Қазақтың жауы тек жоңғар ма?!
2014 ж. 04 маусым
4055
2
ХХ ғасырда қазақ ұлт ретінде жойылып кете жаздады. Ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, соғыс жылдарындағы апат және т.т. Ақтардан бір қырылып, қызылдардан тағы бір аяусыз теперіш көрген қазаққа қалқан зиялы қауымы болды. Сол үшін оның барлығы дерлігі қамауға алынып, алды ит жеккенге айдалып, арты атылып кетті. Алайда осы тарихи жайттар туралы бүгінгі тәуелсіз ел мектебіндегі оқулықтардан шала-пұла нәрсені ғана көріп қаламыз. Салдарынан тарихи санамыз толыққанды қалыптаса алмай жатқан жайы бар. Оған кім кінәлі? Тарихшылар ма, әлде басқасы ма?..
Бүгіндері мектеп оқулықтарынан «Бесеудің хаты» дегенді жақсы білеміз. Бірақ «Алтаудың хаты» туралы онда дерек кездеспейді. Шынтуайтында, Ғ.Ысқақов, І.Қабылов, Ж.Арыстанов, Ғ.Тоғжанов, Б.Айбасов, О.Жандосов сияқты алаш азаматтары жазған соңғы хаттың мәліметтердің бүгінгі тарихтағы маңызы зор. Өйткені онда адам басынан бастап мал шығынына дейін нақты статистикалық деректер келтірілген. Ондағы деректер «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген Голощекиннің саясаты бойынша қолдан жасалған ашаршылықтан, қазір айтылып жүргендей бір жарым емес, екі жарым миллион қазақ қырылғанын айғақтайды.
Сол секілді тарихи оқулықтардан Алаш қозғалысы туралы біле аламыз, алайда онда Алаш легионерлері жөнінде мәлімет жоқ.
Соғыс кезеңінде де талай ерлігімен көрініп, танылған жерлестерімізге өз кезеңінде атақ берілмеді. Рейхстагқа ту тіккен Қошқарбаевтың өзі тәуелсіздіктен кейін мойындалды. Ал тарих қалтарысында көрінбей қалған, мойындалмаған батыр да қайсар ата-бабамыз әлі қаншама?
Жалпы, тәуелсіздік алғалы бері кешегі өткенімізге дұрыс баға бере алмауымыздың себебі неде? Неге бұлай болды? Мәселен, РФ президенті В.Путин референдум қортындысын әлем мойындамағанына қарамай кеше өз тарихшыларына «осы жылдың 15 тамызына дейін Қырымның бүгіні туралы Ресей тарихына енгізіңдер, картадан орнын белгілеңдер» деп тапсырма берді.
Ал біз бүкіл әлеммен қателігі мен зияны әбден әшкерленген кешегі жүйедегі тарихымызды зерттеп, оны оқулықтарымызға енгізуде неге жасқаншақтаймыз?
Оқулықта жоқ шын тарих көркем және деректі зерттеулерде бар
Хасен ҚОЖА-АХМЕТ, жазушы:
– Сүйегі қурап қалған жоңғарларды дұшпан деп айта береміз, одан жалықпаймыз, кино да түсіреміз. Құды қазақтың жоңғардан басқа дұшпаны болмағандай. Шындығында біз кеше жоңғардан емес орыстың боданынан құтылып, тәуелсіздік алдық. Сондықтан осы кезең жіті зерттелуі тиіс. Алайда бұл арада тізгін тартқызып тұрған жайттар бар. Этноцид, яғни бір ұлтты қолдан жою ісі екі рет жүргізілді. Сол ашаршылық кезеңдерінің өзі бізде шала-пұла зерттелген. Оған тарихшылар кінәлі емес. Байқап отырсаңыз, КСРО құрамындағы кезеңіміз әлі дұрыс ашылған жоқ. Елімізде тарихпен шұғылданатын мамандар жоқ емес, баршылық. Бүгіндері тәуелсіз тарихшылардың арқасында өткеніміздің талай ақтаңдақ беттері ашылып, бетке ұстарлықтай зерттеулер дүниеге келіп жатыр. Бірақ олар мектеп оқулықтарына енгізілмеген. Оны тарихшылар шешпейді. Ал мектеп жасынан оқып-түйіп өспеген соң жас ұрпақ тарихты кейіннен түсініп алады деу қате. Егер тарихи санамызды, саяси көзқарасымызды дамытқымыз келсе, зерттелген, газет беттеріне жарияланған тарихи фактілерді оқулықтарға енгізу қажет. Ал оған дейін бізге тәуелсіз сарапшылардың, жазушылардың еңбектеріне сүйенген жөн, одан басқа амал жоқ.
Билік көпэтнос тұрақтылығы үшін алаңдап, өткеннен қашқақтайды
Нәбижан МҰХАМЕТҚАЛИҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы:
– XX ғасырда көп саяси қателіктер кетті. Қазақ халқы үшін зардабы да зобалаңы да мол болды. Оған белгілі бір ұлт кінәлі емес, бүгін көзі жойылған саяси жүйе айыпты. Сондықтан осы жүйе қателіктерін бүгінге сабақ, тәжірибе болуы үшін ашып көрсету маңызды. Бірақ, меніңше, көпэтностар тұрақтылығы кеңістігіне айналып отырған Қазақстан билігінде осы кезеңдегі зерттеулер этностардың арасына сызат түсіреді деп қорқақтайтын сынды. Сондықтан идеологияға жетекшілік ететін мекемелер КСРО кезеңіндегі Қазақстан жайлы көп айтқанды, әсіресе жаман қырын көрсетуден тартыншақтайды. Әрине, бұл дұрыс емес. Бүкіл әлем бағасын берген социалистік жүйеге өз тарапымыздан баға беруде тұрған дәнеме жоқ. Керісінше, сол заманды бүгінгі заманмен салыстыруда тәубаға келер едік. Осы жағынан алғанда, социалистік жүйені жіті зерттеу, оның қателіктерін оқулықтарға енгізу қазіргі қоғам мен билік үшін дамуымыздың өте тиімді тетігі болар еді. Тіпті, Қытай Маоның саясатын сынға ала отырып, саяси жүйеге жаңа реңк енгізіп, басқаша дамуға мүмкіндік алып отыр. Демек, тарихи шындық жария болмайынша, дамудың дұрыс жолын таба да алмаймыз. Осыны біздегілер дұрыс түсінуі шарт.
Мамандар сөзіне құлақ салсақ, бізде зерттеліп жатқан дүниелер баршылық. Бірақ мектеп оқулықтарына оларды енгізу қиындау екен. Онда оны насихаттаудың басқаша жолын табу керек сынды. Мәселен, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Ханкелді ӘБЖАНОВ ағамыз тарих телеарнасын ашу туралы біраздан бері бастама көтеріп келеді. Осы ұсыныс бұл арада негізді сынды. Негізінен, алашордашылар туралы тарихшы Мәмбет ҚОЙГЕЛДІнің жеті томдығы жарыққа шыққан болатын. Бірақ осы ағамыз Қауіпсіздік комитеті мұрағаттарында әлі де ашылмай жатқан құпия құжаттар барын айтуда. Демек, саяси жүйе жойылса-дағы, оның төңірегіндегі шындық бізге оңайшылықпен келмеуде.
"Алаш айнасы", Кәмшат Сатиева