Қазыбек Иса: "ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ЖОЛЫНДАҒЫ ІСТЕРІМІЗДІ АРТТЫРУ ҚАЖЕТ"

Казыбек ИСА-11  

Қазыбек ИСА, «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары:

"Ұлттық мүдде жолындағы істерімізді арттыру қажет"

Ассалаумағалайкум, ағайын! Бәріңізді осыдан 96 жыл бұрын Алашорда үкіметінің құрылған күнімен, алдағы Желтоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздік мерекесі күндерімен және осындай қазақ үшін маңызы орасан күндерге сәйкес келген бүгінгі «Ақ жол» партиясының XI съезінің ашылуымен құттықтаймын! «Ақ жол» партиясының Мәжілістің қазіргі сеесиясына дейінгі жұмыстарын сараласақ, 2012 жылғы 3 қыркүйек - 2013 жылғы 26 маусым аралығында фракция депутаттары қаралатын заң жобаларына 714-тен астам елеулі ұсыныстар мен толықтырулар енгізді. 44 жұмыс тобының құрамына кірді, 42 қорытынды әзірледі. 50 депутаттық сауал жариялады. 69 елдімекенде 570 адамды қабылдады. Алаштың ізбасарымыз дейтін «Ақ жол» партиясының ұлттық мүдде жолындағы қайрат-қарекеті қандай? Біз нақты жасалған шараларға қысқаша тоқталып өтейік. «Ақ жол» партиясының Мәжілістегі фракциясы 2012 жылы 7 қарашада Алашорданың 95 жылдығы туралы депутаттық сауал жасады. 2012 жылы 23 қарашада – Астанада Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен «ХХI ғасырдағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты конференция ұйымдастырылды. Сонымен бірге Алашорданың 95 жылдығына арналған шаралар партияның еліміздегі барлық филиалдарында аталып өтілді. 2013 жылы 23 қаңтарда билік Алашорданың 95 жылдығына мән бермегесін, енді Алашорданың 100 жылдығын лайықты өткізу туралы Үкіметке депутаттық сауал жасалды. 2013 жылғы 30 мамырда Қабанбай батыр мен Наурызбай батыр к.к. қиылысында Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып салынбақ ескерткіштің 21 жылдан бері әлі салынбағаны туралы депутаттық сауал жолданды. Фракция Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алуда патриоттық акция өткізді. Фракция депутаттары жұмысқа Мемлекеттік тудың түсіндей ленталар тағып шықты.. 2013 жылы 19 маусымда Кенесары ханның басын іздестіру туралы депутаттық сауал жолданды. ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМІЗ ҮШІН ХАННЫҢ БАСЫ МӘСЕЛЕСІ – ХАЛЫҚТЫҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕСІ БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ. Сонымен бірге ел тарихында ерекше маңызы зор Сарайшық қаласын сақтап қалу туралы және Мемлекеттік тілдің терминологиялық мәселелері жайлы депутаттық сауалдар жасалғанын білеміз. Ал 2012 жылы мамырда «Ақ жол» партиясының барлық қоғамдық күштер қосылып жасаған Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын Үкімет өткізбей тастады. Бұл туралы біз кезінде «Қазақ үкіметі Мемлекеттік тілге неге қарсы?» деген үлкен мақала да жазып, ол бірнеше БАҚ-та жарияланған болатын. 2013 жылғы 30 қазанда Cемейде «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауының екінші кезеңі басталды. 16 қарашада Алматыда «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауының екінші кезеңінің жалғасы өтті. 2013 жылғы 13 желтоқсанда, яғни бүгін Астанада – «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауының қорытындысы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің белгілі ғалымдары бастаған еліміздің бүкіл зиялы қауымының қатысуымен өтті. Бұған дейін 2013 жылғы 7 желтоқсанда Алаштың 96 жылдығы, Желтоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздік мерекесіне арналып, «Ақ жол» партиясының биллиардтан кубогы жарысы болып өтті. Оған барлық қалам мен қоғам қайраткерлері қатысып, халық әртісі Асанәлі Әшімов ағамыз ақ батасын беріп, «Ақ жолдың» алашқа сіңіріп келе жатқан еңбегін жоғары бағалады. Көріп отырсыздар, ұлт мүддесіне орай істеліп жатқан шаруалар бар, бірақ, бұл бағытты біз бұдан да зор көлемде ұлғайтуымыз керек. Әсіресе, алда Алаштың 100 жылдығы мен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы жақындап келе жатыр, біз де қарқын ала түсуге тиіспіз. Ал Алаш ізбасары аталатын партияның Мәжілістегі фракциясының ұлт мүддесіне орай жасалған депутаттық сауалдары санаулы болмай, күрт артуы қажет. Бүгінгі съезде «Ақ жол» партиясы Президиумы мүшесі, елімізге белгілі саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтың жетекшілігімен жасалған жаңа саяси бағдарлама сауатты да, жауапты жасалғаны көрініп тұр. Әсіресе, ел Тәуелсіздігі жолындағы бүгінгі Кеден одағы келтіріп отырған нұқсандар, әлеуметтік әлсіздіктер, мемлекеттік билік пен басқарудағы ретсіздік, Парламент өкілеттігін кеңейту, президенттік-парламенттік басқару мәселесі, өнім өндірушілер мүддесін қорғау, т.б. мәселелер нақты көрсетілген. Бірақ, тағы да сол ұлттық мүдделеріміздің қамтылуы жағынан кемшіндік бар. Біздің сайлауалды бағдарламамызда ұлттық мәселелер нақты, жеткілікті көрсетілген еді. Енді соны кемітпей, қайта одан әрі дамытуымыз керек. Ал кезінде белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталының жетекшілігімен жасалған партиямыздың Ұлттық тұжырымдамасын қоғам да, саясаттанушылар да қуана қолдаған болатын. Оның үстіне ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы жолдауында ұлттық мәселелерге батыл бет бұру бар. Онда 2025 жылы қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді білуі тиіс делінген.  2025 жылы мемлекеттік тілді білетіндер 95 пайызға жетуі тиіс елде  мемлекеттік тілді қазір халықтың кемінде 75 пайызы білуі керек. Сонда енді жылына 2 пайызы үйренгенде, 10 жылда - 2025 жылы 95 пайызға жетеді.  Ал жағдай мүлде керісінше. Ендеше, Ел талабы мен Елбасы жолдауы орындалуы үшін Мемлекеттік тілдің деңгейін арттыратын баламасыз бір ғана мәселе - оның үстемдігін орнататын заң қабылдап, Атазаңның 7 бабының орыс тілі туралы 2-ші тармағын алып тастау керектігі Бағдарламада айқын жазылуы тиіс! 2011 жылы осы мәселені талап еткен 138-дің хаты жарияланғанда «Қазақ үні» газетіне 17 мыңнан аса қол қойылған қолдаулар келген болатын. Сонымен бірге Қазақстан Республикасының азаматтығын қазақ тілін, ҚР Конституциясын және Қазақстан тарихын білуі жөнінен емтихан тапсырғаннан кейін беруді заңнамалық тұрғыдан бекіту керек. 1. Алаштың ізбасарымыз дейіз де, ол үшін не істеу керек екені айтылмай қалған. Оның үстіне «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Тұрлыбекұлының атасы Перуаш Кәрімовтың 1933 жылғы саяси репрессия кезінде АЛАШ ИДЕЯСЫ ҮШІН ҚҰРБАН БОЛҒАНЫ ТУРАЛЫ ҚР ҰҚК Мұрағаттық құжатына қол жеткізіп, еңсеміз бір көтеріліп қалды. Бұл тарихи жаңалық партия жетекшісінің біз «Алаш партиясының ізбасарымыз» деп мәлімдеуінде ұрпақтар бойындағы қанмен келген тарихи жалғастық пен саяси сабақтастық барын байқатады. Ендеше, біз Алашқа енді айқын да, нақты басымдықтар беріп, басты бағытымыз етіп алуымыз керек деп білемін. 2. Оның үстіне қазір ұлттық мәселеге барлық партиялар ұмтылып, халықты өздеріне тарту тартыстары басталуда. Саяси-әлеуметтік зерттеулер бойынша, жастардың өте үлкен бөлігі ұлттық мәселеге ұмтылуда екенін кешегі бір ғана партия «Нұр Отанның» мүддесі үшін ғана қызмет істейтін, біздің дәлелді де, дәйекті сындарымыздың 80 пайызын қиып тастаған «Қазақстан» ұлттық арнасының «Алаң» хабарында ұлттық қүндылықтарға үрке қарап келген «Нұр Отанның» коғамдық-саяси институты директоры Саясат Нұрбектің өзі мәлімдеді. Ендеше, алдымен Қазақ ұлтын отарсыздандыру мәселесін мемлекет басты бағыты етуі тиіс. Бұл «Ақ жол» партиясының Ұлттық тұжырымдамасында да айтылған. ХХ ғасыр Қазақтар үшін қайғылы қасап жасаған қанды репрессиялар ғасыры болды, қазақтар өз отанында азшылыққа айналып, ана тілі,  дәстүрлері мен тарихынан айрыла жаздады. Бүгін сол жарақаттың, ұлттық-мемлекеттік теңсіздіктің орнын толтыруымыз, өз мемлекеттілігімізді, мәдениет пен тілімізді, дәстүріміз бен тарихи мұрамызды жаңғыртуымыз тарихи заңдылық. Тәуелсіздік алған елдердің барлығында да ең басты саяси басымдық - отарсыздандыру болатыны белгілі. Сондықтан отарсыздану – мемлекеттік саясат ретінде кеш те болса, қолға алынуы тиіс және бұл тарихи әділеттілік. «Қолдан жасалған ашаршылық пен зобалаңдар және зұлмат репресиялар үшін Коммунистік партия жауап беруі тиіс» деп, елімізде ең бірінші болып «Ақ жол» партиясы төрағасы А.Перуашевтың Қызылордада мәлімдеме жасауы да бізге отарсыздану мәселесін алғаш болып көтеруге моральдық құқық береді. Қазір шетелде алты ай оқып келе салып, елдің бәрін ақымақ санап, сан ғасыр даналарымыз-бабаларымыздың рухани негізі болып келе жатқан ата дініміздің сақалына жабысқан, ел бірлігіне үлкен қауіп тудырып отырған жат бағыттағы діншілдердің келтіріп жатқан кесірі соғысыңнан артық деуге болады. Әйтеуір соңғы кезде ғана мемлекеттің қолға алуымен тосқауылдар қойыла бастады. Сондықтан Қазақстан халқының дәстүрлі діндерін қолдау, қоғамның рухани саласын жат секталардың және ағымдардың ықпалынан қорғау керек. Қорыта айтқанда, мемлекетте Ұлттық мүдде болмай – ұлт болмайды!