Маңғыстаудың ежелгі тарихын білесіз бе?
2015 ж. 18 қараша
11749
3
Ежелгі Византия мен Таврия, Кавказ бен Хазария, Еділ Бұлғариясы мен орыс мемлекетінің Хорезммен, Орта Азиямен, Қытаймен,Үндістанмен, Таяу Шығыс елдерімен үзбей сауда жасап тұрғаны тарихтан белгілі. Шығыс тарихшысы әл-Истахридің 930 – 933 жылдары шамасында жазылған «Китап масалик әл-мамалик» атты кітабында мұсылман елдері мен Хазарлар елі арасындағы сауда жолы өтетін Каспий теңізі маңындағы бірден-бір үлкен елді мекен Сиях-Кух (парсы тілінде – Қаратау, парсы географиялық тарихи әдебиеттерінде Маңғыстау түбегі осылай аталады) түбегі екендігі айтылады. Түбекте бұлақтар, ағаш, ну шалғын өскен оазистер бары және сол араға түрік тайпаларының бірінің қоныс тепкені, олардың желге ығып кетіп, апатқа ұшыраған сауда кемелерін тонап кәсіп ететіні де айтылады. Ал одан екі ғасыр кейін өмір сүрген тарихшы Мұхаммед ибн Наджиб Бекран Хорезмшах Текешке арнаған «Джеханнаме» кітабында Маңғыстауды жайлайтын түріктердің өз ханы бар екенін жазады. Текештің әкесі Атсыз Маңғыстауды Хорезмге бағындырды. Тарихшы ибн әл-Асир (1160 – 1234) «Ал камил фи-т-тарих» кітабында Атсыз сол жорығында Маңғышлақ деген қамалды алды деп көрсетеді. 13 ғасырдың басында қайтыс болған парсы тарихшысы Якут: «Маңғышлақ Хорезмнің ең батыс шекарасындағы, орыс мемлекеті Саксин және Хорезммен шектес арадағы мықты бекініс қамал», – деп мәлімдейді. Бұған Атсыздың Маңғыстау жорығы тұсында Мерв билеушісі Санжардың мұсылман дүниесінің ең терістік шебіндегі бекіністерге қол салдың, өз мұсылмандарыңды өзің қырдың дейтін наразылығы мен сол тұста Хорезмде тұрған араб ақынының Атсызды бас имей, тізе бүкпей қойған маңғыстаулықтардың төбесіне жай ойнаттың деп жазған мақтау дастанын қоссақ, аталмыш жорықтың өз тұсындағы саяси өмірде елеулі құбылыс, аты шулы оқиға болғанын аңғарамыз. Акад. В.В. Бартольд кейін осы деректерге сүйене отырып, Маңғыстау маңызды сауда пунктіне 12 ғасырдан бастап айналған деген қорытынды жасайды. Ал шығыс зерттеушісі, археолог П.С. Савельев Маңғыстаудың бір кезде Хорезм мен Итиль арасындағы маңызды қатынас нүктесі болғанын, онда сол дәуірдің ескерткіштері тас қамалдар мен сарайлардың ұзақ уақытқа дейін сақталып келгендігін айғақтайды. Шығыс тарихшысы Масуди «Китаб эт-Тенбиг» атты еңбегінде әр алуан бұйымдар тиелген үлкен Хорезм кемелерінің Еділді бойлап, Итильге дейін жүзіп баратынын мәлімдеді. Олай болса, Маңғыстаудың маңызды сауда жолына айналуы 12 ғасырдан әріректе. Өйткені Хазария астанасы Дағыстаннан Итильге 764 жылы хорезмдік қолбасшы Рас-Тархан (ас-Тархан) бастаған хазар әскері Тбилисиді алғаннан кейін ауысқан-ды. Ал сол тұста қалыптасқан Хазар – Хорезм одағына Маңғыстау өлкесі де кірген болатын.
Ал Хазария – Еуразияның саяси өмірінде зор маңыз атқарған іргелі мемлекеттер. Византиямен, Араб халифатымен, Орта Азия елдерімен сауда жасап тұрды. Хазария ықпалы Еділ бойына, Дон саласына, Терістік Кавказға түгелдей тарады. Алайда 13 ғасырдың аяғынан бастап Хазарияның саяси, экономикалық ықпалы әлсірей бастады. Оған 790 жылы Хазарияның ең соңғы пұтқа табынушы қағаны қайтыс болғаннан кейін таққа отырған ұлы Обадияның иудей дінін қабылдағаны шешуші әсер етті. Шығыс Кавказ, Қырым, Ирандағы еврейлер енді Хазарияға ағыла бастады. Олар үшін Хазар қалаларында синагога ашылып, халық арасында Мишна, Талмуд, еврей дінінің барша 24 киелі кітабы кеңінен насихатталды. Обадия осы арқылы көршілес Византия мен Араб халифатының және өз еліндегі пұтқа табынушылықтың діни ықпалынан құтылып, қол астындағы шашыраңқы мемлекетті жаңа идеол. негізде біріктіруді көздеді. Бірақ жаңа дін елді біріктірмеді, халық арасында алауыздық туғызды. Қаған бастаған Итиль ақсүйектері кірген иудей дінін шет аймақтағы ақсүйектер қабылдамады. Ел ішінде бүлік шықты. Қырым іргесін бөліп, Византияның қол астына қарап кетті. Қанағат жеріне шығыстан көшпелі венгр, печенег ордалары килікті. Арабтар венгрлерді баджгард-башқұрттар деп атады. Олар Күнгей Оралдан шығып, Қара теңіздің теріскей жағалауына мекен тепті. Хазар қағанына риза болмағандар венгрлердің арасына барып сіңісетін болды. Сол кезде Терістік Хазарияға печенег тайпалары баса көктей кірді. Хазарлар оғыздармен одақтасып, печенегтерді атамекенінен қуып шықты. Қоныссыз қалған печенегтер еркектері жорыққа аттанып, елде бала-шағалары ғана қалған венгрлердің ұлан-байтақ қонысын тартып алды. Венгрлер 10 ғасырдың басында қазіргі отырған жеріне барып ірге тепті. Бірақ Хазарияның жағдайы жақсара қоймады. Оларға бір жағынан Хорезмге, Каспий мен Қара теңізге шығуды көздеген орыстар, екінші жағынан, жаңа өріске ұмтылған оғыздар қысым көрсете бастады. Святослав оғыздармен одақ жасасты. Мұндай қиын-қыстау жағдайда Хазария қағаны Хорезмнен көмек сұрауға мәжбүр болды. Көне Шығыс тарихшысы ибн Мискавейх пен ибн әл-Әсір көшпелі түрік тайпаларының шапқыншылығына ұшыраған Хазария Хорезмге елші жібергенін жазса, ибн Хаукал ол елшілік Маңғыстау түбегінен келіп шықты деп көрсетеді.
Сол кездегі орыс шежірешісі; «6473 (965) жылы Святослав хазарларға жорыққа аттанды. Хазарлар оны естіп, Қаған бастаған әскер шығарып, шайқасқа түсті. Шайқаста Святослав хазарларды жеңіп, Белая Вежа деген қалаларын алды, ястар мен касогтарды да жеңіліске ұшыратты», – деп жазды (Толстов С.П. По следам древнехорезмской цивилизации, 1978). Ол жорық туралы ибн Хаукал: «Орыстар бәрін қиратып бақты, Итиль өзені бойындағы хазарларға, болгарларға, бұртастарға жататын елдердің иелігіндегі нәрселерді талан-таражға салып, тартып алды. Орыстар елді жайлап алған соң, Итиль жұрты баспана іздеп, Баб-ал-Абваб аралына барып бекінді, кейбіреулері қорыққандықтан Сиях-Кух (Маңғыстау түбегі) аралына барып мекендеді», – дейді. Демек, 10 ғасырда Орыс-оғыз одағы Хазарияға қарсы соғыс ашқан тұста да Маңғыстау Хазар – Хорезм одағындағы өлке.
10 ғасырдың 70-жылдарында хазарлар Итильге қайтып оралды. Мұқаддасидің айтуынша, «Хазар (Итиль) қаласының тұрғындары бұл кезде иудейлер емес, мұсылман болып алған еді». Көмек сұрай келген хазарлардан Хорезм мұсылман дініне өтуді талап етті; қара халықты былай қойғанда, Қағанның өзі мұсылман дінін қабылдауға мәжбүр болды. Бұл жылдары Хазар – Хорезм арақатынасында Маңғыстау маңызды қызмет атқарды.
Археолог Толстовтың аталған кітабында «8 ғасырдың орта шеніндегі Хазар – Хорезм метрополиясының орталықтары» деген картада Итиль – Үргеніш керуен жолы Маңғыстаудағы Қарағантүп түбегінің үстімен өтетіндігі көрсетілген. Мұның бәрі Маңғыстаудың В.В. Бартольд айтқандай, 10 ғасырға дейін сауда жолынан тысқары жатпағанын, қайта сонау 8 ғасырдың өзінде маңызды сауда пункті болғандығын айғақтайды. Толстовтың Хорезм өлкесіндегі археологиялық зерттеулерінің нәтижесінде, ежелгі Қаңға (Хорезм ерте кезде Каспийден Тянь-Шаньға дейін созылып жатқан Кангой (Қаңға) мемлекетінің қол астына қараған) мәдениеті сонау б.з.б. 4 – б.з. 1 ғасырларға дейінгі Қара теңізі жағалауындағы елдерге де елеулі ықпал еткені айқындалып отыр. Маңғыстау ол тұстағы мәдени, сауда байланыстарынан да шеткері қалмапты.
Бұл пікірді кейінгі жылдардағы зерттеулер де құптайды. Тарихшы А.Н. Зелинскийдің жасаған сұлбасы бойынша Ұлы Жібек жолының далалық тармағы б.з. 1 ғасырнда Маңғыстау арқылы өткен. Ал тарихшы Л.Н. Гумилев Каспий теңізі деңгейінің ауытқуларын зерттей отырып, 1 – 3 ғасырлардан 10 ғасырға дейінгі аралықта Жайық өзенінің суы мен Еділ өзенінің суынан құралатын көлшіктер бір-бірімен қосылмай екі бөлек жатқан; аралары кішкене ғана бүғаз арқылы байланысып тұрған; ол тұста Шығыс керуендері Хорезм, Маңғыстау арқылы қазіргі Бозащы түбегінің тұсындағы әлгі кішкене бұғаздан өтіп, Еділ бойына көтерілетін болған; ол жол кейін Каспий теңізінің деңгейі көтеріліп, бұрынғы екі көлшік бірігіп кеткен тұста су астында қалған деген болжам айтылады. Мұның бәрі Маңғыстау арқылы өтетін сауда жолының ежелден белгілі жол екендігін байқатады. Бірақ оның аталмыш аймақтағы елдердің экономикалық қарым-қатынасына жасаған ықпалы әрдайым бір қалыпта болмаған; белгілі бір тұстарда ол ең басты магистральға айналса, екінші бір тұстарда ондай шешуші ықпалынан айрылып отырған. Оның себептері Орта Азия, Кавказ, Еділ бойы мемлекеттерінің саяси ауа райындағы өзгерістермен тығыз байланысты еді. В.В. Бартольд айтқан 12 ғасыр Маңғыстаудың Азия мен Еуропа арасындағы сауда сахнасында көрінуінің басы емес, ол арқылы өтетін жолдардың маңызы айрықша көтерілген тұс еді. Хазар – Хорезм, кейін Бұлғар – Хорезм саудасы тұсында ерекше маңызға ие болған Маңғыстаудың 12 ғасырда қадірі тіптен артты. Ол тұста Еділ бойына орыс мемлекетінің ықпалы арта бастады. Хорезм бұл жаңа жағдайда аталмыш аймақтағы шешуші ықпалынан айрылып қалғысы келмеді. Хорезмшах Атсыз 1152 жылы Шығыс Еуропа мен Азия сауда қатынасында маңызды қызмет атқаратын Маңғыстау мен Үстіртте әлсіреп бара жатқан өз ықпалын қайтадан қалпына келтіру үшін жорыққа аттанды. Хорезм өз ықпалын тек Маңғыстау, Үстіртпен ғана шектемей, Еділ бойына да жүргізбекші еді. Олардың бұл ниетін жүзеге асыруға Азияның саяси өміріндегі соны өзгерістер мүмкіндік бермеді. Шартарапқа түгел кезенген Хорезм көп ұзамай өзі шапқыншылыққа ұшырады. Тарим бассейнінде жаңа бой көтерген моңғолдардың басшысы Шыңғыс хан Мұхаммедшахқа дос болайық, дүниені екі бөліп алып, екеуміз билейік деп елші жіберді. Жазған хатында шахқа «балам» депті. Онысы менің вассалымсың дегені еді.
Мұндайға күллі мұсылман жұртының халифі болудан дәмелі Мұхаммедшах келіспеді. Елшілерді ордасынан қуып шықты. Көп ұзамай Шыңғыс ханнан келе жатқан керуенді Хорезмшахтың қол астындағы Отырар қаласында тонауға ұшыратты. Моңғолдар Хорезмге қарсы жорыққа аттанды. Шахтың түрікмен әйелінен туған үлкен ұлы Жалел әд-Дин әкесіне әскер жинап, жауға Әмудария жағасында тойтарыс беруді ұсынды. «Тексіз» әйелден туған сүйкімсіз ұлдың ұсынысы қабыл алынбады. Мұхаммедшах 1220 жылы моңғолдардан қашып, Каспийдің шығыс бетіндегі Әбескүн портына жақын жердегі бір аралда қайтыс болды. Кеше ғана дүрілдеп тұрған билеушінің сүйегін арулайтын кебін табылмай, қасындағы нөкерлерінің бірінің көйлегіне оралып жерленді. Өлер алдында кіші ұлы Озлоқшахты мұрагер қоймақ ойын өзгертіп, тақты үлкен ұлы Жалел әд-Динге қалдырды. Ағайынды үшеу жетпіс атты нөкермен Маңғыстауға келеді. Сол арадан қол жинап алып, моңғолдарға қарсы күресу үшін Көне Үргенішке аттанады. Көне Үргеніште сарай төңірегі Жалел әд-Динді шах қойғылары келмеді. Жалел әд-Дин үш жүз қолмен Иран асады. 1221 жылы көктемінен басталған Жалел әд-Дин көтерілісі 1231 жылға дейін созылады. Ержүрек батырмен шайқасқа 1221 жылы қара күзде Шыңғыс ханның өзі шығады. Бар болғаны жеті мыңдай Жалел әд-Дин қолын моңғолдың қалың әскері қоршап алады. Арыстандай арпалысқан көтерілісшілерге біржола құрып кету қаупі туғанда, Жалел әд-Дин жау қолына түспесін деп барлық қазынаны, әйелдер мен балаларды суға тастауға бұйырады. Жаумен айқаса келе астындағы арғымақты жойқын дарияға бір-ақ қарғытады. Өз қолбасшысының бұл ерлігін көрген былайғы көтерілісшілер де өзенге секіреді. Сонда бір қолындағы қалқанмен жауып тұрған оқтан ту сыртын қалқалап, екінші қолындағы туды асқақтата көтеріп, арғы жағаға өтіп бара жатқан Жалел әд-Динді көріп, Шыңғыс хан жауына қызғана тұрып сүйсіне қараған деседі.
Сөйтіп, аты аңызға айналған Жалел әд-Дин көтерілісінің де алғаш тамызық алған жері – Маңғыстау болды.О баста жер бетін шаһар атаулыдан тазартам деп шыққан Шыңғыс ханның ұрпақтары кейін өздері қала салушыларға айналды. Бату хан тұсында Алтын Орда мен Ішкі Моңғолия арасындағы байланыс күшейді. Шыңғыс ханнан кейін күллі моңғол тағына отырған Үгедей тұсында (1229 – 41) моңғол империясының о шеті мен бұ шетінде жүйелі қатынас жүзеге асырылды. Әрбір 25 – 30 км жерге бекет салынып, бекет сайын жиырма лаушы, тасымалға керек көлік, жолаушыларға азық-түлікке керек ұсақ мал ұсталды; керуендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери күштер бөлінді. Үгедей Алтын Орда орталығынан Шағатай ұлысының орталығына дейін жол салуды Батуға тапсырды; Шағатай өз ұлысының орталығынан моңғол астанасы Қарақорымға дейін жол салуға тиісті болды.
Бір таңқаларлық жай: Үстірт үстімен өтетін Ноғай жолында да, Маңғыстау арқылы өтетін көне Хиуа жолында да 25 – 30 км сайын суы ащы болсын, тұщы болсын міндетті түрде құдық кездеседі де, ал 100 – 150 км сайын тұщы су көзі – бұлақ не құдық ұшырасып отырады. Шамасы, суаттардың бұлай орналасуы шөл түзде бір күндік жол жүргеннен кейін көлік суарып, ал үш-төрт күн сайын жолға алынатын ауыз суды жаңартып отыруды көздеген есепке құрылса керек. Керуен жолдарының мұндай тәртібін Геродот жазған «патша жолдарынан» ғана көреміз. Ахеменидтер астанасы Суздан Жерорта теңізіне, Эфеске дейін созылған аталмыш жолдың үлгісі кейін керуен жолдарының дүниежүз. үлгісіне айналды. Геродот суреттейтін патша жолында да керуен сарайлар мен қоналқы орындар бір күншілік жерге, яғни жүк артқан түйе 9 сағат жүретіндей қашықтыққа салынатын. Жаулап алған елдерінен көп нәрсені алып үйренген моңғолдар қатынас жолының жүйесін бір кезде Хорезм шахтары парсы падишалары салдырған жолдардың үлгісі бойынша тәртіпке келтірген Ноғай жолы мен Маңғыстау жолынан көрді ме, әлде аталмыш жолдарды Үгедей жарлығынан кейін қайтадан тәртіпке келтірді ме, ол арасы белгісіз, Маңғыстау аймағындағы жолдардың бойындағы құдықтардың орналасуы мен Рашид әд-Дин суреттейтін моңғолдар салдырған Пекин – Қарақорым қатынас жолының бойындағы бекеттердің орналасуы бір-біріне қатты ұқсайды. Маңғыстау мен Үстірт моңғолдың шапқыншылығынан кейін Алтын Орда тұсында қайтадан үлкен маңызға ие болды. Қарақорым мен Ханбалыққа беттеген Алтын Орда керуендері Үстірт пен Маңғыстаудың үстімен өтті. Сарай-Беркеден шыққан керуен Үргенішке қырық күнде, ал Сарайшықтан шыққан керуен Үргенішке отыз күнде жетіпті. Сонда бүл сапардың тең жарымы қазіргі Маңғыстау облысының аумағымен өтеді екен. Ал Сарай-Беркеден Ханбалыққа дейінгі жол 9 айдан астам уақытқа созылыпты. Соған қарамастан, 14 ғасырдың басына дейін Алтын Орда мен Ішкі Моңғолияның арасындағы байланыс еш үзіліп көрмепті. Оған орыс князьдерінің Ярослав Всеволодовичтен (1190 – 1246) бастап Қарақорымға жарлық алуға баратын сапарлары қосылды. Алтын Орда мен Таяу Шығыс арасындағы сауда да күшейді. Күнгей елдері қыпшақ даласының жылқысы мен қаршыға құстарын қатты бағалайтын-ды. Алтын Орда керуендерінің көлік саны он мыңға дейін жететін. Қыпшақ даласынан әр керуен Иранға төрт мың жылқыны айдап апарып сатып қайтады екен. Мұндай жағдайда Алтын Орда мемлекеті аса маңызды сауда жолдары өтетін Маңғыстауға айрықша мән беретіні түсінікті. Оны әрдайым Жошы әулетінің өкілдері билеп тұрыпты.
Бірақ Алтын Орда саудасының мұндай алтын дәурені ұзаққа созылмады. Мөңке хан өлгесін-ақ (1260) Моңғол империясының астанасы Қарақорымнан Ханбалыққа көшірілді. Енді Алтын Орда қалған Моңғолиямен байланыспай, өз алдына дербес мемлекетке айналды. Алтын Ордада Сарай-Беркені салдырған Беркенің орнына таққа Мөңке-Темір (1266 – 80) отырды. Оның тұсында Дешті Қыпшақтың батыс бөлігінің (Дон, Днепр, Қырым) билеушісі Ноғай деген түменбасы шықты. Ол Туда-Мөңке (1280 – 87), Тоқты (1290 – 1312) тұсында хан тағын ойыншыққа айналдырып, ел ішіне іріткі салды. Ол салған іріткі Өзбек хан (1312 – 42) тұсында да басылмады. Дешті Қыпшақтың Ноғай билейтін батыс бөлігі мен Шайбани билейтін шығыс бөлігі ат құйрығын үзісуге айналды. Өзбектен кейін Жәнібек хан болды. Оны өлтіріп, өз баласы Бердібек хан болды. Бердібек пен Тоқтамыстың арасындағы жиырма жылдың ішінде Алтын Орда тағына жиырма бес хан отырыпты. Бұл екі арада Алтын Орданың негізін салған бір кезде Шыңғыстың Жошыға берген үш мыңдығындағы сайджит, кинкит, хушин – үш тайпа ел, оған Тоқты тұсында қосылған қияттар мен Ноғайдың қарамағындағы маңғыттар бет-бетіне бытырап кетті. Алтын Орда құрамында алшындар мен қоңыраттар да бар еді. Бұл тайпалардың ішіндегі өскені қазір ноғай атанып жүрген маңғыттар мен қоңыраттар. Бұл екі ірі тайпа моңғол тілін ұмытып, түркі тіліне көшті. Ішкі Алтын Ордадағы алауыздықты көріп, Ақ Орданың «мүйізі» сырқырай бастады. Ақ Орданың билеушісі Орыс хан Алтын Орданы басып алуға бел буды. Оның бұл жорығына Маңғыстау өңірінің сол тұстағы билеушісі, Жошының ұлы Тоқа-Темірдің ұрпағы, Алтын Орданың соңғы ханы Тоқтамыстың әкесі Түйе-Қожа оғлан қосылмады. Орыс хан оны сол үшін өлім жазасына кесті. Оның қоңырат тайпасынан алған әйелі Кұдан-Күншектен туған ұлы Тоқтамыс 1376 жылы Самарқандқа қашып кетіп, Ақсақ Темірді паналады. Алтын Орданың біржола құлауы, соның салдарынан Шығыс Еуропа мен Азия арасындағы сауданың көп уақытқа дейін дағдарысқа ұшырауы, Маңғыстау мен Үстірттің бірнеше ғасыр бойы тарих сахнасынан таса қалуы, ең алдымен, осы Тоқтамыс пен Ақсақ Темірдің арасындағы алауыздыққа тығыз байланысты. Әуелі өзі Алтын Орда тағына отыруға көмектескен Ақсақ Темір Тоқтамыстың Алтын Орданы қайта күшейтпек ұлы державалық саясатын мақұлдай алмады. Тоқтамыс 1381 жылдар шамасында саясат сахнасынан біржола кетті. Ақсақ Темір Қырым, Еділ сағасы, Маңғыстау, Үстірт, Хорезм арқылы өтетін Шығыс Еуропа – Қытай керуен жолын құртуға мейлінше күш салды. Ол Батыс пен Шығыс саудасының тізгінін өз қолына алуға тырысты. 1388 жылы атышулы сауда жолының ең басты орталығы болған Үргеніш қаласы жермен-жексен етіп талқандалды. Бір кезде керуеннен көз тұнатын Ноғай жолы, Маңғыстау жолы қайтадан қаңырап бос қалды. Сол екі ортада 15 ғасырдағы ұлы геогр. жаңалықтар арқасында әлемдік сауда су жолдарының қолына көшті де, Шығыс Еуропа мен Азия арасындағы саяси-экономикалық, мәдени қарым-қатынастардың негізгі арнасы болған ежелгі керуен жолдарының бірқатары, атап айтқанда, Тұран-Қытай, Тұран-Қарақорым жолдары бұрынғы маңызынан біржола айрылды. 15 ғасырда Шығыс Еуропа мен Азия арасындағы сауда мұнша құлдырауына, бір жағынан, су жолдарының ашылуы себеп болса, екінші жағынан, Алтын Орданың ыдырап, жеке-жеке хандықтарға бөлініп кеткені әсер етті. Бұл тұста Маңғыстау мен Үстірт қайтадан өріске айналып, көшпелі тайпалардың арасында қолдан-қолға өтумен болды. Сауда кеткен бұл өлкеден саяси ықпал да кетті. Ол кезде ешбір мемлекетке қарамайтын бұл түбекке тек тақтан құлатылған хандар мсн сұлтандар ғана қашып барып, уақытша паналайтын-ды.
Ақ Орданың орнына пайда болған Өзбек одағының соңғы ханы Әбілхайырдың немересі, кейін Орта Азия мемлекеттерін ұзақ уақыт билеген Шайбани әулетінің негізін салушы Мұхаммед Шайбани хан (1451 – 1510) Созақ билеушісі Махмұд сұлтаннан жеңіліп қалған соң, Маңғыстауға келіп бір жыл қыстайды; сол арадан қол жиып алып, Орта Азиядан Темір тұқымын біржола қуып шығатын атақты жорығына аттанады.
Оның кебін Хорезмді билеген Асфендияр хан мен Әбілғазы хан да киді. Кейін «Түріктер шежіресін» жазып атағы шыққан Әбілғазы хан (1643 – 63) ағасы Асфендиярмен жауласып жүргенде Түркістан, Ташкент, Иран айналып, ақырында екі жылдай Маңғыстауда бас сауғалайды; одан бұрын Ильбарс ханнан жеңіліс тауып, тақтан қуылған (1622 жылы ш.) Асфендияр ханның өзі де Маңғыстауға қашып кеткен-ді. 15 – 17 ғасырларда осындай тиіп-қашты оқиғалар болмаса, Маңғыстау Орта Азия, Қазақстан, Еділ бойы саяси өмірінен шет қалады.
Үстірт пен Маңғыстауды 15 ғасырдың аяқ шенінде ноғайлар жаулап алады. Ноғай дегеніміз Алтын Орда құрамындағы маңғыт тайпасы екені жоғарыда айтылды. Алтын Орда құлағаннан кейін, оның орнына пайда болған хандықтардың бірі – Ноғай Ордасы Еділ, Жайық, Жем бойын, Маңғыстауды жайлады. 17 ғасырдың орта тұсында ордада алауыздық күшейді. Оны торғауыт қалмақтар пайдаланды. Жоңғар мемлекетіндегі ру таластары салдарынан Хо-Урлюк деген тайшы билейтін торғауыт рулары 1604 жылы бөлініп шығып, Ертіс бойына көшіп кетеді. Қазіргі Қазақстан даласындағы сол кездегі саяси ахуалдарды пайдаланып, олар 1627 жылы қалған қалмақтардан ірге ажыратып, батысқа қарай жылжи бастайды. Екі жүз елу мыңдай қалмақ сол бетімен барып Жемнен шығады, 1633 – 1634 жылы ноғайларды Еділден әрі асырып тастап, өлкені өз қолдарына алады. Осы оқиғалар Мұрын Сеңгірбекұлы жырау жырлайтын «Қырымның қырық батыры» цикліне кіретін «Манашы ұлы Тұяқбай» дастанында көрініс тапқан. Ащыағар сайдың бойында отырған ноғайлы ауылдарын ындыс қалмақтар шабады. Олар Ноғайлының ақылшысы Орманбетке бізге көн деп талап қояды. Би көнбейді. Қалмақтар оны өлтіріп, қалған он бір биді шақыртады. Он бір би қалмаққа келе жатып Манашы мырзаның үйіне түседі, оған бізбен бірге жүр дейді. Оларға Манашының анасы Күйкен ере келеді.
Ащыағар сайдың бойындағы қалмақтарға он бір би: «Үш күнде қайтып келеміз, елді көндіріп келеміз» деп, Манашыны аманатқа тапсырып кетеді. Бірақ қорқақ билер үш күнде келмей, ауылдарын жасырып көшіріп әкетеді. Қалмақтар Манашыны кескілеп өлтіреді. Оның күйігіне шыдай алмаған анасы Аралтөбе тауының бір шыңынан құлап өледі. Содан бері бұрынғы Ащыағар сайын Манашы, Аралтөбе тауы Күйкенұшқан аталып кетеді. Жырда айтылатын Манашы сайы қазіргі Бейнеу ст-ның оңтүстік жағында теңізге жетпей тартылып қалатын ащы өзен, ал Күйкенұшқан тауы аталмыш темір жол станәиясының терістік батысында. Маңғыстауды жайлаған ноғайлардың ізі жер-су аттарында, ауыз әдебиеті туындыларында, маңғыстаулықтардың киім кию үрдістері мен архит. ескерткіштерінде жиі ұшырасады. Алтын Орда тарихын қамтитын «Қырымның қырық батыры» дастандарының қазақтар арасында маңғыстаулықтарда ғана түгел сақталғаны, Қырымдағы Бақшасарай, Шуфут қаласы зираттарының Маңғыстау, Жем, Сам, Үстірт зираттарына қатты ұқсайтындығы өлкенің өткеніндегі әлгіндей саяси оқиғаларға тығыз байланысты болса керек.
17 ғасырда Маңғыстауда болған Әбілғазы ханның айтуынша түбекте бар болғаны 700 үй шамасында ғана түрікмен қалыпты да, қалған өрістің барлығын қалмақтар жайлапты. Бұл өлкені мекендейтін елдер, шәудір, сүйінші рулары Петр І заманында қалмақ ханы Аюкенің (1670 – 1724) қарауына ауып кетеді. 18 ғасырдың 80-жылдарында Убаши бастаған торғауыт қалмақтардың Жоңғарияға қайта көшіп кетуі нәтижесінде бұл өлке қалмақтардан біржола босап қалды. Халық арасында көп айтылатын қазақтардың қалмақтарды шабуы осы оқиғалардың тұсына тап келеді. Шығысқа қарай жөңкіген қалмақтар Жем мен Іле арасында қазақтардың шапқыншылығына ұшырап қатты қырылды, кері көшкен 30 909 үйдің Жоңғарияға жеткендері шамалы. Сөйтіп, қалмақтар бұл өлкені ешкімнің әскери ықпалынсыз өз еркімен босатты. Оған Еділ, Жем бойы қалмақтары ақсүйектерінің арасындағы алауыздық себепші болды. Астрахан маңында қалып қойған 11 198 үй қазіргі Қалмақ республикасының негізін құрады. Бұл тұста аталмыш аймақтың саяси ахуалы шығыс мемлекеттерінен гөрі нығайып келе жатқан орыс мемлекетіне тәуелдірек бола түсті.
Өлкенің саяси ахуалындағы өзгерістер ең алдымен керуен жолдарының тағдырынан көрініс тапты. Ежелгі Хазар – Хорезм саудасы тұсында Маңғыстаудың Қарағантүп арқылы өтетін сауда жолының, Алтын Орда – Қарақорым саудасы тұсында Ноғай жолының күшейгені сияқты, жаңадан өріс ала бастаған Ресей – Орта Азия саудасы да өз жолдарын іздеді. Маңғыстау мен Үстіртте Ново-Александровск және Ново-Петровск қамалдарының салынуы – соның бір дәлелі. Күні кешеге дейін ешкім білмейтін елсіз түпкірлер енді саудагерлердің де, саясатшылардың да, ғалымдардың да аузынан түспейтін болды.
Мәскеу мемлекетінің күшеюі Маңғыстау мен Үстірттегі елсіз қалып бара жатқан көне керуен жолдарын 16 ғасырдан бастап қайта жандандырды. Орыстардың Каспий теңізінің шығыс бетіне аяқ басып тұрғандары бір бұл емес-ті. Олар Хорезмді сонау 8 ғасырдан Хазар – Хорезм одағы тұсынан білетін. Қажет десеңіз, князь Владимирдің 986 жылы христиан дініне мойынсұнғысы келмей, мұсылман дініне кіреміз деп Хорезм шахқа төрт елші жіберіп, сөз салғаны мәлім. Ал Алтын Орда күйреп, 1552 жылы Қазанды, 1556 жылы Астраханды бағындырғаннан кейін орыс мемлекеті Шығыстағы көршілестеріне шолғыншыларын көп жіберетін болды. Солардың алғашқысы Иван Грозный тұсында, 1558 жылы Астраханнан шығып, сол жылдың 3 қыркүйегі күні Маңғыстау түбегіне келіп түскен ағылшын көпесі Дженкинсон еді. Оны сол кездегі Маңғыстау өлкесінің билеушісі, Хиуа ханы Хажымның інісі Темір сұлтан қабылдап, 14 қыркүйек күні мың түйелік керуенмен Хиуаға аттандырып салады. Дженкинсон бұған дейін орыс мемлекетімен дипломат. қарым-қатынасы жоқ Орта Азия хандықтарына келген бірінші елші еді. Дженкинсон Хиуа мен Бұхар әміріне орыс патшасының грамотасын тапсырып, қасына Хиуа мен Бұхар елшілерін ертіп Мәскеуге қайтады. Оған іле-шала 1567 жылы Петров пен Ялычев көне Хорезм жолымен Орта Азияға, одан Пекинге өтіп, сонау Жапон теңізінің жағалауларына дейін барып қайтады. Каспий, Азов, Қара теңіздердегі су қатынасының тарихын зерттеуші Ю.П. Тушиннің айтуынша, 16 ғасырдың басында Ресейдің Шығыс елдерімен жасайтын сауда айналымында Түркиямен екі ортадағы сауда-саттық үстемдік етсе, Еділ бойы елдерінің орыс мемлекетінің қол астына өтуі Түркиямен сауда-саттықты екінші орынға ығыстырып, Иран, Орта Азия елдерімен жасалатын сауда-саттықты бірінші орынға шығарды. Оған 16 ғасырдың 2-жартысында Каспийде орыс сауда флотының құрылуы дәлел бола алады.
Ол тұста Маңғыстау арқылы жасалатын сауданың жай-жапсарынан жан-жақты мәлімет алу үшін аталмыш зерттеуден мына бір үзіндіні келтіргенді жөн көрдік: «16 ғасырдың 50-жылдарында Ресейдің Орта Азия елдерімен Каспий теңізі арқылы жасайтын дипломат. қатынастары тұрақты сипат алды. Астраханның бағынғанына бір жыл болмай жатып, 1557 жылы әр қилы бұйымдар алып «Юргенчтен» (Үргеніш қаласынан) қонақтар келді. Бұхар хандығымен де байланыс орнай бастады»... Негізгі қатынас жолдары да белгілі болды. Егер саудагерлер қара жермен жүруді қолай көрсе, олардың жүктері Қазанда немесе Самарада кемеден түсіріліп, түйе жеккен арбаларға тиелетін болды. Керуен далалықпен жүріп отырып, Жайық пен Жемнің сағасынан өтетін, одан әрі Үстірт үстіндегі үлкен керуен жолына түсіп, Бұхараға жететін. Жол-жөнекей қалмақтар мен түрікмендер тонап алуы мүмкін. Астраханнан шығып шөл, жапан түз арқылы Хиуа мен Үргенішке баратын бұл жол әрі діңкеңді құртар ұзақ, әрі аса қауіпті еді. Сондықтан саудагерлер одан гөрі көп болып теңіз арқылы өтетін әлдеқайда жақын әрі әлдеқайда қауіпсіз басқа жолды таңдады. Орыс бустары (сүйіртұмсық бүйірлі желкенді қайық) үнемі Астраханнан шығып, Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы Қабақты пристанын бетке алатын.
18 ғасырдың 20-жылдарынан бастап Астрахан актыларында патша кемелерінің Маңғыстау шығанағындағы Қараған пристанына барған сапарлары жайлы мәліметтер жиі ұшырасады. Өйткені Қабақты пристаны Астраханға таяу өкпе тұста тұрғанымен суы тайызданып, кеме баруы қиындап кеткен-ді. 18 ғасырдың соңғы ширегінде Каспийдің шығыс жағалауындағы орыс кемелері баратын пристаньдардың қатарына тағы да екі пристань – Назаровская мен Седеев пристаньдары қосылды. Каспий теңізіндегі кеме қатынасы сәуірде басталып, қазан – қарашада тоқтайтын. Аталмыш уақыттың ішінде патша кемелері әр сапарда үш бустан жеті бусқа дейін (ағылшын көпесі Дженкинсонның айтуынша, әр бусқа мың түйеге артатындай жүк сыйған) керуен түзеп, екі рет сапарға шығып қайтатын. Бірақ ол тым аздық етті. Бустар ең алдымен елшілерді, оның шашпауын көтеріп, ханның және патшаның тартуын әкеле жатқан саудагерлерді, сондай-ақ хан бұйымдарын сатуға әкеле жатқан саудагерлерді таситын. Сондықтан да хандықтардан жиналған үлкен сауда керуендері Маңғыстаудағы пристаньдарға көктемде бір, күзде бір келетін патшаның кемелеріне көбіне-көп сыймай қалатын. Сол себепті де, орыс саудагерлері мен Шығыс саудагерлері патшаға арыз жазып, аталмыш маршрутта қатынас жасап тұратын кемелердің санын көбейтуді сүрайтын-ды және ол үшін жолға алынатын ақының мөлшерін ұлғайтуға да риза екендерін жасырмайтын-ды. Бустар туралы мәселенің маңыздылығы сондай, кейде Хиуа хандары өз хаттарында кемелердің санын көбейту және оның жіберілу мерзімі туралы сөз қозғауға мәжбүр болатын. Мәселен, Хиуа елшісі Хажы Юсуфтың 1617 жылы қаңтарда Михаил Федорович патшаға әкелген хатында: «Сіз, патша ағзам, Астраханнан Қабақты пристанына 7 бус жіберуге пәрмен берсеңіз екен. Өйткені Қабақтыға біздің өлкеміздің әміршісінен, Бұхара мен Тәшкеннен және де басқа жерлерден көптеген сауда адамдары жиылып еді; олардың барлығына менің әміршім менімен бірге Қабақтыға баруға нұсқау берген-ді; сол саудагерлер, алдияр тақсыр, өздеріңіздің құлыңыз, мына менімен бірге Қабақтыға келіп, кемелердің аздығынан кері қайтып кетті», – деп жазылған-ды.
Орыс үкіметінің Каспий маңы елдерімен саудаға, Астрахан мен Каспий порттары арасында байланыстың үзілмеуіне ерекше көңіл бөлгені соншалық, Каспий теңізіндегі кеме қатынасы патшаның өзі тікелей араласатын «мемлекеттік іс» деп жарияланды. Бұл істі ойдағыдай жолға қою үшін Астраханда арнайы мекеме құрылып, оған боярлар әулетінен бастық тағайындалып тұрды. Ол мекеме Каспий теңізінде жүзетін кемелер жасауды, сауда кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қолға алды. Ол үшін ондай кемелерге зеңбірек орнатылды. Мысалы, Астрахан воеводасы Ю.А. Сицкийдің 1639 жылы жазылған бір рапортында жыл сайын Қабақтыға жөнелтілетін кемелерді қорғау үшін әскери адамдар мен қару-жарақ бөлінетіні, бір кемеде бояр баласы Алексей Бахмутов, 50 стрелец, үш зеңбірекші жіберілгені көрсетілген.
Кеме басшылары өз кемесіне арнайы рұқсат қағаздары бар адамдарды ғана отырғызып, өз жолаушыларының арасында ноғай, татар билеушілерінің құлдары мен күндерінің болмауына, тыйым салынған бұйымдардың тасымалданбауына қатаң бақылау жасаған. Ондай тыйым салынған бұйымдарға алтын, күміс, темір, қалайы, садақ жебесі, шеге, зеңбірек, мылтық сияқты заттар жататын.
Кеме Қараған не Қабақты пристанына тоқтаған бойда, кеме басшысы екі-үш шетелдік саудагер арқылы Хиуа мен Бұхараға орыс кемелерінің Маңғыстауға келгендігі туралы хабар жіберетін. Сосын-ақ аталмыш пристаньдарға Орта Азия саудагерлері тұс-тұстан ағыла бастайтын. Сол арада бір айдай сауда жасалатын. Ресей қалаларына барып сауда жасап қайтқылары келгендер кемеге отыратын. Еділ сағасына жеткен бойда кеме басшысы Астрахан воеводасына хабар жіберетін, оның адамдары кеп, бөтен елдерден тиеліп келе жатқан бұйымдарды түгел тексеріп, тізімге алып болмайынша кеме портқа кірмейтін. Бұның бәрі Ресей мен Орта Азия арасындағы сауда негізінен Маңғыстау түбегі, ондағы Қараған, Қабақты пристаньдары арқылы жүргізіліп тұрғандығының дәлелі. 17 ғасырда Маңғыстау арқылы өтетін керуен жолының жүргіншілері екі есе көбейді. Өйткені Ресейдің Орта Азиямен жылына жасайтын сауда айналымы жүз мың сомға жетті. Ол сол тұстағы орыс мемлекетінің Архангельск порты арқылы Батыс Еуропамен жасайтын сауда айналымының 20%-ына тең болатын. Сол кезде Каспийдің батыс жағалауына Түркия үстемдігі орнады. Түркия Қазақстан мен Орта Азиядан қажыға баратындардан түсетін көл-көсір түсімді өзі иемденуге тырысты. Бұрын Иран арқылы жүргенде шеиттердің дүрдараздығынан қиыншылық көретін Орта Азия сүнниттері енді қажыға бару үшін Маңғыстауға ағылатын болды. Олар Маңғыстаудан Бакуге кемемен барды; одан әрі Мекке мен Мединеге жеткізіп салуды түрік мемлекеті өз мойнына алды. Орыс мемлекеті мұны көре отырып, Каспий теңізін өз бақылауына алуға бел буды. Өйткені акад. В.В. Бартольдтың айтқанындай, ол тұста ағылшындар үшін Үнді мұхиты қандай маңызға ие болса, Ресей үшін Каспий теңізі де дәл сондай маңызға ие болған-ды. Үндістан алтынына қызыққан орыс патшалары Каспийдің шығыс жағалауына шығып алуға ерекше көңіл бөле бастады. Петр І 1722 жылы парсы жорығынан қайтып келе жатып Астраханға соққан кезінде қазақ даласының жай-жапсарын көбірек сұрастырыпты. Ол үшін Орта Азия хандықтары Үндістанға жол ашатын қақпа болса, қазақ даласы Орта Азияға шығатын қақпа еді. Петр І-нің Шығысқа байланысты әйгілі саяси жоспарларының тұңғыш тұсау кескен жері де – Маңғыстау. Оған Каспий мен Арал арасындағы өңірді тек 18 ғасырдың өзінде Е.Майер (1703), А.Бекович-Черкасский (1715), М.Травин (1717 – 18), Ван-Верден мен Ф.И. Саймонов (1719 – 20), Т.Вудруф (1745), А.И. Нечаев (1760), И.Ногаткин (1765), И.А. Гильценштед (1776), М.И. Войнович (1781 – 82) картаға түсіргенін, ал Саймонов (1731), Нечаев (1769), Л.И. Голенищева-Кутузова (1800) осы өлкенің атласын жарыққа шығарғанын айтсақ та жеткілікті. Бұл зерттеушілердің ішінде, әсіресе, Бекович-Черкасский жорықтарының орны ерекше. Оған Маңғыстаудағы шәудір тайпасының ақсақалы Ходжа-Нефестің 1713 жылы Астраханда тұратын парсы саудагері Замановқа хорезмдіктер Әмудария бойындағы алтынды қорып, Узбойды бөгеп, Каспий теңізіне су жібермей отыр деп арыз айта барғаны түрткі болды.
Заманов Ходжа-Нефесті кабардалық князь Бекович-Черкасскийге ертіп Санкт-Петербургке жібереді. Петр І оларды қабылдап, 1714 жылы Хиуа ханының таққа отыруымен құттықтауға тоғыз жүз адаммен жорыққа аттануға жарлық шығарады. Бекович-Черкасский 1715 жылы Маңғыстаудағы Қарағантүп пен Красноводск қаласы (қазіргі Түрікменбашы) тұрған Қызылсу шығанағын көріп Астраханға қайтады. Сол жылдың күзінде Ригаға барып, Петр І-ге жолығып, Красноводск қамалын салуға рұқсат алады да, 1716 жылы 6655 адаммен 138 кемеге артынып-тартынып, жаңа жорыққа шығады.
Олар Астраханнан аттанатын күні Бекович-Черкасскийдің әйелі М.Б. Голицына (Петр І-ні тәрбиелеп өсірген князь Б.А. Голицынның қызы) екі қызымен суға кетіп өледі. Бұл туралы хабарды жолда естіген кабардалық бек басын тақырлатып қырғызып, үстіне ұзын шапан киіп, қайтадан мұсылман қалпына түседі. Ол Маңғыстаудағы Қарағантүп мүйісіне келіп тоқтап, подполковник Хрущев басқаратын Қазан полкіндегі 1251 адамды қамал салдыруға қалдырады; Кендірліге аялдап, үш рота әскер тастайды; қараша айында Қызылсу шығанағына жетіп сонда қалған әскерге Красноводск бекінісін салуды тапсырады. 1717 жылдың ақпанында Астраханға оралып, жаңа жорыққа әзірленеді. Сол жылы 3464 адаммен тағы да жолға шығады. Гурьевтен (Атырау) Үстірт арқылы Хиуаға беттейді. Жол-жөнекей Жемнің сағасына әскер қалдырады, көне Ноғай жолындағы құдықтарды аршып, әр жерге керуен сарай салдырады. Хиуа шекарасында жаңадан таққа отырган Шерғазы хан алдынан адам жіберіп, қонаққа шақырады. Порсу деген қалада хорезмдіктер отрядты мұншама көп адам түнеп шығатын қоналқалық орын жоқ деген сылтаумен үй-үйге бөліп әкетеді. Әскерінен абайсыз айрылған Бекович-Черкасскийді хан екі серігімен бірге көзінше шешіндіріп, басын шауып өлтіреді.
Бекович-Черкасский өлімі төңірегіндегі жұмбақ әлі шешілген жоқ. Өткен ғасыр авторларының бір тобы оны әйелі мен қыздарының қайғысынан ақылынан алжасып, кешірімсіз қателік жіберді деп жазғырса, екінші тобы көрер көзге сатқындық жасады деп айыптайды. Не де болса, ол басқарған Хиуа жорығы сәтсіз аяқталады. Жорыққа аттанарда Петр І-нің нұсқауында Хиуа мен Бұхардың хандығын Ресейге кіруге көндіру, тым болмағанда, орыс патшасын мойындаттыру көзделген-ді, хандарға орыс солдаттарынан нөкер бөлінеді деп уәде етілген-ді; Каспийдің шығыс жағасына қамал салып, Әмудария суын ескі арнасымен Каспийге ағызу, сол арқылы Үндістанның солтүстік шекарасына дейін баратын су жолын ашу шараларын жүзеге асыру тапсырылған-ды. Патша сонымен қатар Жаркент қаласының маңындағы алтын кендерін анықтау үшін Шығыс Түркістанға арнайы адамдар жіберуге әмір еткен-ді.
Ол аманаттың ешқайсысы да орындалмады. Қарағантүп, Кендірлі, Красноводск қамалдарын салып жатқан орыс әскерлері шет елде жүрген Петр І-нің бұйрығын күтпестен Астраханға қайтып оралды. 18 ғасырдың 40-жылдарынан бастап Ресей Маңғыстауға қайтадан назар аудара бастады. Оған Иран шахы Нәдірдің Орта Азия, Кавказ елдерін иемдену ниеті түрткі болса керек. Астрахан көпестері бір кезде өздері атымен ұмытып кеткен Түпқараған пристанына қайтадан маңдай тіреді. Мұндай сапарлардың шын мақсаты тек жағалау түрікмендерімен айырбас сауда жасаумен ғана шектелмеген сияқты. Оған осы тұста Маңғыстауға барып қайтқан кемелердің журналдары жеткілікті дәлел бола алады. Орыс теңізшілері Маңғыстау түрікмендерінің тамырын басып, Ресейге және Хиуаға қалай қарайтындарын сұрастырып бағыпты. Маңғыстауға 1745 жылы барған капитан В.Копытовскийдің журналында Мұрат Нияз деген түрікмен молдасы берген мәлімет келтірілген. Онда Маңғыстауды түрікменнің алты руынан мың төрт жүздей үй жайлайтыны айтылады. Түрікмен билері Хамбарбек, Онбегі, Қарабатыр, Нияз батырлар 1767 жылы 12 маусымда өз қарауындағы ауылдарды Ресейдің қол астына алуды өтінеді.
Маңғыстауға барған кемелердің капитандары түрікмендердің қазақтармен арақатынасына да көп мән беріпті. 1741 жылы барған кеме капитаны Г.Тебелев сол жылғы 19 маусым күні кемеге астық алуға келген түрікмен бектерімен қазақтар жайында сөйлескенін жазады. Сол жылы 23 маусымда Маметкелді батыр Тебелевке Хиуадан адамдар келгенін, олардың Хиуа тағына қазақ ханы Әбілқайырдың отырғанын айтып келгенін хабарлайды. 1803 жылы Орынбор губернаторы князь Г.С. Волконскийдің тапсырмасы бойынша старшина Көбек Шүкір Әліұлы мен Қазан татары Ғали Шахмутаровтың Ұлы, Орта, Кіші Орда қазақтарының саны мен көші-қоны туралы ақпарында Кіші жүздің адай руы 10 мың үйдің шамасында, билеушілері Ғұбыр батыр, Құрмантай би, Есен мырза, көші-қоны Орал облысы мен Хиуа деп көрсетілген. Бірақ қазақтар бұл тұста Жем сағасын, Сам, Асмантай – Матай құмдарын жайлап, әлі Маңғыстаудың ойына құлай қоймаған секілді. Олардың Маңғыстау мен Үстіртке дендеп бет қоюына түрікмендердің Ресейдің қол астына өтпек әрекеттері себепші болған түрі бар. Маңғыстау түрікмендері 1744 жылы орыс үкіметінен сауда қаласын салып беруді сұрады; шәудір руының алты старшыны 1810 жылы Астраханға барып, 2300 үйді орыс патшасының қарамағына алуды өтінді. Бірақ парсы, түрік, француз соғыстарымен алаң боп жатқан Ресей түрікмендердің бұл тілегін орындай алмады. Сондықтан да 1813 жылы Абдал, Бұрыншық рулары малдарын сатып кемемен Астраханға ауды; қалғандары Балқан түбегіне, Хиуаға қарай көшті. Адай тайпасы Маңғыстауға міне, осы тұста қоныстанса керек.
1825 – 1926 жылдары полковник Ф.Ф. Берг экспедициясына жол көрсетуші болған адай тайпасының шалбар руынан шыққан Қосым Тигенов экспед. басшыларына берген жауабында адайлардың бір тобы Есентемірлермен бірге Кеңарал, Есетарал, Иткеткен аралдарын қыстап, жазда Бақашыдан төмен тары егетінін, ал екінші тобы табындармен бірге Үстіртте, Самда, Баршақұм мен Қаратүлейде қыстағанын, ал қазір Бозащыны, Қаратауды, Ақтауды қыстап, жазда Үстіртті жайлайтынын айтады.
Ол тұстағы орыс-қазақ арақатынастары туралы құжаттары да Қосым Тигенов мәліметінің дұрыстығын байқатады. 1785 жылы Сырым батыр бастаған қазақ рубасыларының Әбілқайыр балаларын хандық биліктен босату туралы Екатерина ІІ-ге жазған өтінішінде халық аңызында қазақтарды Маңғыстауға бастап әкеліпті делінетін адай рубасылары Атақозы батыр, Өмір батыр, Шотан батыр, Асан бидің қолы жүр. Содан бір жыл кейін 1786 жылдың қарашасында Орынбор билеушісі барон О.А. Игельстромге олардың өзге рубасыларымен бірге жазған хатында Жайық бойында көшіп жүрген адай ауылдарының Жаманқала бекінісі есаулынан көріп отырған зорлық-зомбылықтары айтылады. 1787 жылдың 8 сәуірінде Жайық бойында көшіп қонуға рұқсат алған қазақ рулары ішінде адай Әлиқыран батыр Имантаевқа да 500 үймен Қаракөл маңын қоныстануға рұқсат етіліпті.
Шерғазы Айшуақовтың 1821 жылы 5 тамызда граф К.В. Нессельродқа Кіші жүз ауылдарына Жайықтан әрі өтіп жайлауға рұқсат сұраған өтінішінде өзге қазақ ауылдарымен бірге адай тайпасының шалбар руының Көсенбай Өтеуліұлы, Түрікменбай Бердалыұлы, Өтеубай Асанұлы, Орысай Елкеұлы ақсақалдардың қарамағындағы 1047 үй де көрсетілген. Арынғазы сұлтан Александр І-ге жазған хатында Нарынқұмда көшіп жүрген, бұрын өз атасы Батыр сұлтанға қараған Өтешұлы Отарбай бидің қарауындағы 755 үй адай ауылына жазда құмнан шығып, Еділ мен Жайық арасындағы далалықты жайлауына рұқсат етуін сұрайды.
19 ғасырдың 30-жылдарындағы Арынғазы, Жоламан қозғалыстары жайындағы құжаттарда да Кіші Орданың шығыс бөлігін жайлаған рубасылары Асау Барақов, Көтібар, Арыстан, Достан, Дербісәлі Қайғылықов, Жүсіп Сырымовтармен бірге адай рубасылары Қазанбай Аяпов, Түскен Ғұмаров, Мүсіреп Өтепов, Сүйінқара Үргенішбаев, Жылгелді, Темірбек Қонайұлы, Төлеген Сегізбайұлы, Аймырза Төлегенұлының және Әбілқайыр әулетін жетік білетін полковник М.Тевкелев пен Нұралы хан ордасындағы патша агенті, тілмаш Я.Гуляевтардың айтуынша Әбілқайырдың бәйбішесі Бопай ханшаның туған інісі, Нұралы ханның бас ақылшыларының бірі болған адай батыры Мырзатайдың баласы Тұрмантай бидің аттары аталады. Бұған қарағанда 18 ғасырда адай ауылдарының бір тобы ғана Маңғыстауды қоныстанып, көпшілігі өзге Кіші жүз руларымен бірге Нарынқұм мен Мұғалжар аралығындағы өлкеде жайлағанын аңғарамыз. Адайлардың Маңғыстауға біржола ойысуына бұрын Үстірт пен Маңғыстау түбегін жайлаған жәуміт тайпасын Хорезм ойына қоныстандырып, өзінің қарулы күшіне айналдырған Хиуа ханы Мұхаммед Рахимнің Аралдың солтүстік батысы мен терістігіндегі Кіші жүз руларына жасай бастаған қысымы себеп болса керек.
1812 жылы қазақ ауылдарына жасалған бір шапқыншылықтың өзінде Хиуа әскері 500 қазақ қызын тұтқындап, жүз мың қой мен қырық мың түйені айдап әкеткен. Хиуа ханынан Орал қазақтарының атаманы Бородин де қалыспады. Ол 1809 жылы Қаратай сұлтанды ұстаймын деп 400 адаммен Сарайшықтан шығып, Жемнің сағасында балықшылықты кәсіп етіп отырған адай руларын шауып, 20 қайығын суға батырып кетеді. Мұндай жағдайда Жем бойындағы ауылдар әлі орыс өкіметінің де, Хиуа хандығының да өктемдігі орнай қоймаған Үстірт пен Маңғыстауға қарай көшуге мәжбүр болады. Бұл турасында адай рубасы Сүйінқара Үргенішбаевтың Орынбор шекаралық комиссиясына жазған хаты нақты дерек болып табылады. Ол тұсында қазақ ауылдарына талай рет жазалаушы отряд ертіп әкеліп, қанға бөктірген сұлтан – әмірші Шынғали Ормановтың озбырлығына наразы болып, орыс шекарасынан алыстап кеткенін, 1831 жылы шекті рубасылары Көтібар, Достан, Байбақты рубасы Жүсіп тархан Сырымұлымен бірге қашқан Қайыпқалиды (Қайыпалдыны) хан деп танығанын, бірақ көп ұзамай, оның да Шынғали Ормановпен ауыз жаласып кеткенін көріп, қайтадан Ресей шекарасына қарай жақындап көшкенін жазады. Ол сонымен қатар Хиуа ханының көшпелі қазақ руларына күн көрсетпей отырғанын айтады. Мұны естіген Хиуаның жаңа ханы Аллақұл Сүйінқараның аулына қарулы отряд жіберіп шауып алады.
Аталмыш жағдайды бас штаб подполковнигі Л.Мейер де айғақтайды. Ол: «30 жылдардан бастап қазақтар екі оттың ортасында қалды; бір жағынан, орыстар кес-кестеп жер бермейді, екінші жағынан, Хиуа мен Қоқан өздеріне бағынуды үзілді-кесілді талап етеді. Мәселен, 1831 жылы хиуалықтар түрікмендерді айдап салып, адайлардан зекет алмақшы болады. Түрікмендер адай батыры Сүйінқараның ауылын шауып, тонап, өздерін Каспий теңізіне мұз үстіне қуып тастайды. Сүйінқара ол кезде Хиуаны да, біздің сұлтан-әміршімізді де мойындамайтын. Ол Қайыпалды сұлтан, Құлбарақ, Науша батырлармен бірге 800 адам ертіп, тонаушылардың соңынан аттанады. Бірақ қолының жартысынан айрылып кері қашуға мәжбүр болады. Жаумен өз бетімен күресе алмайтынына көзі жеткен ол сұлтан-әмірші Баймұхамед Айшуақовтың қол астына кіреді, бірақ оған адай ауылдарының көбі ермей, Хиуаның қол астында қалып қойды», – деп жазады. Бұл мәліметтер адай тайпасының Маңғыстау түбегіне дендеп орныға бастаған тұсы 19 ғасырдың бас кезі екендігіне көзімізді жеткізе түседі.
Не де болса, Маңғыстау өлкесінің 19 ғасырдың 1-жартысынан бастап күллі саяси-экономикалық өмірі қазақ халқының тарихи тағдырымен тығыз байланысты. Әңгіме болып отырған тұста Батыстағы «шаруаларын» біржақты қылған орыс патшалары Орта Азия хандықтарына мықтап бет бұра бастайды. Өйткені Наполеонға қарсы соғыс кезінде орыс тоқыма өнеркәсібі едәуір өркендеді. Оған мақта керек болды. Бір кезде Үндістан алтынына қызыққан Батыс мемлекеттері енді кең құлаш жая бастаған капит. өнеркәсіпке ауадай қажет шикізат көздерін іздеп аласұратынды шығарды. Ресей қарулы күші Сібір мен Қазақстанға біржолата ірге тепті.
Ағылшын қарулы күші Таяу Шығыс пен Күнгей Шығыстың көп елдеріне аяқ басты. Екі ортада отаршылдық мұхитындағы оқшау аралдай болып Орта Азия тұрды. Баяғы Бекович-Черкасскийдің қанды оқиғасынан бастап, орыс патшаларының талай жерде Хиуа билеушілеріне есесі кетіп жүр еді. Хиуа хандары Ресей мен Бұхара арасындағы сауда-саттық керуендерін тонауды әдетке айналдырып алды. Атырау маңының түрікмендері мен қазақтары әскери линияларға, балықшы кәсіпшіліктеріне, орыс керуендеріне тиісіп адам ұрлап, Хиуаның құл базарына апарып сататынды шығарды. Александр І патша 1819 жылы Азия к-тін құрды. Оған Сыртқы істер министрі К.В. Нессельрод, коммерция министрі Н.П. Румянцев, Кавказдағы орыс билеушісі генерал А.П. Ермолов, Сібір генерал-губернаторы М.М .Сперанский, т.б. ірі шонжарлар мүше болды. Бұл комитет Орта Азияға ықпал етудің әр қилы жоспарларын жасады. Румянцев Маңғыстау мен Жемнің сағасына бекініс салуды, сауданы солар арқылы өркендетуді ұсынса, генерал Ермолов Красноводскінің маңызын арттыруды жақтады.
Ресей мен Хиуа арасындағы шиеленіс жыл санап ұлғая түсті. Хиуа орыс мемлекетінің қол астындағы өзіне көршілес өлкелерде ереуіл отын тұтандырып бақты. Сондықтан да орыс өкіметі Хиуа хандығымен біржолата есеп айырысуға бел байлады. Ол үшін Хиуаға қарсы болашақ әскери жорыққа қажет геогр., тарихи, саяси мәліметтер жинау қажет болды.
Орыс үкіметі осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін полковник Ф.Ф. Бергке (1793 – 1874) арнайы экспедиция ұйымдастыруды тапсырды. Ол 1825 жылы Сарайшық қаласында экспед-ны болашақ жорыққа әзірледі. Сол жылы 15 желтоқсанда экспед. Сарайшықтан шығып, Жемнен өтіп, Каспий теңізін жағалай отырып, Қайдақ сорына дейін келді де, сол арадан Үстірт қыратына көтерілді. Одан әуелі Бейнеу, Сам, Желтау айналып, Сарнияз тұсында Жемнен қайта өтіп, Арал теңізіне беттеді. Бұл әскери экспед. жол-жөнекей орыс балық кәсіпшіліктері мен орыс керуендеріне жәбір көрсеткендерді жазалады; аталмыш өлкенің топогр. картасын түсірді; геол.-ботан. зерттеулер жүргізді; Хиуаға баратын жолдарды, ол жолдардың бойындағы қазақ, түрікпен тайпаларының көші-қонын, орналасу реттерін сұрастырды. География ғылымының тарихында алғаш рет Каспий, Арал теңіздерінің деңгейлерін өлшеді. Экспед. ол тұстағы өлшеуіш құралдарының онша дәл еместігіне қарамастан Арал теңізінің Каспий теңізінің деңгейінен 35,86 м биікте жатқанын анықтады. Екі теңіз деңгейінің қазіргі айырмасы 82 м. Осыған қарап олар орыс үкіметінің көптен көкейін тесіп жүрген Узбой мәселесі бойынша бір кезде Әмударияның Каспий теңізіне құйғаны рас болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Экспедиция дәрігері Э.А. Эверсманның өлкенің табиғаты мен геологиясы жайындағы зерттеулері орыс ғылымына құнды үлес болып қосылды. Арал – Каспий бассейні туралы кейінгі заман зерттеулеріне жүйелі негіз болды.
Маңғыстау мен Үстірт өңірінде мұнай кендерінің белгілері бар екендігі жайындағы ең алғашқы мәліметтерді де осы экспед. материалдарынан табамыз. Бұл экспедицияға декабристер қозғалысына байланысты қуғында жүрген ақын А.С. Пушкиннің лицейде бірге оқыған досы В.Д. Волховский де қатысты. Экспед. болашақ Хиуа жорығының маршруты жайында нақты ұсыныс енгізді. Ол Хиуаға Каспийдің шығыс бетінен ұзындығы 600 км Красноводск жолы, 700 км Қайдақ жолы, 900 км Маңғыстау жолы баратындығын анықтай отырып, бірақ бұл жолдардың бойынан жорыққа керек ауыз су мен азық-түлік жетіспеуі мүмкін деген қауіппен Орынбор – Желтау – Хиуа маршрутын ұсынды. Бұл жоспар бойынша судан қиыншылық көрмес үшін жорық қыста басталатын болды. Әскери керуенді жол-жөнекей азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатымен Желтауда, Жем сағасында, Каспийдің шығыс бетінде бекіністер салу ұйғарылды.
Сол тұста Орынбор өлкесіне генерал-губернатор болып В.А. Перовский келді. Бородино ұрысында саусағынан айрылған, тұтқынға түсіп, маршал Нейдің керуендерімен Францияға дейін барып, жол-жөнекей қашып кұтылған, ата-тегі белгісіз, бірақ қай қылықпен ұнаса да, Николай І патшаның оң көзіне іліккен осы генерал Хиуа жорығына тезірек аттанып кетуге жан салып бақты. Ол орыс соғыс тарихына ел естіп, көз көрмеген жаңа бір бет қосқысы келді. Өйткені Шыңғыс хан да 1218 жылы Хорезм жорығына Ертіс бойынан 250 мың қолмен қыста аттаныпты, Бату да 1237 – 1938 жылдары Солтүстік Ресейді қыста жаулап алыпты; Ақсақ Темір де 1391 жылы екі жүз мың қалың қолмен қақаған қыста барып, Тобыл бойында Тоқтамысқа тойтарыс беріпті. Сонау Александр Македонскийден бастап шөл арқылы өтетін жорық, әрдайым суық күзде не қыста басталып отырыпты. Осындай ғаламат жорыққа жан сала әзірленген патша өкіметі Каспий теңізінің батыс бетіндегі Кавказ, Астрахан қаласыларынан кемемен келетін әскерге қажет азық-түлікті сақтайтын қолайлы жер тауып, қамал салу үшін белгілі саяхатшы, табиғат зерттеушісі Г.С. Карелинді 1832 жылы Маңғыстауға жұмсады.
Бұл экспед-ның алдында қандай мақсаттар тұрғанын Карелиннің мына сөзінен-ақ айқын аңғаруға болады: «Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы өзінің географиялық жағдайы қажет ететін дәрежеде ешқашан зерттеліп көрген емес. Көптеген теңізшілер оған атүсті назар аударды... Осынау ұлан-асыр әрі маңызды кеңістік келешекте Орта Азиямен екі ортадағы сауда және саяси байланыстарымызға жол ашатын жерлерге жалғасып жатыр. Көзбе-көз таныса кеп байқауымызша, бұл өлке тұрақтанып, шаруамен шұғылдануға өте қолайсыз болғанымен, әскери және сауда-саттық тұрғыдан келгенде, үкімет назарын мықтап аудара алатын өлке. Оған байланыссыз да, төрт түрлі бағытта зерттеулер жүргізуге міндеттіміз: балыққа өте бай болғандықтан да, әр қилы тонаушылықтың ұясына айналған Сам суларының шын құпиясын анықтау, Ұлы Татария қиырларымен табиғи шекарамыз болып табылатын Жем өзені сағасын шолып шығу; ...қорқау да, жаужүрек адай тайпасы қазақтарының шын ахуалын аша білу, Каспий теңізінің қайраңдауының сырларын ашу». Жүзден астам адам мінген бірнеше қайық 25 маусымда Жаман Айрақты, Қабақты тауларының маңынан келіп шығады. Жағадағы құздарда қимылдап жүргендерді олар әуелі тау бүркіті, не тау ешкісі деп ойлайды. Сөйтсе олар мынау бейсауат меймандарды алыстан көріп, сырттарынан аңдып тұрған шолғыншы қазақтар болып шығады. Карелин олармен тілдескісі келеді. Бірақ көшпенділер тау-тасты тасалап, жақындата қоймайды. Бір шатқалда олар қашып бара жатқанда екі салт аттыны қуып жетіп ұстап алады. Екеуінің қолында да білтелі мылтық. Бірақ білтелерін жел шалқытып от алғыза алмай, қолға түседі. Оны желден көрмей, қуғыншылардың сиқырынан болды деп түсінген екі қазақ көпке дейін жөндерін айтпайды. Тамақ беріп, сыйлық ұсынып, ақыры сөйлетеді. Сөйтсе олар адайдың жеменей тармағынан тарайтын ақбота руының қазақтары Барлыбай және Құлжабай Тасболатовтар болып шығады. Кейін олар экспедицияға жол көрсетушілік қызмет атқарады. Карелин бір жылдай зерттеу жұмысын жүргізеді. Өлкенің табиғатын, ауа райын зерттеумен қоса, жергілікті халықтар туралы да мәлімет жинастырады. Ол тұста қазақтар Маңғыстаудың Кендірлі түбегіне дейінгі жерін түгел иемденіп болыпты. Карелиннің есебінше, түбекті Ботақара Жаманқариннің қарауындағы Мұңалдың 5 руынан 1800 үй, Тілепі Тасықов (дұрысы Тасымов) қарауындағы Тобыштың 8 руынан 1200 үй, Түрікпен адайдың 6 руынан 100 үй, Мұса молла Елназаров пен Тасқамбай Байденовтың қарауындағы Жеменей ауылдарынан 800 үй, Құнанорыс ауылдарынан 700 үй, Балықшы ауылдарынан 300 үй, Ақпаннан 200 үй, Тәзікеден 200 үй, не бары 6 200 үй қазақ жайлайды. Бірақ бұл дәл мәлімет болмаса керек. Мұнда сол тұстағы ірі рубасылары Сүйінқара Үргенішбаев пен Мая Әнетовтердің қарауындағы халықтың саны айтылмайды. Оған шамасы, екі бидің арасындағы алауыздық себепші болған түрі бар. Карелин Құмаққапы дейтін жерде Мая әулетінің бір жас жігітімен жолыққанын былай жазады: «...Түстен кейін төңіректі тағы да бір шолып шықтық. Қосқа қайтқанда, бізге қарай үрке соқтап жақындап келе жатқан екі қазақты, олардан кейінірек қалған төрт қазақты, ең соңыңда және бір қазақты көрдік. Бәрінің астындағы аттары келісті-ақ, бір шақырымдай жер қалғанда тоқтай қалысты. Түрікмен Ярмамбет-Бек қазақтарды қол бұлғап шақырды. Ордалықтар жақындайын деді, ең соңғысы біздің қос түгел көрінетіндей биік төбенің басына шығып алды; төртеуі сол тұрған жерлерінде тұрып қалды, ал алдыңғы екеу түрікпендермен сөйлесе бастады. Сұрағандары қай жақтан жүрген жандармыз, мұнда не мақсатпен келдік, айырбас жасайтын қандай бұйымдарымыз бар? Ярмамбет... оларды шатырға шақырды. Әлгілер қорқып кіргілері келмеді... Біз егер сенбейтін болса, жөндеріне тайып тұрсын, сөйлесіп ауыз ауыртпаймыз дестік. Ярмамбет орнынан тұрып қосқа беттеді. Сол-ақ екен, екі елшінің біреуі жалба-жұлба арық шал атынан түсіп, емпеңдеп жақындай берді. Мен оған қазақтардың қонақжайлылығын көрсеттім; әңгімелеспестен шайға қандырып, кептірген нан бердім. Оны біз қалай қабылдар екен деп әдейі жіберіп отырғандары бірден белгілі болды. Шал қомағайлана қарбытып жатыр; кепкен нанның қалдығын қойнына сүңгітіп жіберді. Әл жиып алғасын бөсе бастады. Өзін біздің бір чиновникпен айырбас жасайтын аманатқа өткізгісі келді. Ярмамбет-Бек оның орнына аманатқа барғысы келіп еді, тыйып тастадым. Сол екі ортада, шалдың тым масайрап кеткенін көріп, жолдастары кетейік деп ымдады. Ордалық орнынан тұрып кетуге рұқсат сұрады. Мен кете бер, қалаған уақытыңда келіп тұр дедім. Кетіп бара жатып бір стақан арақты қағып салғасын шалдың беті бері қарайын деді. Ол маған сонау жұрттың соңында төбенің басында жалғыз тұрған жан мұңал тайпасының қарақшы бастығы Маяның туған немере інісі деді. Мен оған «жас жігіт маған келіп кетсін, бәлкім, сый тартармын» дедім. Шалдың екі жүз қадамдай ұзап шығуы-ақ мұң екен, қалған қазақтардың бәрі жан-жақтан шауып барып, оны ортаға ала кетті. Ярмамбет-Бекті делдалдыққа жұмсадым. Ақыр аяғында шыдай алмай, өзім бардым. «Қайдақтың маңындағы руластарына қалай қарағанымды білесіңдер, неден қорқасыңдар?» – дедім. Маяның немере інісінің қолынан ұстай беріп ем, ол атынан қарғып түсіп, соңыма ерді. Екі шал етегіне жармаса беріп еді, әлдене деп ақырып жасқап тастады да, жаңа ғана біздің қоста болған шалға соңыма ер деп ымдады; сосын маған қарап күлімсіреп; «Көрдің ғой, өз адамдарымның тілін алмай саған еріп келем; орыстар болса ғой, бүйтпейді», – деді. «Мен екеуміздікі де жөн», – деп жауап бердім. Жаңа мейманымыз екі иығына екі жігіт мінгендей қарулы жас жігіт, жасы отыздар шамасында. Сөз мәнісінен Сарайшықта талай болып жүргенін, Жайық бойының орыстарын көріп тұрғаны бір бұл емес екенін аңғардым. Сондықтан көп ойланбастан арақ ұсындым. Ол оған келісті; бірақ алдын ала атын сұрамасқа сөзімді алды. Бір стақанды қағып салды, тағы да құй деді де мас бола бастады. Уәдені үйіп-төгіп бақты, ертең түс шамасында тағы келемін деді. Бірінші жолығыста көңіліне күдік алып қалмасын деп көп ештеңе сұрамадым, бірақ Мая бидің өз ағайыны Сүйінқарамен араздасып қалғанын білдім. Сүйінқара оған ауылымды түрікменнің шапқанына сенің де қатысың бар депті; Мая бұл сөзін көтере алмай, Жем бойындағы қаруланып отырған ағайынына қарсы жорыққа аттанған екен, ол жылы жаз жылдағыдан да ыстық болып, орта жолдан қайтып оралып, Хиуаға кетіпті. Мая қол астындағы мұңалдарымен және түрікмен-адайлармен бірге Түпқарағаннан бастап, Кендірліден бір күндік жерге дейін жайлайтын көрінеді. Бұған менің қонағымның қосқаны: оның руластары орыс жарылқап жарытпайды деп, Хиуаға бағынғылары келетін көрінеді. Хиуа ханы оларға қайырым жасап, қоңсы отырған түрікмен руларының, әсіресе, егдірлердің барымтасына жол бермейтін көрінеді. Ол онымен қоса, орыс кәсіпкерлерінің озбырлығы мен орыс шекара бастықтарының парақорлығын айтып шағынды. Біздің жаңа танысымыздың тілі күрмеле бастады. Сол екі ортада қазақтардың біреуі менің шатырымның қасындағы кенеп жабуды ашып қап еді, астынан зеңбірек шыға келді. Мұны көргенде, олар қанша мас болса да, естерін жиып ала қойды. Мен олардан мұндай қаруды білесіңдер ме деп сұрадым; олар бастарын изеді, бірақ дауысын естіп көрген жоқпыз деді. Мен жас жігітке ендеше естуіңізге болады деп едім, ол үркесоқтай басын изеп, келісімін берді. Мен зеңбірекке доп салуға бұйырдым. Доп тасқа тиіп, анадайдағы атты қазақтарға жарықшақ ұшпасын деп, аулақ кетулерін сұрап, шалды жұмсап ем, мастығынан ұшты-күйлі айыққан Мая тұқымы, шал түсіндіре алмас, өзім барып айтайын деді. Мен оған «оны өзің біл» дедім. Жас жігіт зеңбірекке қарап, біраз қобалжып тұрды да, өзегі жыртылғанша, айқайлап бара жатқан шалдың соңынан шаба жөнелді». Осынау кішкентай көрініс сол кездегі Маңғыстаудың саяси ахуалынан жан-жақты хабар бергендей. Карелин түбектің солтүстік-шығыс жағалауын түгелдей аралап шығып, әскери бекініс салуға Қайдақ соры маңындағы Қызылтас мүйісін қолайлы деп тапты.
Оған келтірген дәлелдері:
- «1. мықты бекініс жасау онша қиынға түспейді; өйткені табиғаттың өзі дайын бекініс салып қойғанын былай қойғанда, құрылыс салуға керекті материалдар, әр қилы көлемдегі кесек тастар мен қалақ тастар кесулі күйінде әзір тұр;
- тұщы су дегеніңіз жеткілікті, бұлақтардың көзін кеңейтіп, суды бұдан гөрі де молайта түсуге болады;
- Гурьев тиіп тұр, үш күндік жер; одан адамдарды, қару-жарақты, азық-түлікті жеткізу әрі оңай, әрі тез, әрі арзанға түседі...
- жүк түсіретін жер өте ыңғайлы...
- Қызылтастан Үстіртке шығатын екі жолдың екеуі де оңай әрі қауіпсіз; зеңбірек пен ауыр жүк тасуға кейбір кішкене жарлауыт сайлардың үстінен төрт-бес жерден шағын көпір салуға, не тақтай тастай салуға болады;
- ең бастысы: бұл Хиуаға жорыққа шығуға ең жақын, ұрымтал тұс; екі ортада аз ғана суатсыз жерлер ұшырасқанмен, көктем мен күзде оған да жаңбыр жауып көл түседі».
Дереккөз: Уикипедия