Оспан Исламұлы қаһарман ба, қарақшы ма?

Оспан Исламұлы 1899 жылы Қытай елі Шыңжаң өлкесі, Көктоғай ауданы Күрті ауылында, өр Алтай тауының бөктеріндегі Арал жайлауында малшының отбасында дүниеге келген. Жасында ауыл молдасынан арабша білім алып, сауатын ашқан. Ес біліп, етек жапқаннан тартып, ел ішіндегі тума талантты адамдарға жақын болып, қоғамдық жұмыстардың шетіне ерте араласып ненің дұрыс, ненің бұрыс, ненің ізгілік, ненің қастандық екендігін жете зерттеп, бойында бар ата тектілігін танытып өз ұлтын өзге ұлттар қатарына қосып, есе теңдік алуға бүкіл ынта пейілімен күш салуға шын көңілмен бел буған. Алтай өңіріндегі өзі қа­тарлас белсенді алға басар күштерді топ­тастырып ең алдымен Қы­тай Гоминдаң үкіметіне (Қытай халықтық партиясы бас­шылығындағы) қарсы шығып үкіметтің аз ұлттарға салған ауыр алман- салығына, зорлықты әскер алуына, ел ішіндегі алғабасар ұлтшыл белсенділерді жазықсыз қуғындауына, қамауына, өлім жазасына кесуіне, күш топтап қарулы қарсылық көрсеткен. Артынан өздерін аз ұлттардың құтқарушы жұлдызы санаған Кеңес одағының қолдауымен құрылған Шығыс Түркістан өкіметінің үндеуіне белсене атсалысып, еңбек сіңірген болса да, кейін Қытайда Коммунистік партия үстем орынға шығуына байланысты Сталин Шығыс Түркістан үкіметінің атын Үш аймақ төңкерістік комитеті деп өзгертіп қайта құрып, Қытай коммунистік партиясына қосып беруіне қарсы шыққан. Сталинның өз есебі бар-тұғын: Қытайда Гоминдаң партиясы билік басында тұрса, Шығыс Түркістан өкіметін соған қарсы қоймақшы еді. Бірақ, осы кезде Коммунистік партия үстем орынға шықты да, ол ұлт азаттығын көздеген Оспанның сарбаздарын қытай коммунистеріне жығып берді. Оспанды Қытайдың, Кеңес одағының, Моңғолияның коммунистік партиялары бірлесіп, арандатушылықпен «банды атаманы» деп жұртшылыққа теріс үгіт таратып, қай жерде бұлаңшылық әрекет жүз берсе, соны Оспанның құйыршығы етіп көрсеткен. Оспанға түрлі жақтан қысым жасап, қолға түсіре алмаған соң, ел ішіндегі сатқындарды салып, алдап мансап, ақша, алтын-күміс арқылы да қолға түсірмекші болған. Оспанның оңай қолға түспейтінін ойлап, мемлекет бойынша қуғындау бұйрығын шығарды. Сөйтіп, заманауи қарумен жасақталған неше жүз мыңдаған сар­баздары мен ысылған тәжірибелі генералдарын Оспанның ізіне сала отырып, 1951 жылы ақпанның 19-жұлдызында Гансу өлкесінің Хайзы деген жерінде жан-жақтан қаптап жүріп, оны әрең қолға түсірген. 1951 жылы сәуір айының 29-жұлдызында Үрімжі қаласында миллиондаған жұртты мәжібүрлі түрде жинап әкеліп солардың алдында атып өлтіріп, жаны жай тапқан. «Ұлы қытай коммунистерінің» бұнысы – «біз жеңдік, бізге қарсы келгендеріңнің көретін күндерің осы» дегені ме, ол жағын өздері біледі. Әйтпесе, алпауыт үш елдің армиясы қосылып, нешеме жыл бойы соғысып ала алмай жүргені – Оспан батырдың әрі кеткенде үш мың адам шамасындағы (өз шаруашылығымен бытырап кәсіп істеп кеткен кездерінде жүз қаралы ғана партизан қалған күндері де болған), шағын ғана жүйелі әскери тәрбие алмаған қарапайым қосын еді. Оспанның көздегені де осындай ерлік өлім болды. Әйтпесе, оның жау қолына тірі түспеу орайы да болмай қойған жоқ. Ол өзі әркез былай дейтін: «Менің қас дұшпаным – Қытай әкімшілігі. Әттең, қазақ ұлтын Қытай озбырлығынан құтқарып, Шыңжаңда дербес Ислам үкіметін құратын жағдай болса! Өйткені, Қытайдың Гоминдаң (халықтық партиясы), Гоңшандаң (коммунистік партиясы) екеуі де қазақ ұлтына жақсылық жасамайды. Аты екі түрлі болғанымен екеуі де – аз ұлттардың қас жауы. Сол үшін екеуімен де соғыстым, жеңіске жете алмасам да, жан сауғалап шетелге қашпақшы емеспін. Өлсем – шәйіт, тірі болсам – қазы». Талай жанкүйер жақын се­ріктері, сансыз сарбаздары жау қолынан қаза тапты. Өзінің қанша балалары әкесіне серік болып, өз еріктерімен жиналған партизандармен тізе қосып, Қытайдың жүз мыңдаған армия­сын жер жастандырды. Сол бір қиын-қыстау кездердің өзінде ұйғыр, қырғыз, дүңген тіпті, өз се­ріктерінің ішіндегі мәлім сар­дарлары да жау жаққа сатылып кетті. Қаншама қорқақ тобырлар қатын-баласын шұбыртып, жан сауғалап шетелге қашып жоғалды. Кейбір тарихшылар: «Оспан қаша алмай, қапыда қолға түсті. Америка елшісі Маккеннанның өзі қашып бара жатып: «Мен саған көмек жіберем, сен соны күт» деген сөзіне сеніп қалды. Ешқандай жоба-жоспары жоқ надан еді», – деп топшылайды. Расында, қашып кетудің амалын таба алмады деу тіпті де ақылға сыймайды! Одан да, өзі айтқандай, елін, жерін қимады, «батыр аңғал келеді», «батыр – бір оқтық, бай – бір жұттық» деу орынды. Оспан батыр айлалы болмаса, сол кездегі жағдайға байланысты өзіне уақытша болса да шығар жол іздеп, дос тауып, солар арқылы қару-жарақ ,оқ-дәрі сатып алып, күш топтап, ұтымды соғыс жүргізіп, талай жеңісті шайқасқа түсе алмас еді. Надан болса, Америкамен де байланыс жасап, хабарласу торабын құрып, солардан сенімді серіктестер тауып, сол елге бала шығарып оқытуды жоспарламас еді. Күшті әскери тактикасы болмаса, аз ғана күшпен орыс, қытай, монғол коммунистерінің озық қарумен қаруланған күшті әскери қосынын сансыз ұрыстарда ойсырата жеңе алмас еді. Үш ел коммунистерінің жан-жақты құрсауы болмағанда Шыңжаңды дербес ел етіп, бөліп әкету әбден мүмкіншілігі бар еді. Оспан оңай жау болса, басындағы тымағы, беліндегі күміс белбеуі, астындағы ер-тоқым, жүген-ноқтасы, қолына ұстаған маузеры, мойнындағы дүрбісі Қытайдың орталығы Бейжің қаласындағы әскери музейде әлі күнге дейін сақталып тұрмас еді. Қазақ тарихында қазақ ұлтына сіңірген елеулі еңбегі, халықаралық ел көзіне түсетін ерлігі болмаса, Қазақстан елінің жаңа астанасы Астана қаласынан көше аты беріліп, марқұмның аруағы қазақ халқына мәңгі бақи үлгі болмас еді. 1956 жылы Англияның Лондон қаласында жарық көрген «Kazakh Exodus» (Қазақ босқыншылығы) деген кітаптың авторы Годфри Лайас: «Оспан батыр осыдан бес-алты ғасыр бұрын туғанда Мөңке, Шыңғысхан, Ақсақ Темір сияқты даңқты қолбасшы болар еді», – деп жазды. Оспанды қытай тарих­шылары ашып-жарып айта алмайды. Айтқанды қойып, атын атағаннан қорқады. Болмаса білмейді емес, Оспанды білетін адамдар толып жатыр. Бірақ, коммунистік партиядан өлердей қорқады. Өйткені, Оспан Қытай тарихында банды, құйыршық, ұлтшыл, рушыл, топас, бұлаңшы қытай коммунистерінің ға­сырлық қас жауы саналады. Оспанға бір кезде Құлжадағы қалың үш аймақ әскерін­дегі қазақ әскерлерді айдап салып қырдырған. Бұнда да Қытайдың белгілі бір жоспары бар еді . «Оспан үш аймақтың әскерімен соғысқанда, керей болса қоя беріп, найман және басқа руларды өлтіре берген» деп қауесет таратқан. Жағда Бабалықұлы сол кезде Қытайдың тергеушісі екен. Оспан қолға түскеннен кейін, Жағда Бабалықұлы осы жайды сұрағанда, Оспан мысқылдап күліп тұрып: «Осыны сұрап тұрған сенде ми бар ма? Соғыс кезінде қарсы келгенін қыра бермей, «сен керейсің бе, наймансың ба» деп сұрап тұра ма?», – деп жауап берген екен. Оспан рушыл, ұлтшыл болса, өз қосынын тек қана керей руынан ғана құрар еді, болмаса сол керей руына ғана басқартар еді. Қазақтың әр руынан әскер алып ,басқа ұлттардан ақылшы, көмекші алмас еді. «Сізге Қытай үкіметі бағынса, биік мансап , көп байлық бермекші, сіз қалай қарайсыз?» деп сұрағанда, Оспан батыр: «Оны сен секілді сатқын екіжүзділерге берсін, маған оның керегі жоқ, мен елім, жерім деп күрестім, ендігісін бір Алла өзі біледі. Көп былжырамай, бастықтарыңа барып айт, мені әуре қылмай, ең соңғы жазасын берсін», – деген екен батыл түрде. Ату жазасы алаңында Құбылаға қарап тұрып, Аллаға сыйынып, қазақ ұлтына жақсылық тілеп о дүниеге аттаныпты. Не деген ерлік өлім! Не деген ерлік, не деген қайсарлық, жау алдындағы, ажал алдындағы не деген ар-ұждан! Банды болса, құйыршық болса, топас болса, міне, осындай қыл көпір үстінде екіленбей елі үшін, қазақ үшін өлген өлімнен артық қандай қымбатты өлім болмақ?! Қытай коммунистерінің көсемі Мао Цзе Дуңның «кейбіреудің өлімі Тәй Шаң тауындай қадірлі, ал, кейбіреудің өлімі қауырсыннан да қадірсіз» дегені бар еді. Оспан батырдың өлімі Нұх пайғамбардың алып кемесі тоқтаған қасиетті Қазығұрт тауындай қадірлі болар еді-ау, сірә. Оспан батыр ешқандай мақтаусыз, ешқандай даттаусыз осындай жан еді. Оспанның қандай адам болғандығын осы сөз, әрекеттеріне қарап-ақ тануға болады. Оспан Исламұлын жете танимын десеңіз, жазушы Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтай» атты үш томдық тарихи романын, Қазақстанның халық жа­зушысы Қабдеш Жұмаділұлы­ның «Көкжал» атты хикаятын, жазушы Жәди Шәкенұлының басшылығымен құрастырылған «Оспан» атты деректі зерттеу­лерлер мен естеліктер жинағын және «Оспан батыр» атты жинақ кітабын, Ботагөз Уатқан құрас­тырған Оспан батыр Ислам ұлының туылғанына 110 жылға орай «Азаттықтың өшпес рухы» атты Алматы қаласында өткі­зілген халықаралық ғылыми-тә­жірибелік конференция ма­териалдарын оқысаңыз жеткілікті. Сәуір айының соңында Оспан батыр Исламұлы марқұмның қайтыс болғанына 62 жыл толды. Сол күні осы жолдарды жазушы «Топырағыңыз торқа болсын, сіз шәйітсіз, батыр аға!» деп аруағына құран бағыштады. Қазақ халқының тәуелсіздігін аса қадірлі Оспан батырдың аруағы жебесін. Батыр рухы болашақ жастардың жүрегінен мәңгі өшпесін. Азат ҚАЛИАСҚАРҰЛЫ