Жалпыұлттық Байқау жеңімпаздары анықталды

Алаш «Ақ жол» демократиялық партиясы Алаш зиялыларының шығармашылық мұрасын және олардың принциптік көзқарастарын зерделеу, жалпы ұлттық құндылық­та­рымызды қазіргі заманғы Қазақстан қоғамына насихаттап тарату мақса­тында дәстүрлі өтетін «XXI-ғасыр­дағы Алаштың Ақ жолы» атты Жалпыұлт­тық байқауын жариялаған еді. Байқаудың шарттарына сәй­кес 4 номинация бойынша ке­ліп түскен жұмыстарды арнайы құ­рылған Қазы­лар алқасы алдын-ала іріктегеннен кейін байқаудың екін­ші кезеңі қараша айының ішінде Семей және Алматы қалаларында өткізіліп, онда байқаудың алғашқы жүлдегерлері анықталған болатын. Енді, осы екінші кезеңнен жүл­дегер атанғандар 13 желтоқсан - тура Алашорда үкіметі құрылғанына 96 жыл толған күні Астанада өткен «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жал­пыұлттық конференциясында баяндамалар жасап, бас бәйгелерді сарапқа салды. Оған республиканың әр жерінен келген байқауға тікелей қатысушылармен қатар «Ақ жол» партиясының кезекті сиезіне келген делегаттар, Парламент Мәжілісінің де­путаттары, зиялы қауым, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері қатысты. «Ақ жол» ҚДП төрағасы, Пар­тияның Парламенттік фракция­сының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Астанадағы жал­пыұлттық байқаудың қорытындысын шығаратын осы конференцияның жұмысын кіріспе сөзбен ашты. Жиналғандарды ұлы мейрам – Қазақстан Тәуелсіздігінің 22 жыл­дығымен және қазақ елінің азат­тығы үшін күрескен Алашорда үкі­метінің құрылған күнімен құт­тықтап, Жалпыұлттық байқауға қа­тысушылардың жұмыстарына сәттілік тіледі. Гумилев атындағы Еуразия Ұлт­тық университетінің елімізге аттары танымал алаштанушы ғалымдарынан құрылған Қазылар алқасының мүшелерін таныстырды. Олар, атап айтқанда: осы университеттің проректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Дихан Қамзабек (Қазылар алқасының төрағасы), әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп, журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, және профессорлар: экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемел, саясаттану ғылымының докторы Нәубет Қалиев. Өз кезегінде Дихан Қамзабек «Ақ жол» демократиялық партиясының Жалпыұлттық байқауының қоры­тын­дысын шығаруға арналған «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» ғылыми-практикалық кон­фе­ре­нциясының, партияның осы тақырыптағы өзге де маңызды шара­­ларына Еуразия Ұлттық универ­ситетінің қолдау білдіретінін айтты. Ол Байқаудың бұдан бұрынғы екі ке­зеңінен өтіп, төрт номинация бойын­ша финалға шыққан әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық уни­вер­ситеті тарих факультетінің 3-ші курс студенті Талғатбек Манаш әл-Машанитегін, тарих ғылымдарының докторы Зада Дүкенбаеваны, ҚР БҒМ мемлекет тарихы институты директорының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Жанна Қыдыралинаны, Семей мемлекеттік университетінің «Экономика және бизнес» кафедрасының аға оқытушысы, экономика магистрі Арай Әлімжанованы, Алматы қаласындағы Халықаралық Бизнес академиясының 4-курс студенті Мұқағали Қаимов­ты, Қостанай Мемлекеттік универси­те­тінің Медиа-орталығының директоры, ақын, жазушы, филология ғылым­дарының кандидаты Ақылбек Шаяхметті, Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданының құрметті азаматы Көшкінбай Елікбаевты, Абай атында­ғы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ситетінің 2-ші курс студенті Маралбек Ба­зыл­бековті, Семей қаласындағы респуб­ликалық «Абай» журналының бөлім меңгерушісі Мұратбек Кенемол­динді, Халықаралық «Қазақ тілі» қоға­мының вице-перзиденті, филология ғылым­дарының докторы, халелтанушы Ғарифолла Әнес пен саясатта­нушы, ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Атырау об­лыс­тық ұйымының төрағасы Әбілхан Тө­леуішевті жұртшылыққа таныстырды. Әрі қарай жиын тізгінін қолға алған «Ақ жол» партиясының Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс бойынша хатшысы Сәбит Байдалы байқау-конференцияға қатысушыларға өз баяндамаларын жасау үшін кезекпен сөз бере бастады... Нәтижесінде Қазылар алқасының шешімімен «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық байқауының 1-ші: «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің мемлекет құрылысына және демократиялық құндылықтарға көзқарастары, олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша Жанна Қыдыралинаның «От Алаш к независимости Казахстана: преемственность идей» атты еңбегі; 2-ші: «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің экономикалық көзқарастары және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша Мұқағали Қаимовтың номинация тақырыбына сәйкес эссесі; 3-ші: «Алаш» көшбасшылары жұмыстарындағы қазақстандық қоғамның әлеуметтік жаңғыруы, еуропалық жолмен дамуы мәселелері және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша Ақылбек Шаяхметтің “Елім деп еңіреп өткен” атты ғылыми-танымдық очеркі; 4-ші: «Бұқаралық ақпарат құралдарында ағымдағы жылда жарияланған белгіленген тақырыптар бойынша үздік публицистикалық материал» бойынша финалдық сатыға жіберілген екі жұмыста: Мұратбек Кенемолдиннің республикалық «Абай» журналында жарияланған «Архивтен алынған айғақтар» циклімен үш Алаш ардақтысы туралы: 1. Тұрағұл Абайұлы және Алашорда үкіметі, 2. Бияш деп елі еркелеткен, 3. Алаштың Ахметжаны атты мақалалар топтамасы және Ғарифолла Әнес пен Әбілхан Сейтімұлы Төлеуішевтің «Халел тұғыры» атты еңбегі бас бәйгелерге лайық деп танылды. «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев олардың әрқайсысына 250 мың теңгеден сыйақы тапсырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығын «Ақ жол» демократиялық партиясының грамоталарымен марапаттады. Бұл шараның дәстүрлі түрде өте беретінін, келесі жылғы Алаш қозғалысының 97 жылдығына арналған «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауының шарттары жаңа жылдың басында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатынын хабарлады. Жалпы «Ақ жолдың» «ХХ1 ғасыр­дағы Алаштың Ақ жолы» атты биылғы Жалпыұлттық байқауы Алаш зиялы­ла­рының мұрасын және олардың прин­циптік көзқарастарын зерделеу және оны қазіргі заманғы Қазақстан қо­ғамына тарату, соған жұрттың, әсіресе жастардың қызығушылығын ояту болып табылатын өзінің негізгі мақсатын орындады. Білім, ой жарысына қатыс­қандардың және аудиторияларға жи­налғандардың көпшілігі жастар бол­ғандығы, олардың Алаш мұра­сы­на қызығушылығы осы шараны ұйым­дас­ты­рушыларды қуантып, Алаш арыс­тары­ның идеяларын керек ететін жоқтау­шылар, оны одан әрі тарататындар келе­шекте де табыла беретініне үміт ұялатты.

А.Т.Перуашевтің «Ақ жол» демократиялық партиясының «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық байқауының қорытындысын шығаруға арналған ғылыми-практикалық конференциясын ашардағы сөзі

ференцияға қатысушылар! Бүгін - Қазақ елі тарихындағы айрықша күн. Алашорданың құрылғанына тура 96 жыл толған – Алашорда үкіметінің туған күні. Осыдан бір ғасыр жуық бұрынғы Алаш арманының іске асқанының көрінісі – ол бүгінгі Егемен Қазақстан. Ал біздің «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық байқауының қоры­тындысын шығаруға арналған ғы­лыми-практикалық конференциямыз Қазақстан Тәуелсіздігінің 22 жылдығының қарсаңында өтіп отыр. Мен Сіздерді бүгінгі Алашорда күнімен және алда аталып өтетін ұлы мейрамымыз - Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға шаттық, береке-бақыт тілеймін. «Ақ жол» демократиялық партиясы өзін «Алаш» қозғалысы­ның ізбасарларының бірі деп жариялағаны мәлім. Бұл тұжырым сайлауалды Тұғырнамамызда да, Партияның өзге де құжатта­рында көрінісін тапқан. Біз Алаш қозғалысының көрнекті қайрат­керлерінің идеялық мұраларын тарату және оны бүгінгі күннің кәдесіне жаратуды маңызы зор іс деп санаймыз. Сондықтан да былтыр - 2012 жылдың 23 қарашасында «Ақ жол» демократиялық партиясы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің қолдауы­мен Алаш қозғалысының 95 жыл­дығына арнап, «ХХІ ғасырда Қа­зақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты ұлттық ғылыми-прак­тикалық конференция өт­кізген болатын. Конференция өзінің көздеген мақсатына жетті. «Алаш» көшбасшылары ұста­ным­дарының ұлтпен бірге өмір сүретін концепциялық мағынасы бар екендігін конференцияға қа­тысушыларға сезіндіре алдық. Содан да болса керек, конфе­рен­цияның жаңғырығы жер-жерге тарап, Алматыда, республиканың басқа да өңірлерінде «Ақ жол» партиясының филиалдарының қатысуымен Алаш тақырыбына бірқатар шаралар өткізілді. Аталған конференцияның, одан кейінгі Алматыдағы Халықаралық Бизнес академиясымен бірге өткізген «Алаш мұрасы – ұлттық бизнестің негізі» атты Дөңгелек үстелдің материалдарын ғылыми жинақ етіп шығардық. Жинақтан Ақ жолдық депутаттардың Алашқа қатысты Үкіметке жолдаған сауалдары мен оларға берілген жауаптар да орын алды. Кітапты барлық облыстық және қалалық филиалдарға 50-100 данадан тараттық. Ал өзіміздің сенімді серіктесіміз Еуразия Ұлттық университетіне тікелей 100 данасын бердік. Жалпы, біз бұл кітапты конференцияда жасалған мазмұнды, ғылыми негізделген баяндамалар тарихшылардың, саясаттанушылардың, әлеумет, қоғамтанушылардың, жас ғалымдар мен студенттердің тағы басқалардың назарына ілігіп, болашақ зерттеулерге, ғылыми ізденістерге көмегі тисе деген ниетпен шығардық. Сондай-ақ, бұл қадамды «Ақ жол» партиясының «Алаш» қоз­ғалысының 2017 жылғы 100 жылдық мерейтойына арналған жүйелі шараларының беташары деп те санауға болады. Біз Алаштың 100 жылдығына дайындыққа Үкіметті уақытты созбай, бірден кірісуге шақырғанбыз. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласында «Өткенінен сабақ алмаған ел табысқа жете алмайды» деп атап көрсетті. Біз Алаш аманатына адалдық танытып, Алаш идеяларының іске асырылуының тәуелсіздігімізді нығайта түсуге қызмет ететіне қоғамдық пікір туғыза беруіміз керек. Мен әрдайым айтып жүргенімдей, бұл біз үшін теориялық ғана емес, бұл ең алдымен, қоғамымыздың жаңғыруына, ұлт игілігіне қызмет етуі тиіс практикалық мәселе. Алаш қозғалысының тәуелсіздік мұраттары үшін күрестегі рөлі мен маңызын, оның көшбасшыларының саяси-құқықтық, демократиялық, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастарын, тұжырымдарын, жаңа заманның талаптарына сай зерделеп, зерттеуді жаңа серпінмен жалғастыру қажет. Оның бүгініміз үшін де, ертеңіміз үшін де қажеттілігі күмән тудырмайды. Сол себепті де біз сол конференцияда Алаш тақырыбындағы ғылыми еңбектерге, тарихи, жур­налистік зерттеулерге студенттер, жас ғалымдар және журналистер арасында бәйге жариялайтынымызды, оның қорытындысын жыл сайын шығарып тұратынымызды мәлімдегенбіз. Содан кейін көп ұзатпай «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жалпыұлттық байқаудың шарттарын бұхаралық ақпарат құралдарында жарияладық. Бұл байқауды дәстүрлі түрде өткізіп тұрамыз деген ниетпен оның шарттарын аталған кітапқа да қостық. Біз Байқаудың екінші кезеңін кезінде Алаш қаласы атанған, Алашорданың алғашқы астанасы десек те болады – Семей қаласында аштық. Онда Байқаудың 1-ші және 2-ші номинациялары бойынша жарыс өткізілді. Ал Байқаудың 3-ші және 4-ші номинациялары бойынша жарыс Алматы қаласында өтті. Енді, міне, Астанада «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» ғылыми-практикалық конференциясында, Жалпыұлттық Байқаудың екінші кезеңінің жеңімпаздары баяндамалар жасап, Бас бәйге үшін бақтарын сынайды. Атап айтқанда, танысып қойыңыздар, осы университеттің проректоры, Қазақстан Ұлттық академиясының коррепондент-мүшесі Дихан Қамзабек (Қазылар алқасының төрағасы), әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Амантай Шәріп, журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, профессорлар: экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемел ағамыз және саясаттану ғылымының докторы Нәубет Қалиев ағамыз. Сондай-ақ, біз Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Батташұлы Сыдықовқа және біздің осы Жалпыұлттық Байқауымыздың бүкіл процесінде Қазылар алқасының жұмысын басқарып, тікелей көмектескен Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, университет проректоры Дихан Қамзабекке ризашылығымызды білдіріп, шын жүректен шыққан алғысымызды айтамыз. Сонымен бірге мен Сіздерге «Ақ жол» партиясы ұсынған 5 адамның Елбасының Тәуелсіздік күнінің қарсаңындағы Жарлығымен мемлекетіміздің жоғары наградаларымен марапатталғанын ха­бардар еткім келеді. Оның ішінде Партиямыздың жетекші қыз­меткерлерімен қатар, біздің партия наградаға ұсынған, белгілі алаштанушы, тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиев те бар. Ол «Парасат» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, біздің қазылар алқасының мүшесі, Парламент Мәжілісінң екі шақырылым депутаты болған, белгілі қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел «Құрмет» орденімен марапатталды.