“ҚАРА ЖОРҒА” КІМНІҢ БИІ?
2010 ж. 28 желтоқсан
8869
2
Қазақта әнші көп, бірақ та Шәмші жоқ дегендей, бұл күнде биші көп. Десе де, биде кім бар, кім жоқ? Қазақ мәдениетінің мәйекті өнері санала бастаған «қара жорға» биі, сірә кімдікі? - деген сауалдың тууы да әбден орынды.
Олай болса, бишілерімізден бұрын, биіміздің иін қандырарлық аз әңгімеге құлақ түрейікші.
Шамандық дәуірден бастау алатын ескі әдебиет және өнер жұрнағы болған бағзы заманға қайрылсақ, би өнеріне ешкімнің де таласы жоқ.
Қытайдағы белгілі ғалым Ясын Құмарұлы өз еңбектерінде шаман бақсыларының басына үкі тағынып, денелеріне түрлі шашақты киімді киіп, биге басқан көріністері Азияның терістігіндегі жартас суреттерінде көп жолығатындығын, бұл суреттердің бүгінгі Қазақстанның аумағынан да табылатындығын жазған еді. Ғалымның пайымынша Баянжүрек жартас суреттері мен Шынжаңның Бардақұл жартас суреттеріндегі осындай шамандық бейнелер осыдан 3500 жылдың (б.з.б. 2000 – 1500 ж) арғы жағындағы туынды деп бағаланған. Осындай жартас суреттерінде бейнеленген бақсы образдары тек бақсылық киім киіп, жын шақырумен ғана тынбастан, олар дабылын соғып немесе басқа күй аспаптарын шертіп, би билеп тұрғанымен ерекшеленеді. Міне бұдан біздің ата-бабаларымыздың ән-күйінің, әдебиеті мен биінің тарихының сонау алыста жатқандығын ұғынамыз.
1980 жылдардан басталған Шынжаң жеріндегі халық мұраларын қайтадан жинауға байланысты, халық ішіндегі билер де көптеп жиналды. Соның ішінде қазақ халқының өзіне ғана тән: “Аю биі”, “Қара жорға биі”, “Ортеке биі” (қуыршақ биі), “Көк түйме биі”, “ Шешеке биі” секілді төл билеріміз қағазға түскен еді.
Қытай қазақтарында көп биленетін бидің бірі біздің тақырбымыздың тақиясын кигізіп отырған «Қара жорға биі». Бидің оқиғалық мазмұны мынадай: жылқы түлігінің жабайы кезінде бір қазақ жігіті дала жылқысының біреуін шалмалап ұстап алып, қолма-қол үйретіп, ауылына мініп келеді. Жылқының өңі қара оның үстіне жорға екен. Өз табысына қуанған әлгі жігіт алдымен атын ойнақтатып ат үстінде, онан соң жерге түсіп билейді. Ауыл адамдары қызу қарсы алады.
Ал бидің шығу тарихына келсек, қытай жазбаларында мынадай деректер кезігеді. “Қытайдың Таң дәуіріндегі “Шынжаң билері” деген кітаптың 2-том, 310-бетінде: “Таң хандығы дәуірінде “Жылқы биі, тост күйі” атты музыка болған. Хан, Таң патшалығы кезінде Орта Қытайға батыс өңірлерден көптеген жылқы кіргізіледі. Осыған байланысты Таң дәуірінде Шынжаңда “жылқы биі ” көп таралды, - деп жазылған”. Сол кітапта тағы да: “Таң патшалығының жаңа тарихы” деген кітаптың шығыс тармағынан үзінді келтіре келіп: “ол кездегі музыка аспаптарынан сыбызғы, барабан, көп түтікті сыбызғы, били, табақты қоңырау болса, билерден “Жылан”, “Арыстан”, “Жылқы”, “Арқан” билері бар еді. Осыдан барып, қырғыздар арасында “Жылқы биі ” таралған. Қазір Шынжаңның жер жерінде “Жылқы биі” кеңінен ойналып жүр. Мәселен Іле, Алтайды мекендеген қазақтар мен Тасқорғанды мекендеген тәжік, Атұшты мекендеген қырғыздар арасында “Жылқы биі” таралған. Қазақ халқына жаппай таныс “Қара жорға” биі осы жылқы биінің дамыған, басқа нұсқа деген межелер бар. «Қара жорға» биі басқа ұлттарда бар болғанымене олардың биленуі қазақ биінен өзгеше екен.
Қазақ биін зерттеуші қытай битанушысы Уаң Жиячың “Қазақ би өнерінің келу қайнары және басты ерекшелігі” атты мақаласында «Қара жорға» биі туралы ойларын былай жеткізеді: «Көшпенді шаруашылықпен шұғылданған қазақ ұлты үшін ат олардың қанаты. Мейлі мал баққанда, көшкенде, жүргенде, соғыста болсын аттан айырыла алмайды. Олар жылқы киесі “Қамбар ата” деп, бір мезет жылқыны төтем тұтқан. Қазір Алтай аймағының Қаба ауданында “Шұбарайғыр“ деген ру бар. Қазақтың халық биі “Қара жорға” Еуропа, азиядағы қазақтар шоғырлы қоныстанған аумақтарға кеңінен таралған. Қазақ халқының биінде көшпенділер тұрмысының әр түрлі ерекшеліктері сіңіріліп, ой-сезімі, қуанышы мен қайғысы бейнеленген»(76).
Қазақ биін зерттеуші Уаң Жиячың өзі куә болған билер туралы мынадай сыр шертеді: «қазақ халық билерінің материалдарын жинағанымда, мен Шынжаң Алтай аймағы Көктоғай ауданының қиырдағы қыстағынан “бақсының ойынын” көрдім. Құшынаштың сайтан қууына ұқсайды екен. Басына қауырсын тағып, денесіне аң терісін киіп, сол қолына аса таяқ ұстап, оң қолына барабан алып, лаулап жағылған отқа балтаны қыздырып, жалаң аяғына балтаны басады. Бірде оттағы балтаны алып шығып, тілімен жалап арбаң-құрбаң етіп, енді бірде күбірлеп дұға оқып, албастыны аластап, пәле қазадан аулақ болу үшін тілек тілейді екен. Әйелдердің ойынында аналық қауымның соңғы кездерінің қалдықтары бар. “Диуана” бұған ұқсамайды. Би билеуші бас киіміне “аққудың қауырсынын” қыстырып, кеудесі жалаңаш күйде, белуардан төмен“Аққудың қауырсынынан” тоқылған көйлек киіп, аққудың қауырсынын байлаған аса таяқты ат орнына мініп, күн жайлатып, келер күнді болжайды. “Бақсы” ойнағанда үйде немесе ауланың ішінде болады. Ал “диуана” ауыл-ауылды кезіп жүріп ойнайды. Бұл екі түрлі халық биі жартас суреттерінде әсерлі бейнеленген. Мәселен, Алтай аймағы Көктоғай ауданының Таңбалытас деген жерінде қызыл тастан ойылып сызылған топтық би схемасы бар. Бірінші топ суретте: бес адам қатарымен тізілген. Сол жақтағы бірінші адам басына үш тал қауырсын, үшінші адам екі тал қауырсын, соңғы біреуі қысқа үш тал қауырсын таққан. Бес дамның иықтары бір сызықтың бойында болып, аяқтары ашылған. Екінші топ суретте: бес адам дөңгеленіп орналасқан болып, ішіндегі бірінші тұрғаны басына екі қауырсын тағып, аяғын айқастырып, білегін 45° түсірген. Бұл суретте ертедегі шаман дініне сенгендердің топтасып билеп мінәжәт еткенін көруге болады».
Демек, жоғарыдағы деректерді тереңдетпесек, одан басқа тарихты ешкім біле бермейді. «Қара жорға» шаман заманындағы тайпалардан, түркі одағын басып, қазаққа жеткен көне би. Ал моңғолдарда оның бір түрі сақталса, оған таңданудың да еш жөні жоқ. Біз – түркі-моңғол бір бәйтеректің бұтағымыз. Шыңғысхан заманындағы тайпалар бір тілде – көне түркі тілінде аудармашысыз сөйлескен. Әуелі моңғолдікі деп үрке қарап жүрген көп сөз өзіміздікі – Түркілер одағының ортақ еншісі.
Ендеше, халқымыздың атам заманнан келе жатқан көне биі «Қара жорғаның» ортамызға оралғанына қуанбасақ, ренжімеуіміз керек. Ол әлде біреулер айтқандай «моңғолдікі» де, «жын-шайтандікі» де емес. Қазақтың төлшең өнерінің өз еншімізге қайтқан ен-таңбасы айырғысыз асыл тұқымы.
Ж.Шәкенұлы