Кенесары хан сарбаздарының зираты табылды

2
1609

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола астана болғанда, көрнекті археолог-ғалым Кемел Ақышевты арнайы шақыртып, Есіл бойының осы тұсын деңдеп зерттеуді ұсынған болатын.

Бұл бастама да жемісті болды. ХІХ ғасыр топографтарының картасына түскен Бозоқ қалашығына кешенді археологиялық зерттеулер жасалып, Астананың арғы негізінің ұшқыны шықты. Сөйтіп қазіргі бас қаламыз тарихи дәуірлерді лайықты жалғастырған алтын көпір, құтты мекенге айналды.

Әлемдегі кез келген тарихи шаһарлардың халқы мен қонағы аялдамай өтпейтін жерлері болады. Мұндай жерлер – әдетте ғибадатханалар, сәулет ескерткіштері және қорымдар.

Иә, өмірдің өз ағысы секілді, заманалар көшеді, белгілер қалады. Мысалы, қазір мектептегі балаға дейін білетін бір факт: Ақмола маңайында ел тәуелсіздігі үшін күрескен Хан Кененің (1802-1847) тарихи шайқастары жүрген. Азаттық жолында соңғы ханның талай сардарлары, сарбаздары басын бәйгеге тіккен. Ал, енді осы тағылымды оқиғаның қандай белгі-орны сақталған?

Осы сұрақ тарихқа бейжай қарамайтын талай отандастарымызды толғандырушы еді. Толғана отырып, Есілдің бойына Елбасымыздың тапсырмасымен орнатылған Кенесары хан ескерткішінен рух, тарихи серпін алатынбыз. «Осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасында! Бұл – Елбасымыздың сындарлы саясатының жемісі!» деп, тәубемізге келетінбіз.

Бір қызығы, осы өңірдің көнекөз қариялары «Кенесары сарбаздары көне қорымға жерленген» деген деректі жиі айтатын. Осы деректің шынайылығы таяуда нақты белгілі болды.

Астананың «Жастар» шағын ауданы аумағында орналасқан көне қорымнан елордалық жастардың «Жас азамат» ұйымы Хан Кененің шаһит кеткен 200 сарбазының рухына арнап қойылған көне құлпытасты тапты.

Құлпытаста араб харпімен былай деп жазылған:

1-жол: Ережеп айының /…/ оразасы

2-жол: 1838-інші жыл Сармырза

3-жол: Қайыролла /…/ қолының

4-жол: /…/ Саржан ұлы

5-жол: 50 жасауыл Ақмола

6-жол: Ханның ұлы төрелер 200 сардар

7-жол: Көшті Алла-тағала әрбір шаһит

8-жол: Қыршын жасын /…/

Мәтінде көп нүкте қойылған жерлердегі сөздер өшіп кеткен, сондықтан әзірше оқылмай тұр. Құлпытастың сол жақтағы тігінен жазылған жазуда «Иманқұл» деген сөз оқылады. Бұл ескерткішті орнатқан адамның аты немесе имани сөздің басы болуы мүмкін. Оң жақтағы тігінен жазылған жазу әзірше оқылмай тұр. Бірақ заманауи жазу тану технологияларын пайдаланып оқылмаған жазулардың біразын болашақта ажыратуға болады деп есептейміз.

Ә дегенде құлпытас мәтінінен (эпитафия) не ұғамыз?

Біріншіден, бұл ескерткіш – сөзсіз ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы Кенесары көтерілісінде марқұм болған қазақ батырларының құрметіне қойылған белгі. Өйткені мұнда көрсетілген жыл, кісі аттары, сөз-ұғымдар сол оқиғадан дәл хабар береді. Екіншіден, ескерткіштегі атау-ұғымдар жалпы болғандықтан, бұл – бүгінгі тілмен айтқанда, қан майданда шейіт болған бауырластар қорымын меңзейтін белгі.

Қалай дегенде, осы тарихи құлпытас орнатылған мерзімінің ерте-кеш екеніне қарамай (әлбетте, кейінірек орнатылған болуы мүмкін) Қазақстан және Астана тарихы үшін елеулі факт болып қалады.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Садуақасұлы (1900-1933) аса қиын кездің өзінде Хан Кене туралы: «Патша өкіметінің зорлықпен істеген істеріне қазақ жұрты, әрине, риза болған жоқ. Бұл өкіметке көзге көрінгендей ең бірінші қарсылық қылған – Кенесары. Осы күні қазақтың жазылмаған тарихында Кенесарының аты көптің аузында жанжалда жүр. Кенесарының хан екені рас, қолында билік болса, аспаннан айрықша нұр жауғызбайтыны да былай тұр. Бірақ Кенесарының тарихи қызметін бағаламауға болмайды. Біз Кенесарыны құр аты үшін күйдіре алмаймыз. Кенесарының қызметіне қарай баға беру керек» деп жазған еді.

Бір қуанарлық жайт, еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері аса көрнекті ханның тарихтағы орны айқындалып, жан-жақты зерттелініп келеді.

Ендігі басты міндеттің бірі – Астанадағы «Бабалар қорымында» жатқан Кенесары хан батырларының құлпытасын лайықты әспеттеп, осы зиратқа Тәуелсіздік талаптарына сай белгі қойып, тарих тағылымын ұрпаққа кеңінен насихаттау, түсіндіру деп білеміз. Екінші міндет – осы қорымды қорғауды мемлекет қамқорлығына алу.

Бұл орайда ғалымдарымыз да кешенді зерттеу жүргізіп (мәселен, бұл қорымда 1879 жылы қайтқан шейх Бердібай Қабиболлаұлының құлпытасы тұрғаны мәлім), елорда тарихын тереңдетуге атсалысады деп сендіргіміз келеді.

 Жандарбек Мәлібекұлы,

Қазақстан Мемлекеттік Елтаңбасының авторы,

Әшірбек Мүминов,

тарих ғылымдарының докторы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлары

 

2 ПІКІРЛЕР

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз