ЕУРОПАДАҒЫ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ АНА ТІЛ МӘСЕЛЕСІ ӨТЕ АУЫР

Біз, Еуропа қазақтары арасында қазақ тілінің жағдайының жыл өткен сайын нашарлап бара жатқанын, әсіресе жас буынның ана тілін мүлдем білмей, ұмыта бастағанын мойындауға мәжбүрміз. Диаспорадағы қазақтарды қатты алаңдатқан мұндай ұнамсыз жағдайдың қалыптасуының кейбір себептерін келтіре кетсек артық етпейтін шығар.

Бұрын диаспорада тұратын елден келген үлкен кісілер басқа тіл білмегендіктен, балаларымен және немерелерімен тек қазақ тілінде сөйлесетін. Сондықтан, үйде қазақша сөйлеу басым болатын. Қазір сол аға буын өкілдерінің қатары тым сиреп, олар түгесіліп бітті десе де болатындай. Бұл шетелдерде тұратын қазақтар арасында қазақ тілінің қолданылу үрдісіне ауыр соққы болып тиді. Ал, Еуропада қазақша сөйлейтін орта жоқ. Балалар мектептерде, үлкендер болса жұмыс орындарында тұрған жерлерінің тілімен сөйлейді. Үйге келсе, олар түрікше сөйлеседі. Өйткені қазіргі Еуропадағы Қазақ диаспорасының орта буын өкілдерінің барлығы дерлік Түркияда туып-өсіп, мектептерде түрік тілінде оқыған адамдардан құралады. Сондықтан олардың балалары қазақшаға шорқақ, не болмаса мүлдем білмейді.

Қазақ диаспорасының жаңа буынына жататын және Еуропада туып-өскен ата-аналар арасында жаңа бір дағды қалыптасып келеді. Осы жаңа буын ата-аналар отбасында өзара және бала-шағаларымен өздері тұрған Еуропа елдерінің тілдерімен сөйлесе бастады.

Бұл енді шетелдегі қазақтар арасында болашақта қазақ тілін сақтап қалуға төнген ең үлкен қауіптің бірі болып есептелсе керек. Еуропадағы қазақ орталары Еуропада тұратын жаңа буын қазақтарының қазақша үйренуі үшін қанша талпынғанымен, қанша күш жұмсағанымен кездескен қиындықтарды жеңіп шыға алмай отыр. Қазақ тілін оқытатын курстар ұйымдастыру және онда жұмыс істейтін сапада мұғалімдер тауып, бұл жұмыстарды қаржыландыру үшін тиісті демеу-қостауларға жету сол қиыншылықтардың ең бастылары қатарында орын алады.

Кейбір Еуропа қалаларында Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері қызметкерлерінің демеуімен ұйымдастырылған қазақша курстардың табыс деңгейі де шамалы болып қалып жүр. Қазақстаннан келген кей үкімет адамдарының кітаптарға қоса, қазақша кинофильмдері, театр қойылымдары, күлдіргілер, теледидардағы ән-күй, концерт бағдарламаларының көшірмелерін көптеп жіберіп, таратып тұрса деген сұраныстар бар. Бұлар шетелдегі қазақтар арасында ана тілге деген ынтаны одан әрі күшейте түсер еді. Екінші жақтан, жазғы демалыстарда диаспорадағы қазақша үйренгісі келетін жастарды топтарға бөліп, Қазақстанның ауылды жерлеріне жіберу шаралары ұйымдастырылса дейміз. Бұл арқылы жастар бірнеше айға болса да, әрі аздап қазақша үйреніп, әрі салт-дәстүрлерді біліп, атажұртқа деген ынта-ықыластары артып қайтар еді. Ал жоғары оқу орындарын бітірген, университеттерден мамандығын алған жастарды қалаулары бойынша Қазақстанда ұзағырақ тұрып, қазақша тіл курсына барып, атажұрттарын әбден танып-біліп қайтуларына да жағдай жасауға болады.

Шетелде туып-өскен, тұрған елдерінің тілін, ерекшеліктерін жақсы білетін, әрі бірнеше тілде сөйлейтін ондай жастарды бауырға тарту Қазақстан тұрғысынан да тиімді болар еді. Олар Қазақстан мен шетел арасында мәдени және экономикалық байланыстардың тереңдетілуіне өз үлестерін қоса алар еді. Қатарға қосылып, мүмкіндік берілсе, бұл жастар Қазақстанның үкіметтік орындарының да, жеке кәсіпорындарының да кәдесіне жарар еді.

Қазақстанда оқу мәселесіне келер болсақ, шетелден келіп Қазақстан университеттерінде оқып жатқан жастар баршылық. Бірақ олар Қазақ  университеттеріне шетелдік ретінде қабылданып, ақша төлеуге мәжбүр болып жүр. Диаспорадан келген ондай студенттердің кейбіріне қандас ретінде жеңілдіктер жасалып, мемлекеттік грант берілсе, деген талаптар да баршылық. Бірақ бұл туралы сұраныстарды қанағаттандыру барысында кейбір кедергілер бар көрінеді.

Дегенмен диаспора қазақ­тарының балаларын шетел­діктер қатарына жатқызу, оларға мем­лекеттік грант бермеу, шетелден атажұртқа келіп білім алғысы келетін қазақ жастарының ынтасын тежері хақ.

 

Абдулқайым Кесежи

Еуропа Қазақ қауымдастығының

төрағасы, саясаттану  ғылымдарының

докторы, саясаттанушы

(Германия)

http://e.gov.kz  порталынан