СЕЛЖҮК ҚОРҒАНЫ

Оны білетін адамдар үшін Болат Шарахымбай — өтпелі кезеңнің дүлей соққысынан есеңгіреп барып, есін жиған ұрпақтың өкілі. Әдетте жұрт бұл ұрпақтан шыққан өнер адамдары туралы ортақ көзқарасқа тұрақтап қалған. Заманның күрт құбылуынан уақытында қанатын жазып, өз биігіне көтеріле алмаған бұл ұрпақ өздері өкшесін басқан аға қаламгерлердің көлеңкесінен шыға алмай келеді. Бұлай айту бір жағынан дұрыс десек, енді бір жағынан қате деуге болады. Идеологияға мықтап байланған, төрт тұрманы сай, берік дәстүр қалыптастырған Кеңес әдебиеті үшін еркінсу мен Тәуелсіздік, өтпелі кезең дегендердің жоспарда жоқ екені белгілі.

Жоғарыдағы дәстүрді «социалистік реализм» деген бір сөзбен толық түсіндіруге де болмайды. Негізінен туы айқын түрде партияның даңқы мен еңбегін жырлаудан тыс Отанды (тасасында партияны), халықты (тасасында партияны), атамекенді (тасасында партияны), махаббатты (тасасында партия қорғап тұрған бейбіт замандағы кеңес адамдарының сүйіспеншілігі) туралы жазуды талап ететін дәстүр қаламгердің дүниетанымы, шығарманың артқы көрінісі, мәтіннің жасалу жолы сияқты ерекшеліктерді желідей тартып бір жүйеге түсіріп, тектеудің арқасында, өзіне ғана тән дәстүрді қалыптастырған, жиып келгенде өзгеше эстетикалық шеңбер тұтасқан еді. 1991 жылы Кеңес қоғамы ыдырағанда оған ілесе бұл эстетика да өз құдіретін жоғалтты. Алда жасандылығы жоқ, бірақ мүлде жаңа, бейтаныс өмір тұрды. Оның өз логикасы, эстетикасы бар еді. Айтарға болмаса қолдан жасалған дүние мен табиғат тумасының арасындағы парық сияқты кеңес әдебиеті мен жаңа келе жатқан қоғамның әдебиетінің арасында көпір деген жоқ еді.  Жаңа өмірдің де, әдебиеттің де алдында, бейнелеп айтсақ, ағыны қатты өзен жатты. Одан малта тастардан ептеп басып, сипалап жүріп қана арғы жағаға өтуге болатын. Болат Шарахымбай, міне, осы ұрпақтың өкілі. Өзінен бұрынғы ұрпақтан бір өзгешелігі — бұлар өткелсіз өзеннен өтсе болды, көненің соңы  емес, мүлде жаңа әдебиеттің басы болып шығатын еді. Әдебиеттің даму тарихынан қарағанда алғаш шыққан күн сияқты М.Әуезовтер ғана соңғыларға нұр-шұғыласын шашқаны бар. Себебі, кейінгі буынның өздерінің дәстүрін жалғастыратынын олар жақсы білген. Ал батар күннің шұғыла шашпайтыны белгілі нәрсе. Бұл тұрғыдан қарағанда Болат Шарахымбайлардың басқалардың көлеңкесінен шығуға талпынғаннан гөрі, өздеріне тиесілі шығармасын жазуға ұмтылуының берері әлдеқайда зор ма деген ойда қаласың.

Алайда, бұл қадамды басу оңай шаруа емес. Болат Шарахымбайдың «Шертолғауын» (ақынның «Жаным жанартау» жинағына кірген, толық аталуы «Қырық бұрау қобызым») оқып көрейік.

 

Туған тілін туған ұлты көкпар қылған

бұл заман,

Шолақ намыс шолжаң ұлды шоқпар

қылған бұл заман,

Маймақ аяқ маймылдарды мақтан

қылған бұл заман,

Шәртік қарын бұралқыны батпан

қылған бұл заман....

 

Өлең күшті бұлқыныспен жазылған, басынан-аяғына дейін жұлқынып оқылады. Ерекше көзге түсетін қасиеті —  жыр қазақтың эпостық әдебиетіне тән жыраулық сарынмен суарылған. Жыраулық сарынды қазақ әдебиетінің Тәуелсіздіктен кейінгі ең бір жарқын келбеті болды десек, қателесе қоймаймыз. Бұл жерде басын ашып алуға тиісті бір түйін бар. Жыраулық сарын көріністе Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ поэзиясына жаңа леп әкелгендей көрінеді, затында ол поэзияда алға жылжу емес, бір кезде орны толмай қалған бостықтың орнын жай ғана толтыру, алдамшы ғана жаңару еді. Әсілінде әдебиеттің ұлттық ерекшелігі мен саясатта айтылатын «ұлттық дүниетанымның қайтып оралуы», «ұлттық дүниетанымның орнығуы» деген ұғымдар бір нәрсе емес. Оларда мәндік, сапалық парық бар. Саясат жоғалғанды қалпына келтіруге жұмыс істесе, поэзия бар әрі жиналып қордаланған ұлттық дүниетанымды энергияның ерекше жиналған түріне — биік рухани деңгейге көтереді. Алайда, біраз ақындар бұны парықтай бермейді. Әдебиет, оның ішінде поэзия сөзбен тұлғаланатын өнердің ішіндегі ең күрделі түрге жатады. Өнердің саяси құндылықтардан жоғары тұратынын ескерсек, өнердің ішіндегі бекзаты саналатын поэзия тіптен өзгеше болмыспен өмір сүреді. Кеңес кезінде әдебиетті саясатқа бағындыру салтқа айналды. Соның салқыны қазір де бар. Аздаған парық — кешегі ақындар биліктің айтқанынан шықпаса, бүгінгі ақындар билікті мадақтайтындар және қарсы сын айтатындар болып бөлінген. Айналып келгенде, сол баяғы саясаттың шеңберінен шыға алмайды. Әсілінде уақыт, заман тұрғысынан сараланған эстетикалық ерекшелік ескерілмеген жерде, өнер биігінен құлайды, қарабайырласады, саясатты қамтыған бар дүниені сығымдап уысында ұстайтын құдіретін де жоғалтады. Поэзияға табиғатына сай келмейтін жүк арту көтерілген қоғамдық мәселелерді шеше алмағаны былай тұрсын, өлеңнің қадірін кетіреді. Бұл тұрғыдан алғанда «Шертолғауды» өзеннен өткендердің шығармасы деп айта алмайсың.

Жоғарыдағы қылыштай жалаңдап тұрған өлеңге қарағанда өз басым Болат Шарахымбайдың мына шумақтарын әлдеқайда ұнатамын. Жатты алдымда жанар толы жасындар, Алтын сауыт киіп алған асылдар. Дүниеге міз бақпастан қарап тұр, Бедері — әжім, белі — бүкір ғасырлар.   Дүлей рух — омыраулы, ордалы, Ер Түріктің тоқсан екі толғауы. Мынау қасқа өр Оғыздың жолдары, Мынау қаңқа сал Селжүктің қорғаны...

Өз деңгейіне жетпей жатса да өлең шынайылыққа, тарихқа, қиялға есік ашады. Тіл өнерінің күрделі түрі — поэзия туралы сөз болғанда оқырман  туралы ойланбай болмайды. Бүгінгі оқырман күрделі сананың иесі. Бастысы, баланың қиялындай жеңіл, жалаңдықтан кеткен. Мәдениеттің, өркениеттің сәулесі түскен қазіргі оқырманның тіршілік тәжірибесі де мол. Бүгінгі өлеңсүйер адам сенен өзі білетінді қиыстырып қайта қайырып айтып беруді сұрамайды, оған жан бітіруді, бастысы, поэзиялық деңгейге көтеріп, парасат көкжиегіне шығаруды талап етеді. Мұндай сұраныс дәуірінде ақынды ең алдымен айғайға үйір болу мен жалаңдық орға жығады. Бізде ақындар өлең жазғанда өзін ақиқатты зор дауыспен айтатын батыр, моральдық жақта ту ұстаушы күрескер, періште ретінде көрсетуге құштар. Бұндай образға кіру өлеңге  күш бергендей көрінгенімен, шынайылықты жоғалтады, қала берді, адам психикасының терең қалтарысын ашуға кедергі келтіреді.

Жақсы жазылған өлеңдерде ақын қанша ашулы, ширыққан болса да өлең мәтініне келгенде соншалық бейбіт, мамыражай, есесіне, әлгіндей ішкі ирім мен бұлқыныс поэзиялық шебер қисындардың (айталық, И.Бродскийдің «тостағанға қанша дана мұз тастасаң, бір ұлы адамның алға басқан қадамын тосып қалуға болады» дегендей жолдарды), естен кетпес тармақтардың өмірге келуіне түрткі болып отырады. Орыс ақыны О.Мандельштамның «Ленинград» деген өлеңі бар.  Өлең 1930 жылы желтоқсан айында жазылған. И.Эдинбонгтың эссесінде 1946 жылы қоршаудан босаған Ленинградта болғанында О.Мандельштамның осы өлеңін ленинградтықтардың ән қылып айтқанын жазады.

  Я вернулся в мой город, знакомый до слез, До прожилок, до детских припухлых желез.   Ты вернулся сюда, - так глотай же скорей Рыбий жир ленинградских речных фонарей.   Узнавай же скорее декабрьский денек, Где к зловещему дегтю подмешан желток.   Петербург, я еще не хочу умирать: У тебя телефонов моих номера.   Петербург, у меня еще есть адреса, По которым найду мертвецов голоса.   Я на лестнице черной живу, и в висок Ударяет мне вырванный с мясом звонок.   И всю ночь напролет жду гостей дорогих, Шевеля кандалами цепочек дверных.

Өлең бір қарағанда айқайлап тұр. Бірақ, соңғы есепте жүрекке салмақ салатын поэзиялық құдіретімен қалады. Бұндағы сыр — мәтіннің трагедиялық сарынында. Ақын бұл сарынды игеруде тетікті — өз тұрғысын, шынайылықты дәл тауып басумен жеткен. Қатал заманның илеуінде ақын өзін батыр да, бағлан да көрсетпейді, есесіне заман трагедиясын өз басынан бере отырып әлеуметтік өреге көтереді. Бұл жерде тағы бір ескеретін жағдай бар. О.Мандельштамның ең таңдаулы өлеңдерінің дені грек өркениеті, екінші Рим империясына қатысты болып келеді. Ақын жасаған дәуірде орыс жұрты өзін үшінші Рим империясына үміткер етіп көрсетуге ділгер болғанын ескерсек, бұндағы Петр Бурдың орны тіптен басқаша аталады. Бұл қала орыс қалаларының ішіндегі жоғарыдағы екі өркениетке ең жақын болуымен ерекшеленеді. О.Мандельштам шығармашылығымен жақсы таныс оқырман үшін «Ленинград» өлеңі әу бастан-ақ жалаң әуенде көрінгенімен, оқу барысында жоғарыдағыдай күрделі артқы көрініс бірден көз алдыңа тартылады да, өлең қатпары қалың сананың тереңін бойлай жөнеледі.

Әсілінде, өлең деген сөзбен сезімді төгіп-шашып іштегі құсадан арылу емес. Өлең деген поэзия құдіреті арқылы оқырманмен іштей үндесу. Сондықтан ақын Болат Шарахымбайдың селжүктерді өлеңге ғана қосқаны жеткілікті емес, ол селжүктердің қираған қорғанын жырмен қайта тұрғызып, қорғандар тамыр тартқан түркілер өркениетін тереңнен толғауы тиіс-ті.

 

Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ