Б.МОМЫШҰЛЫ және қазақ тілі

Қазақ халқының хас батыры Бауыржан Момышұлы мұрасы ұшан-теңіз. Ал енді батыр бабаның ерлік істері мен батырлық әрекеттері әлі қаншама ұрпаққа патриоттық тәрбие көзі болып қала берері сөзсіз. Жазушы Момышұлы дүниеге әкелген әскери прозаның жөні тіпті бөлек. Біз білетін Баукеңнің саналы ғұмырының ең бір жарқын шақтары соғыс жылдарына тап келді, сонда жарқырап көзге түсті, қолбасшылық қасиетімен талайды тәнті етті. Тура мінез, тектілік, тапқырлық, батырлық, ержүректілік сияқты сан-алуан қасиеттерді бойына жиған бабамыздың аты аңызға айналды.

 

 

Бүгінгі  әңгіменің реті өзгешелеу. От кешіп жүріп азаттық үшін аласапыран күйге түскен қоғамның бар қиындығын көтере білген көп қырлы талант Баукеңнің тіл, руханият мәселелеріне қатысты айтқан ойлары, қағидалары ХХІ ғасырға қадам басқан бүгінгі күннің де бірден-бір өзекті дүниелері болып қала берері анық жайт деп ойлаймыз. Ендігі ретте осы жағдаяттар жөніндегі айтпақ ойымызды Бауыржан Момышұлы пікірлерімен сабақтастыра отырып өрбітсек.

Бауыржан Момышұлының тарих аренасына жасындай жарқырап шыққан жылдары Ұлы Отан соғысы кезіне келетінін айттық. Ал, енді өмір мен өлім арпалысқан сол жылдардың өзінде Баукеңнің қазақ тілі мен ұлттық руханият жайында айтқан өсиеттері қандай ғибратты, өнегелі. Сөз басын атақты ғалым, профессор Есмағамбет Ысмайыловтың батыр Баукеңе жазған хатынан бастауды жөн көрдік. «Құрметті Бауыржан жолдас!» деп басталатын хат мазмұны қызықты. «Мен сізбен жүздесіп-көрісіп, танысқан жан емеспін, бірақ соғыстан бері маған қаны бір бауыр, жаны бір дене сияқты жақын болып кеткендейсіз. Сізді мұндағы дос-жаран, ел-жұртың түгел құрметтеп жақсы көреді, майдандағы жауынгер жолдастарыңыздың аузындағы, хатындағы ең жақсы сөздің біреуі сізге арналады». Назар аударыңыз, бірін-бірі танымаса да «қаны бір бауыр» тұтып хат жазады. Достыққа ұмтылған, жолдастыққа шақырған пейілін былай жеткізеді: «Достасудың тағы бір қасиетті жолы – адамгершілік, ар-намыс, өмірге көзқарас жөнінен бір-бірімен ұғысу арқылы болады. Мен сізге осы жолдастық хатты сол соңғы тұрғыдан алып жазып отырмын».

Хатта айтылатын достық пейіл, адалдық жайлы ақиқаттармен қатар елдік пен ерліктің тұғырын биікке шығаруға қатысты, дәлірек айтқанда қазақ халқының рухани әлеміне барлау жасайтын ойлар жеткілікті. Соның бірі тарих тереңіне сүңгіп, өткен өмір белесін қозғайтын ойлар. «Қатал қайрат иесі адамдар деп тек өжет, мықты батырлар емес, ақылы, айласы қайратына сүйеу болып отыратын, қиын-қыстау күндерде, қырғын соғыс үстінде ел-жұртын, әскерін тас қамау, тар асулардан абыржымай алып шыққан қолбасы, мемлекет қайраткерлерін айтамын. Мұндай қасиеттерге қазақта Абылай мен Кенесары ие болды» деп бір түйеді. «Бізге қатал қайрат иесі керек» деп түсінетін Есағаның жан дүниесін әбден түсінуге болады, екінші дүниежүзілік соғыстың қанды қырғын күндерінде бір өзінің бойынан қаншама «қатал қайрат иесі» боларлық қасиеті бар Бауыржандай аға досына ішкі әлеміндегі арпалысты, қазақ басынан арылмай келе жатқан қасіретті осы соғыс жылдарының өзінде мұң етіп жеткізеді. «Біздің халқымыздың ерлік, адалдық, намыскерлік қасиетімен қатар алтыбақан алауыздық, бірін-бірі күндеушілік, өскенін күндеп, өшкенін жерлеу сияқты теріс сипаты да бар ғой». Одан әрі өткен ғасырларда өмір сүрген кемеңгерлеріміздің дені алауыздықты жойып, бірлік ет деген өсиет қалдырғанын, «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің - бәрі бос» деп өсиет ететін данышпан  Абай ойларына жеке тоқталады.

Осы хатта қазақ руханиятының күні кешеге дейін «ақтаңдағы» болып келген келесі бір мәселелерді тілге тиек етеді. Сол кездері жалпылама «Октябрьге дейін мешеу, түгел сауатсыз, надан, даласы құлазыған меңіреу, құм арасында...  аш-жалаңаш көшіп жүрген» деген пікірлердің тіпті ретсіз екендігін, керісінше еліміздің ХҮІ ғасырда «қасқа жолды» Қасым ханның тұсында бір жарым миллион әскер құрап, Еділден Зайсанға, Ертістен Тянь-Шаньға дейінгі аралықтағы жерлерге ие болып, жауларды жеңіп, дүние жүзіне әйгілі ірі мемлекет болғанымызды мақтанышпен айтады. Біздің қоғамда дәл қазіргі уақытта да бір қате түсінік етек алып келеді. Ол тәуелсіздігіміздің тарихын күні кешегі 1991 жылдан бастауымыз, сол дерекке сүйенген жастар қазақ халқының «алмас қылыштай» (Есенберлин) жарқылдап сонау ХХҮ ғасырда-ақ тарих аренасына шыққанын, «жанталасқан» күй кешіп жүрсе де, азаттықты сақтап қалғанын, «қаһары» қатты орыс империясымен Кенесары сынды батыр бабамыздың қаншалықты «қаһарға» мініп соғысса да, ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана жеңіліс тапқанымызды айтып отыруымыз қажет. Тәуелсіздігіміздің 19-20 жылдығы дегенді айтамыз деп арғы тарихқа қиянат жасауға, ол кездегі азаттықты жоққа шығаруға болмайды.

Ендігі кезекті Баукеңнің жауабына берейік. «Ж.Есмағамбет!» деп басталатын жауап хат 1943 жылдың 10 тамызында жазылған. Батырдың «Ж» деп меңзегені «жолдас» сөзін қысқартып алуы. Соғыс өртінде жүрген Баукеңнің әрбір минуты санаулы, сол себепті «жолдас» деген сөздің өзін қысқарта жазуға мәжбүр болған. Әйтсе де «Алматыдан келген сәлемдемелердің ең ішіндегі бағалысы сенің хатың болып отыр» деп басталатын жауап үш беттен астамды құрайды. Осы хаттағы руханият әлемі, қазақ тілінің жай-күйі жайлы қату да, бату айтқан батыр бабамыздың пікірлерін тағы бір рет санада жаңғыртып, бүгінгі жас ұрпақ жете білсін деген ниетпен ой бөлісіп отырған жағдайымыз бар. Ғалым Есмағамбет Самратұлының жоғарыда айтқан пікірлеріне гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының алып-қосарлары аз емес, тіпті Баукеңнің өзі ескерткендей «енеңді.. сені де әкең ұлым депті ғой» деп «резкие» (Баукеңнің сөзі – Н.Н.) кететін жерлері бар. «Біздің кейбір, әжептәуір адамсынған жігіттеріміз баспа бетінде, көптің алдында: «біз қараңғы, жабайы, надан, сорлы едік... біздің бабаларымыздың көзі ашылмаған соқыр, пайымсыз, жарық дүниені танымаған, даланы жайлаған аю қатарлы халық едік...» тағы осы сияқты жала өтірік, өсек, қиянат «жалынышты» сөздер айтып, ел еңсесін селге салып, жер етіп жүргендері аз емес, ондай жігіттердің ел сорына біткені сөзсіз емес пе?», – деп сұрақ қояды.  Батыр баба одан әрі де сан-алуан сұрақты анталатады. Мың жыл жасаған қазақтың ішінен ақылды, пайымды адамдар бүгінгі таңда ғана шығып па? Кемеңгерлік, данышпандық, ел қасиетін, бабаларымыздың әруағын тепкен тентектердің аузына қашан тыйым салынады? Басқалар бабаларының мінез-құлқына, өсиет, ақылына, әдет, әдеп-ғұрпына жасөспірім балаларды тәрбиелегенде, біз халық қасиетін, тарихын, мәдениетін, әдебиетін елден жасырып, архив пен филиалға тығып, сүрі еткеніміздің жөні қайдан шыққан әдепсіздік?

Батыр, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының ғалым Есмағамбет Самратұлына қойған сұрақтарының ішінде біздің ерекше назарымызды аударып, күні бүгінгі уақыт рухымен астасып жатқандары аз емес. «Тағы осы қалыпта 10-20 жыл өмір сүрсек, қазақты – қазақ тарихы, әдебиеті, тағы басқа жақсы халық қасиеттеріне түсіндіру үшін тілмаш, переводчиктер керек болып, барлық тіл байлығынан айырылып, жап-жалаңаш шыға келмейміз бе?» – деп ашына сөйлеген руханият жанашыры одан әрі: «ескіні естен шығарып, жаңаға басы айналған милауларымыздың  таяқ алып қой баққаны елге де, іске де, тарихқа да көп олжа», – деп ашына сөйлеуіне себеп-салдар жеткілікті тәрізді.

Бауыржан Момышұлы шығармашылығын терең зерттеген ізденуші назарын аударатын бір мәселе бар, ол Баукеңнің сол отты жылдары қан кешіп, соғыс өртінде жүрсе де қазақ тілі, елдің тарихы, мәдениеті жайында бір сәт те ұмытпай, жазып, жеріне жеткізе айтып, қажет болған жағдайда талап етіп отырғанын дәлелдейтін архив мұрағаттары мол. Мысалы ел басына қиын-қыстау күн туған сол жылдардың өзінде майдан даласынан аз ғана уақыт Алматыға келгенде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықов жолдасқа, Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің Председателі Оңдасынов жолдасқа жазған хаттары, Совет Одағы Жазушыларының кешінде сөйлеген сөздерінің әрқайсысы арнайы зерттеуді қажет етеді десек артық айтқандық болмас. Бүгінгі біздің мақсатымыз тіл жанашыры болып ғұмыр кешкен батыр жазушының осы бағыттағы пікірлеріндегі ғибратты ойларды ойлы оқырманмен бөлісу болғандықтан, аталған мәселелерге жан-жақты талқылай беруге мүмкіндік шектеулі.

«Қазақ тілі туралы пікір» Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықов жолдасқа 1944 жылдың 15-25 ақпаны аралығында Алматы қаласында «кеселханада» (Баукеңнің сөзі – Н.Н.) жатқан кезінде арнайы жазылған еңбек. Пікір көлемді, кең ауқымда жазылған. Қазақстан астанасы Алматыға келіп, соғыс салған ауыр жарақаттан емделіп жатқан батырды ауыр ойға салып, толғандырған жайттар жеткілікті. Ішіне сыймай бара жатқан өкінішті Орталық Комитет хатшысына жеткізуді жөн көреді. Отан қорғау үшін шыбын жанын шүберекке түйіп майдан даласында жүрген ол ел астанасында болған аз ғана уақыттың ішінде тіл тағдырына байланысты көрген-білгенін ашына, күйіне қағаз бетіне түсіреді. Тіл маманы болмаса да, орталық «Социалистік Қазақстан» газеті (қазіргі «Егемен Қазақстан»), кейбір қазақ тіліндегі кітаптарды оқыған Баукең «күннен күнге ұлғайып, шым-шытырық «шүршіттенуді» көзбен көре, құлақпен ести отырып, дәтім шыдамай жазайын деп отырғаным тіл мәселелері» деп ағынан жарыла отырып қаншама ақиқатты айтады.

Қолында қару, отан қорғау дейтін қасиетті парыз жолында жүрген жауынгер полковниктің тіл тағдыры жайында айтқан пікірлерінің тарихы тереңде, негізгі ойларын ғылыми және практикалық тұрғыдан нығыздап түсіндіреді. Ойымызды Баукең толғаныстарымен жалғастырсақ. «Ана тілінен бірнеше жағдайлар себеп болып ажыраған ел «азғын» ел атанып, кейіннен аты өшіп, ұрпақтары бұршақша бытырап, қардай еріп, құмға сіңген судай дерексіз жоғалып кеткенін тарихтан кездестіруге болады. Ондай сормаңдай ел, бұрынғы кезде аз болмағандығына тарихта дәлелдер аз емес» деген пікірлердің мәні мен маңызы бүгінгі күні де дәл сондай өзекті өртерліктей. Азып-тозып, құмға сіңіп, мәңгүрт күйге түскен елдер саны күн санап артып келеді.

Хат авторы қазақ тілінің қадір-қасиетіне былайша баға береді: «қазақ тілі өзінің таза түрінде, бірнеше ғасыр, біздің заманымызға дейін, өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ...елге, ерге медет болып, ер намысын, ел намысын, адамгершілік арын, қан майданда, қырғын соғыста қасиетті тудай жоғары көтеріп, текті сезім оятады...» деп түсіндіреді. Сонымен туған тілінің көне тарихтан алар орны мен рөлі жайында: «Қазақ тілі еш уақытта, өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған» деген оймен жалғастырады.

Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының нағыз белгісі деп білетін Момышұлы кеселханада (қазіргі аурухана – Н.Н.) жатқан аз ғана уақыттың ішінде байқап, көргендері мен көңілге түйгендерін, бір сөзбен айтқанда қазақ тілінің қасиетін төмен түсіріп жатқан жеті-сегіз  жағдайды тәптіштеп, рет-ретімен баяндайды. Тумасынан тура сөйлейтін, ешкімнің қызметіне, ұлтына қарап мәймеңкелеуді білмейтін батыр қазақ тілін «дөрекі, икемсіз, топас, кедей тіл...» деп астам сөйлейтіндерге Абай, Ыбырай, Шоқан, Сұлтанмахмұттың ана тілінен безбегенін, олардың тіл шеберлігін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп айтады. ХХІ ғасырға қадам қазақ қоғамында кездесетін бір дертті қайраткер Момышұлы сол кездің өзінде аңдап, сол дертпен ауыра бастағандарды аямай әшкерелейді. «Осы кезде аздап орысша білгеніне мәз болып, төбесі көкке жеткен, ана тіліне көңіл бөлмей, оны әліне қарамай менсінбей, не орысшаны, не қазақшаны дұрыс сөйлей алмай балдыр-батпаққа бөленіп жүрген, келбетсіз тіл азғыны масқараларды Алматының жауапты деген қазақ қызметкерлерінің арасынан да кездестіруге болады». Ол өзіне тән деректі, нақты болған фактілерге сүйеніп айтатын дағдысымен сан алуан мысалдар келтіре отырып баяндайды, яғни халық коммисарының орынбасарлары, жазушылар мен мұғалімдер, газеттер, баспалар, артистер мен радио қызметкерлеріне дейінгі аралықтағы кәсіп иелерінің туған тілімізді шұбарлап жатқан жүгенсіз әрекеттерін әшкерелейді.

«Қазақ тілі туралы пікір» Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықов жолдасқа ғана емес, барша қазақ қауымына арналған жанайқай. Әсіресе тіл тағдырына келгенде тайғанақтық танытатын билік басында отырғандарға батыра айтады. Сонымен қатар бірнеше бағдарламалық бағыттарды қамтитын еңбектің айтар ұсыныстары да мол. Ендігі ретте айтпақ ойымызды қорытар алдында  осы ұсыныстар мазмұнына да аз-кем тоқталсақ. Батыр негізінен алғанда санамалап, рет санымен 9 ұсыныс айтқан екен, алайда кейбір ұсыныстары өз ішінде тарауша болып бөлінген. Ұсыныстың бәрін қайталап жатуға зерттеу көлемі көтермейді және қажеттілігі де бола қоймас. Ал енді сол ұсыныстардың ішінде дәл бүгінгі күні де жүзеге асырып жатса құп аларлықтай біршамаларын бүгінгі оқырманға жеткізсек. «2. Қазақстанда, қазақ тілі заңның әділдігі бойынша мемлекет тілі болып саналып, өз орнына, төрге шығарып отырғызылып, бұрынғы қалпына кешікпей келтіру шаралары қолға алынып...» қатал төңкеріс қолға алыну керек деп санайды. Бүгінгі күні де заңның әділдігі арқасында төңкеріс қажет, өкінішке орай әзірше бағдарлама жасаудан шаршамайтын болдық және ол бағдарламалар он жылдан арыдағы уақытқа жасалады. Бұл күндері біршама шешімін тауып, алайда әлі де болса жетілдіруді қажет ететін келесі бір мәселелерді автор сол кездің өзінде көтерген: «Барлық оқу орындарында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы міндетті сабақ болуы керек». Тіл, тарих оқытылғанмен, әдебиетті оқу жағы әлі де болса шешімін таппай келеді, амал қанша.

Айтылған ұсыныстардың ішінде батыл мінезді Баукеңнің тек өзіне ғана тән, шалт айтатын ашулы, батулы ұсыныстарының орны ерекше. «Қазақ ана тілінің беделін түсіріп, бұрмалап, бүлдіріп халықтың халық болуына, ұлттың ұлттық қасиетіне, салт-санасына өте қауіпті, зиянды болғандықтан, барлық орыннан тіл құзғындарымен, ...шүршіт болып кеткендер ...мейірімсіз түрде масқаралана қуылып, ...қой бақтырған көп олжа болар еді». Біз аздап қысқартып, кейбір жерін жұмсартып алдық. Қайран Баукең, ұсынысы да өзі сияқты қаһарлы, әттең, әттең, айта беруге тіл қысқа, Баукеңдер жетпей тұр ғой мына қоғамда.... Бірақ Баукеңді тыңдайтындар да азайып бара ма деп қорқамын жаһандануға бет бұрған ХХІ ғасырда.

Ой қорытудың өзі қиын болып тұр. Бауыржан Момышұлы сынды қаһары қатты гвардия полковнигінің сол бір соғыс жылдарының өзінде қазақ халқының рухани әлемі мен ана тілі жайындағы жазбаларын жадыда жаңғырттық. Баукең жазбалары дәл бүгінгі күні дәл сол кездегідей өміршең, өткір мәселе болып тұр. Жұбаныш ететін жағдай тәуелсіздікке қол жеткіздік, заңдар жазылып, бағдарламалар түзіліп жатыр, «қой баққан» бабаларымыздың ой баққан дәуірі келе жатыр. Жан-дүниесімен қазақ тіліне ара түскен Баукеңнің аманатын, асыл тілегін азат ел болып, көш түзеген біздерге орындауға жазсын деген жақсы тілекпен қорытынды жасайық.

 

Нариман НҰРПЕЙІСОВ,

филология ғылымдарының

кандидаты