Алаш арыстары жоқтаусыз қала ма?

2
4602

 

 

 

 

 

Жылқы жылының желдіртіп кіріп келгендігін білмей де қал­дық. Әл­деқандай мереке болса, келесі мерекеге дейін тоқтамай тойлай­тын қазақтар ең басты құнды­лықтарын ұмытып бара жатқан секілді. 

Қаншама ақын тұратын руха­нияттың астанасына айналған біздің шандоз шаһарымыз – Се­мейді, басын иіп тұратын Абай ес­керткішінің ар жағынан қош­тасуға қимай тұрған қып-қызыл күн ұя­сына ниетсіз жылжып ба­ра жа­тыр… Көше бойынан жаңалық іздеп қа­лалық Мәде­ниет сарайының алды көлікке лық толғанынын көзім шалды. Бір жақсылықтың болып жат­қан­дығын ішім сезгендей болды. Мәдениет үйі алдында бой кө­терген ашық жасыл ленталар мен шар­ларды байқап қалған­мын. Үлкен холлда тәтті тағамдар сатып тұрған апайлардың тұры­сынан балаларға арналған кон­церт екенін аңғарған пайымым, мені көрермен залына лезде кір­гізді. Енді көзім не көрді дей­сіздер ғой? Көргенде аса ештеңе емес. Әлемдік деңгейдегі мульт­фильмнің мерейтойы болып жа­тыр. Балалар теледидардан көріп жүретін мультипликациялық кейіпкер Спанч Бобтың эфирға шыққанына 15 жыл толыпты. Осыған орай өткізіліп жатқан кеш екен. Спанч Бобтың жасы ұзақ болсын, эфирден көрінбей қалмасын деген ұлықтау сөз айтылып, сахнаға үлкен сары түсті төрбұрышты киім киген бір адам көтерілді. Біреуі көрермен залынан шығып кетті. Ол – менмін. «Жасасын Спанч Боб!» – деген дауыстардан тез құтыл­ғым келіп, есікті лезде жаба са­лып, сыртқа ытқып шықтым.
Біздің қазақ шілдеханадан бас­тап бақилық болған адамның қырқы, жылдығына, тіпті, он жылдығына дейін құрметтеп, ес­ке алып жататын еді ғой. Хал­қына қаншама еңбек сіңіріп, ке­лесі өмірге аттанған ата-ба­баларымызды еске алып, ұлық­таудың орынына әлдеқандай қуыршақтардың тойын тойлап жатқаны ауыр тиеді екен. Мә­селен, былтырғы жылы Орал­хан Бөкейдің мерейтойы Семей қа­ласында аталып өтпеді. Болған жоқ. Алтайдың кербұғысы тірі кезінде Үндістанға аттанар ақ­тық сапа­рында Тұрсынғазы Ра­химов пен Талғат Кеңесбаевқа «Мен Үн­діс­таннан келген соң ме­рейтойым­ды Семейде өт­кіземін» деп айтқан бір­ауыз сөзі де бүгінгі ұрпаққа аманат еді. Сол аманат былтыр іске аса ма деп едік. Тыныш қалдық. Ал осы жылы ше? Не істейміз? Жылқы жы­лында да бірнеше арыстары­мыздың мерейтойына сай келіп тұр. Мәсе­лен, Махамбет Өтеміс­ұлына – 210 жыл, Біржан сал мен Кемпірбай Бөгенбайұлына – 180 жыл, Қазанғап Тілепбергенұлына – 160 жыл, Ба­луан Шолаққа – 150 жыл, Естай Беркімбайұлына – 140 жыл, Кенен Әзірбаев, Сәбит Дөнентаев, Әліби Жангелдіге – 130 жыл, Жүсіпбек Аймауытовқа – 125 жыл, Тұрар Рыс­құлов, үш бәйтерек атанған Ілияс Жансү­гіров, Сәкен Сейфуллин, Бейім­бет Майлинге – 120 жыл, Шәкен Аймановқа – 100 жыл толып отыр қадірменді ағайын. Мен жазып отырғандар бұл – бір бөлігі ғана, аталмағаны қанша­ма. Алаш арыс­тары күл астында қалған моншақтың кейпіне енбесе игі еді. Қазақта «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген тәмсіл бар. Біз Алашқа еңбегі сіңген арыстарды насихаттап, ұрпаққа дәріптеудің орнына қуыршақты насихаттаймыз. Арыстарды ұлық­тап, бағалап, ұрпаққа үлгі етіп отыр­масақ, өзіміз де жоқтаусыз қалармыз деп қорқамын.
Қазақ қазақтығын жасауға тиіс!

Рүстем МҰХАМЕД-РАХЫМ,

Семей қаласы

2 ПІКІРЛЕР

  1. иа өкпелеңіз, менде осыған қатты өкпелімін! Сол арыстарымыздың арқасында осы күнге жетіп, той тойлап қуыршақ ойнап жүргенін түсініп ұғынсақ екен деп тілейік жаратқаннан!!!

  2. Рүстем,жасың кіші болса «сен»,ал аға болсаң «Сіз»дейін.Бұлар -Билік өз ұлтының арыстарын қайтсын.Оларға сол баяғы советтік «ұлыларды» ғана ұлықтап өткен жақсы. «құлдық психологиядан» әлі де арыла алмай жүргендер Ел билігінде толып отыр- олар кешегі коммунистік партияның шекпенінің астынан шыққан комсомолдар – бүгінде әкімқара болып жүргендер.Құдай-ау,олар Алаштың 90-жылдығын атап өте алмағанда ,сіздер жаңағы аттары аталғандарды айтасыздар!Өкпелейтін кісілерді тапқан екенсіздер!?

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз