Таңбалы тастар тасада қалып қойды

5744acc80682365d407c804772135940Алматы қаласынан сол­түс­тік-батысқа қарай 170 ша­қырым жердегі Таңбалы тас­ты өз көзімізбен көру үшін бір топ журналист жолға шықтық. Жолдың нағыз машақаты діттеген жерімізге 40-50 ша­қырым қалғанда бас­талды. Ойдым-ойдым жол та­рихпен жүздесуге бара жат­қан біздердің бетімізді қай­тара алған жоқ. Жол қуып жет­кеніміз сол еді, бір топ адам емен-жарқын аман­да­сып, шашу шашты. Арасынан сөз сұрағаны домбыраны күм­бірлетіп, таныстық-бі­ліс­ті­гі­мізді әнмен ашып берді. Олар «Таңбалы» мемлекеттік та­рихи-мәдени және табиғи қо­рық-музейінің қыз­мет­кер­ле­рі екен. Директоры Ерлік Әлім­құлов сөз бастап, биыл бұл қорық-музейдің 10 жылға то­лып отырғанын айтты. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар ті­зі­міне енген қорық-музейдің қорғауға алын­ған жалпы аумағы 3800 гектар екен де, оның 9 гектары аса маңызды тарихи орын бо­лып саналады. Мұнда тек жаяу жүруге бо­лады және туристер таулы-тасты жер­ге лайықталған киім киюі тиіс екен. Туристік мар­шрут 3000 метрге де­йін жете­ді. Сонымен қатар де­ма­лу­ға ар­нал­ған орын­дықтар мен саялықтар жа­ңадан қо­йыл­ған. Мұндағы қоныстар, молалар, ертедегі тасқа қашалған таңбалар, петроглифтер және табыну ғимараттары (құрбан ша­лы­натын жерлер) бейне бір ерте дәуірге еніп кет­кендей әсер қалдырады. Ғалымдардың ай­туынша, таңбалар саны 5000-ға жетіп жы­­ғылады. Біз­дің экскурсиямыз қола дә­уі­рінен бастау алып, хронология бо­йынша орта ғасырларға дейін жалғасты. Бі­рінші рет бұл жәдігерлер 1977 жы­лы Анна Мак­си­­мов­на­ның жетекшілігі бо­йынша жа­сал­ған экс­пе­ди­­­цияда зерт­тел­ге­нін айтуымыз ке­рек. Ке­­йіннен зерт­­­­­теу­шілер Алексей Ма­рья­шев, Зей­нол­ла Сама­шев және Алексей Ро­­­го­жин­ский­лер бұл тақырыпта көптеген ең­­бектер ж­а­зыпты. Экскурсия алты топтан тұрады Сонымен, экскурсиямыздың бірінші то­бы кейінгі қола дәуіріне жататын (б.з.д. 12-10 ғғ.) жазық алқаптан басталды. Мұн­­да түрлі дәстүр бойынша адам жерлеу рә­сімдері өткені белгілі болды. Әрмен қа­рай петроглифтердің сақталған ең көп бө­лігі – қорық-музейдің орта тұсына жал­ғас­ты. Тас бетіндегі таңбалар көбіне аяқ­­тал­маған, жартылай салынған (немесе өшіп кеткен). Оларда жануарлар мен адам­­дар бей­не­ленген. Қорықтағы ең үлкен, 70 сан­ти­метрлі таңбалар да – осылар. Екінші топта 400-ге жуық тасқа са­лын­ған сурет бар. Таңбалы петроглифтерінің кө­­не және ең айқын топтамасын білдіретін қо­ла дәуір (б.з. дейінгі ХІV-ХІІІ ғғ.) кес­кіндемелері көп. Олардың қатарына жа­ба­йы аңдардың (бұғы, жылқы, өгіз, қас­қыр және т.б.), сонымен бірге ан­тро­по­морф­тық фигуралар, атап айт­қанда, фантас­ти­калық (бетперде киген садақшы, «жа­санғандар») кескіндемелер жатады. Суреттер ірі (25-75 см), терең әрі айқын салынған. Жан­уар­лар­дың сақ кезеңіне жататын «аң стилінде» жеке кескіндемелері б.з. дейінгі І ғасырда пайда болған деседі музей мамандары. Ал ІІІ топта тасқа салынған 400-ден аса кес­­кіндеме бар. Қола дәуіріндегі кес­кін­де­ме­лер (б.з. дейінгі XIV-ХІІІ ғғ.) ба­сы­мырақ, ал көбі кейінгі кезеңдерде жа­ңар­тылыпты. Олардың қатарына жабайы аңдарға аңшылық жасау көріністері (құ­лан­дар, тау ешкілері), өгізді құрбандыққа шалу және т.б. көріністер жатады. Тасқа ойып, қашап салу өнерінің ең үздік туын­дысы ретінде өгізге мінген күн басты құ­дай­лардың және буаз сиырдың бей­нелері болып табылады екен. Кейінгі қола кезеңіне (б.з. дейінгі ХІV-ХІІІ ғғ.) адамның құрбандық шалу кө­рі­нісі жатады. Сақ ке­зе­ңіне жататын (б.з. де­йінгі V ғ. ортасы) аң стиліндегі жан­уар­лардың бейнелері және балта ұстаған сарбаздардың әскери биінің көрінісі кіреді. ІV және V топтарда 1000-нан аса сурет бар. Мұнда да кө­біне жануарлар бейне­ленген. Олар: дене­сінде жолақтары бар өгіз­дер, жыл­қылар, қабан және т.б. жан­уар­лар. Бір ерек­шелігі, әскери арбалар мен түйеге жегілген әскери жүк арбалар, со­­нымен бірге антропо­морф­тық фигу­ра­лар, олар­дың қатарында күн басты құ­дай­лар кес­кін­демелерінің бірнеше ірі компо­зи­ция­лары жатады. Моңғол тастарындағы «бұғышылар» сти­ліндегі және сақтың аң стиліндегі бұғылардың кескіндемелерінен тұратын композициялар б.з. дейінгі І мың­жыл­дық­тың бірінші жартысына жатқы­зы­лыпты. Орта ғасырларда басының айна­ла­сында сәуле түріндегі нимбасы бар той-ду­ман кезінде отырған антропоморфтық құдайдың, атты жасақшылардың, бұғы­лардың, сонымен бірге түркі тайпалар таңбаларының кескіндемелері бар. VI-топта 250-ден аса қашалған сурет бар. Ерте темір дәуірдегі петроглифтер басымырақ, әсіресе орта­ға­сыр­лық сурет­тер аңшылық көрінісі, ту ұс­та­ған атты жа­сақ­тар сонымен бірге тай­па­ла­рының таң­ба­лары көп. Түркі пе­­троглифтерін көбіне көне ком­по­зи­ция­лар толықтырады, қола және ерте те­мір ға­сыр суреттері көбірек сақ­талған. Онда қа­зірде кездесетін бұғы, елік, жылқы су­рет­тері болса, кейде күн басты адам секілді өзге танымдық бей­не­лер салынған. Жыл­қы үстінде отырған адам­дар, бір ошақ ба­сында билеп жүрген адам суреттері де бар. Тастағы тарих бүлінуде Тарих, дала өркениеті мен мәдениеті дәл осы тастардың бетінде қашалып са­лын­ған. Бірақ тарихи кешеннің жағдайы осы бастан түзелмесе, аз-ақ күннің ішінде құ­рып кету қаупі бар. Кейбір бейнелер уа­қыттың, табиғи жағдайлардың себебінен бү­лінсе, кей жағдайда тіпті жергілікті жа­қын маңдағы тұрғындар мен келушілердің де жауапсыздығы тарихи деректерді бүр­ке­мелеп жатыр. Оны қойсаңыз, ке­ңес  өкіметі тұсында да түрлі әскери сы­нақ­тар мен жаттығулар алаңына айналыпты. Қор­шауға алынған аймақтың солтүстігінде жолсызбен жүріп жатқан бірді-екілі жүк көлігін байқағанымызда мұны таныстыру­шымыз әлдеқандай әк алынатын орынның да жақын маңда орналасқанын айтып қал­ды. Бастапқыда айтып өткен сапасыз жол­дар сол жүк көліктерінің кесірінен екен, сөйтсек. Әйтсе де мұнда адамдар кей құдіретке сенгеннен келеді дейді жолсерігіміз. Талға, тасқа байланған шүберектер де болған екен, тек оларды кейін алып тастауға тура кел­ген. Тіпті жапониялық туристер келіп, өзгеше бір әсер алғандығын, өзін жеңіл сезініп, бір рақаттанғанын айтқан. Ерлік Әлімқұлов, «Таңбалы» қорық-музейінің директоры: – Қазірде «Таңбалы» қорық-му­зе­йін­де үш проблема бар. Біріншісі – жол. Екіншісі әрі маңыздысы – тасқа қа­шалған бейне, пе­троглифтерді сақ­тау және қалпына кел­тіру. Мұнда «Қаз­қай­тажаңарту» РМК бізге кө­мекке ке­лу­де. Үшіншісі – «Таңбалы» ке­ше­нін са­лу. Таңбалы кешенінде болашақта ту­ристерге барлық жағдайды жаса­уы­мыз ке­рек. Мәселен, қонақүйлер, де­ма­латын орындар, қорық-музейдің бас кеңсесі де­ген сияқты жобаларымызды да да­йын­дап қойдық. Еліміздің ғана емес, адам­зат­тың назар аударарлық жә­дігері ендігі ке­зек­те БАҚ құралдары та­рапынан на­­сихат­талса де­ген ниетіміз бар. Болашақта осы мә­се­ле­лерді ше­ше­тінімізге кәміл сенемін.

Ардақ ҚҰЛТАЙ