Кенесары ханның бас сүйегі еліне қайтарыла ма?

7f01741d789c94e588d0edabcf755079Бұған дейін қазақтың соңғы ханы Кенесарының бассүйегін Ресейден қайтарып алу мәселесі талай көтерілген болатын. Енді «Кенесары ханды қайтарамыз!» қозғалысының белсенділері Ресей Федерациясының президенті Владимр Путинге ресми түрде петиция жолдамақ. Қазақстан азаматтарының бұл қадамы көздеген үдеден шыға ала ма? Бүгінде осы мәселе жөнінде бірқатар зиялылар ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық пікір туғызып, өз ойларын ортаға салуда. Хан Кененнің басын қайтару үшін 1 миллион қол жинау керек Қазақ халқының тәуелсіздігін сақтау жолында Ұлт-азаттық көтеріліс жасап, қасық қаны қалғанша күрескен Кенесары ханның бассүйегін қазақ жеріне әкеліп, арулап жерлеу әрбір қазақтың – қасиетті парызы. Сол парызды орындау үшін «Кенесары ханды қайтарамыз!» қозғалысы 2010 жылдың 25 сәуірі күні Қазақ құрылтайын өткізіп, қол жинауға кіріскен болатын. Өйткені, Ресей заңдылығы бойынша, мұндай мәселені ресми түрде шешу үшін кемі 1 миллион адамның қолын жинап, Ресей президентіне хат жолдау қажет екен. Нұрлан Әміреқұлов, «Хан Кенені қайтарамыз!» қозғалысының үйлестірушісі:  – Кенесары қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен тұлға. Қазақ халқында «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген сөз бар. Біз сол қазақ тәуелсіздігі жолында шейіт болған бабаларымызды құрметтеуге, қастерлеуге тиіспіз. Ол үшін біріншіден Хан Кененің қасиетті басын қайтарып алу ісі толықтай елдің арманы мен ұлттың мақсат-мұратына айналуы керек. Екіншіден, мұндай мәселе қоғам тарапынан қолдауға ие болып, Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің арасындағы саяси дипломатия шеңберінде шешілгені дұрыс. Үшіншіден, Хан Кененің Қырғызстанда жерленген мүрдесін табу аса қиын шаруа. Ол сүйек табылмауы да мүмкін. Сондықтан да, заңды жолмен Ресейдегі бассүйекті елге әкелудің жолдарын халық болып жүзеге асыруымыз керек. Төртіншіден,  қазірдің өзінде бізді 90 мыңдай халық қолдап отыр. Бұл әлі аздық етеді. Қолдау өз алдына, егер де дәл осы мақсатта қазақ арасынан мың белсенді шығып белсене жұмыс жасаса, 1 миллион адамның қолын жинауға, сол арқылы Ресей билігінің назарын өзімізге аударуға болады деп ойлаймын. Бесіншіден, Кенесарының бассүйегін елге қайтару мәселесін тек қазақ ұлтының жеке мәселесі ретінде қарастырмау қажет. Мәселен, қазір бізді қолдап отырған түрлі ұлт өкілдері де бар. Ұлытауға бабаларға ескерткіш қойылса... «Кенесары ханды қайтарамыз!» қозғалысының белсенділері болашақта ханның басын елге қайтарумен ғана шектеліп қалмайтындықтарын айтады. Олар  Ресей Федерациясының басшыларынан Патша өкіметі және Кеңестер Одағы тұсында Қазақ елінен алынған басқа да мәдени-тарихи жәдігерлерімізді қайтаруды талап етпек. Қозғалыс мүшелері осы мақсатқа жету үшін ҚР Үкіметін, кәсіпкерлерін, этникалық топтардың жетекшілерін өздерін қолдауға шақырып, бірлесе қимылдауға ниет танытып отыр. Бұл орайда хан сүйегін анықтау бағытында ғылыми сараптама жүргізу керектігі байқалады. Сондай-ақ, қозғалыс тарапы қазақтың еркіндігі үшін өмірлерін қиған азаматтарымыздың ерліктерін мәңгілік есімізде ұстау үшін қасиетті Ұлытаудың етегіндегі Алаша мен Жошы хандардың мазарларының маңына Даланың бірлігі мен Тәуелсіздігі күрескерлеріне арналған Ескерткіш (Акрополь) орнату қажеттігі жайлы да ой білдірді. Кенесарының атына қазақтың барлық қаласынан көше беру керек  Кенесарының басын қайтару мәселесі жуырда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында да қозғалған болатын. Мәжілісмендер қазақ ханының қасиетті басын еліне қайтару үшін арнайы топ жасақтап Ресейге аттандыруды ұсынған-ды. Ол үшін үкіметтен қаражат қарастырып, тарихшы-жазушылардан топ құруды, топқа Кенесары ханның өмірін терең зерттеген бір азаматты жетекшілікке бекітіп, оған Ресей үкіметімен келіссөз жүргізуге құқық  беруді сұраған еді. Мұхтархан Абаған, «Кенесары хан» қоғамдық қорының директоры: – Бұл мәселе бүгін ғана қозғалып отырған жоқ. Бұған дейін талай азаматтар ханның басын табу үшін табанын тоздырды. Бірақ, меніңше Кенесарының басын іздейтін түрлі ұйымдардың, зиялылардың, ғалымдардың басы бір арнаға тоғыса қойған жоқ. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін алдымен өзіміз бір жағадан бас шығарып алуымыз керек. Бұл бір. Менің айтқым келетін екінші мәселе «Кенесарының басын әкелуге миллион адам жинау керек» деп жұмысты біржақты ғана жүргізуге болмайды. Осы бағытта түрлі ғылыми конференциялар ұйымдастырып, қолдан келетін шаруаларды атқара берген жөн. Мысалы, Кенесарының атына қазақтың барлық қаласынан көше беру мәселесін қолға алатын кез келді. Мәселен, Алматыдағы Фурманов көшесін Кенесарының атына беруге болады. Өйткені, Кенесары сондай құрметтеуге лайық тұлға.  Кенесары қазақ тәуелсіздігін сақтауды мақсат етті. Тарихшылар  оның отаршылдарға қарсы соғысты бірден бастамағанын дәлелдеді. Ол бірнеше мәрте дипломатиялық қадамдар жасап, І Николай патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В.А.Перовскийге, В.А.Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаковке хат жолдап, тиісті талаптарын қойған. Амал не, тыңдар құлақ болмады. Ал, бүгін ше? Біз тәуелсіз ел болдық. Көршіміз Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасымыз жоғарғы деңгейге көтерілді. Демек, бір миллион адам петицияға қол қойса, ханның басы елге қайтуы әбден мүмкін. Ләйім солай болғай!

"Алаш айнасы",  Қанат БІРЛІКҰЛЫ

Фото: Абай Омаров