ТАРИХТЫ ТАРАЗЫЛАУ – АРДЫҢ ІСІ

8-9 Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты жиырма кітаптан тұратын он томдық «Қазақстан тарихы» жобасын жан-жақты талқылады. Қазірдің өзінде осынау күрделі еңбекте ежелгі Қазақ тарихынан күні бүгінге дейінгі кезеңнің сәтті жүйеленгені мәлім болып отыр. Дегенмен, ғылыми мәжілісте әлі де болса безбендей түсетін түйткілді жәйттердің көп екені айтылмай қалған жоқ. Біз де осы мәселелер жөнінде өз ұстанымымызды білдіруді жөн көрдік. Жаңа заман бойынша (ХVIII ғ. – 1917 ж.) Қазақстан тарихында ең күрделі де, өзекті де проблема – еліміздің Ресей империясына бағынып, оның құрамына кіріп, отар болуы, сол отарлық жағдайдағы тарихы (шаруашылығы, әлеуметтік, саяси ахуалы, мәдениеті, ұлт-азаттық күресі және тағы басқа). Бұл мәселелер 1981 жылы шыққан бес томдық «Қазақ ССР тарихында», 2010 жылы шыққан бес томдық «Қазақстан тарихында» едәуір зерттелген-ді. Дегенмен, кейінгі жылдары Ресейдің төрт тарихи институттарының басшылары мен жекелеген ғалымдары осы мәселеге байланысты ғылыми қауым көп жылдар зерттеп, қабылдаған тұжырымдарды жоққа шығаруға тырысуда. Олар: Ресей – отарлық империя болған жоқ, ал Қазақстан сияқты Ресей құрамында болған елдер отар болған жоқ деген сыңаржақ, тарихи құжаттарға және шынайы тарихи оқиғаларға қарсы пікірді тықпалап, оны сол Ресейге отар болған елдердің тарихшыларына, тарих ғылымына мойындатқысы келіп жанталасуда. Осыдан барып отарлық езгіге қарсы жүргізілген ұлт-азаттық қозғалыстың (Сырым Датовтан бастап, 1916 жылғы көтеріліске дейін) барысын, себептерін, қозғаушы күштерін, маңызын және тағы басқа шешуші мәселелерін жоққа шығаруға, болмаған күнде Ресей империясы ішіндегі шаруалар қозғалысына (Степан Разин, Емельян Пугачев және тағы басқа) теңестіруге тырысады. Міне, сондықтан, тиісті томдарда Қазақстанның Ресейге отар болғаны, ондағы ауыр жағдайы, ұлт-азаттық қозғалысы нақтылана түсуі керек деп ойлаймын. Кейінгі кезде, Украина дағда­рысына, әсіресе, Қырымның Ресейге қосылуына байланысты Қазақстанның территориялық тұтастығына Жириновский, Лимонов, Проханов дегендер қол сұғып, еліміздің солтүстік және шығыс облыстарын Ресейге қосып алу туралы арандатулары белгілі болды. Оған қосылып Хакас Жоғарғы кеңесінің төрағасы В.Штыгашев Кенді Алтайды Ресей жері деп мәлімдеді. Дегенмен, кейіннен ақылына келіп, кешірім сұрап құтылды. Осындай жағдайда біздің тарихшыларымыздың үнсіз-түнсіз қалғаны адам таңғаларлық жағдай болды. Құдайға шүкір, шығармашылық зиялылар тобы өкілдері бұл арандатушыларға қатты тойтарыс берді деп ойлаймын. Бұл мәселені кезінде Солженицын да, Горбачев та көтеріп, үлкен ұятқа қалғаны мәлім. Бұл, расында, Ресей шовинистерінің жазылмас ауруы екені жасырын емес. Қазақ хандықтары жойылып, Ресей империясы үстемдік еткен кезде, еліміздің территориясы талан-таражға түскені белгілі. Келімсек казактар мен орыс шаруаларына ата қоныстарымыз бен шұрайлы жерлеріміз тартып алынды, ел мен жердің тұтастығы жойылып, бірнеше аймақтар – Батыс Сібір, Түркістан және Орынбор генерал губернаторлықтарына, ал Бөкей (Ішкі) Ордасы – Астраханьға, Маңғыстау–Закаспий облысына қарап, қырық құрақ болып бөлінді. Тек Кеңес өкіметі жағдайында ғана Қазақ жері қайта жиналды, ол да оңай болған жоқ. Ұлт коммунистері мен «Алаш» қайраткерлерінің бірлескен күресі арқасында 1920 жылы Қазақ автономиясына қазақтар мекендеген жерлердің басым көпшілігі кірді. Бұл үдеріс тек 1924 жылы Орта Азия республикаларын қайта межелеу нәтижесінде ғана, үлкен айтыс-тартыс, ұлыорыстық шовинистерге тойтарыс беру нәтижесінде сәтті аяқталды. Бұл жөнінде Тарих, археология және этнография институтын жиырма бес жылдан астам басқарған академик Ақай Нүсіпбеков 1947 жылы арнайы монография жариялаған еді. Соның өзінде қазақтың біраз атамекені сыртта қалып қойды, бірақ біз ол жөнінде мәселе көтерген емеспіз, көтермейміз де. Дегенмен, ондағы қандастарымызға ұлттық-мәдени істер саласында аз қамқорлығымызды тиісті деңгейде көрсете білу – ұлтымыз алдындағы бірден-бір борышымыз екенін біліп, іске асырып отыруымыз керек. Кеңес өкіметі дәуірінде Қазақ­станның жерін алғылары келгендер де болды, бірақ И. Сталин билігі тұсында бұл талаптар орындалмай қалып отырды. Тек билікке Н.Хрущев келген соң Қазақстанның оңтүстік облысынан алдымен Бостандық ауданы (1955 жылы), кейін үш мақталы аудан (бес мал совхозымен қоса) Өзбекстанға өтіп кетті. Кейін Н.Хрущев биліктен кеткен соң Д.Қонаевтың арқасында Өзбекстаннан сол мақталы үш ауданының қарамағындағы кейінгі жерлер ғана қайтты, жаңадан игерілген жерлер мен бес мал совхозы қайтпай қалды. Сыр бойындағы көрші жатқан Мақтаарал мен Шардара аудандары қазір өзара тікелей қатынаса алмайды, ол үшін Келес бойымен Сырдан қайта айналып бару керек. Міне, бұл қазақтың жері талан-таражға түскенінің қазіргі бір көрінісі. Сондықтан он томдықта қазақ жерінің тұтастығы, оның қалыптасу тарихы, бұл жерді ата-бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, ежелден (автохтонды) мекендегені жан-жақты көрсетілгені жөн. Ресейдің шовинист ғалымдары мен қайраткерлерінің көздеген нысаны қазақтың ұлт-азаттық қозғалысын жоққа шығару екенін жоғарыда айттық. Бірақ олардың біздің өз ішімізден одақтастар тапқаны таң қалдырады. Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде (2014 ж. 31 қаңтар, №5) белгілі журналист Қасым Аманжолдың Қоқан езгісіне қарсы күресуші Сыпатай батыр мен 1916 жылы Торғай облысы қазақтарының патшаға қарсы көтерілісін басқарған Амангелді батырдың іс-әрекеттерін жазғырған мақаласы жарық көрді. Автор Сыпатай батырды Кенесарының қырғыздарға қарсы шайқасында өз әскерлерін алып кетіп қалғанын жазғырып, сатқындық деп бағаласа, 1916 жылы қазақтарды «Имановтардың соңына еріп, сойылын сүйреп соғысты» деп айыптайды. Автордың тарихи оқиғалардың қашан, қандай жағдайда (саяси, экономикалық және т.б.), қай жерде болғанын, оның себептері мен нәтижелерін, салдары мен маңызын ажырата алмағаны анық көрініп тұр. Кенесары әскерімен Сарыарқада өрісі тарылып, патша әскерлері мен Ресейге бағынып, ант берген қазақтың сұлтандары, билері мен байлары, батырларының қыспағынан бас сауғалап Жетісуға келгені, мұнда да Ресей мен Қоқанның қазақтарға үстемдігі күшейе түскені, елдің екі жаққа бөлінгені және т.б. шиеленіскен жағдай күрделенгені, оның ақыры Жетісу мен Оңтүстікті 1850-1860 жылдары Ресей жаулап алғанымен аяқталғаны авторға беймәлім көрінеді. Сонымен бірге, Сыпатай батырдың Кенесарыға қырғызды шабуға қарсылық білдіргені, оған қосылмаған қазақ руларының, әсіресе қырғызға көрсеткен қиянаты мен қырып-жойғанына наразы болғаны, туысқан қырғыз халқына Сыпатай батырдың жеке өз басының да жақындығы ескерілмейді. Кенесарыны Арқадан қуған қазақ сұлтандары мен билері де, керек болса бірге келіп, кейін тастап кеткен батырлар да автор үшін сатқын емес, тек қырғызға шабуылына қарсы болған Сыпатай батырды сатқын дегені тарихи шындыққа жанаспайды. Сол сияқты Амангелді батырды да айыптап, «Имановтар соңына ерді» деп қазақтарды кемсітуі де қисынға келмейді. Автор: «Соғысқанда да, қырып соғысқан жоқпыз ғой. Елу мыңдай жиналдық та, 200-500, ұзаса мың қарулы орыс әскерлерінен жеңіліп қала бердік... Немесе үдере көшті. Осындай нәрселерге намысың келеді» деп біржақтылық байқатады. Бұл жерде автор бірнеше тарихи жағдайды түсінбейді, не білмейді: ХХ ғасырдың басында қазақтар патриархалдық-феодалдық, яғни, артта қалған әлеуметтік-экономикалық жағдайда өмір сүрді, ал Ресейде капитализм қарқындап дамыды, өнеркәсіптің түрлі салалары пайда болды. Миллиондаған армиясы, артиллерия, пулемет, винтовкалармен қаруланған әскері болды, Қазақстан территориясына Ұлы Сібір магистралі, Орынбор – Ташкент және Рязан –Орал теміржолдары арқылы жазалаушы әскерлерін жылдам әкелді, оның үстіне қарусыз қазақтардың басы бірікпеді, зиялы Алаш азаматтары қарусыз халықтың көтерілісіне қарсы болды, бірақ оны тоқтата алмады және т.б. Осындай жағдайда өз басын қатерге тігіп, көтерілісті басқарып, қаза тапқандарды «Имановтар» деп кемсітіп, «намыстанғаннан» гөрі, олардың алып империяға қарсы шыққаны үшін мақтан тұтып, жастарды отансүйгіштікке баулу керек емес пе?! Бұл мәселелер де дайындалып жатқан он томдықта өзінің оң бағасын алу керек деп санаймыз. Кейінгі кезде Екінші дүниежүзілік соғыстың (1939-1945ж.ж.), оның ішінде Кеңес одағының Ұлы Отан соғысының (1941-1945ж.ж.) кейбір мәселелері де бірталай пікірталас туғызуда. Оған 2010 жылы Астанадағы Мемлекет тарихы институты шығарған «Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында» деген жинақта тарихшы Бүркіт Аяғанның жазған он үш беттік алғысөзіндегі кереғар пікірлер, жалған тұжырымдамалар, негізсіз қорытындылар түрткі болды. Әсіресе, Ұлы Отан соғысының әділеттік сипаты, соғыстың басталуы, антигитлерлік одақтың құрылуы, соғыс алдындағы жағдайға (шабуыл жасаспау туралы шарт) және т.б. мәселелерге теріс баға беріп, Батыстағы реакцияшыл топтар мен В.Резун сияқты Отанын сатқандардың айтқаны мен жазғанын қайталап, тарихты өрескел бұрмалағанын біз де жазған едік. («Қазақ әдебиеті», 2013 жыл. 27-қыркүйек – 29-қараша). Кейін сол Бүркіт Аяғанның «Алғысөзіндегі» ашқан «жаңалықтарын» сөзбе-сөз қайталап, өтірік-жалғанын жалғастырушылар да табылды. Оны жақында үлкен ақпараттық дау-дамай туғызған, Адольф Гитлерге арналған «Аңыз адам» (2014 жыл. №8) журналы дәлелдеп отыр. Негізінде, бұл нөмірде Гитлердің адамзатқа жасаған жауыздығы әшкереленген, сонымен қатар Ресейдің, оның президенті В.Путинның Қырымды қосып алуына да көңіл бөлінген. Дегенмен, «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, қоғам қайраткері Нағашыбай Есмырзаның «Гитлер – фашист емес» деген сұхбаты өртке май құйғандай болған. Әрине, сөз бостандығы бар, сондықтан, оны қуғын-сүргінге салу дұрыс емес деп санаймыз. Нағашыбай Есмырза еш жаңалық ашып отырған жоқ, ол Бүркіт Аяғанның жоғарыда айтылған «Алғысөзіндегі» жазғандарын, әсіресе И. Сталиннің соғысқа қатты дайындалғаны, бірінші болып бас салуға ұмтылғаны туралы жалған пікірлерін қайталап қана отыр. Нағашыбай Есмырза: «Өз басым 1941 жылдың 22-маусымында Гитлер өзінің ең басты ерлігін жасады деп есептеймін. Өйткені, ол бірер күн кешіккенде, Сталин дүние жүзінің быт-шытын шығарар еді» дейді. Сөйте тұрып, «Барлық жерде «Екінші Дүниежүзілік соғысты ашқан – Гитлер» деп көрсетіледі. Шындығында, оны ашқан Гитлер емес, Сталин» деп түйіндейді. Яғни, Кеңес Одағына Гитлердің 1941 жылы 22-маусымда шабуыл жасағанын оның «ең басты батырлығы» деп санайды да, Иосиф Сталинді соғысты алғашқы ашқан деп теріс қорытынды жасайды. Бәлкім, автор жыл санауды білмейтін шығар: Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы 1-қыркүйекте Германияның Польшаға басып кіруімен басталды, ол 1941 жылы 22-маусымда Кеңес одағына шабуыл жасады, яғни, сталиндік Кеңес Одағы үшін Отан соғысы басталды. Бұл пікір мектеп оқушыларына да белгілі ғой, мұны қоғам қайраткері қалайша білмейді?! Бұл қайраткердің және бір өрескел қатесі – «Бұл Ұлы Отан соғысы. Отанды қорғайсыңдар!» деп аңғал қазақты алдап соғып, соғыстың отына түсірді» дейді. Қазақстан ол кезде Кеңес Одағының бір бөлігі, бөлек емес, бір одақтас республикасы (он бестің бірі), Отан қорғау – азаматтың борышың, одан қашу – опасыздық, ол үшін арнайы заңмен жазаланады, жазаланды да. Ал Нағашыбай Есмырза: «Негізі, бұл бізге қажет емес соғыс еді ғой» деп санайды. Яғни, сол кездегі Кеңес Одағындағы, оның ішінде Қазақстандағы жағдайды тіпті білмегені көрініп-ақ тұр, әйтпесе мұндай теріс тұжырым қайдан шыққан?! Нағашыбай Есмырзаның бұл пікірлері Бүркіт Аяған мен Амангелді Қашқымбаевтың халықтың Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктерін «жалған патриотизм», «аңғалдық», олар қазіргі жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге жарамайды деген пікірлерін қайталап отыр. Н.Есмырзаны осындай өрескел қателіктері (тарихи да, саяси да) үшін кінәлауға да болмас. Себебі, біріншіден, ол тарихты, әсіресе, Ұлы Отан соғысы тарихын білмеуі де мүмкін. Екіншіден, ол жоғарыда айтқандай, Астанадағы Мемлекет тарихы институтының білдей басшыларының айтқанын ғана қайталап отыр. Міне, дайындалып жатқан он томдықта бұл мәселе де өзінің шынайы және жан-жақты бағасын алуы керек деп санаймыз. Қорытындыда айтарымыз –жоғарыда айтылған және де басқа пікірталас тудырып жүрген Отан тарихының өзекті мәселелері кәсіби ғалымдар қауымында кеңінен талқыланып, оң шешіледі және қазіргі заман деңгейіндегі көптомдық тарихи еңбек сәтті дайындалып, оқырмандар ойынан шығады деп сенеміз. Мәлік-Айдар АСЫЛБЕК, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі