Ұлт намысының шарқайрағы
2013 ж. 13 қараша
1919
0
Қазақ журналистикасында өзiндiк мектебiн қалыптастырған қаламгерлер санаулы ғана. Сейдахмет Бердiқұлов соңынан шәкiрт ерткен, сол шәкiрттерi арқылы өзiне ғана тән мектеп қалыптастырған бiрегей тұлға. Ол кiсi қазақтың спорт журналистикасының бас сардары, осы саланы шын мәнiнде таза қазақша сөйлеткен үлкен ұстаз.
Спортқа он жасымыздан қызықтық. Ол кезде ауыл үйлерiнде пошта жәшiгi болмайтын. Пошта тасушы үйге келетiн газет-журналды аулаға кiре берiстегi шарбаққа қыстырып кетедi. Сабақтан қайтып келе жатып, алыстан ағараңдаған газет көрiнсе, құстай ұшатын әдет пайда болды. Ең әуелi “Лениншiл жастың” (қазiргi “Жас Алаш”) соңғы бетiне үңiлемiз. Жақсылық Үшкемпiров, Аманжол Бұғыбаев, Асқантай Иманқұлов ағалар туралы ең алғаш жастар газетiнiң спорт бетiнен оқыдық. Сол жетпiс үшiншi жылдың қысы мен көктемiнде бiздiң еркiн күрес құрамасы Кеңес одағының iрi жарыстарында алдыңғы сапта жүрдi. Одақтас республикалар бетпе-бет командалық бәсекеге түсiп жатты. Сан алуан қызықты жарыстарды Сейдағаң басқарған жастар газетi үзбей жариялап тұрды. “Лениншiл жастың” спорт бетi өте тартымды болатын. Басқа газеттер спорт материалдарын там-тұмдап, қысыңқырап бередi. Ал Бердiқұлов басқаратын басылым жарыстардан әдемi репортаж, атақты спортшылар туралы тартымды мақалалар, очерктер жариялайды. Сол жылдары апта сайын шығатын кiшкентай ғана “Спорт” газетi бiздi жастар газетiндей қызықтыра алған жоқ. Ал “Лениншiл жастың” төртiншi бетi жүз мыңдаған қазақ баласын спорт дүниесiнiң айдын-шалқарына алып шықты. Бiз спортшы болуды армандаған жоқпыз, жылдар өте келе сонау жер түбiндегi Сейдағаңның ықпалымен қолға қалам ұстадық. Ал қазақтың байтақ даласының әр түкпiрiндегi мыңдаған бала “Лениншiл жастың” спорт бетiне құмартып, спорт жолын таңдағаны анық.

Сейдағаң жастар газетiнiң тiзгiнiн қағып отырып, сол кезеңде өз жерiнде азшылықта болған қазақтың рухын көтерудiң төте жолын тапты. Ол кезде кеңес империясының қыспағы күштi болатын. Жастар газетi ұлттық мүддеге адал болды. Әсiресе, спорт саласында топ жарған қазақ саңлақтары туралы көп жазды. Шаршы алаңды ойлы да сұлу боксымен сәнге бөлеген Мақсұт Омаров Сейдағаңның газетiне мақала жазса, қазақтан шыққан әлем чемпионатының алғашқы жүлдегерi, Еуропа чемпионы, даңқты волейболшы Жәнiбек Сауранбаев жастар басылымының тұрақты кейiпкерiне айналды. Октябрь Жарылғаповтың төл командасы – Кеңес одағы мен Еуропаны сан мәрте мойындатқан “Буревестник” туралы ең әдемi материалдар осы газетте жиi шығып жатты. Әбдiсаланның ғажап боксы, Әбiлсейiттiң тамаша белдесулерi туралы да “Лениншiл жас” аз жазған жоқ. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары жұмыр жердiң ең айтулы жүйрiктерiмен қатар шапқан Әмин мен Ғұсман Сәкеңнiң сырлас iнiлерi едi. Түсiнген адамға сол жылдар қазақ спортының алтын кезеңi болатын.
Жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы алапат аштықтан, қанды қасап репрессиядан, одан берi екiншi дүниежүзiлiк соғыстан ендi-ендi ғана есiн жия бастаған қазақ халқының рухын жоғарыдағы мықтылар дүркiн-дүркiн көтерумен болды. Ұлттық намыс шарқайраққа түсiп, жарқылдаған кез едi. Сейдағаң ұлт намысын әлемдiк деңгейде асқақтатқан саңлақтардың жеңiсiне жаны қалмай қуанып, сол жүрекжарды сезiмiн газет арқылы миллиондаған оқырманға жеткiздi. Осындай дүниелердi оқыған бауырлардың жүрегiнде өз ұлтына деген мақтаныш сезiмi күшейдi. Қазақ еңсесiн көтере бастады. Мәскеу бiздiң халықты табиғи болмысынан үзудiң сан тәсiлiн ашық, кейде жасырын түрде жүзеге асыруға кiрiссе, Бердiқұлов басқаратын жастар газетi мәдениеттi жағдайда ұлтты сақтау үшiн арпалысып жатты. Сөйтiп, жас журналист шағында жеңiл атлетшiлер сынына қазақ баласын iздеп барып, спортшылар тiзiмiнен бiр бауырын таппай, оның үстiне жарыс хатшысы орыс әйелдiң “Сен iздеген жүйрiктер бұл тiзiмге келесi ғасырда енсе, рақмет айт”, деген мағынадағы қыжыртпа, кекесiнге толы сөзiнен тасаға барып солқылдап жылаған Сейдағаң қолына газет тiзгiнi тиген соң ұлтының алмас қылышына айналып шыға келдi.
Сейдағаң бозбала кезiнде спорт сайыстарынан қаракөз бауырларын талмай iздесе, бас редактор кезiнде өз тiлшiлерiн осы бағытта талмай қамшылап отырды. КСРО халықтарының спартакиадасында Молдавияның атынан жүгiрген Ғұсман Қосановты алаш жұртынан сүйiншi сұрап, көпшiлiкке алғаш таныстырған осы Сейдағаң болатын. Велосипед спортынан 1971 жылғы Одақ спартакиадасында күмiс медаль олжалаған Олег Түсiмханов жайында бiрiншi болып көлемдi көркем хикаят жазған да бiздiң ұстазымыз. Ағаның қаламынан туған “Жұмыр жерде теңбiл доп” кiтабын сол тұстағы қазақ жанкүйерлерi қыл үстiнен бөлiп алды. Қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы туралы “Бастау барын мұхит та бiледi”, Әбдiсалан Нұрмаханов туралы “Тау қопарған жекпе-жек”, Серiк Қонақбаев жайлы “Соңынан қос ат мiнiп қусам ба екен?”, Жақсылық Үшкемпiров жайындағы “Бiрiншi” әңгiмелерi қандай тамаша, шiркiн! Бұл дүниелердi оқыған адам Сейдағаңның өз ұлтына деген махаббатына, жазушылық шеберлiгiне ерiксiз сүйсiнедi.
Бiз ағаның қаламынан туған шығармаларды құмартып оқыдық. Қайта-қайта парақтадық. Сөйтiп жүрiп, ағаға көзсiз елiктедiк. Сол сезiм бiздi “Лениншiл жасқа” бастады. Тарих мамандығына талпынып жүрiп, жастар газетiн жағаладық. Сейдағаңды бiр көру арман едi. Күндердiң күнiнде арманымызға жеттiк. Айдарынан жел есiп, таралымы 300 мың данаға жеткен “Лениншiл жастың” ұзын дәлiзiнде ұстазды алыстан бiрiншi рет көрдiм. Ол кiсi өзiн ұзақ жыл сырттай ұстаз тұтқан, кiтаптарын кемiрiп оқыған арық қара бозбаланы байқаған жоқ.
Көп ұзамай тағдырдың жазуымен Сейдағаңның ең сүйiктi шәкiртi Несiп Жүнiсбайұлының тiкелей себепшi болуымен “Лениншiл жастың” спорт бөлiмiне тiлшi болып қызметке тұрдық. Дәл осы сәтте Алматыға Киевтiң “Динамосы” келе қалды. Кеңес одағы чемпионатының кезектi турында Алматыда “Қайратпен” айқасуға. Орталық стадион жанкүйерге лық толды. “Қайрат” атағы жер жарған Валерий Лобановскийдiң командасын – Еуропа кубогын олжалап, Одақты сан мәрте дүркiреткен “Динамоны” 2:1 есебiмен ұтып жiбердi. КСРО құрамасында бiрнеше жiгiтi ойнайтын киевтiктер жер шұқып қалды. Даңқы жер жарған Олег Блохинннiң алаңнан стадионға ене бере араның ұясындай гулеген қалың жанкүйерге қайырыла қарап, ызаға булыққаны әлi көз алдымда.
Хош, сонымен репортаж қамына кiрiстiм. Алаштың қос марғасқа футболшысы Сейiлда Байшақов пен Құралбек Ордабаевтың ойын туралы бiрауыз пiкiрлерiн бiлгiм келген. Ағаларды ұстай алмадым. Содан екi күн, екi түн алақағаз бен қаламды серiк қылып, үш беттей репортаж жазып шықтым. Ағаның мақала тақырыбына ерекше мән беретiнi белгiлi. Ұмытпасам, 12-13 тақырыпты қағазға тiзiп, солардың iшiнен “Жанкүйер бiр желпiндi “Қайратым” деп!” тақырыбын таңдап алдым.
Дүйсенбi күнi таңертең репортажды машинкаға бастырып, ақырын басып ағаның алдына бардым. “Бұл не?” “Қайрат” пен “Динамоның” ойынынан репортаж жазып едiм...” Iшкi толқуды зорға тежеп, репортажды қолына ұстаттым. Аға үш бет қағаздың шекесiндегi тақырыпқа ойлана қарап, әрi қарай оқи бастады. Байқаймын, менiң бұл тiрлiгiмдi терiс көрмейтiн тәрiздi. Жаңа алғаш кiргенде қабағы қатулы сияқты едi. Ендi жүзi жылып, екiншi бетке көштi. Бiр кезде “Секретариатқа досыл беремiн деп ескертiп пе едiң?” – деп сұрады. “Жоқ”, – дедiм төмен қарап. “Онда бiр айналып кел”.
Қайту керек. Жазғаның ұнады”,– деп, репортаждағы кейбiр ойларды, иiрiмдердi атап айтты. Тақырыпқа да көңiлi толған екен. Бiрнеше күн ширығып, алаң көңiл жүр едiм. Иығымнан ауыр жүк түскендей жеңiлдеп сала бердiм. Сөйтiп, ұстаздың алғашқы емтиханы артта қалды.
Сейдағаңның бiр қасиетi, әлемдегi ең мықты басылым “Лениншiл жас” деп бiлетiн. Егер қазақтың бұрын танылмаған бiр дарынды баласы туралы басқа газет бiрiншi жазып қойса, сол салаға қатысты бөлiмнiң тiлшiлерiне қатты ренжитiн. Ал бiз тыңнан жас қазақ спортшысын тауып келсек, балаша қуанатын. Ондайда “Өзiме тартқансың” деп өзi де марқайып, бiздiң де мерейiмiздi өсiрiп тастайтын.
Жақсы мақала жазған журналистi көптiң алдында көтермелеп, басқаларға үлгi қылушы едi. Бiр дүниемiз сәттi шықса, үлкен басымен кабинетiмiзге келедi. Қатты мақтамайды. Көңiлi толғанын жанарынан ұғасың. Бiр ауыз сөзбен бағасын бередi. Бiр ауыз сөзбен жетiлдiретiн тұсын айтады. Қуанып тұрып, ойланасың. Ойланып тұрып, ширығасың.
...1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде сол тұстағы Орталық комсомол комитетi қатты дүрлiктi. Барша қазаққа жабылған жаладан “Лениншiл жас” та құтылған жоқ. Комсомолдың белсендiлерi: “Қайратта” қазақ жоқ деп, қазақтың ұлтшыл болуына сендер атсалыстыңдар”, – деп Сейдағаңның ұжымына да шүйлiктi. Ұзамай ағаны бас редакторлықтан босатып, “Жалын” баспасына директор қылып тағайындады. Аптасына бес рет жалаулатып шығатын газеттен Сейдағаң осылай алыстады. Бiрақ бiз жөнi түзу дүние жазсақ, телефон шалып, риза қылатын. Кабинетiне жолымыз түсiп бара қалсақ, құшағын жайып қарсы алушы едi.
Қазiр қазақ спорты әлемге танылды. Бiз осы жеңiстiң алтын бастауында Сейдағаңдай арыстан жүректi, сырбаз ағалар тұрғанын ұмытпауымыз керек.
Қыдырбек РЫСБЕК,
Сейдахмет Бердiқұловтың шәкiртi.
***
ҚУАНЫШБАЙ ҚҰРМАНҒАЛИ,ЖАЗУШЫ: СЫПАЙЫ, СЫРБАЗ МIНЕЗI БЕКЗАТ БОЛМЫСЫНА ЛАЙЫҚ ЕДI

Ендi айтқан пiкiрiмдi тiрiлтетiн азды-кем мысал келтiре кетейiн: “Қыстан қалған қарын шөптей селдiр сақалы бар екен”, “Қыза-қыза сөйлеп, расында да күптi ойды қолды-аяққа тигiзбей сейiлттi де жiбердi”, “Ой қара нөсер алдындағы бұлттай жөңкiледi”, “Сымбат жып-жылы алақанын ұсынды. Бiр минут жап-жарық күндi ұстап тұрдым”, “Ақ бура боран келгендердiң етегiне оралып жүр”, “Шыңылтыр аяздан қуқыл тартып жаураған ай”, “Шыңдар серейген, серейген. Қараңғыдағы көлеңкедей арбиған, сұсты, тәкаппар”, “Кейде ойдың өзi де тышқан аулап кетедi”, “Келе жатқан иек артпада тұрған күз”, “Шу... Басын тауға да, тасқа да ұрып сабасына түскен қарияға ұқсайды”, “Ауыр жылдары бала болған бәрiмiздiң жүрегiмiздi бiрге соқтыратын қаталдығы нар жүгiндей, нәзiктiгi жiбектей майда бiр сезiм бар”, “Отырмыз омалып, құдай алмайды. Қылқиып жүргенiмiз болмаса, көңiл көрiн баяғыда қазып алғанбыз”, “Бүгiнгi ажырасу жүрегiмдi сояу тырнақпен тырналайды”, “...Аты Тауыпкел... Неге олай аталғаны бiр көш жерге жетерлiк әңгiме”, “Қылаң иек көктем”, “Талыстай десе талыстай екенсiз... Алақанға ұсынған қолым зым-зия жоқ боп кеттi”... Мiне бұл Сәкеңнiң сөз ойнатып, сөйлем құрып, жазу машығын айғақтайтын, суреткерлiгiн сездiретiн үзiп-жұлып алған мысалдар ғана. Оның ақиқаттығына көз жеткiзу үшiн жазушының шығармаларын түгел оқып шығу қажет...
Сәкеңнiң өнердегi өмiрi сияқты тiршiлiктегi түр-тұлғасы да, болмысы да бөлек едi. Ағаның киiм киiсi, жүрiс-тұрысы, адамдармен араласы да ешкiмге ұқсамайтын. Әңгiменi майын тамызып, әдiптеп, әсерлеп, дәмiн келтiрiп айтатыны да есте. Әзiл-қалжыңы да жарасымды, әдептен озбайтын қалыпта естiлетiн. Сыпайы, сырбаз мiнезi бекзат болмысына лайық едi. Сергектiгi мен сезiмталдығы да ғажап қалдыратын.
Аяулы ағаның асыл бейнесi көзiмiз тiрiсiнде көңiлiмiзден өшпесi анық. Өйткенi Сәкең асқақ адамгершiлiк пен азаматтық парызына адал ұлт перзентi болатын.
***
ӘБДIЛДА ТӘЖIБАЕВ: СПОРТ ТАҚЫРЫБЫН БИIК МӘДЕНИЕТКЕ КӨТЕРДI
“Аспаннан шұға жауған күн” секiлдi кiтапты жазған Сейдахмет ендi әлемдiк спорт ойындарын iшкi-сыртқы сырымен, сан қырымен, шебер бояуымен көлегейсiз көрсететiн болыпты. Спорт тақырыбын биiк мәдениетке көтерiптi. Бiр байқағаным: оның кiтаптарындағы кейiпкерлерi тек қара дауыл күш-қайраттың, ересен ептiлiктiң ғана иесi емес, намыс оты маздаған, жүрегiне ел мен жердi сыйғызып, сымбаты мен сыры жарасқан жiгерлi адамдар екен. Маған Сейдахметтiң негiзгi сүйген дүбiрi – бүкiл әлемдiк оқиғалардың қатарында саналған спорт жарыстары (Олимпиада, одақтық, еуропалық және дүниежүзiлiк бiрiншiлiк) болса да, сол ұлы жарыстарға бара жүрiп, сол елдердiң тарихын, тағдырын аңғарғыштығы ұнады. Тағы бiр ұнағаны – баяндап отырған геройларымен қатар өз оқушыларына деген ақжарқындығы және сенгiштiгi.
С.Бердiқұловтың кiтабында қала, теңiз, мұхиттар, сан қилы халықтар, олардың әдет-ғұрыптары өте бай әңгiмеленедi. Оқырманға қызықты да жақын бiр нәрсе бар. Ол қайда жүрсеңiз де, кiмдермен кездессеңiз де, сiзге жат көрiнетiн ештеңе жоқтығы. Бәрi де өз мекенiң, өз жұртың, өз туысың сияқты қабылданады.
Спорт әлемi – жазушының соңғы жылдардағы сүйiктi тақырыбы. “Аспаннан шұға жауған күн”, “Мұңайып оянған қала”, “Аргентина: әлемдiк доп-дода”, “Жұлдыздар өмiрiнен бiр жолақ”. Әр шығарма – шашаусыз жазылған әдемi дүние.
***
ӘБДIЖӘМIЛ НҰРПЕЙIСОВ:. ҚАЛАМГЕРЛIК ДАРАЛЫҚ
Қайда тұрып, қайда жүрсе-дағы туған ел мен жердiң тұлғасын таныта алатын, адамдық қадiр-қасиеттерiмен дүниедегi құбылыстарға көзқарасы бойынша өзара бiте қайнасып, бекiген азаматтарды iздесек, соның бiрi – жазушы Сейдахмет Бердiқұлов. Не iстесе де барлық адам атаулыға ортақ мақсат-мүдденi көздейдi. Нағыз адамдық, азаматтық мiнез Сейдахметтiң қаламынан да, адамгершiлiк санатынан да көрiнедi. С.Бердiқұлов жазып шығарған кейiпкерлер мiнезiнде адамдық ар мен абырой, намыс пен сенiм басым екенiн көрiп жүрмiз. Бұл – оның қаламгерлiк даралығы дер едiм. Оның шығармалары құрылымдық жағынан оқшауланады, айшықты, нәрлi, қазақ тiлiнiң нәшiмен сөйлеседi. Жазушының кiтаптарын сөреге қатар жиса, соның тең жартысы дерлiк спорт әлемiн қамтиды. Сейдахмет – қазақ топырағында бұл тақырыпты көркем әдебиет сатысына дейiн жеткiзiп, оның биiгiне алып шыққан алғашқы адам. Мен оның “Егеулi найза” мен “Жұмыр жерде теңбiл добын” да, “Мұңайып оянған қаласы” мен “Нартәуекелiн” де тұтас прозалық шығармалар ретiнде қызығып оқимын. Өйткенi оның барлығында да кейiпкерлердiң тұлғасы толық ашылады. Жазушы Бердiқұлов деректi дүниеден сыр суырып, қазақ қаламгерiнiң игiлiк дәстүрiн iлгерi апарушы, жаңа ойды кермедегi жүйрiктей үкiлеп ұстап үйренген. Ой дегенде көрдiм-бiлдiм деп тiзбектей беретiн доғал ойдың кемiгiн сорғызуды бiлмейтiн, тыңнан қиқу салып, айтарын қылыштай қиып түсетiн, өзiнiң ой-өрiсiмен, iзденiсiмен, толғауымен бiрге, өзiн ғана емес, туған ел, өскен жерiн, туған өнерi мен мәдениетiн уақыттың арғымағына бiрге мiңгестiрудi көздейтiн ұзаққа жаратылған азаматтық тұлға бар.
***
ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ,ҚАЛАМГЕР, ПУБЛИЦИСТ: “ЛЕНИНШIЛ ЖАСҚА” ЖАРТЫ ҒҰМЫРЫН БЕРГЕН АДАМ

Газеттi “Жас журналистердiң ұстаханасы” дейтiн. Ол кездерi аттары дүрiлдеген талай жазушылардың, ақындардың тұсауын кесiп, жазуға баулыған – осы газет. Аптасына 5 рет оқырманмен қауыштыратын газеттi ең көп басқарған, сол газетте ең көп iстеген адамды бiлесiздер ме? Әрине, ол Сейдахмет Бердiқұлов көкемiз. 27 жыл ғұмырын бiр газетте өткiзiп, бойындағы бар қуат, ақыл-ойын бере бiлу мыңдардың бiрiнiң қолынан келмейтiн шаруа. Және бiр ғажабы, сол газеттi жоғары деңгейден бiр түсiрмей жарқыратып ұстап тұруға қаншама қайсарлық, қаншама күш-жiгер, кемеңгерлiк керек десеңшi! Иә, Сейдағаң толқын-толқын болып келген талай мықтылардың тұсауын кескен ең мықтының өзi едi ғой, шiркiн!
*****
Мен “Лениншiл жасқа” келгенде жиырма бесте едiм. Бiзге сол кезде Сейдағаңдар жасы үлкен, Алатаудай биiк көрiнетiн. Ендi бағамдап қарап отырсам, ол кiсi бар болғаны сол кезде қырық бесте екен.
“Лениншiл жаста” iстеп жүргенде менi аға өзiне жақын тартып iнiсiндей көрдi. Демалыстарда отбасымен бiрге саяжайға баратынбыз. Аз-мұз шаруа iстеген соң аға әңгiме тиегiн ағытатын. Көңiлденгенде жүзiнен нұр төгiлiп, ара-арасында қарқылдап күлiп те алатын. Бiлмейтiн нәрсесi жоқ едi. Әзiлдiң де отын жиi-жиi жандыратын. Бiрде мен ол кiсiнiң балалық шағы туралы сұрадым. Үнсiз отырып қалды. Содан соң мына төмендегi жайды жүзiн мұң кiреукелеген күйi айтып бердi.
Қазақ даласында сұрапыл аштық болып жатқанда Сейдахмет аға дүниеге келiптi. Ел ендi ес жия бастағанда “халық жауы” деген ылаң шығып, мұның Бердiқұл әкесiне де сондай қара күйе жағылып, айдалып кете барған...
*****
“Лениншiл жасқа” жарты ғұмырын берген адам Сейдағаң нағыз қазақ едi. Кеңес империясы ұлттық нақышты жек көрiп, оны баспасөз бетiне жолатпауға, жоюға тырысатынын жақсы бiле тұра, Сейдахмет аға байқатпай қазақтың санасын оятатын штрихтарды шеберлiкпен сызаттап енгiзетiн. Мәселен 22 наурыздың нөмiрiн жыл сайын көктем нөмiрi деп бояумен шығаратынбыз. Кейiн аңғарсақ, оның астарында Наурыз мейрамы жатады екен. Арнаулы нөмерлерге Сейдағаң жiтi қарап, оның әрбiр сызығына дейiн өзi бақылайтын. Айта берсең, ұстазымның мұндай қырлары көп. Оны ғылыми тұрғыда зерттеп, журналистика оқулығына “Сейдахмет Бердiқұлов мектебi” деп енгiзген дұрыс-ау...
*****

Бiз Желтоқсан көтерiлiсiнде Жұбан Молдағалиевтiң ерлiгiн, батыл сөзiн жиi мысалға келтiремiз. Ал ендi Кремльден келген басшыға “Осы қанды қырғынды жасап, соған жеткiзген сендерсiңдер!” деп арыстандай ақырып айтқан ағаның сөздерiн бiз неге айтпаймыз? Заңғар айтқан мына әңгiме де есiмнен кетпейдi. “Русская зима” деп тамсанған бiр қазақты бұрышқа тығып, қуып шыққанының өзi неге тұрады?!
Ұстазға деген сағыныштың орны бөлек. Қолдан келетiнi Құран бағыштайсың ол кiсiлердiң аруағына. Жақында жылдағы әдетiмiзбен Сапарбай Парманқұлов досым екеумiз ағаның жатқан жерi Кеңсайға барып, Құран оқып қайттық...
«Лениншiл жас» ұжымы. 1983 жыл.
Табиғат аясында. 1982 жыл
Сатирик Т.Кенеев пен С.Бердiқұлов. 1969 жыл
С.Бердiқұлов қаламдас достарының ортасында. 1982 жыл
"Жас Алаш" газеті