұлттық сана-сезімінен, ұлттық болмысынан айрылған кезі өткен ғасырдың 20-80 жылдар деп айтатын болсақ, дәл сол орыс империясының құрамында қаншама болып-толдық, пісіп-жетілдік дегенімізбен біз өзге елдің қоластына кіргенімізді той етіп тойлаппыз! Ол біздің санамыздың уланғандығын көрсетеді, құлдық психологиямыздың дерті миымызға терең меңдегенін көрсетеді. Сол жылдардың өзінде Хасен Қожахметов, Азамат Жәкібаев сықылды, үйірмелерден «Жас тұлпар» атты қозғалыстар тәуелсіздік үшін күресін тоқтатқан жоқ еді. Соның айқын бір көрініс алған нәтижесі, шырқау шегі — Желтоқсан оқиғасы болатын. Тәуелсіздікті тәуелсіздік үшін күресу ісімен баламалап айтуға келмейді, ол дегеніміз мемелекетті сақтап қалу, ұлттықты сақтап қалу. Қазір де күрес жүріп жатыр. Бұл күрестің жаңа формасы, яғни тәуелсіздігімізді қайтсек те баянды етеміз деп күресіп жатырмыз. Ал қашан жетістікке жетеміз десек, бұған бір ғана күшіміз бар, ол білімді ұрпақ болғанда ғана. Ғылым мен ғылыми технологияны терең меңгерген ұлт, я болмаса жастар болғанда ғана жүзеге асыратын ісіміз көп болғай. Тілімізді, дінімізді, тарихи жадымызды қалпына келтіріп алсақ қана тәуелсіздік баянды болмақ. – Кеңес бұғауынан арашаланып, өз тіліміз бен ділімізді насихаттап жүрген тәуелсіз тарихшыларымыздан кімдерді атай аласыз? – Бұл екі мәселенің ұшына әкеп тіреледі. Біріншісі шынайы қазақ тарихы да, ал екіншісі оны кім, қалай жазды? Бізде шыны керек, саяси өзгерістер болғанымен, қоғамда, санамызда, рухани бағытымызда айтарлықтай үлкен өзгерістер бола қойған жоқ. Қазіргі Қазақстанның тарих ғылымы сол бұрынғы, ескі, кеңес кезіндегі тарих. Күмәнсіз солай. Қазірде біз айтамыз, Қазақстанның тарихы емес, қазақ тарихын білуіміз керек деп. Сондықтан еліміздің қазіргі тарихын қанағаттанарлықтай етіп көрсете алмаймыз. – «Стан» мәселесіне тоқталғыңыз келе ме? – Жоқ. Бұл жерде Қазақстан тарихы дегеніміз мемлекет тарихы, ал қазақ тарихы дегеніміз ұлттың тарихы. Тарих үшін күрес дегеніміз тарихты қайта құру деген сөз. Бірақ бұл бір күннің ішінде қалпына келе қояр дүние десек қателескеніміз болар еді. Кейбіреулер айтады, бізге алты ай уақыт берсең тарихымызды түгелдей жазып берер едік деп. Ол бос сөз, иллюзия, жалған гипотезаға құрылған тарих болмауы керек. Не нәрсені қарасақ та оның өз алғышарты бар, қазақ тарихының обьективті алғышарты қалыптасқанымен, субьективті алғышарттары қалыптаса қойған жоқ. – Субьективті алғышарттарды қалай қарастырсақ болады? – Субьективті алғышарттар дегеніміз тарихты шынайы түрде қарастыра алатын, шынайы көзқарастар жасай алатын, зерттей білетін тарихшы мамандарды дайындау. Қазіргі біздің мамандар ескілікпен келе жатқан мамандар. Сондықтан әлі оған уақыт керек. Тараздың екі мың жылдығы, Алматы қаласының мың жылдығы, Отырар, Сайрам шаһарларының барлығы да табылып, қазір археолог мамандар өте үлкен табысқа кенеліп, тарихымызға жаңа бет-перде салып жатқаны іспеттес. Ал біз көшпелі номад халық бола тұра ежелгі Египет, Византия, Рим қалаларының өнеркәсібімен, өндірісімен, қала мәдениетімен таласа аламыз ба? Көшпелі деген сөздің өзін дұрыс түсіну керек. Бұл қазақтың барлығы да бір малдың артынан кетіп, көше берген деген ұғым емес. Негізінен алғанда, біздің халқымыз екі жағынан да көшпелі болған. Өмір сүру салтымызда тек қана мал шаруашылығы емес, бізде отырықшылық та, егіншілік те, қалалар да болды. Ал біз көшпелілер деп айтқанымызда тек негізгі, базалық өнеркәсібімізді алға тарту етеміз. Мұны дұрыс түсіну керек. Бізде дала мәдениеті, дала өркениеті болды, міне осының бәрін жоққа теңгере берсек, адасатыныз анық. Оған айқын бір дәлел - Жібек жолы. Оны қазірде кім жоққа шығара алады? Сол сауда көші қай қалалардан өтті? Әрине, біздің үлкен-үлкен шаһарларды басып өтті. – Қазірде Америка Құрама Штаттарын бүкіл әлем ең демократияшыл халық деп мойындайды. Ал қазақтарда дала демократиясы болған деген түсінік бар. Осы жайлы айта кетсеңіз. – Жоқ, дала демократиясы тек қазақта емес, киіз туырлықты түрік халықтарының барлығында да болған. Дала демократиясы дегеніміз біздің өркениетіміздің ата тамыры, түп негізі, ал сенің айтып отырған АҚШ-ың қашан пайда болды? Еуропадан қашып, жаңа жер іздеген саудагер, айлакер, ұрылар мен қарақшылар барған жер ғой. Ол демократия жергілікті халықты, үндістерді қырып-жойып болғаннан кейін пайда болған демократия. Бізде бір ұғым бар, Қазақстандық ұлт деген. Ол да сол Америкаға еліктеп, жоқтан бар жасап жатқаны. Қазақстандық ұлт ешқашан да болмайды. Оған бір айқын себеп – біз! Егер сол Америкадағы үндістерге ұқсатып бізді де қырып-жойып тастаса ғана қазақстандық ұлт болып айтылары сөзсіз еді. Тарихта бар, бізді қырды да, жойды да, мәңгүрттендіру саясаты да жүрді, қолдан жасалған ашаршылық, атом бомбасы. Әйтсе де қазір біз бармыз, қазақ ұлты бар. Тәуба! Сондықтан да қазақ ұлты мен америка ұлтын ешқашан да бір негізде салыстыруға келмейді. – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тойына орай алғашқылардың бірі болып ақ тілегіңізді ақтарып отырсыз. Осыған орай, Қазақ еліне, қаймана жұртқа айтар ыстық лебізіңіз... – Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Бір құдайым бізге соңғы мүмкіндік беріп отырған секілді. Ес жинап, етек түрмесек, болашағымыз күңгірт. Егемендігімізді сақтап қалудың бір-ақ жолы ол – білім, жастардың білім алуы, ғылыммен аналысуы, жаңа технологияларды меңгеруі, міне, сонда ғана біз болашақты баянды ете аламыз. – Рахмет!

Ардақ ҚҰЛТАЙ