Бабай Түкті Шашты Әзіз

0
6028

Біздің тарихшылар бұған дейін белгілі бір аумақтан ұзап шыға алмаса, ендігі жерде қарт Қаратауды, оның күнгейі мен теріскейін шола бастағаны, Созақ сахарасына құлашын сермегені, жалпы тарих ғылымының тура жолға түсе бастағанын байқатады.
Қазақтың ең көне ертегісі Созақта туыпты. Оны «Кер Құла атты Кендебай батыр» ертегісі дейді. Бұл адамзат санасы әлі толық оянбай тұрғанда пайда болғандықтан «қиял-ғажайып» ертегіге жатады.
Күмәніңіз болса қайтара оқыңыз:
«Қаратаудың ойында, Қарасудың бойында…» деп басталады ертегіңіз. Бұл «Қарасуыңыз» қазіргі Шаян-Шолаққорған трассасының «Таскөмірсай» кенішінен өткен жердегі өзеннің жүлгесі. Бұл өзен Дегерес тауының етегімен ағатын Үшбас өзені арқылы Қызылкөлге құйып жатқан.
Айта кеткен жөн болар, есте жоқ заманда әлемді топан су басып жатқанда қарт Қаратаудың «Көсегенің көк жоны» деп аталатын жайуатында әлемнің барлық балықтары ұрық шашатын болыпты. Өйткені басқа жердің бәрі көк теңіз, ал қарт Қаратаудың асуы теңіз түбінің күн нұрымен тезірек жылынатын тұсы болғандықтан осында жиналады екен. Сол балықтардың сүйегінен қалған қабыршықты қазір фосфор алу үшін кенішке айналдырғаны қашан…
Дәл осы Қаратауда, Шолаққорғаннан бар болғаны он шақырымда әлемде теңдесі жоқ Арпаузен тас жазбалары атты ЮНЕСКО-ның тізіміне енген галерея сақталынған. Бұл басқа жақтан табылғандардан өте-мөте мол. Онда тіпті Римде гладиаторлар пайдаланған соғыс арбасынан бұрын пайда болған «соғыс машиналары» тасқа қашалып, салынып қойған.
Қарт Қаратауда алғашқы адамдар біздің заманымыздан бұрынғы 800-140 мың жыл бұрын пайда болыпты.
«Адамдардың қоныстануына ең қолайлы жердің бірі Оңүстік Қазақстандағы Қаратау жотасы болды» дейді «Ежелгі Қазақстан» тарихы кітабы. Ежелгі адамдар Қаратау жотасының тас қалқасындағы қолдан жасалған үңгірлерді паналап, жаңбырдан, жыртқыш аңдардан қорғанған. Олардың ішіндегі ден қоярлығы – Шолаққорған қалашығының батыс жағынан табылған Ащысай тұрағы.
Біз қазіргі 2009 жылдың мөлшерінде ой толғасақ, қарт Қаратаудағы тіршілік тынысы бұдан 800 мың жыл бұрын басталыпты. Ал Африкадағы Кениядан Олдовой шатқалынан табылған ең алғашқы адамның ғұмырын есептеп шығарғанда 1млн. 750 жаста болып шығыпты…
Осы тұрғыдан алғанда қарт Қаратау аймағы тарихтың аса зор шоғырланған тұнбасы болып табылады.
Бүгінгі ұрпақ қазақ мемлекетінің картасына қарағанда оның жырым-жырым екенін көреді. Ал бұл шын мәнінде, біртұтас әлем болған.
Мысалы Атырау-Ақтау-Жиделі-Байсын, Ташкент маңы, Жоғарғы Шыршықпен Алатау-Қаратауды түйістірсеңіз, біраз жер түгенденеді.
Енді бұған Дешті-Қыпшақты 40 жыл билеген Әбілқайырдың Ібір-Сібірде, Шиги-Тұрада 71 ру-тайпа көсемінің ақ киізге салып хан көтергенін еске тұтсаңыз, ол жақ та Тюмень-Төмен аймағы да тәп-тәуір түзуленер еді. Батыстағы Еділ мен Жайықты, Шығыстағы Алтайды бір-біріне телісеңіз, қарт Қаратау аймағы қазақтың жан сақтайтын кеудесі болғаны ақиқат.
Сол себепті де біздің жыл санауымыздан 530 жыл бұрын Тұмар ханым Кир – Күріш патшаны дәл осы Бетпақтың сар даласына қамап, қарт Қаратаудың тар шатқалында қолға түсіріп, басын қан толы меске тықты. Оны «тарихтың атасы» атанған Геродот майын тамыза суреттеген.
Әбілқайырдан іргесін бөлген Керей мен Жәнібек те Созаққа, Шу бойына келді. Атақты «Елім-ай» әні де осы өлкеде туды. Кенесарының 10 жылға созылған көтерілісі де Созақта, Шудың бойында, «Томарөткел» деген жерде Қоқанның жүздігін жусатып салудан басталды.
Бұған 1930 жылғы Созақ көтерілісін қосыңыз…
Бұларды қайталап отырғанымыз, тарихи зерттеу тегершігі енді-енді бұл қазына аралы тектес ұлан өлкеге ат басын бұра бастағаны ғана…
Созақ даласы тек тарихтың табан ізі қалған жер емес, руханияттың Ордасы деуге де болады. Өйткені қазақ халқының жыр інжу-маржандары түгелдей Созақ даласында қанатын қаққан деуге келеді.
Мейлі Қобыланды, мейлі Алпамыс, мейлі Қозы Көрпеш – Баян Сұлу, мейлі Қамбар батыр, мейлі Ер Шора, түгел-түгел Созаққа соқпай тұрмайды. Олардың тарту күші біреу – ол әулиелердің әулиесі Бабай Түкті Шашты Әзіз.
Міне, сол себепті де жұртшылықтың бұл әулиеге деген ықыласының ерекше артуын осыдан деп білеміз, оған қуанамыз және үн қосамыз.
Бабай Түкті Шашты Әзіздің ең алдымен түп-тегін ажыратқан Қазақ ССР Ғылым Академиясын құрған және тұңғыш Президенті болған Қаныш Сәтбаев еді. Ол Мәскеу қаласынан 1927 жылы шығарған «Ер Едіге» жырына жазған алғы сөзіне «Тарих Едіге түріктің қоңырат туынан шыққан» деп көрсетті. («Обаған» кітабы. Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев. «Арқас» Алматы «Рауан». 1996 жыл. Құрастырған А.Егеубаев, 71-бет)
Бұл кітапты Нәзір Төреқұловтың басып шығаруында үлкен мән бар сияқты. Жасы 90-ға жақындаған, Мұхтар Әуезовтың алдында күй тартқан, Сүгір күйшіні өз көзімен екі рет көрген құмкенттік қария Файзулла Үрмізов жыр тілімен былай дейді: «Шашты Әзіз Едігенің түп атасы, Ер Едіге би болған ел данасы. Шашты Әзіздің Терме деген ұрпағынан, Едіге Құттықия бел баласы…»
Біздің заманымызда белгілі қаламгер Мұхтар Мағауиннің ұлы Едіге Мағауин де өз диссертациясында осы тұжырымды қолдады.
1996 жылы қыркүйек айында «Шымкент келбеті» газетінде «Бабай Түкті Шашты Әзіз, Ер Едіге» зерттеу мақаласында Шәуілдір кентінде тұратын, сол кездері Отырар мұражайының қызметкері болған Сейділдахан Елбасұлы: «Едіге Шыңғыс ханның ұрпағы болмаған» деген Едіге Мағауиннің сөзін қоштап-қуаттап, Бабай Түкті Шашты Әзізді әуелі қоңырат, содан кейін оның бір атасы Маңғытай етіп шығарады.
2002 жылдың 28 мамырында облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне белгілі ғалым Әсілхан Оспанұлы «Бабай Түкті Шашты Әзіз кім» деген зерттеу мақаласы шықты.
Ол кісінің жазуында Бабай Түкті Шашты Әзіз анау-мынау емес, қожа боп шықты.
Бұл деректе Әсекең Қадырғали бек Қосымұлының жазбасын тауыпты. «Алтын Орданы 1312-1341 жылдар аралығында билеген Гиясаддин Мұхамед Өзбек хан Арабстаннан арнайы дін үйрету үшін Бабай Түкті Шашты Әзізді алдырыпты». Бұл енді 14 ғасыр болып шығады…
Сыпыра жырау Тоқтамыс ханға Едігені таныстырғанда:
Оның арғы бабасын мен айтсам,
Шаш аты Әзіз деген нарт еді,
Қағбада қырық жыл патшалық құрған қарт еді дейді.
15 ғасырда Дешті–Қыпшақ мемлекетінде, Әбілқайыр ханның тұсында өмір сүрген делінетін Қара Қыпшақ Қобыланды батыр Көбіктінің қолына түсіп, тұтқын боп, пұшайман жегенде:
Қара басып өзімді,
Ұйқы басып көзімді.
Ықылас Ата – Шашты Әзіз,
Жеті пірден жаңылдым – деп жылайды.
Дәл осы жолы ол Бабай Түкті Шашты Әзізді – өз атымен Ықылас Ата деп атайды.
Бұл «Ықылас» есімін оның анасы Аналық та қайталайды.
Міне, оқып көрелік:
Ықылас атты Шашты Әзіз,
Осы кеткен қозымды
Бек тапсырдым қолыңа.
Қозымды жықпа орыңа.
Жолықтырма зорыңа
Алпыс жасқа келгенде,
Қобыландыдай ұл тапқан,
О да менің сорым ба?
Ендігі жерде қазақтың ұлы дастандарын туғызушылар Бабай Түкті Шашты Әзізді 1500 жыл әріге апарып тастайды.
Олар «Алпамыс батыр» мен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырлары. Бұл екі жырды өзбегі бар, қазағы бар, туғанына 1500 жыл болды деп тойлап тастады.
Бір есте болатын нәрсе «Алпамыс батыр» жырында сөз болатын оқиғалар 13 ғасырда, Жиделі – Байсында өткен. Жыр-дастан:
Жиделі – Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде,
Байбөрі деген бай бопты – деп басталғанымен, олар сол «Қоңырат» деп ен таққанымен, олар өз «Әулиесін» әуелгі тұста іздеңкіремейді.
Мақұл десең алғаным,
Алаша төсек салғаным.
Әзіретті Сұлтанға,
Екеуіміз де баралық.
Әулие қылса керемет,
Болар ма екен жаңалық.
Болмаса Құдай, не шара
Далада өліп қалалық.
…Көзінің жасы көл болып,
Отырған орны сел болып,
Жеті күн ұдай түнеді.
Бай-бәбіше екеуі,
Ешбір нышан білмеді…
Бабай Түкті Шашты Әзіз туралы қазақтың ұлы ғалымы Шоқан да жазып қалдырған. Ол «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының Құсмұрын нұсқасына былай деп анықтама жазды.
«Баян жолдап, бозторғай тасып беретін мейізді талшық етіп, шоқ терек көлеңкесі саясында Қозы он төрт күн, он төрт түн ұйықтайды. Құл Қодар ұйқыдан шала мас боп жатқан Қозыны қамыс жебемен қақ жүректің түбінен атып өлтіреді. Бабай Түкті Шашты Әзіз Баянның зарын құлағы шалып, алтын айдарлы Қозының кеудесіне қайта жан бітіреді». (Шоқан және өнер. Алматы. «Өнер» 90-бет)
Рас болса, «Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясы» деп аталатын кітаптың көрсетуі бойынша шамамен 6-7 ғасырлар тоғысында өмір сүрді делінетін Бәйдібек Қарашұлы да, филология ғылымдарының докторы, Нысанбек Төреқұлов «Қазақтың 100 би-шешендері», «Билер сөзі – ақылдың көзі» сияқты тартымды туындыларында Бабай Түкті Шашты Әзізге сыйындырады. Рас, автор Бәйдібек бабаның туған-өлген жылдарын басқаша пайымдайды.
Біздің замандасымыз, Қазақстанның Халық жазушысы Сәуірбек Бақбергенов, өзі Құмкенттік, Бабай Түкті Шашты Әзіз қайтыс болғанда, оның мойнынан амулет – зауза қоңыздың мүсіншесі табылған, ішінде «Ұлы Жібек Жолының» картасы бар екен деп көрсетеді.
Атақты адамдардың Бабай Түкті Шашты Әзіздің басына арнайы Әуезов, Марғұлан, Қажымұқан, Сәбит Мұқанов, Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов, Афиныға жүрер алдында Б.Артаев келген.
Сөйтіп, Бабай Түкті Шашты Әзіз кім болады, соған тоқталайық.
Әуелде Евразия деп аталатын алапат аймағы сонау Қытайдан, Балқан тауға дейін, тіпті одан да әрман созылып жатты.
Оны әлем халықтары бөліп-бөліп, батысын Скифия, Шығысын Ғұн, орталығын Сақстан деп атады.
Ғұндар – Көк Түрікті құрады. Олардан қалған жәдігер – Күлтегін тас жазбалары Монғолияда тұр.
Скифтердің алтын жалатқан дүниеліктерін Эрмитаждан көресіз.
Біздікі – Сақтардан сақталғаны – Алтын киінген адам.
Бұл, әрине, шартты ұғым.
Бұлар әлсін-әлсін мидай араласып тұрған.
Тарихтың тағы да бір толқынында Ғұндар – Батыс Түрік Қағанатын құрғанда Қаратау олардың орталығы болды. Хұн – Сақ қаласы орнады. Хұнсақ бірте-бірте ауызекі Хұнзақ, Ғұнзақ, Сусақ, Созақ боп өзгерді. Батыс Түрік Қағанатын Түркеш, оны Қарлұқтар ауыстырды. Бұл өлкеге арабтар келді. 751 жылы Таразға жақын жерде Атлах қаласының түбінде арабтар мен қытайлар қанды қырғынға килікті. Осы топалаңнан кейін тарих табалдырығын Қарахан мемлекеті аттады. Ол мұсылмандықты мемлекеттік дін деп жариялады.
Біз Бабай Түкті Шашты Әзізді осы кезеңнен іздейміз. Өйткені оның миссиясы Ислам дінін дәріптеумен, Ысқақ бабтың жолдасы, досы, үзеңгілес серігі, көмекшісі, уәзірі ретінде халықтың санасына сіңді. Ол Ысқақ бабтың ықпалымен өзі ғана мұсылмандықты қабылдап қоймай, шексіз, шетсіз маң далада емін-еркін көшіп жүрген Сақ тайпасы үшін жауапты болды. Олар тіпті Ысқақ бабтың інісі Әбдіжалил бабты (Қорасан әулие) соғыста аттан аударып түсірді, оның 32 мыңдық әскерін тас-талқан етті.
Ысқақ баб шын мәнінде әулие адам еді. Ол Сақ тайпасынан бір кездері мұсылмандыққа әзер мойынсынған өз тайпаларының табиғатын тани білді. Сол себепті қылыш көтере бермей, мәмілегерлік жолды көбірек ұстанды. Сақ тайпасының ұлы көсемі Баба Құмар әулиенің баласы, ол да әулие Ықылас атты жас ұланға, батыр бозбалаға көңілі қатты ауды. Олар Тәңірлік діннің көшбасшылары еді. Ысқақ бабпен ортақ шешімге келе отырып, «Мұсылмандық әсте-әсте» қағидатын ұстанды.
Тәңірлік дін дегеніміз ата-баба аруағына сыйынады.
Таза Ислам Құдайға (Аллаға) серік қоспайды.
Негізгі келісім жоралары осы маңайда жүргізілді. Сақтар ата-баба аруағын қаншалықты қадірлеймін десе де ерікті болды.

Дәл осы «Келісім» Құл Қожа Ахмет Яссауи құрған «Яссауи Дін Орденінің» мүшелерімен де жасалды. Зікір салу, өлікті жөнелту, ас беру сияқты «түркілік» элементтер исламға молынан енгізілді. Осы игілікті шаруада Бабай Түкті Шашты Әзіз – Ысқақ бабпен, Қарабура әулие – Құл Қожа Ахмет Яссауимен бірікті.
Әмір Темір құрған алып империя 1405 жылдары күйрей бастады.
Бұған дейін Шыңғысхан қазақ даласын үшке бөліп тынған еді.
Күншығысын – Моғолстан, ортасын – Дешті–Қыпшақ, Батысын – Ноғай Ордасы болатын жағдайға жеткізген-тін.
Тарихтың 1456 жылы Сырдария жағасында, Сығанақ қаласының түбінде, Көк-Қашан деген жерде ұлы оқиға болды. Дешті Қыпшақты 40 жыл уысында ұстаған Әбілқайыр Үз Темір Тайшының әсерінен тас-талқан боп жеңілді. Осыны пайдаланған Керей мен Жәнібек Моғолстанға, оның батысы Созаққа қоныс аударды.
Қазақ халқының құрамы Хақназар ханның тұсында біршама ретке келтірілді. Ол Ноғайлы ордасы, Дешті-Қыпшақ, Моғолстаннан құралған елді басқару үшін «Үш жүз» дейтін басқару жүйесін жасай бастады. Ол үшін бұрынғы Моғолстан жеріндегілерді «Ұлы жүз» атандырды. Дешті Қыпшақ жеріндегілерді – «Орта жүз» деді. Иван Грозныйдың Қазанды басып алуымен бірге Еділден бері өткендерді «Кіші жүз» атандырды.
Ташкентті – Ұлы жүзге, Түркістанды – Орта жүзге, Сығанақ-Сауранды – Кіші жүзге берді. Төле бидің көбіне Ташкентті, орта жүз ханы Әбілмәмбеттің Түркістанды, Әбілқайырдың Сауранды, Сығанақты жағалайтыны сол себепті.
Бұл бөліністі әз Тәуке хан жеріне жеткізсе, «Жеті жарғымен» бекітті.
Бұған күмәні барлар 1393-1529 жылдар аралығындағы оқиғаларды майын тамыза суреттейтін «Бабырнама» кітабын қарасын. Одан бір де бір ру атын таппайсыз. Олар байырғы тайпалармен аталады: Молда Мұхаммед Түркістани, Мұхаммед Хайдар Дулати, Әбді әл-Уахатта Моғол, Әмин Мұхаммед Тархан, т.т.
Бұл арада тарихшы мынаны білгені жөн, ол егерде көшпелі өмір салтын ұстанса, оның ныспысына тайпасының аты жалғанады, ал ол шаһарда туса, қаланың аты беріледі. Мысалы Қожа Ахмет Яссауи, Әбу насыр әл-Фараби, Қадырғали Жалаири деген сияқты… Әз Тәуке тіпті туыспайтындарды «бірлестіктерге», «ноқта ағасы» дейтіндерге теңестіріп, рудың қапшығына салып жіберді.
Сөйтіп біздің тілімізбен айтқанда «рулық реформа» жасады. Мысалы Кіші жүзде Адай, Әлім, Он екі ата Байұлы сияқты ірі рулардың тепкісіне шыдас беру үшін Тама, Табын, Жағалбайлы сияқты аз руды біріктіріп, «Жеті ру» құрылымын бекітті.
Алашорданы құрушылардың бірі Ақпаевтың шежіресінде Үш жүздің баласы мидай араласқан тойларды реттеу үшін «Ноқта ағасын» қалай жасағаны айтылып, жазылып қалыпты.
Ол үшін үш жүздің баласы жиналған үлкен жиында асқа сойылатын ақ боз аттың шылбырын Ұлы жүзден Жалайырдың баласы ұстап тұрады, Орта жүз Тарақтының баласы аяғын шамалап жерге жығады, Кіші жүз Таманың баласы бауыздайды. Сөйтіп үшеуі қанға саусағын малып, мәңгі татулықта болуға ант беріседі.
Біз бұл рулық белгілерге соншалықты тәптіштеп әңгіме арнап жатқанымыздың мәнісі сол, бұлардың бертінде пайда болғаны, оның тым көне кезеңде болып өткен оқиғаларға қатысы жоқтығын айтпақшы едік.
Мысалы 8-9 ғасырдағы өмір сүрген Бабай Түкті Шашты Әзізді қалай бөлектейсіз?
Рас, кей азаматтар Қожа Ахмет Яссауиден «қаңлы», «түріктік» белгілер іздестіріпті. Кім не іздестірмей жатыр дейсіз. Мысалы біреулер Қазақстаннан Шыңғысханның сүйегін таптым деп біраз жерге жар салғаны да бар… Одан не өзгереді?
Менің таңырқайтыным біреу, ол қазіргі «ғалыммын» дейтіндердің қол астындағы кітапты оқымайтындығы. Мысалы Қожа Ахмет Яссауидің ғажап шәкірті-муриті болған. Есімі – Сүлеймен, Үргеніш, Хиуа маңындағы Бақырған елді мекенінен. Оны әдеби әлем Сүлеймен Бақырғани дейді. Ол қарап жүрмей ұстазы Ахмет Яссауиге еліктеп өлең жазған. Оны «Бақырғани кітабы» болмаса «Ақырзаман кітабы» дейді. Өмірінің соңында сопылық ілімінің биігіне көтеріліп Хакім Ата атанған.
Ол өздерімен араласып-құраласып жүрген Қарабура әулиенің Әнуар (Анбар ана) дейтін қызына үйленеді. Одан Айша деген бір қыз бала дүниеге келеді. Сүлеймен Бақырғани 1186 жылы қайтыс болған соң, жесір келіншек Зеңгі баба атанған азаматқа тұрмысқа шығыпты. Аңыз әңгіме Тараздағы Айша қыз осы Зеңгі бабаның батасын алмай кеткен екен дейді…
Міне, осы Сүлеймен Бақырғанидің «Шайқым Ахмет Яссауи» дейтін жыры бар:
Исхақ баба йараны,
Шайх Ибрахим кулуны,
Машайқылар улугы,
Шайхым Ахмет Яссауи! – дейді.
Бұған аударма керек емес қой деп ойлаймын.
«Ысқақ баба жараны, Шайық Ибраһим құлыны» деп тұр емес пе? Мұндағы Ысқақ баб – Бабата, Ибраһим – ол әкесі, Сайрамда.
Сүлеймен тағы да былай деп толғайды:
Он сегіз мың ғаламда,
Аты машһур қаламда,
Орны Дару әс-Саламда
Шайых Ахмет Яссауи.
Сонда арифметиканы білген адам, 1186 жылы дүниеден өтетін Сүлеймен мен Бақырғани бұл кітабын жазып жатқанда Қожа Ахмет Яссауи бабамыз «Орны Дару әс-Саламда» екен ғой!
Бүткіл әлем әдебиеті оның 1166 жылы жер астына – Қылуетке түскенін біледі.
Бұдан шығатын қорытынды сол – «түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» болады.
«Түріктану» ғылыми-зеттеу орталығы Қожа Ахмет Яссауиді түпкі нәсілі араб-қожа емес, түркі, Бабай Түкті Шашты Әзізді сіргелі, тутамғалы, шалдар деп тұрса бұдан артық қандай мысал керек?!
Біздің қолымызда Сіргелі руының шежіресі бар. Онда Ойсылдың 30 ұлының бірі батыр Бораштан Аманбике деген қыздың арасында Құлшығаш деген бала жарық дүниеге келеді. Жігіт өскен соң туған жұртын табады. Нағашысы сірге таққан аруана береді. Содан сіргелі атанады. Бұл 1350 жылдары болған оқиға. Мұнан басқа Бабай Түкті Шашты Әзіз сағанасын тұрғызуда Тутамғалы, Шалдар руынан шыққан Қасқарбай Қалфенттің қаншалықты қатысы барын мақала авторлары дұрыс көрсеткен. Ол керек болса бұл арада Бабай Түкті Шашты Әзіздің жатқанын білмеген ғой. Оны бір тақуа көрсеткен.
Бостан датқа да оны түп-тегіміз деп емес, сауап іздеп жұртты жұмылдырған. Әрине, оған рахмет айтамыз.
8-9 ғасырда Түркеш, Қарлұқ, Қарахан мемлекеті заманында өмір сүрген адамнан рулық белгілерді іздегеннен не арттырдық?! Ол уақытта «Қазақ» дегеннің белгісі де, иісі де, түтіні де жоқ қой.
Олар Керей мен Жәнібек дейтін этникалық топ емес пе еді?! Біз өзі «түркіміз» деп аламыз да, бүткіл түркілік әлемді бауырымызға басқымыз келеді. Онда басқа халықтар қайда қалады? Мысалы қырғыздар, өзбектер, түріктер?!
Жарайды, бәрі бола берсін, сонда Бату құрған Алтын Орда кімдікі? Қазақтікі ме?!
Біз бұл бағытпен қозғала берсек, «Мың жылдық рейхтің» де иісі мүңк ете қалуы мүмкін…
Дұрысы түркілі текті сақтай отырып, «қазақтық» қара қазанды сақырлатпай, бабымен қайнатуымыз керек-ақ! Күні ертең бұлай бола берсе мемлекет мың бөлек болуы мүмкін. Өйткені Құрманғазыны – батыс, Жамбылды – Жетісу, Абайды – арғындар бөліп алса не болмақшы?! Ал қазір дәл солай болып жатыр. Неге Бейбарыс Астана төрінде тұрмайды, ол неге Атырауда қалуы тиіс?! Сүгір тек Созаққа керек пе?! Сөйтіп кете береді…
Мен өз жерлесім Мыңжасар Асқаровты қолдаймын. Өйткені ол Едіге биді іздестіріп жатыр. Соған ескерткіш белгі–тақта қоймақшы. Оған оның толық қатысы бар. Себебі әлем тарихы Едігенің туған Отаны – Созақ екенін мойындаған. Құмкентті «Едігенің майлы жұрты» дейді.
Едіге бидің сүйегі де Созақта жатыр. Рас. Жұрт оны әртүрлі атайды. Мысалы, Ұлытауда, биік шың басында дейді. Біз бұны жақсы білеміз. Ол орын зерттелген. Онда ешқандай сүйек жоқ. Ол тастан қаланған шағын қорған. Сібір аймағынан Созаққа жерлеу үшін сүйегін әкеле жатып аманатқа бір жаз сақтаған. Ол бүлінбес үшін, ең биік шыңның басына шығарған. Әйтпесе, есі дұрыс адам оған көрді шыңның басынан қаза ма? Бұны болай болғанын әулиелік аты шыққан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазып қалдырған. Қазақ хандары Түркістанға орныққан кездері ғана онда атақты адамдар жерлене бастаған. Оған дейін бұл ұлы міндетті Бабай Түкті Шашты Әзіздің маңы атқарған. Біздің қолда бар деректерге қарағанада «Жеті Жарғының» дінге, шариғатқа қатысты тарауларын жазысқан, Әз Тәукенің Дін Әзіреті болған Мүсірәлі осы Бабай Түкті Шашты Әзіздің жанында жатыр.
Бабай Түкті Шашты Әзіздің басына 1995-1996 жылдары жиі баратынмын. Онда ескі кесене бар еді. Сол бұзылмай тұрғанда айналасы толған майда төбешік-үйінді бар-тын. Солардан бөлектеу, қомақтылау келгенін жұрт Едігенікі дейді. Ол ескі кесенеден 20 метрдей тау жағында болатын. Жалпы Едігенің сүйегінің Құмкентте, Жылыбұлақта, Бабасының жанында екеніне ешқандай дау болмауы тиіс.
Әсілі қолдан келсе әулиеге тиіспейік, құлағын шулатпайық. Ол бүткіл Түркі әлеміне тиемел әулие боп қала береді. Сол Түркі әлемінен бастау алған ол бәрімізге ортақ әулие екені де рас. Ол Орта жүз қоңырат елінен шыққан Алпамысқа да, қара Қыпшақ Қобыландыға да, Қажымұқанға да, Кіші жүз Ер Шораға да, найманнан шыққан Қозы Көрпеш – Баян Сұлуға да, Қыз Жібек жырындағы Төлегенге де, олимпиада чемпионы Б.Артаевқа да тілеу тілеп жатқан ұлы жаратылыс. Әлемдегі жер көлемі жөнінен 9-орын алатын жалпақ жұрттың ұлы ханы Абылай да жаны қысылғанда бабаға қол жайып дұға жасайды екен.
Міне, оқып көрелік:
Анау бір жылы аттанған,
Ғаскерді қырғыз қырғында.
Ол хабарды ел біліп,
Көп батырмен сен жүріп,
Көзіңнің жасын көл қылып,
Қырылған ғаскер басының,
Қасына барып тұрғанда.
Ақ боз атты шалғанда,
Мойныңа кісен салғанда.
Бабай Түкті Шашты Әзіз,
Сауап бата алғанда.
Тілеуің қабыл болғанда,
Басыңа қыдыр қонғанда,
Ұмыттың ба соны, Абылай?!
(Үмбетей жырау)
Ұлы мемлекеттің ұлы падишасы көзінің жасы көл болып, кісесін мойнына салып, тізерлеп тұрып бата сұрағанда, тілеуі қабыл болып, басына Қадыр дарып кететін мұндай әулие көріп пе едіңіздер?!
Сіздердің білгендеріңіз жөн болар, Бабай Түкті Шашты Әзіз жауынгер әулиелер тобына жатады. Оның өңшең Қобыланды, Алпамыс, Шора сияқтыларды қолдайтыны сондықтан. Бұндай ұлы әулиеге, яғни жауынгерлік рухты оятатынға, Қарабура әулие де жатады.
Бұндай әулиелер шапшаң шешім қабылдайды. Оның атына бейсәубет әңгіме айтуға болмайды. Оның назасына қалсаңыз, өкпелемеңіз! Білгіш, оқымысты екенмін деп ауызға келгенді көпірте айта берсеңіз, жұлдызыңызды сөндіріп жіберуі де мүмкін. Турасы, әрі-сәрі сөзге абай болайық!
Бұны өз тәжірибемізден жақсы білеміз.
Оның тарихын тарқатсақ, түйінін шешсек деп тынымсыз еңбек еткенімізге он жылдан асып барады. 1996 жылы бір кітап жазып едік, биыл «Тарихтың таң шапағы» деген толықтырып тағы бір кітап шығардық.
Біреулер Пайғамбарымыз, оның жары туралы бірдеме жазбақ болып тәп-тәуір қиналып еді ғой! Арзанқолды дүниеліктермен әулиенің мазасын кетірмейік. Тәуелсіз Қазақстанның туын желбіреткіміз келсе ұлылыққа ұмтылайық, рудың, бұрудың, құрудың торына шырмалмайық.
Ол біздің ата-тегіміз боп қала берсін, оны білгеннің айыбы жоқ, ал әулие-әнбиелерге келгенде «жекешелендіру» саясатының жүрмейтінін ерекше есте ұстаған жөн болар деп отырмыз.
Халайық, дұрыс түсініңіз, Алла Тағала Сіздің Алла Тағалаңыз, әулие-әнбие де Сіздің әулие-әнбиеңіз. Ол басы бүтін Сіздікі, тек оған таза пейілмен, ақ тілекпен ұмтылыңыз. Оған саясат сапырылыстырмаңыз, сонда ғана бар тілегіңіз қабыл болады.

Жарылқасын БОРАНБАЙ
Қазақстан Жазушылар және Журналистер
Одағының мүшесі

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз