«Халқына қайғысыз ұйқы ұйықтатқан» Абылай ханға 300 жыл

11
9752

«Абылай ханның 300 жылдығы – елдігіміз­дің бедерлі бір белесі»

Н.Назарбаев

Қазақ елі биыл Абылайханның 300 жылдығын тойлап жатыр.  Оның 1771 жылы туылғанан ескерсек, бұл той 2011 жылы тойлануы тиіс еді. Бізге белгісіз себептері бар болар, Абылай тойы биыл тойлануда. Кешігіп болса да, тойланып жатқаны қуантады. Әйтпесе, мемлекеттілігімізге сын болады…Мемлекет көлеміндегі ең ірі іс-шаралар Көкшетау қаласында өтіп жатыр. Абылай ханның 50 жыл бойы  ордасы болған сұлу табиғаты бар Бурабай өңірінде Абылай хан алаңы бар. Бірақ даңқты ханның атына алаң беру аздық етпей ме?! Тарихшы-профессор Әбуов Қадыржанның Бурабай қаласының атын «Абылай» деп атау ұсынысы орынды еді… Бірақ, қала атының өзгеруі туралы ақпарат жоқ.  Тойға елімізден және шетелден 600-ден аса мейман келіп, мерейтой қарсаңында өткізіліп жатқан спорттық сайыстар, театрланған көріністер, ғылыми конференциялар, т.б. қатысып, баба рухына тағзым етті. Мың жылда бір туатын Абылайдай ардақтыны ұлты ұлықтап, мерейін асқақтату жолында ұрпаққа өнеге болар үлгілі істердің молынан атқарылып жатқанына сенгім келеді…

Абылай хан туралы оқыған тарихи деректерді еске алғанда, санада жатталған  ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың мына жолдарын қайталай бергің келеді:

Күңіреніп ойлағанда алаш жайын,

Жанымды орай берсе ұлы уайым.

Кеудемде күннің нұры толғандай боп,

Жырлаймын алты алаштың Абылайын.

Ол қазақ халқының тарих сахнасынан мүлдем жойылып кету қаупі төнген қиын заманда ел биледі. Үш жүздің басын біріктірді. Жоңғарлардың қазақ даласына толассыз шапқыншылығы кезінде 35 жыл бойы күресіп, жерімізді азат етті. Дүние жүзі бойынша 9-орынды алатын қазақтың қазіргі даласында дербестік орнап, бүгінгідей «шүкір» айтып өмір сүруімізге Абылай ханның қосқан үлесі бар деп есептеймін. Ол – қазақ жерінің жаңа территориясының қалыптасуына, географиялық кеңістігінің өзгеруіне де себепші. Жырауларша айтсақ, Абылай – «халқына қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, қайырусыз жылқы бақтырған, Қалыңсыз қатын алдырған хан».

Тарихи тұлғалардың ішінде өмірі туралы іздей беруге ынтықтыратын ерекше бейнелер болады. Мен үшін сондай бейнелердің алғашқысы – Абылай хан. Абылайдың кімнен тарағаны, қалай тәрбиеленгені, шынайы болмысының қандай болғаны маған өте қызық. Тарихта ол жайлы.аңыз бен ақиқаты аралас дерек көп. Қайсысы шындыққа сай келетінін айту қиын. Біреулер оны «қарадан шыққан хан» десе, екіншілері «Шыңғысхан нәсілінің тікелей ұрпағы» дейді. «Қарадан шыққан хан» деген аңыздың таралуына Бұқар жыраудың:

Ей, Абылай, Абылай!

Мен өзіңді көргенде,

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің,

Үйсін Төле бидің

Түйесін баққан құл едің!

Жаныс Қарабайдың үйінде

Түнде туған ұл едің,

Әкең – күмән әуелден,

Оны да мен білемін!, – деген жолдары нақ себеп. Алайда, ертеректе ханның жыраулары, кеңесшілері ханның бетіне тікелей келмей, астарлы түрде шумақтата отырып , ханның кем-кетігін айтып отырғанын әдебиеттен оқып, ұққан едік…  Бұл жырымен Бұқар жырау Абылайға «Аяз әліңді, құмырсқа жолыңды біл» деп, тәубесіне шақырғандай болып көрінеді.

Әйтсе де, әрбір қазақ Абылай ханның ҚАЗАҚ ұлтынан шыққан дипломат, даңқты қолбасшы, дана саясаткер, ұлы хан екенін жақсы  біледі. Абылай ханның тәрбиесі туралы да әңгімелер әр түрлі өрбиді. Адамның үлкен адамға айналуы оның алған тәліміне тікелей байланысты. Оның Ораз атты тәрбиешісі туралы көп айтыла бермейді.Ұлы хан туралы алғашқы деректер Шоқан Уәлиханов жазбаларынан белгілі. Бұл  жазбаларда Абылай ханның Ораз атты күтушісі болғаны туралы жазылған жерлері бар. Айтпақшы, «Көшпенділер» фильмінде бұл Ораз тәрбиеші көрінеді. Ол Әбілмансұрды өз тәрбиесіне алып, жауынгерлік өнерге арнайы дайындайды. Сөйтіп, 20 жыл бойы ұрыс өнерінің қыр-сырын үйретіп, Шыңғыс хан, Аттила тәрізді ұлы бабалар рухына сай болуға үндейді, ел бірлігі, ұлт ынтымағы жөніндегі ғибратты әңгімелерді құлағына бала күнінен сіңіреді. Бірақ тарихи жазбалар мен зерттеушілер, ғалымдардың сөздеріне сенсек, Абылайханның үлкен ханға айналуына Төле бидің сіңірген еңбегі ерекше.

1771 жылы Абылай хан Орта жүздің ханы болып сайланады. Салиқалы саясат жүргізіп, бірлік бар жерде тірліктің барын біліп, көрші Қытайдың Цин империясымен бейбіт қатынас орнатады. Кейін Ресеймен де еларалық қатынасты бекіткен. Оның сыртқы саяси қатынастары мұнымен шектелген жоқ. Абылай басқа мемлекеттермен, әсіресе Хиуа, Жоңғар хандықтарымен қарым – қатынастары қазақ  жұртының негізгі этносаяси мүддесіне сай жүргізілді. Чиң империясы тарапынан Орта Азия елдерін жаулап алу қаупі төнген кезде, Абылай Ауғаныстан билеушісі Ахметшахпен байланыс орнатты. Абылай алыстағы Түркия билеушілерімен де қарым – қатынасқа түсе білген. Сондағы ханның мұраты, сырттан келетін жаудан сақтану, ұлтаралық қарым-қатынас орната отырып, елін өркениетке жақындату болған деп түсінемін. Айтпақшы, қазақ даласында сәулеті ерекше ғимараттар Абылай хан тұсында бой көтере бастаған. Ол халыққа балық аулау мен диханшылық кәсібін үйрету үшін барын салған. Ол елдің әскери күшіне үлкен назар аударды. Тіпті бейбітшілікті әскери күшпен нығайтуға тырысты. Елшілер қызметін іске қосты.

Абылайдың табан астынан сөз тауып айтатын шешендік өнері жайлы жазылған естеліктер өте қызық. Жастайынан би әрі шешен Төлебидің тәрбиесінде болғанын ескерсек, Абылайханның сөз шебері болуы заңдылық. Оның айтқан ұтымды жауаптары, қанатты сөздері ел аузында сақталған. Абылай хан өлерінің алдында Бұқар жыраумен қоштасқанда:  «Қанша жыл өмір сүріп, жасағанымнан не пайда, қазақтың арқасын тамға, аузын нанға сүйегенім жоқ, бұл – бір. Ақбозаттың құнын ер құнына теңегенім жоқ, екі. Мылтығымның құнын екі ердің құны дегізгенім жоқ, ұста мен етікшінің құнын қатын құнымен бір бәс қылып, жарты құн дегізіп кесім кестіргенім жоқ, мұным үш. Осы үш арман бойымда кетті» деген екен. Бұл армандарының астарында үлкен философиялық ой жатыр. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік», деген аз сөзге көп мағына сыйып тұрған сөзінен Абылайдың ел болашағын өте тереңнен пайымдағанын аңғарамыз. Білекке сенген жаугершілік заманда осынау байтақ өлкені сақтап, ұрпаққа аманат еткен бабалар, біздің білім мен ақылымыз арқылы осы жерге ие болып қалатынымызға сенгендей…

Абылай хан ғұмырының соңғы жылдарын қоғамдық әрі саяси қажеттіліктерге байланысты Қазақстанның оңтүстік өңірінде өткізуіне тура келеді. Содан көп өтпей ол 1881 жылы Арыс өзені бойында дүние салады. Мүрдесі Қожахмет Йассауидің мешіті алаңында жерленеді. Түркістан – ұлылар жерленген қасиетті мекен. Абылай өмір бойы ат үстінде жүрсе де, 12 әйел алып, артына 30 ұл, 40 қызын қалдырған. Олардың бәрінің есімдері тарихқа енбеген. Ұлдарының бізге белгілілері: Сағындық — Шуақбай атты қарақалпақ бегінің қызы Сайман ханымнан: Уәли, Шыңғыс, Әділ, Есім; Қашқар бегі Кенже сарттың қызы Бабақ ханымнан: Шеген, Рүстем, Оспан, Сыздық, Әбітай, Әбділдә; қалмақ ханы Қалдан Сереннің туысы Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым; Сарғалдақ қожаның қарындасынан: Тоқ, Қосым, Арық; Атығай-Қарауылдың қызы Тоқта ханымнан: Сығай, Тағай, Сүйік, Әли, Құ­лан, Тоғым; Орыс сұлудан (тұтқын) — Шама; басқа әйелдерінен: Ғұмыр, Байыр, Жәңгір, Сыпатай. Ресми және тарихи деректерге қарағанда, Абылай ұрпақтарының қазіргі жалпы саны 20 мыңнан асады. Айтпақшы, олар Көкшетауда өтіп жатқан ұлан-асыр тойға шақырылған. Соның бір шоғыры Қытайдан 80 адам болып келіпті.

Абылайдың армандаған нағыз дербестікке бүгінгі ұрпағы жетіп отыр. Абылайлап жауға шапқанда дұшпанының құтын қашырған бабамыз Абылай ханның 300 жылдық тойы құтты болсын!

Айнара Байжан 

qazaquni.kz

 

 

 

11 ПІКІРЛЕР

  1. Ол Абылай ханның Жаныстан шыққаны ешкімге құпия емес қой. Тек басқа рулардың қызғанышын тудырмау үшін барлық тарихшылар тігісін жатқызуға тырысады. Оның алғашқы дерегі шыққаннан ақ асылып өлуге дайын небір зиялысымақтарды көрдік қой. Абылай Қасқарау Жаныс қой.

  2. Қасым хан, Хақназарр хан, Тәуке хан сияқтыларды осылай той етіп неге тойламаймыз?! Олардың Абылай хан сияқты қазақ жұртына жасағаны көп болмаса аз емесі бәріне мәлім!Неге ??? Осы жайт менің ашуымды қайнатады!!!

  3. Алаштың Ұлы Ұс елі
    немесе
    Ұс (құс) елін бүгінгілер
    қайдан білсін.

    (Тарихи – этимологиялық зерттеу)

    Тамырынан таратылып текті сөз
    Ал арманшыл асыл халқым көкті кез!
    … Көк байрақты, қыран текті қазаққа,
    Күн астында қанат жаяр келді кез.
    Маралтай

    Алаш, үш Жүз һәм Қазақ
    Қазақ турасында сөз қозғап, ол жайында қалам тартқан адамдардың барлығы дерлік Алаш, Үш жүз атауларына соқпай өте алмайтындығы ақиқат. Алаш турасында “Қазақ совет энциклопедиясында” “Алаш” “Алаш мыңы”- ежелгі қазақ тайпаларының алғашқы қауым болып біріккен одағы “қазақ” деген бұрынғы елдің жалпы аты” – деп жазады,
    – Шынында Алаш, үш жүз, Қазақ сөзінің мән-мағынасы не? Бұл турасында біз неге бір тоқтамға келе алмай жүрміз? Неге біз Алаш сөзінің мән-мағынасын, шығу негізін білмей тұрып осындай күйде тұрған «Қазақ» сөзімен бір синонимді сөз дейміз, тек бұл атаулардың әр кезеңдерде бір-бірінің орнына қолданылғаны үшін ғана ма? Ел аузына тараған:
    Алаш Алаш болғанда,
    Ала тай ат болғанда
    Таңбасыз тай
    Енсіз қой болғанда
    Алаш хан болғанда – деген сөздердің бірінші жолы неге «Алаш Алаш болғанда» – деп тұр? Егер Алаштың Алаш екендігі әу бастан-ақ белгілі болса, онда Алаш Алаш болғанда демей – ақ, Алаш болғанда деп бастап аяғында Алаш хан болғанда десе де түсінікті болар еді ғой. Ұлы Абай атамыздың «Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттарда «Қазақ» атап кетіпті, бұрын өздерін «Ұлұс» дейді екен де жүре береді екен» деуінің астарында не жатыр? Бұрын біз өзімізді Алашпыз, Қазақпыз, Үш жүзбіз деуші едік, енді Ұлы Абайдың дерегінен біз өзімізді «Ұлыс» деп те атаған екенбіз. Бұлай болған жағдайда бұл төрт атаудың қайсысы алғашқы бастапқы атауымыз болмақ?- деген сұрақ туады. Осы арада данышпан Абай атамыз «Ол күнде наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып наурыздама қыламыз деп той тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың Ұлы күні»-дейді екен» деуінен менің түйгенім біздің қазақтардың ол күнді, яғни жер жаһанның жаңарған, қыстың ызғары кетіп табиғаттың бусанып жыл басының басталуына себепкер күн мен түннің теңелуін «наурыз»- яғни «жаңа күн» демей өздерінше бұл күнге ерекше мән беріп «Ұлы күн» деп атап, той тамаша қылғандығына көзім жетті. Сондықтан төркі – қазақ үшін бұл күн шын мәнінде ерекше сағынышпен тосып алатын ұлт мейрамы. Әрі бұл күнді «Ұлғ күн» (Ұлы күн) – деп тойлап қана қоймай «Ұлық күнмен басталған жыл он екі айды ұлұғ ай, кішіг ай, деп бастап бірінші ай, екенші ай, үшінші ай, төртінші ай, бесінші ай, алтыншы ай, жетінші ай, сегізінші ай, тоғызыншы ай, оныншы ай деп жіктеген. Бұл ескі төркі календары Бируни мен Ұлықбектің кітаптарында жазылған. Ал осы «Ұлғ күн» (Ұлы күн) неге «Ұлұстың Ұлы күні» – деп тойланған. Мен бұл жұмбақтың сырын ашу үшін «Ұлұс» сөзін Ұлғ және Ұс яғни Ұлұ және Ұс (құс) деген екі сөзден құралған атау деп қарауды ұсынамын. Құсты көктің, символы санаған көшпелілер өздерін көк тәңірінің ұланымыз деп тәңірі құсына, көктің құсы қыранға балаған ханымызды көтеріп, бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өзіміз ұлылап тәңірі құсы қыранға балаған ханның ұрпағымыз, соның әулетіміз деп бір ханнан, бір әулеттен, бір тектен ғана тарататын болайық деп ант берісіп өзінің батырлығымен, ақылдылығымен көзге түскен бірін ел басшысы етіп «Ұл(ұ) Ұс», «Ұл(ұ)Ұс» деп ұлылап хан көтерген деген қортындыға тоқталамын. Сол ұлы жиында жер қайысқан қалың қолдың айқай шуынан Ұл(ұ)Ұш, Ұл(ұ)Ұш деген шу басым естіліп, (бұл жерде төркі халықтарының ішінде қазақтан басқа басым көпшілігі «с»-ның орнына «ш»- деп сөйлейтінін ескеруіміз керек. Мысалы: басты-баш, тасты-таш, қасты-қаш, құсты-құш, Алпамысты-Алпамыш, Манасты-Манаш, дүйсенбіні-дүйшенбі, т.с.с.) қол астындағы қара халықтың құлағына Ұл(ұ)Ұш», «Ұл(ұ)Ұш» деген айқай Алаш Алаш деп естілгендіктен күллі халық Ұл(ұ)Ұшты яғни «Ұл(ұ)Ұсты» – Алаш деп атап кетіпті. Әрі батыр, әрі ақылды данагөй Ұл(ұ)Ұс хан осыдан бастап өзін халық берген атпен Алаш деп атап, өзіне қараған елін «Ұс» һәм, «Ұл(ұ)Ұс» елі деп атаған деген тұжырымға келдім. Ұл(ұ)Ұс хан өзін халық берген атпен Алаш атағандықтан халық арасында осы бір үрдіс дәстүрге айналған. Әрі бұл дәстүр осы күнге дейін өзінің төл ұрпақтарының арасында жалғасын тауып келеді. Әбілмансұрдың-Абылай, Ибраһимнің-Абай, Мұхамедқанапияның-Шоқан, Ерасылдың – Қабанбай, менің өз атам Сүгірдің – Сақал т.т. аталуы соның айғағы, бұл оларға халықтың берген аты. Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса» кітабында:»Алынша хан кезінде» мен пәленнің нәсілімін» деп айтуға тиым салынып кім хан болса оның қауымы «мен пәленше ханың әулетімін» деуге бұйрық шығарған. Себебі бір ханға ерген халық мен пәлен нәсілдемін деп бөлектеніп араларынан түрліше келіспеушілік туады деген екен» – деуі көңілге қонымды құптарлық дерек. Бұдан байқайтынымыз, қазақтың Абылай әулетіміз, Жәнібектің ұрпағымыз, Әбілхайырдың тұқымымыз деп сан-саққа бөлінбей, тек Алаш еліміз деп өздерін Алаштан ғана таратуында қанға сіңген тарихи шындықтың бары айқын байқалады. Олай болса жоғарыда келтірілген ел аузына тараған шумақтарды орын-орынына қойып оқып көрейікші.
    «Ұл(ұ)Ұш Алаш болғанда
    Ала тай ат болғанда
    Таңбасыз тай
    Енсіз қой болғанда
    Алаш хан болғанда – деп оқитын болсақ, бұл бес шумақ өлеңнің мазмұны ашылып шыға келеді, яғни Ұл(ұ) Ұштың – Ұл(ұ)Ұстың – Алаш атанып одан Алаштың хан болғандығы белгілі болады. Ұсты ұлылап ҰлыҰс атап пір тұту қазаққа жаңалық емес. Бұл үрдістің де сонау көне заманнан бастау алып үзіліссіз ұрпағымен жалғасын тауып келе жатқанын аңғару үшін біз Абайды – Ұлы Абай, Жамбылды – Ұлы Жамбыл, Мұхтарды – Ұлы Мұхтар, Шоқанды – Ұлы Шоқан, Мағжанды – Ұлы Мағжан деуімізді көлденең тартсақ та болады. Демек мұның да Алаштан бастау алғанына куә болғандаймыз. Алаш бабам өз елін Ұс, Ұлы Ұс еліміз деп атап қана қоймай, оны «оң қанат», «орта», «сол қанат» деп үшке бөліп билік жүргізген және үшеуін бірге «үш Ұс» (үч Ус-үч Уз) деп атаған. Қазақтың қазіргі «үш жүз» «үш жүздің баласымыз» деп жүргені осы. Асылы бұл сөз «үш Ұс» атауының сәл өзгеріске түскен түрі. Ал енді Алаштың «Ұс» елі неге үшке бөлініп үштік жүйемен басқарылды және неге бірін оң қанат, бірін орта, бірін сол қанат деп атаған. Мұның сырын ашу үшін біз алдымен Ұс, Ұлы Ұс дегеніміздің өзі не мағынаны білдіреді, соны айқындап алуымыз керек. Бұл турасында Әбілхан Әбіласан «Ұс, Ас, Аз – тәңірі құсы, бүркіт (гриф орел). «Ұс» (гриф) – тәңірі құсы деген мағынада. Махмұт Қашқари «Ұс» деген сөзді ертегілерде айтылатын басы бүркіт денесі арыстан бейнесіндегі құс (гриф) бүркіт мағынасында қолданған екен. Ұш үшкірсә өлүр -үш үшкірсе өлер (Қашқари). Ұс ес көріп йуксак қалық қолы чақар -гриф завидев падаль бросается с высока неба (Қашқари). А.Аманжолов осы мағынадағы сөзді («Ас») ертедегі қиял ғажайып құс (гриф) немесе бүркіт, ол көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған Көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) деген қорытындыға келеді дейді. Демек «Ұс» дегеніміз тәңірі құсы, бүркіт екеніне көз жеткіздік. Олай болса Алаштың өз «Ұс» елін үшке бөліп билеп, бірін оң қанатым, бірін сол қанатым деуінің сыры осында жатыр. Адамдардың дене мүшесіне қарай оң қол, сол қол, болмаса оң көз, сол көз демей құсқа байланысты «қанат» сөзінің ел билеу мен әскер билеу тәсіліне енуінің астары енді ашыла түсті-ау деймін. Н.Мыңжан: «Шежіре дерегі бойынша қоңыраттар екі үлкен бірлестікке бөлінеді. Бұл екі бірлестікті әйгілі ғалым В.Радлов «Алты ата көктің ұлы, алты ата көктің құсы» – деп атаған деген дерек бар»-деп жазады. Иә, қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп ер балаларын қыранға, қыз балаларын аққуға теңеуі мен «Ұлым ұяда, қызым қияда», «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай», «қанатының астына алды», «атқа қонды», «үйге қон», «қонып кет», «қанаты қатайды», «топшысы бекіді», «бақ құсым», «балапаным», «қанатым», – деп қана қоймай, мектеп бітіріп үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған ұл-қыздарын, еліміздің «жас түлектері» деп сөз саптауы да кездейсоқ айтыла салған сөз емес екен, «Қыран түлегіне қайтпас қайсар сыйлайды» – дейді дана халқымыз. Олай болса «түлек» деп бүркіттің, яғни тәңірі құсы, қыранның балапанын ғана айтатынын еске алсақ та жеткілікті-ау деймін, тіпті келін түсіргеңде «аққуыңды аяла», «құсың құтты болсын», деп қыздарына «құс етек» көйлек кидіретін де осы біздің қазақ. Ол ол ма домбыра мен найзасына, тақия, бөрік, һәм тымақ пен сәукелеге үкі тағып дұлығасына қыран құстың қауырсынын тағып құстың кеуде жүні мен балақ жүніне ұқсатып ұрыс-соғысқа ыңғайлы етіп сауыт киетін де біздің батыр бабаларымыз. Тіпті хан көтергенде де ханды ақ кигізге (ақ кигіз биік шың басындағы қардың бейнесі С.С.) отырғызып ұлылап Ұлы Ұс (Ұлұғ Ұс/Ұлұ Құс), (Шыңғ Ұс/ Шың Құс) деп көктің құсы, биіктің құсы, тәңірі құсына балап «қыран аласаға қонбайды» – деген ниетпен биікке шығарып хан көтерген.
    «Күлтегін» сағанатасының маңдайшасында бүркіт бейнесінің бедерленгенін білеміз. Ал, Шыңғыс ханның (Шыңғ Ұс хан /Шың Құс С.С.) туында да қыран бейнесі, бейнеленген. Бұл ту наным – сенім бойынша, Шыңғысхан әулетінің желеп-жебеушісі, киелі белгісі болып есептелген. Рашид-ад-диннің куәлік етуіне қарағанда Шыңғыс ханның өсиеттерінің бірі былайша берілген екен: «Момын халықтың арасында жүргенде қошақандай момын бол, ал шайқасқа шыққанда аш бүркіттей шүйлік» деген екен.Жалпы біздің қырандар елі аталатынымызды көрші қытай елі жақсы білгенге ұқсайды. Оған «VIII ғасырдағы Қытай императорында түркі сарбаздарынан жасақталған армияның қолбасшысы, түркі тұқымынан шыққан Ань-лаушанды қытайдың ұлы ақыны Ду-ФУ «Ұлы қорғанның сыртындағы жорық» атты өлеңінде:

    «Қыран құсындай текті қырағы жанар жау қабақ
    Қанатын қомдап іздейді түзден тоятын.
    Томаға тартып жіберсең болды аспанды бүркеп шәу қанат
    Сорғалап төмен жауының көзін жоятын.
    Қанына сіңген өжеттік рухы оянып,
    Қолдайды оны алыста қалған аруақ
    Қаптаған құзғын қыпқызыл қанға боянып
    Тырнағын қайрар қауырсынға жанып-ап”1 – деп Төркі тұқымынан шыққан Ань-Лаушанды «қолдайды оны алыста қалған аруақ» дей отырып, шабыттана жырлап, қыран құсқа теңеуі тегін болмаса керек. Мен «ежелгі жунго жылнамаларында «Ус-ун» «Ус-ин» «Ас-са» «Ас-у» «Ас-о» деген аттардың кездесетінін әрі бұл атауларды «қазақ» атауының дыбыстық баламасы дегенді қолдайтын Жан Шиман, Хи Шиутау сынды қытай зерттеушілерінің пікірін мақұлдаймын.
    Көне төркілер қоғамын зерттеуші Ю.А.Зуев қытай дерек көздерімен зерттеушілерінің көрсетулеріне сүйеніп “647 жылы Батыс Төрк қағаны Таң императорына алтыннан құйылған қарғаның мүсінін сыйлыққа тартқанын айтса,” енді бірде «Ашына» атауы төңірегіне тоқталып бұл атаудың қытай дерегіндегі усундардың атауы екенін сөз ететіні бар”-меніңше бұл пікір негізсіз емес. «Ашина»атауының түбірін «Уш-ин», «Аш-ин» яғни «Ұс», «Ас» сөзімен байланыстырып Ұс-ин, Ас-ин деп оқысақ Ашина атауының тәңірі құсы, бүркіт атауымен сабақтас екенін бірден аңғарамыз. Демек Ашина деп жүргеніміз Усундар яғни Ұс, Ас елі.Н.Мыңжан «Уи хандығы тарихының түсіндірмесінде: «Аса елінің тағы бір аты-Алан» деп жазған «Кейінгі хан патшалығы тарихы батыс өңірі шежіресінде: «Аса мемлекеті өзінің атын Алан бірлестігі деп өзгертті…» ежелгі замандағы хан патшалығы тарихы» қатарлы деректерде Алан мен Аса деген аттың қосарлана қолданылуы қазақтың шежірелерімен тарихи аңыздарында «Қазақ» пен «Алаш» атауының қосарлана қолданылуын еске түсіреді»3 – деп жазған.
    Меніңше дәл осы пікір шындыққа саяды. Аса мен Алан, Қазақ пен Алаш атауының дыбыстық баламасы. Алаш атауы тарихи шежірелерде Алаш, Алаша, Алынша Аланша түрлерінде кездесетінін ескеруіміз керек. Құрбанғали Халид Алашты Алын-ша деп, ал Рашиден мен Әбілғазының шежіре деректерінде Алашты Алан-ша деп жазған. Осыларды ескере отырып, біз Алан бірлестігін Қадырғали бише айтсақ Алаш мыңы (одағы) деп ұғыуымыз керек, ал Аса дегеніміз соңына «а» әріптік жалғауы қосылған Ұс, Ас атауының яғни «қазақ» атауының дыбыстық баламасы деп тұжырым жасауымызға негіз бар. Демек Жунго жылнамаларында кездесетін «Ус-ин» «Ус-ын» «Ас-а» «Ас-о» «Ас-у» деген аттардың «қазақ» атауының дыбыстық баламасы деген Жан Шиман, Хи Шиутау сынды зерттеушілердің пікірлерінің шындыққа айналғаны.
    Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы кітабінің авторлары Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиев «Ұлыс тұлғасының шежіреде ең жиі кездесетін мағынасы «халық» автор түркі-моңғол халықтарын ұлұс деп атайды» деп ескертсе. Қ.Халид: «Ұлұс» сөзі моңғолша «тайпа», жамағат: есе, үлес мағынасын береді. Мұны қазақтар бірлік, жиналу кейде: заң ереже орнына пайдаланады. Мысалы, «Елдің ұлтынан шығайын ба» дейді. Мұнда бірлік, жиналу мәні көрініп тұр, яғни жұрттың бірлігінен шығайын ба көптен айырылайын ба болмаса елдің ұлты солай деседі «Бұл елдің өткені солай болып келген» деген мағынада, мұнда ереже, әдет болып аударылып тұр» деп жазады. Демек «Ұлұс» сөзі қазақтар үшін бірігу, жиналу, ұлт болып ұйып, бірлесіп бас қосу. Бұдан аңғаратынымыз қазақтардың «Өз елімнің, ұлтымның атынан шығайын ба, ұлттығымнан, елдігімнен айырылайын ба» болмаса «Елім солай аталады, ұлтым солай, елімнің ғасырлар бойына аталып келгені солай еді»-дегеніне көз жеткіземіз.Кезінде Шоқан Уалиханов “Ұлыс” сөзі о баста белгілі бір территорияда құрылған тайпалар одағы” – деген болса.Абай атамыз «Сонымен бұлар өзін-өзі де өзге жұрттар да «қазақ» атап кетіпті. Бұрын өздерін «Ұлұс» дейді екен де жүре береді екен» – деп тарих қойнауына терең бойлап өзінше тұжырым жасаған. Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ біз ең біріншіден Ұлы Ұс (Ұлы құс) яғни Алаш ханның ұрпағымыз соның еліміз деп, хан елі ретінде өзімізді қыран құсқа балап, қыран бейнеленген ту көтеріп Ұлұ Ұс, үш Ұс, Ұсақ (Сақ) бертін Төрк Ұс (Түркеш) атанған «Құс» еліміз. Екіншіден қыстың ызғары кетіп, көктемнің келгенін паш етіп, бірінші болып ұшып келетін жыл басының жаршысы Ұс, Ұз демекші Ұсақ-Ұзақ яғни Ұзақ қарғаға балап Ұзақпыз-Ғұзақпыз десіп өзімізді «қарға тамырлы қазақпыз», «қарға тамырлы ел едік қашаннан-ақ» деп өскен «Құс» еліміз. Үшіншіден бейбітшілік, сұлулық, адалдықтың ару құсы, құстың төресі, аққу қазды киелі құс санап ару қыздарымыз бен асыл аналарымызды аққу қазға балап «қазақ» атанып жүрген «Құс» еліміз. Қалай түрлендіріп, қай жағынан алып қарасақ та біздің жер түгілі аспаннан «құс жолы» – деп жұлдыздар шоғырынан түнделете жол салған «Ұс – Құс» елі екеніміз анық. Демек біз Сайыпқырандар мен Аққулар елі яғни көк тәңіріне сиынып тәңірінен басқаға бас имеген тәңірі текті, тәңірі болмысты көк төркілерміз. «Құс» төрдің символы, демек біз көк тәңірі, яғни аспан символы болған құсты ұлттық тотеміміз – киетегіміз етіп өскен тәңірі текті, тәңірі болмысты түз түлегіміз. Атақты ғалым, көне төркі тілінің маманы Алтай Аманжоловтың «Ұс», «Ас», «Аз» – қиялғажайып құс, тәңірі құсы, бүркіт, ол-көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған көк тәңірінің бейнесі (кейіптану) – дегені шығар күндей шындық екенін мойындауымыз керек.
    Тіл – тарих кілті демекші,біз осылайша Алаш пен Қазақ һәм Ұлұс, (Ұлы Ұс), үш жүз (үш Ұс) атауларының шын мәнінде бір-бірінің баламасы яғни синонимі екеніне көз жеткіземіз.

    Шетінен өр қайтпас қайсар ерім бар,
    Ұлан байтақ шетсіз-шексіз жерім бар.
    Алаш бабам Ұлы Ұс, үш Ұс атаған,
    Тәңірі құсы, қыран текті елім бар.

    Ұлғ Ұс – Оғұз һәм Алаш
    Түріктен өрбіген елді тоғыз дейді
    Тартатын күй аспабын қобыз дейді
    Башқұрт пен қазақ ноғай қарақалпақ
    Төртеуін шежірешілер оғыз дейді

    “Ататек” – деп дастан жазған Қожаберген жырау (1663ж).
    ’’Қазақтың түп атасы Оғыз- Түрік
    Құт қонған ұйтқы болып орнап бірлік”- дейді. Осы Оғыз елі, Оғұзхан немесе Ғұздар дегеніміз кімдер? Қ.Халид «Тауарих хамса» кітабында Хун тайпасын «Усул» тарихта «Хуз» деп жазған, арабтар «Ғұз», түркілер- «Оғұз» дейді деп атап өтеді. Ал Е.Смағұлов «Под сенью храма штрихи к историческому портрету Туркестана» деген мақаласында «…Таким древним культовым центром объединеия огузских племен и было видимо поселение Ясы»- дей келіп «Возможно что Ясы-это остатки поселения того племени асиев (асианов) которые упоминается еще античными авторами (Страбон, Птоломей, Помпей Торг) среди племени сокрушавших во II в до н.э. греко бактрийскую державу. Во всяком случае появление и происхождение этого названия и народа с которым он связан (асии) на средней Сырдарье представляют из себя трудно разрсшимую загадку. Поэтому поводу различными учеными высказано множество догадок. Известный лингвист А.С.Аманжолов в свое время предположил что «Ас» есть название, древнего династийского рода и божества неба. Может быть такая этимология дает ключ к пониманию истоков местного культа?1 деп жазған болса, О. Сүлейменов «Слово вовлеченное русскую граматическую эволюцию переразложилось торки так называют летописи кочевое племя самоназванием которого было – узы. Вероятно одно из Огузских племен в источниках принят написание этнонима – «огуз» «оуз» «уз»2- деп жазған. Бізге төркі жұртының бірнеше диалектіде сөйлегендігі мәлім. Осынау көшпелі төркілердің тілінде тәңірі құсы, бүркіт мағынасындағы көне династиялық әулеттің аты «Ұс» «Ас» «Ұз» «Аз» немесе «Хас» «Қас» «Қаз» «Ғұз» түрлерінде айтылғанын есте ұстағанымыз жөн. Әйгілі Махмұт Қашқаридың «Біздің ата – бабаларымыз – бектер, «хәмір» дейді. Өйткені оғыздар әмір деп айта алмайды»1 дегені бар. Осы ретте төркі жұртының бір бөлігі өздеріне тән диалектіде ақты-хақ, Ақназарды-Хақназар, Асанды-Хасан, Қасан, Ұсманды-Ғұсман, Құсман, Айдарды- Ғайдар, Қайдар, Абдолланы- Ғабдолла, Алиханды- Ғалихан, Әкімді-Хакім, деп жазатыны сияқты «X», «Ғ», «Қ» әрпінің қосарлануы арқылы Ұзды-Ғұз деп, әрі осы атауларды ұлылап Ұлы Ұз, һәм Ұлы Ғұз деп жазу үшін Ұз, Ғұз сөздерінің алдында парсы немесе төркі тілі диалектикасының біріне тән «О» «У» әріпі жалғанып «Оуз» «Ууз» «Оғуз» делініп жазылған. Парсы, өзбек тілдерінде «О» «У»- ол, ул деген мағынада қолданылады. Біз өзіміз де қазіргі кезге дейін «ол не», «ол не дегенің», «ол не қылғаның» «ол кім екен», «ол не қылған адам» дегенді «о не», «о не дегенің», «о не қылғаның», «о кім екен, о не қылған адам» деп айта береміз. Демек, «О+уз» «У+уз» «О+ғуз» деп жүргеніміз Улус, Ұлұс яғни Ұлұ Ұс елі, ал Ууз хан, Оғуз хан деп жүргеніміз Ұлұ Ұс ( Ұлұ Ұш ) хан яғни Алаш хан деген тұжырым жасауымызға әбден болады. Жалпы «Ұс» атауының «Ғұз» түрінде түрленіп тарихта орын алуына алдыңғы «Оғ» һәм «Улғ» сөзі әсер еткен. Улғ Уз / Ул (ғ)+Уз. Оғ Уз / О(ғ)+Уз. Осылайша «ғ» әріпі «с» әріпінің «з»-ға өзгеруіне өз әсерін тигізбей қоймаған. Біздін Аллахты – Алла дейтініміз сияақты табақ – таба, тірк – тірі, сарғ –сары, төрк – төрө, бөрк – бөрү, Ұлғ – Ұлұ (Ұлұ Ұс түрленген түрі Ұлұс). Екі “ұ” әріпі қатар келгендіктен біреуінің естілмей түсіп қалуы заңды құбылыс.

    Ұс – Ұз – Ғұз

    Ұл(ұ) Ұс – У ус / О уз – О ғұз

    Ұлұ Ұс хан – Ууз хан – Оғұз хан демек Алаш хан
    С.П. Толстов: «Оғыздардың тайпалық одағы Оксқа дейінгі заманда басқа жақтан көшіп келген тайпалар емес, одақ аты да, өзен аты да ертеден бері жалпыға ортақ тотем атынан, жергілікті ел тілінен туған сөз. Ендеше Орта Азия оғыздарын ерте замандарда сол жерді мекен тұтқан сақ тайпаларының заңды мұрагері (ұрпағы) деп қарау керек. Оғыз тотемінің аты ертедегі сақтар ортасында да болуға тиіс»1 – деп жазса. Е.Шаймерденов «Рашид-ад-диннің куәлік етуіне қарағанда Оғұз хан Ұлыс үлестіргенде ұшы-қиыры жоқ киелі кең дала тиген үшінші ұлына елтаңба ретінде қанатты қыран бейнесін ұсынған екен»2 – деп жазады. Қарап отырсақ бәрі тәңірі құсы, бүркіт, көктің құсы қыранға келіп тіреледі. Осының бәрін жай ғана сәйкестік деп қарауға болмайды. Бұнда тарихи шындық бар. «Оғұзнамада» Оғұз ханның алты баласы болғаны айтылса бұл қазақ арасындағы «алты Алаштың баласымыз», «алты Арыстың баласымыз» деп келетін сөздерін еріксіз еске түсіреді. Осының бәрін ескере отырып Оғұз бен Алаштың бір адам екені яғни бір хан жайында айтылып тұрғаны күдік тудырмаса керек деймін, әрі екеуі де бір ауыздан төркі халықтарының басын біріктіруші өз алдына ел етуші болып халық арасында ауыздан – ауызға аңыз боп таралған. Демек Ұлы Абайша «Ұлұспыз», Қадырғали бише «Алашпыз», әйгілі Махмұтша «Оғұзбыз»-деп жүргеніміздің барлығы да біртұтас төркі халқының негізгі билеуші тайпасының аты.

    Тұран елі – Қыран елі киелі
    Ертеде Түркістанды Тұран дескен
    Тұранда Ер Түрігім туып өскен
    Тұранның тағдыры бар толқымалы
    Басыннан көп тамаша күндер кешкен
    Мағжан
    Бүгінгі таңда төркі тарихын Қытай тарихына сүйеніп алынған 545 жылмен шектеп қарайтындар саны белең алып тұрғаны жасырын емес, егер біз мұндай пікірден арылмайтын болсақ, онда төркі халықтарының 545 жылға дейінгі мыңдаған жылдық тарихына балта шапқанымыз. Өз басым Төрк атауын Төранмен/Туранмен сабақтастыра қарауды жөн санаймын. Өйткені Төрансыз төркілер тарихын елестету мүмкін емес, әрі Төрансыз төркілер тарихы бір жүйеге түспесі хақ. Менің пайымдауымша Төрк сөзі әу баста табиғатпен үндес өмір сүруді мұрат еткен, сол табиғаттың төл баласына айналып өзіндік тұрмыс тіршілігін қалыптастырған көшпелілердің наным-сенімі мен дүние танымынан туындаған жинақтаушы атау сөз.
    Бұл араптарды, орыстарды, қытайларды олардың наным-сеніміне қарай (христиандар, исламдар, пұттар) атайтынымыз сияқты шығар күнді қастер тұтып, көк тәңіріне бас іиіп «көктен жаным-жерден тәнім», «аспан ата-жер ана» деп өскен көшпелілерге ғана тиесілі атау. Біздің қазіргі таңдағы айтып жүрген «төрк/турк» сөзінің негізі яғни түбірі «Төр» һәм «Тур» сөзі. Бұл сөз әу баста жоғарыны, биікті білдірген әрі тәңірі, көк тәңірі яғни түпкі жаратушы (Ұлы Төр – Улуғ Турк) сипатында айтылған деген қортындыға келемін. Осы бір көне сөздің қазақ арасында әлі де жаңғырығы сақталып қалғанын аңғару қиын емес. Мысалы қазақ үйіне келген қонағына «жоғары шығыңыз, жоғарылатыңыз» деп қана қоймай «төрлетіңіз, төрге шығыңыз» дейді әрі бастан жоғарғы жақты «Төр» санайды. Бұдан «Төр» сөзінің жоғарыны, жоғарғы жақ көкті меңзеп айтатынын аңғаруға болады. Төркі халықтарының ішінде осы бір «Төр» «Тур» сөзінің дәл осы мағынаны білдіретін жаңғырығын қазақпен бірге шуаштар да (чуваштар) сақтап қалған екен. Мұрад Аджи: «қыпшақтар «тәнірі» немесе «тенгир», буряттар «тэнгри», маңғолдар «тенгир», чуваштар «тура» деп атайды. Айтылуы сәл пәл өзгеше болғаны мен барлық халықтар үшін оның мағынасы біреу ғана «рух» нақты нұсқап көрсетуге келмейтін еркек текті тәңіри бастау» деп жазған. Демек чуваштардың көкті, аспанды яғни тәңірді «тура» деп атауы қазақ тілінде түбірі сақталған «төр» сөзі екені дау тудырмаса керек.
    Бұлай болған жағдайда «Тур», «Туры», «Тура», «Туран» һәм «Турк», сөздері қазақ тіліндегі «Төр», «Төре», «Төрк», атаулары деп қабылдағанымыз орынды. Бұл тәңірі болмысты, тәңірі текті, көкке сыйынған көк тәңірінің ұландары көшпелілерге ғана таңылған ерекше қастерлі атау. М.Қашқари: «…Тәңір оларды төркілер деп атап асқан сән салтанатқа ие қылды» деп төркілерге тәңірдің өзі арнайы ат қойғанын айтады. Иә, аспанның – көк аспан, тәңірдің – көк тәңірі деп аталатыны сияқты төрктің – көк төрк деп аталуы, біздің төр/тур, төре/тура һәм төрк/турк атауын еншілеген тәңірі текті көктің ұландары екеніміздің айқын дәлелі. Күн нұрынан жаралып, көк тәңірінің қолдауымен, қаракөктің қайсар ұлдарының басын қосқан көшпелілердің даңқты қолбасшысы Қиат руынан шыққан Ұлы хан Шыңғысханның (Шынғ Ұс / Шың Құс биіктің, көктің құсы мағынасында) “Төре” тұқымы аталуы, Шыңғысханның шын мәнінде таза “Төрк”екенінің бұлтартпас айғағы деп білуіміз керек.
    Шыңғысханның : «Құлаш бойымнан тұтамы қалса да,
    Сен аман бол, Төре елім!
    Тұла бойымнан қайратым кетсе де,
    Сен аман бол, Ұлысым!» – деп тебіренуі тегін емес.
    Бұл жерде ол маңғолым яғни мыңқолым деп әскери одағының қамын емес,жалпы көшпелі Төркі жұртының яғни Ұлы Ұс елінің қамын ойлап тұрғаны бірден аңғарылады.
    Қожаберген жырау (1663 ж.) «Қазақтың түп атасы Оғыз-Түрік
    Құт қонған ұйтқы болып орнап бірлік» – деп жырласа.
    Қазақ тарихын терең зерттеген әрі оны өлеңмен жазған Шәкәрім атамыз: «Қазақтың түп атасы» деген өлеңінде:«Болады арап жұрты Самның ұлы
    Біледі шежіренің бәрі мұны
    Түріктің шын аты екен Нәдұлұше
    Түрік деп неге атанды тыңда соны» дей келіп, «Түрік деп хан көтерген патша қылып» деп Нәдұлұшеге Түрік деген атақ, титул беріп хан көтергені хақында айтады. Осы «Түрік» атанған Нәдұлұше кім? Дұрысы Нәдұлұш. (Бұл біздің арагідік Алашты кейде Алаша деп «а» әріпін қосып айтатынымыз сияқты Нәдұлұшке Нәдұлұше делініп соңына «е» әріпі қосарланып айтылып тұр.) Яғни «Ұлы Ұс» һәм «Ұлұ Ұш» деген екі компоненттен тұратын атаудағы алдынғы «Ұлы» сөзі, келесі Ұс, Ұш сөздеріне қосылып Ұлұс, Ұлұш болып танылғандықтан да осынау «Ұлұш» сөзін ұлылау үшін төркі жұртының бір бөлігі «Ұлы» сөзінің синонимі «Нәд» сөзін қолданып «Нәд Ұлұш» атауын өмірге әкелген деген тоқтамға келемін. Алыс Мажарстандағы қыпшақ қандастарымыз әлі күнге дейін осы «Нәд» сөзін қолданып «Ұлы Шеркеш» дегенді «Надьчеркеш», «Ұлы Құмандық» дегенді «Надькүншақ» деп атайды екен. Олай болса Надұлұш деп отырғанымыз Ұлы Ұлұш яғни кәдімгі Ұлұ Ұш – Ұлы Ұс атауы екені күмән тудырмас деймін. Осы арада біз Ұлы Ұс, Нәдұлұш, Оғұз, Алаш атауларының егіз ұғымдар екеніне тағы бір мәрте көз жеткіземіз және барлығы дерлік бір ауыздан төркі халықтарының басын біріктіруші, әрі оларды өз алдына ел етуші алғашқы хан ретінде танылып тек төркі тілі диолектілеріне орай әртүрлі аталғанын аңғарамыз. Айтпақшы Нәдұлұштың «Төрк/Турк» атағын иеленуі дегеніміз сөз жоқ Ұлы Ұс – Алаш яғни Қазақтың – Төрк титулын иеленгенін паш етеді.
    Оны «Қазақ түрік емес, қазақсыз түрік емес» деген ежелгі мәтел айғақтап беріп тұр. Бұл мәтелдің айтпағы мынау: Тәңірі құсы, Ұлы Ұс (құс) жоғарының, төрдің, көктің (көк пен күн бір ұғым) аспанның символы. Тек қана символы. Демек тәңірі құсы, Ұлы Ұс (құс) – нақтылы тәңір немесе аспан емес яғни қазақ (Ұлы Ұс) – төрк емес деген сөз. Бірақ, сол тәңірдің, көктің, аспанның символы тәңірі құсы Ұлы Ұсты (құсты) ұлттық киетек (тотем) етуіміздің арқасында біз жоғарының төрдің, көктің ұланы төрк – көк төрк атанып отырмыз яғни қазақсыз (Ұлы Ұссыз) – төрк емес деуіміздің сыры осында. Міне осылайша бізге Нәдұлұштың – Ұлы Ұстың «ТӨРК» атағын иеленгені анықтала түседі.
    Аталған сөйтіп Түрк Нәдұлұше
    Ол кезде жылдар өтті мыңдап неше
    Түріктен шыққан талай сайып қыран
    Жер жүзі тітіренген түрік десе – дейді Шәкәрім.
    Жалпы құс культінің өзі тәңірге, көкке табынудың белгісі екенін жоғарыда айтқанбыз. Дегенмен де Б. Қайырбековтің «Беркут – птица счастья» деген мақаласында: «Казахи чтут орла, как вестника Весны, ведь он прилетает одним из первых, в конце марта. В прежние времена в честь прилета орла устраивали той… Вестник весны, как и сама весна почитался как Возродитель, творец природы. Именно поэтому орел – солнечное божество, связанное с древнейшим культом плодородия»1 – деп жазғанын айта кеткім келіп отыр. Қысқасы ұлы даланың еркіндік сүйгіш сайыпқыран ұландары, табиғатпен үндес өмір сүруді үйлестіріп қана қоймай, өздеріне тән тұрмыс-тіршілік пен наным-сенімді де қалыптастырды. Сөйтіп әу баста көктің символы құсты киетек-тотем етіп қана қоймай, әуезді аспаптары қобыз бен домбырасын аққу мен қазға ұқсатып, үстілеріне киген сауыт киімдерін құстың кеуде жүні мен балақ жүніне ұқсатып, тақия, тымақ, сәукелесіне үкі тағып, құс етек көйлек киіп, аң – жануарларды бейнелегенде оларға қанат бітіріп қанатты барыс, қанатты бұғы, қанатты ат, қанатты киік түрінде суреттеген. Бұның бәрі де көшпелі төркілердің тәңірі текті, көктің ұландары екендіктерінің сөзсіз айғағы. Келе-келе олар таңғажайып далалық архитектура киіз үйді кіші әлем сипатында толықтай етіп жетілдірді. Сөйтіп қысы – жазы өздерімен бірге алып жүретін жылы ұясы-киіз үйдің төбесіне шуағын шашқан күн яғни шаңырақты қондырды. Бұл тәңірі болмысты, тәңірі текті төркілердің түпкі тегін айқындаушы ең басты да ең негізгі ТҮП ТЕКТІЛІК ЕЛ ТАҢБАСЫ еді. Әрбір төрктің «Шаңыраққа қара!» – деп сес көрсете, өктем сөйлейтіні де содан. Қаракөктің ұландары әрқашанда «Қара шаңырақ» – деп үлкен үйдің, түтінін түтетіп шырағын сөндірмеуге тырысқан. «Отан от басынан басталады» – дейтін халқымыз «Шырағың сөнбесін» – деп бата берген. ШЫРАҚ – ОТ / ОТ– КҮН / КҮН– ШАҢЫРАҚ. Бабалардан мирас болған ұлы дала, ұлан байтақ Еуразия кеңістігі, төркілердің алтын ұя, ақ бесігі, бізге қалған қасиетті де киелі ҚАРА ШАҢЫРАҚ.
    «Көп түрік енші алысып тарасқанда
    Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? – деуіміз де содан.
    Бүгін де дербес ел ретінде төріне ойуы өрілген, қыраны қалықтаған, шуағын шашқан, көк тәңірлі көк ту көтеріп «ер қанаты – ат» демекші қанатты пырақ пен түп тектілікті айқындаушы елдік таңба ШАҢЫРАҚТЫ елтаңба етіп береке бірлігіміз жарасқан әлем мойындаған бірегей ел болып отырмыз.

    «Жұдырықтай жүрегіммен мықшия
    Бас орнына күн көтеріп келем мен» – дейтін Тыныштықбек ақынның енді бірде
    «…Таңыра боп Шаңыра боп тұр Есің.
    «Таңыра» да, «Шаңырақ» та – бір Есім.
    Ал, ала ғой, сыйға тарттым мен саған
    Ақ бүркітті – Алғырлықтың Киесін!…» – деуі тегін емес.
    Күн – Шаңырақ – Аспан – Құс (шаңырақ күннің, құс көктің символы – көк пен күн бір ұғым). Ғалым А.Аманжоловтың «Ұс» «Ас» «Аз» – қиял ғажайып құс, тәңірі құсы, бүркіт ол – көне династиялық әулеттің аты және түркілер табынған көк тәңіріның бейнесі – деуі аса көргендікпен айтылған ақиқат сөз.
    Шетінен өр қайтпас қайсар ерім бар,
    Ұлан байтақ шетсіз шексіз жерім бар.
    Алаш бабам Ұлұ Ұс, үш Ұс атаған,
    Тәңірі құсы қыран текті елім бар.

    Ұс еліміз, Ұлы Ұспыз көк төрінен жаралған,
    Сол себептен тегімізге “Төркі” аты таңылған.
    Көк Төркілер, көшпелілер жер жаһанды ен жайлап,
    Күллі әлемге Туран, Иш гуз , Сақ , Қазақ боп танылған. Самат Сыпатайұлы

  4. Абылайдың асында шаппағанда дегендей Абылайдай нар тұлғаға бір қаланың атын беру көптік қылмас, бірақ Бурабайым қазақтың әуелі «Боровое» дан арылып алса да нар тұлғаға деген құрмет болар еді.Егер қаланың атын берсек Ермак, Риддер, Усть Каменогорск, өзі садырған ақ үйі бар Петропавловсктер бар емес пе, ойланып, сараптап барып ұсыныс жасаудыда үйрену керек

  5. тағы да науқаншылдық, неге осы қыруар қаржы шығарып бір ұлғаны бір датаға тәулді қылып қоямыз.Абылайды енді біліп жатырмын, мен сияқты олрысша оқыған пенделенге түсінікті болу үшін Абылайдың туғанына сонша жыл дегенше Қазақта Абылайдай хан болған деп күнделікті өмірде насаихаттасақ мен сияқтыдарға үлгі болары анық.Қарадан тусын, ханнан тусын Қазағы үшін бәйгеге басын тіккен азаматтарымызды дәріптей білсек аруағы разы болар.

  6. Абылайдың алты ай күткен асы да өтті. Алайда Абылай бір ғана Ақмола облысына керек пе еді. Еліміздің өзге облыстары үлес қоспады хан Абылайдың тойына. Содан қаһарланды ма тура той күні нөсерлеп жауын-жауып талай күнгі дайындықтың быт-шытын шығарды. Келген қонақта да ұйымдастырған топта да береке болмады. Тарихи сахналық көрініске қатысқан бес жүз қыз суық жаңбыр астында бүрсеңдеп, қазақы көйлектері балшыққа батып қайтты.

  7. Арғы «Құсілім», «Ықылым», «Қадым» замандарды айтпай-ақ кешегі өткен Жоңғарды жер бетінен жойып, Қытайға соғыс шығынын төлеткен, Ресейді тәубесіне келтіріп, қазақтардан ғана емес татар, башқұрт, естек, қырғыз, қарақалпақ, бұхарлықтар мен түркімендерден тұрған, 7 майданда соғысып шыңдалған 47 түмен армиясы болған Ұлы Текті Айбынды Абылай Хан дүниеден өткен соң билікке кездейсоқ келген хан тұқымының арқасында бір орталыққа бағынған билік жүйесі қожырай бастайды. Көрші елдегі тақ таласының тағы да басталғанын аңдып отырған екі көршінің жымысқы әрекеттерінің арқасында текті азаматтар биліктен ығыстырылып, ел билеушілерден ауызбіршілік пен ынтымақ кетіп, жаңадан пайда болған Хиуа мен Қоқан бектері дегендер тағы бас көтеріп, елдің тоз – тозы шығып кетеді. Осындай бей – берекетсіздіктерден халқымыз тәуелсіздігінен айырылып, соңғы 270 жыл бойы жатжұрттықтардың тепкісіне түседі. Қазақ халқына нәубет әкелген кейінгі замандар уақиғалары көрсеткеніндей патшалы ресей империясы мен оның кейінгі мұрагерлері большевиктер билеген совет үкіметінің дәуірінде Ресей империясында саны жағынан орыс пен украиндардан кейінгі үшінші орында тұрған халқымыз 90 пайызынан айырылып азшылыққа айналса, ұлттың бетке шығар қаймақтары зиялыларының 99 пайызынан айырылады…
    Абылай Ханның орыс пен қытайды да жаулаймын дегені бекер болмаған. Оған мүмкіншіліктері де бар болатын. Дипломатиялық шеберлігі аса биік, айналасы тола мықты текті азаматтардан тұрған Айбынды Абылай Хан билігі сол замандардағы алып империялармен де байланыста болған. Шыңғысхан Бабамыздың келешек ұрпақтарға деп тығып кеткен Отырар алтынына Үндістанды билеген ағылшындар арқылы шведтерден зеңбіректер мен озық үлгілі қару – жарақтар алады. Абылай Хан әуелі Ресейді, кейін Қытайды жауламақ болған. Мұсылман елдері миллионға дейін әскер бөліп, соғыс шығынын да өздері көтермек болады. 300 мыңнан астам қазақтың сәйгүліктері Мойынқұм мен Қаратаудың ішінде ағылшындармен қару, жараққа айырбасқа дайын тұрған…
    Ресейге шабуыл басталса, шығыстан Қытай, түстіктен Иран мен Осман империясы, батыстан Пруссия, Польша, Швеция дайын тұрған. Орыстың ішіндегі езілген құрама халықтар да көтеріліске дайын болған…
    Ал қытайға шабуыл басталса, түстіктегі теңіз жағынан ағылшын, француздар шабуыл жасалмақ болған…
    «Қансуар» соғысын жариялап, қазақ халқын ғана емес бүкіл түркі халықтарын аман сақтап, Самарқан, Бұхараны, Хиуаны қираудан аман алып қалған бұл Ұлы Айбынды Абылайға кейінгі заман билеушілерінің бірде бірі оның тырнағына да тұрмайды!
    Абылай Хан Түркістанда емес, басқа жерде жатыр! Оны жариялаудың уақыты әлі келген жоқ!!!

  8. Абылайдың бей-жәй қарамағаны, әрбір қандасының өмірі мен бостандығы үшін табанды күресінің нақты мысалдары көп. Абылай аңсаған азаттығымыз баянды болғай.

  9. Қазақтың бірнеше әйел алуы нормально екен. Абылайдан үлгі алу керек. Зато артында көп ұрпақ қалды! Респект!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз