ЖЕЛТОҚСАНҒА САЯСИ БАҒА БЕРІЛЕР МЕ ЕКЕН...

Міне, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы, кеңестік империяның көбесін сөккен қасіретті де қастерлі Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы аталар жыл да табалдырықтан аттады. Біздің күткеніміз не еді? Әрине, Жел­тоқсанның нақтылы саяси сипатын ашатын әділ ғылыми баға. Отандық ғылым, тәуелсіз елдің тарих ғылымы жан-жақты дәлелдеп, қорытқан ғылыми дәйек. Осы ретте өткен тарихымызға бір сәт көз жүгіртейікші... КСРО деген ортақ шаңырағымыздың Тәуелсіз Республикалар Одағы болуға тиіс әуелгі мәртебесі сақталмады:

Коммунистік біртұтас мемлекеттің ыдырауына, тиісінше, одақтас республика тәжін кигенмен, іс жүзінде унитарлық елдің саяси құрсауымен шырмалған отар аймақтарын дербестенуге бастаған қазақ жастарының тарихи қозғалысына биыл ширек ғасыр. «Жаңа 37-жыл» көріністері басылғалы бері жұртшылық сонау дүбірлі күндердің себеп-салдары жайында жылма-жыл сөз етіп келеді. Желтоқсанға жиырма жыл толар қарсаңда Алматыдағы Республика алаңына – Көтеріліс алаңына! – кіреберісте еңселі ескерткіш бой түзеді. Тәуелсіздіктің биылғы мерейлі 20 жылдығымен бірге, Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығы да аталып өтетініне шүбә келтіруге болмайды. Әйтсе де... Таяуда Алматы қалалық әкімдігі 17 желтоқсанға орай дәстүрлі «дөңгелек стол» өткізген-ді. Негізгі баяндаманы Тарих институтының директоры жасады. Ол институт әзірлеген «Қазақстан тарихының» 5-томы жақында ғана жарыққа шыққанын, томның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын арқау еткен жұмыстарды сараптаумен басталғанын аян етті. Оқиғаға баға берудің қиын екенін, сол күндері өзінің жақындарының да жапа шеккенін әңгімеледі. Одан кейін сөйлеушілер, негізінен желтоқсаншылар, көтерілістің әр қырына тоқталды. Жел­тоқсаншылардың құ­қықтық жағдайын нақтылауға қызмет ететін жаңа заң жобасын жасау мәселесі нақты қолға алынғаны айтылды. Алдағы ширек ғасырлық датаға дейін Желтоқсанға саяси баға беріледі деп үміттенетіндерін жария етті. Дегенмен, баяндамаға байланысты менің көңіліме оралған күдік сейілмеді. Сондықтан да сөз алып, желтоқсаншылар күткен саяси бағаның осы жиырма бес жылдық кезінде де беріле қоюы неғайбыл екенін айтып, күмән келтірдім. Өйткені, еліміздегі тарихи зерттеулермен бірден-бір түбегейлі шұғылданатын, тәуелсіз Қазақстан тарихын ширек ғасырдан бері жазып келе жатқан ғылыми мекеме, баяндамашының айтуына қарағанда, Желтоқсанды әлі оқиға деп санайды, оған әлі ғылым тілімен тиянақты баға бермеген. Осы уақытқа дейін қалыптасқан қоғамдық пікір бойынша, Желтоқсан көтерілісі отарлық дәуірдегі ұлт-азаттық қозғалыстың соңғы, шешуші серпілісі іспетті бағаланатыны белгілі. Ал ұжымдық «Қазақстан тарихы» күні кеше шыққан арнаулы томында сол кезеңді арнайы қарастырғанмен, оны өз атауымен атамаған. Ендеше бұл, кезінде билеушілер бұзақылық келеңсіз оқиға ретінде бетке басқан сонау ереуілден бері 24 жыл өтсе де, оған саяси баға беруге негіз болатын ғылыми тұғырнама жасалмағанын көрсетеді емес пе? Демек, 2010 жылғы іргелі ресми ғылыми еңбекте дәл анықтама берілмеген, мән-мағынасы айқын тұжы­рымдалмаған Желтоқсан көтерілісі саяси бағасын 2011 жылы ала қоюы екіталай-ау деген күдік өз-өзінен туындайды... Кезінде тарихшы Бекмаханов бір өзі-ақ Кенесарының ұлт-азаттық қозғалыс көсемі екенін дәлелдейтін іргелі монография жазған, рас, оны метрополия кері бағалады, себебі біз отар ел ахуалында едік. Енді ше? Қазір біз тәуелсіз мемлекетпіз. Алайда еліміздің ресми ұжымдық ғылыми-тарихи мекемесінің жекелеген зерттеушілер әлдеқашан дәлелдеген шындықты растай алмай отырғаны қалай? Ғасырларға созылған ұлт-азаттық қозғалыстың жеңісті шыңы болып табылатын Желтоқсан туралы әділ де дұрыс тұжырымдама жасауда неліктен дәрменсіздік танытуда? Меніңше, ширек ғасырлық қаралы-салтанатты күнге дейін бұл мәселені қалай дұрыстауға болатынын осынау ғылыми мекеменің шұғыл ойланғаны жөн... Менің осы пікірлерімнен кейін баяндамашы қайта сөз алды, оқиғаны кітапта тап солай – ұлт-азаттық көтеріліс деп бағалағандарын, оны баяндамасында көрсеткенін (мен аңдамасам керек), 5-томға тап солай жазғандарын айтты. Бұл хабарға отырғандар түгел риза болды. Желтоқ­саншылар қатарында біз де қол соқтық... *** Әрине, мұндай мә­лімде­меден кейін ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ғылым комитеті, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты атынан 2010 жылы жарыққа шыққан іргелі «Қазақстан тарихының» 5-томындағы Желтоқсанға қатысты ғылыми тұжырымдармен тікелей танысып байқауға асыққанымыз түсінікті болса керек. Тек, өкініштісі, кітапты оқи келе, лапылдаған көңіліміз су сепкендей басылды. Жасыратын несі бар, оны құдды маркстік-лениндік әдістемемен қаруланған кеңес тарихшылары жазғандай әсер қалдырды... «Қазіргі Қазақстан» деп аталған 5-томда Желтоқсан жайы екі жерде сөз болыпты: «Қазақстанның қазіргі заман тарихының тарихнамасы мен деректері» бөлімінің «Тарихнама» атты 1-тарауында Желтоқсанды зерттеген еңбектерді шолған үш бет (19–21-бб.), «Қазақстан тәуелсіздік алу қарсаңында» деген 1-бөлімнің «Кеңестік қоғам дағдарысының тереңдей түсуі» атты 2-тарауында болған оқиғаларды хронологиялық ретпен баяндаған бес бет (90–95-бб.) бар. 19-бетте: «Қазақстанның қазіргі заман тарихында 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары ерекше орын алады, бұл оқиғаларға мұрағат деректері бойынша 60 мыңнан астам адам қатысты, 8 мыңнан астам адам қамауға алынды, 200 қатысушы сотталды, бір жарым мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, әкімшілік жазалауға тартылды. Қаншама жас қыршын қаза тапты», – деген хабарлама келтірілген. Одан әрі: «Кезінде Парламенттің арнаулы комиссиясы 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларының себебін зерттеп, зардаптарына талдау жасады. Алайда бұл оқиғалар отандық ғылымда әлі лайықты көрінісін тапқан жоқ», – деп бір түйінделеді. Назар аударыңыз: «бұл оқиғалар» содан бері 24 жыл өтсе де, «отандық ғылымда әлі лайықты көрінісін тапқан жоқ»! 20-бетте: «Алматының алаңында болған оқиғаларға» «сол кездегі партия басшылығы» берген «бастапқы бағаны теріске шығаруға мүмкіндік» туғанда, 1997 жылы шыққан «1986 жылдың желтоқсаны: дақпырт пен шындық» деген «көлемі шағын, алайда маңызды» еңбегінде академик М.Қ.Қозыбаев «осынау тарихи оқиғаға жаңаша қарап, ...болған оқиғаны тұңғыш рет «желтоқсан көтерілісі» деп атап, оған шынайы талдау жасай білді», – делінген. Бірақ осыдан он үш жыл бұрын: «1986 жылдың желтоқсанында ұлт-азаттық қозғалысы өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Ол Одақтың ыдырауымен және республикалардың егемендік жариялауымен аяқталған тұтас бір тарихи белестің бастауы болды», – деп қорытқан М.Қ.Қозыбаевтың тұжырымын бүгінгі ұжымдық авторлардың тәуелсіз ел ғалымдарына лайықты деңгейде тиісінше дамыта да, тиянақтай да алмағаны байқалады. Олар жастар қозғалысының жер-жерде өрістеп, жаппай сипат алғанын ескермей, тек Алматыда болған ахуалды ғана қарастырады, әрі оны көбіне «желтоқсан оқиғалары» деп бағалауға бейім тұрады. Ұжымдық авторлар: «Қазақ жастары 1986 жылдың желтоқсаны күндері ондаған жылдар бойы үстемдік құрып келген тоталитарлық режимге батыл қарсы тұрды, сөйтіп бұрынғы КСРО кеңістігін­де ұлттық-демократиялық қозғалысты дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Оқиға басқа халықтарға қарсы бағытталмаған-ды, бұл елдегі екі күштің: буыны қатпаған демократия мен ол кезде қылышынан қан тамып тұрған әкімшіл-әміршіл жүйенің тұңғыш қақтығысуы болатын» (93-б.), – деп тұжырымдайды. Тек бұл, шындап келгенде, осыдан жиырма шақты жыл бұрын Шаханов комиссиясы берген баға... Сондай-ақ, 654-беттегі «Хронологиялық көрсеткіште» Желтоқсан көтерілісіне бар болғаны: «1986 ж., 17–18 желтоқсан – Алматыдағы жастар мен студенттердің КОКП мен Кеңес үкіметінің ұлттық саясатына қарсы жаппай толқулары» деген анықтама берілген... *** Біздің күткеніміз не еді? Әрине, Жел­тоқсанның нақтылы саяси сипатын ашатын әділ ғылыми баға. Отандық ғылым, тәуелсіз елдің тарих ғылымы жан-жақты дәлелдеп, қорытқан ғылыми дәйек. Осы ретте өткен тарихымызға бір сәт көз жүгіртейікші... КСРО деген ортақ шаңырағымыздың Тәуелсіз Республикалар Одағы болуға тиіс әуелгі мәртебесі сақталмады: қатаң бір партиялық орталыққа бағындыру арқылы ол жаңа империяға айналдырылды. Республикалар алдамшы да астарлы идеология арқылы жаңа отар деңгейіне түсірілді. Тиісінше, елімізде ұлт-азаттық қозғалыс іс жүзінде толастаған жоқ: ұлт мүддесін көздейтін ойлар астыртын да, рұқсат етілген ауқымда да түрлі қарқынмен дамып жатты. Соның нәтижесінде халықтың ұлттық санасы өсті, ақыры, жағдай ушыққанда, бұрқ етіп, ұлт-азаттық көтеріліс тұтанды. Міне, осы жәйттер «Қазақстан тарихында» ғылыми түрде тиянақталып көрсетілсе деп едік. Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы деген әдемі атауы бар Империяны тұтастандырған коммунистік режимнің қазақтарды отар құлдары деңгейіне түсіріп, басып-жаншуы – бүгінде тарих сахнасынан кеткен өкіметтің мемлекеттік қылмысы ғой, соны ғалымдарымыз аталған іргелі тарих кітабында сиырқұйымшақтатпай, ғылыми жолмен әшкерелесе деп тілеп едік. Алайда бұл үміт ақталмады. Осыдан барып мынандай сауал еріксіз ойға оралады: ғылыми дәйегі жасалмаса – біздің өкіметіміз саяси баға бере қояр ма екен? Не істеу керек? Шұғыл арнайы комиссия құруды сұрау керек шығар? Әлде, Желтоқсан жайы екі мүшел уақыт бойы жан-жақты айтылып келе жатқандықтан, тиісті саяси бағаны Жоғарғы Биліктің, айталық, Парламенттің өзі-ақ берер ме екен? Ал нұсқау күтіп отырған ғылым, бәлкім, билік тарапынан берілген бағаны дәйектейтін қомақты ғылыми еңбегін содан кейін жаза жатар... Ескі заманғы әдетінше... Өкінішті-ақ, әрине... Әлде отандық ғылым тұтқасын ұстағандар осы өзекті мәселеге қатысты кемшіліктерін мойындап, шұғыл да батыл әрекет жасар ма екен? Қалай болғанда да, жел­тоқсаншылар үміті, халық үміті алданбауға тиіс. Өйткені бұл тәуелсіздігімізді нығайтып, баянды ете түсу үшін керек. Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ