ЗАМАНБЕК КЕТТІ... ЗАР ҚАЛДЫ!

Оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың өлі денесі 2005 жылы 12 қарашада Алматыдағы өз үйінен табылған еді. Жүрек тұсынан екі рет және басынан бір рет тапаншамен атылғаны анықталып, өзін-өзі өлтірген деген ресми қорытынды жасалған болатын. Содан бері де көзді ашып-жұмғанша 5 жыл зымырап өте шығыпты.

Мақпал Жүнісованың «Азат­тық» тілшісіне айтуынша, Заманбек Нұрқаділов өлгеннен кейін екі жыл бойы келіп-кетіп жүрген оппозиция­лық партия жетекшілер бүгінде төбе көрсетпейтін болыпты.

– Қазір мүлде ешкім келмейді. Бірақ оларға ренішім жоқ. Соңғы екі жылда оппозиция жетекшілерінің ешқайсысы да мені есіне алмайды. Өздерінің бас аурулары да жетіп жатқан шығар. Бұрын Розлана Таукина жанымнан табылатын еді. Бірақ ол қатты ауырып, операция жасатты деп естідім, – дейді Мақпал Жүнісова.

Оның сөзіне қарағанда оппози­циялық БАҚ атанып жүргендер де Заманбек Нұрқаділовті ұмыта бастапты. Ол тағы былай деді:

– Өткен жылы «Свобода слова» газеті Зәкеңнің туған күнінде де, қаза болған күніне орай да ештеңе жазбады. Бұ дүниеде Зәкең болмағандай тіпті. Аздап торығып қалдым. Бірақ әдейі телефон шалып айтуды дұрыс көрмедім… Қайтем? Ал «Тасжарған» газетінің журналистері менің емеурінімсіз-ақ жыл сайын телефон соғып, суретін, өлеңдерін сұрап жатады.

Заманбек Нұрқаділовті биылғы жылға жоспарланған еске алу концерті жөніндегі әңгіме сөз болғанда Мақпал Жүнісова мұндай концерттің болмай қалуына Қазақконцерт мерейтойының кездейсоқ сай келуі ғана әсер етпегінін тұспалдады.

– Қазір бәрі қымбат... Зәкеңнің сүйіп тыңдайтын әндерін орындаған 2007 жылғы концертімді телеарналардан көрсетпеді. Концерт өз қаражатыма ұйымдастырылған еді. Бірақ мен оны лазерлік дискіге жазып шығардым және оған Зәкең туралы видеоматериалдарды қосып, жақын адамдарға тараттым. Қолдан келгенді істеп жатырмын, – дейді Мақпал Жүнісова.

Өзіне қарайласушылар мен концертіне көмек білдірушілер туралы сөз болғанда, ол тағы мынаны айтқан:

– 2007 жылы Болат Әбілев және Болат Назарбаев көмектесті. Таңғалдым! Бір себеппен Болат Назарбаевпен кездесіп қалдым... Олар мені әртүрлі шараларға, той-томалақтар мен мерейтойларға, немерелерінің туған күніне әрдайым шақырып тұрады. Ол менен: «Мақпал, халың қалай?» деп сұрады. «Концерт бергелі жүрмін» дедім. «Менен көмек керек пе?» дейді. Содан соң: «Сұрап бергенше, ұрып бер» дедім. Ол бірден түсінді де, біреуден қаражат беріп жіберді. Мен одан: «Сізді демеуші деп хабарлайын ба?» деп сұрап едім, «Жоқ, керегі жоқ!» деп бас тартты». Болат Назарбаев, сірә, қорқып кеткен болуы керек, – деп күледі әнші.

Әңгіме Заманбек Нұрқаділов көп жылдар басқарған Алматы қалалық әкімдігіне қарай ойысқанда Мақпал Жүнісова «олардың қабылдауына» бармайтынын айтты.

– Қазіргі әкім Ахметжан Есімовке де, бұрынғы әкімдер Иманғали Тасмағамбетов пен Шалбай Құлмахановқа да барған емеспін. Зәкеңнің өлімінен кейін олардың ешқайсысына бармаймын. Олармен тек тойларда, тағы да басқа түрлі шараларда ғана кездесіп қалам. Амандасады, бірақ жанына жақындатпайды. Бір-бірімізге кедергі жасамаймыз, – деп күледі Мақпал.

Мақпал Жүнісованың айтуынша, Алматы әкімшілігі оны «концерттерге шақыра бастапты».

– Алматыға Ахметжан Есімов әкім болғалы концерттерге шақыра бастады. Бұрын қалалық концерттерге, мереке-мейрамдарға шақырмайтын, – дейді. ол.

Сонымен қатар ол Алматы облысының Нарынқол ауданында – Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовтің туған жерлерінде – бір көше мен мектепке Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі берілгенін айтып өтті.

– «Жас Алаш» газетін оқысам, – бұл солардың газеті ғой, Алтынбек Сәрсенбайұлы туралы үнемі жазады да, Зәкең туралы үндемейді. Ептеп ренжігендей болдым, – дейді Заманбек Нұрқаділовтің жесірі.

Мақпал Жүнісова осыдан бес жыл бұрынғы, 2005 жылы 15 қарашадағы Заманбек Нұрқаділов өлімінің құпиясы әлі де болса ашылады деп үміттенеді.

– Содан бері ҰҚК-нің үшінші төрағасы болып отырған Нұртай Әбіқаевқа кіріп, мені қабылдаса әрине, қылмыстық істі қайта қарауды сұрағым келеді. Тергеу Зәкең өзі-өзі үш рет атты деген ертегіні айтты да, ізім-ғайым жоқ болды! – дейді Мақпал Жүнісова.

Сондай-ақ ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевтың алдында өз үйінен қолды болған 930 мың доллардың мәселесін де көтергісі келеді.

Мақпал Жүнісованың сөзіне қарағанда ол бұрынырақта ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаевпен кездескен екен.

– Амангелді Шабдарбаев ҰҚК төрағасы болып тағайындалғаннан кейін бір жылдай өте алдына бардым. Ол мені жылышыраймен қарсы алды. Мен оған «ақшаны маған қайтарып беріпті-міс» деген қауесет тарап кеткенін айтып, сол ақшаның қайда екенін сұрадым. Ол маған: «Істі кім жүргізгенін қазір білейін» деді де, сол сәтте телефон арқылы біреумен сөйлесіп: «Курбатов екен. Ақша қайтарылды деп жүрген сол екен» деді. Ал керек болса, дедім, ақшаны ол маған қалай қайтарады? Қашан қайтарыпты, қандай куәсі, құжаты бар екен дедім, – деп еске алады Мақпал Жүнісова.

Оның сөзіне қарағанда, Амангелді Шабдарбаев тағы да біреуге телефон шалып, Мақпалға: «Курбатовтың қашып жүргенін білесіз. Ол 500 мың долларды қалтасына басып Израильге кетіп қалды» деген.

– Ал мен: «Енді не болады – ақша сол күйі қайтпай ма? Енді мен не істеймін?» дедім. Сонымен бірге Зәкеңнің өлімі жөнінде де мәселе көтердім. «Адам өзін-өзі үш рет атуы мүмкін емес», – дедім. Оның үстіне әуелі бір жерде, кейін басқа жерде жатқанын өз көзіммен көрдім ғой. «Қасақана өлтірілгені анық. Кім тапсырыс берді, қалай тапсырыс берді – білмеймін, бірақ сіз мұны ашып, халыққа көрсетуіңіз керек», – дедім. Шабдарбаев маған: «Ой, Мәке, Зәкеңнің өзін-өзі үш рет атуы мүмкін емес екенін бәріміз де білеміз. Біз бұл істі қайта қараймыз. Сен алаңдамай әніңді салып, қызыңды тәрбиелеп жүре бер. Барлығы ашылады, ақша да келеді, басқа да келеді» деп жік-жіпар болды, – деп еске түсіреді Мақпал Жүнісова.

Алайда «ақша да жоқ», Заманбектің өлімі де ашылмастан қалды, сөйтіп жүргенде бұл мәселелерді шешуге уәде берген Амангелді Шабдарбаевтың өзі ҰҚК төрағасы қызметінен алынып қалды.

– Оны кей шараларда алыстан көріп қаламын. Жақындаудың өзі ыңғайсыз, – дейді ол.

Сөйтіп, жер бетінде 62 жыл ғана ғұмыр кешіп, заманының тұлғасына айнала бастаған Заманбектің өлімі бая­ғысынша жұмбақ күйінде қалып келеді.

Мақпал Жүнісова уақыттың зымырап өтіп бара жатқанын айтып:

– Маған Зәкеңнің арамыздан кеткеніне бес жыл болды дейді. Бірақ маған ол күні кеше ғана кеткен сияқты көрінеді де тұрады. Үнемі түсіме кіреді, – деп мұңаяды.

Ойхой, заман, заман-ай, Заман­бекті алып жесірін зар илетіп қойған!

 

Дайындаған Ә.ЖАРҚЫН