Кенесарының рухы – азаттықтың айбыны

5260«Кенесары ханның басын отанына қайтару» туралы Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путинге петиция жасап, change.org сайты біраз қол жинап та үлгерді. Бұл бастама әлеуметтік желілерде де жалғасын тауып, көпшіліктің қолдауына ие болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын бабамыздың басын іздеп, жазушы Тұрсын Жұртбай бастаған топ Ресейде сапарлап келіп еді. Еңбектерін жоққа шығармаймыз. Бірақ нәтижесіз. Себебі, КСРО құлаған соң, Мәскеу мен Санк-Петербугтегі мұражай қорында тұрған заттар заңды түрде «Ресейдің меншігі» деп бекітіліп, қатаң тізімге алынған. Бұл, әрине, бізден барған іздеуші топтың жұмысына айтарлықтай кедергі келтіргені сөзсіз. 1950-1953 жылдары Эрмитаж бен Кунсткамераның, 1960-1963жылдары КСРО халықтар музейінің жекеленуіне байланысты экспонаттар талан-таражға түскен. Ал, архив материалдары 1980 жылы Мәскеу мен Санкт-Петербургтің және облыстардың архивтеріне жіберілген, соған орай қорлардың аты, рет саны, заттардың аты өзгертілген. Осы талан-таражға байланысты, Кенесарының бас сүйегі де сөреден-сөреге ауысқан. Соғыс жылдары көптеген экспонаттар Самарқан, Қостанай, Саратов қалаларына көшірілген. Осы жерлерден экспонаттар толық қайтарылмаған. Кенесарының басының да әр жерге көшіп жүруі әбден мүмкін. Сондықтан, ханымыздың басы біз іздеген жерлерден емес, мүлде ойла­маған жерлерден табылса, таң қалудың қажеті жоқ. Хош, Кенесары ханның басын осы күнге дейін елге әкеле алмадық делік, ал әруағына лайықты сый көрсете алып жүрміз бе? Иә, қазақ ырымшыл халық. «Соңғы ханымыздың басын елге әкелу – ұлттық парызымыз» дейміз. Елге жеткізіп, қайта арулап жерлесек, бабамыздың әруағы бір аунап түсер еді. Дей тұрғанымен, елге жеткізу әзірге қолдан келмей жатыр. Ал әруағына сый көрсетудің еш себеп сұрамасы да анық. Шаң басқан мұрағаттардағы Кенесары туралы бұрын жазылған ғылыми еңбектерді жарыққа шығару, соңғы ханымыздың атой салған ұрыс алаңдарына экспедиция жасау, бас сүйекті іздеу секілді бастамашыл азаматтардың еңбегін жоққа шығаруға болмас. Ал, мемлекеттік тұрғыдан ұлттық рухымызды көтеру мәселесінде Кенесарының аты аталмақ түгілі, ойға да оралмайтыны ащы да болса, шындық. Мәселен, Кенесары ханның ескерткішін елордадан ғана кездестіруге болады. Басқа қалалардан қазақты билеген ханның ескерткіші тұрмақ, ол туралы мәліметтердің өзін табу қиын. Мейлі, бабамыздың басына алаңдайық, бірақ, рухы мықты ұлт болуымыз үшін, әуелі өзіміз де оның әруағына лайықты құрмет көрсетуіміз керек емес пе?!. Басқа да қалаларға ескерткішін орнатып, оның атына берілген көшелерді көбейтіп, бүгініміз бен ертеңіміз үшін өткеннің куәсі болған мәліметтерді жинақтап мұражайлар ашып, қажет болса, Кенесары ханның атына ер-балаларды оқытатын арнайы мектептер ашсақ, бұл ұрпақ бойына патриоттық сезімді қалыптастыру мен тарих, ұлт мәселелеріне қосқан үлесіміз болар еді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды», – дейді дана халқымыз, міне, өзіміз айтып жүрген әруақ ризашылығын сонда алармыз. Жарық дүниені көруден қалса да, болашақты болжаудан қателеспеген әулие Вангаға ақтаулық тұрғын Евгений Черемушкиннің жолы түсіп, келешегін көргісі келген ниетпен кіріп шығу үшін таусылмайтын кезекке тұрыпты. Үш күн өткен соң, кезегі келген Евгенийге Ванга: «Сен бақытты елде тұрасың. Елдеріңіз өте бақытты, жырақта жатқан бір батырларыңыздың басын елге әкелсеңіздер, істеріңіз оңға басады», – деген көрінеді. Көріпкел Ванганың сөзінінің жаны бар. Тәуелсіздік үшін аянбай күрескен соңғы ханымыздың жырақта жатқан басын елімізге әкелу – ел рухын асқақтату. Тәуелсіздігімізге сын болған бас сүйек ел рухына айналғалы қашан. Бабамыздың басын елге жеткізіп, ерлігі мен болмысын дұрыс дәріптеп, боймызға сіңдіріп, лайық құрмет көрсете алғанымызда ғана біз шынайы тәуелсіз ел болмақпыз. Осынау өзекті мәселе жөнінде Қазақ­станның «Ақ жол» демократиялық партия­сының Мәжілістегі депутаттары үкіметке арнайы сауал жолдап, Кенесары ханның ғазиз басын міндетті түрде елге қайтару керектігін талап еткен болатын. Мұның өзі тарих алдындағы парызымыз, бүгіннің міндеті, болашақтың борышы. Сондықтан, құр сөзден нақты әрекетке көшетін кез келді. Кенесары ханның басы халық үшін ғана емес, қарқынды дамып, әлемге танылған тәуелсіз еліміздің намысы, абырой-беделі үшін де өте маңызды. Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ