ШЫҢҒЫС ХАН ТАРИХЫ

ШЫҢҒЫС ХАН ТАРИХЫ

Екінші мыңжылдықтың адамы атанған Шыңғыс қағанның шыққан тегі туралы мәселе әртүрлі себептермен күні бүгінге дейін бір ізге салынбай келгені мәлім. Журналист, зерттеуші Оңғар Нақып өзінің «Шыңғыс қаған – біздің бабамыз» атты кітабында автор бабасының ежелгі Күн (Гун; Хунну) елінен бастау алып, Түрік, Көк түріктер қағанаттарымен жалғасқан ежелгі хандар әулетінің перзенті, яғни Күнқұрат тайпасының тумасы екенін бұлтартпас деректердің негізінде толық дәлелдеуге қол жеткізген. Сондай-ақ ол қағанның ақырғы жылдары Ұлытауда өткенін, оның тәні Алаша хан кесенесінде байыз тапқанын айтады. Осынау тарихи маңызы зор құнды дүниені оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.


                 КӨК ТҮРІКТЕР ЖАЛҒАСЫ – АЛАША ХАН

             Орыс этнографы А.И.Левшиннің ел аузынан жазып алып, өзінің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордасы мен даласын суреттеу» атты әйгілі еңбегіне ендірген аңызы қазақ елі тарихында күні бүгінге дейін сыры толық ашыла қомаған Алаша хан шын мәнінде кім болған деген сұраққа арналыпты. Шығармада қазақ рулары ноғайлармен бір болып дәуірлегені, бірақ бұл кезең ұзаққа бармай, билікке таласып, қырқысқан сұлтандар жеке-жеке хандықтар құрып, елді бөлшектегені, мұндай бытыраңқы күйден Алаша хан бар билікті өз қолына алғаннан кейін ғана құтылғаны баяндалады екен (Қ.Салғараұлы, «Қазақтың қилы тарихы», 126 бет).

          Қош, бұл аңыз-әңгімедегі елдің дәуірлеу жылдары тарихтың қайсы кезеңіне жатады? Бір тудың астындағы елді бөлшектеп, жеке-жеке хандықтар құрушылардың қарамағындағы тайпалардың басын қайта құрап, бірегей ел еткен Алаша хан деген ер кім деген сұрақтың сырын ашу үшін тарихи оқиғалар сүрлеуіне байыптап көз жіберсек, ел аузындағы аңызға арқау болған әуелгі мемлекеттің сипаты Көк түріктер қағанатының дәуірлеу және ыдырау кезеңдеріне сәйкес келетіндей. Ежелгі Түрік қағанатының орталығы болған Қалқа даласында 682 жылы шаңырақ көтеріп, алпыс жыл бойы айбынымен ешбір елге дес бермей, артында «Орхон-Енесей» ескерткіштер кешендері сынды өлмес мұра қалдырған қағанаттың 742 жылы ордада орын алған ырду-дырдудан соң ыдырау кезеңіне тап келгенін, Найман, Керей атты ханзадалар ордаға мойынсұнуды доғарып, өз еншілік аймақтары негізінде хандықтар құрып алғанын тарихи деректер қуаттайды. Дербес Татар, Меркіт тайпаларының пайда болғанын да жоққа шығара алмаймыз. Осы орайда Қалқа даласындағы орданың жұртында хандық сипатын жоғалта қоймаған көп малды Қоңырат деген елді де ескерген дұрыс болмақ. Қағанаттың ыдырауы кезеңіндегі топалаңның ақырғы таманы қантөгіске ұласып, Білгі ханның жесірі, түбі қытайға табын түрки-табғаштық Бөбек ханымның бастауымен Ұлы қорған маңына барған жалайыр тайпасының Қытай шекара қызметіне кіргені тарихи деректерде көрініс тапқан. Алайда қытайлар салған ылаңнан жалайырлардың аштыққа ұшырауы, олардың Қалқадағы Қайду хан ордасымен жанжалы салдарынан дербестігін жоғалтып, хандар әулетінің құлдығына түсіп қалуын ескерсек, аңызда қамтылған оқиғалар сорабы айнымай, көз алдымызға келеді.

           Бұлардың бәрінің басын қосып, Алты Алаш елін құрған Алаша хан бейнесі Шыңғыс ханға дөп келіп тұр. Алты Алаштың құрамына жоғарыда аталған алты тайпа кіретінін ҚР ҒА академигі Т.Сайдулдин «Дат» газетінде (27-08-2014) жарияланған «Біз – қазақпыз ба, алашпыз ба?» атты мақаласында шегелеп көрсеткен болатын. Аңыздағы Алаша ханның Шыңғыс хан екенін қазақтың данасы Машһүр Жүсіп Көпеев «Алаша хан ұлы Жошы хан» атты зерттеуінде жазып кеткенін де көріп едік (Машһүр Жүсіп: 8 т., 45 бет). Қысқасы, қазақ халқы өз өмірінің ең айтулы кезеңіне жататын бұл оқиғаны аталмыш аңызда бейнелеп, жадында сақтапты.

           Кейінгі кезде Шыңғыс ханды Жетісуда дүниеге келген дейтін әңгімені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратып, оны өздерінше дәлелдегісі келетіндер ел ішінде жиі бой көрсете бастады. Олардың ұсынған нұсқасы бойынша Шыңғыс хан империясының астанасы болған Қарақорым қаласы Бұқтұрма су қоймасының астында қалып кеткен көрінеді. Тарихи бұл көне қаланы Совет өкіметі қасақана сумен көміп жіберген екен-мыс. Құры сөзден өзге бұл жөнінде нақты тарихи деректер келтіре алмайды. Ал, шын мәнінде ол қайсы елдің қаласы еді? Тарихи деректерге қарасақ, қаланың бүгінгі Қазақстан жеріне мүлде қатысы жоқ екенін көреміз. Л.Гумилевтің «Көне түріктер» кітабында Көк түріктер қағанаты құлауымен тәуелсіздікке қол жеткізген Ұйғыр қағанатының өсіп-өркендеуімен қала құрылысы етек алғаны, ол елдің астанасы ретінде Қарақорым қаласы бой көтергені жазылған. Былай дейді: «Түріктерден бір ерекшелігі, ұйғырлар қалалар салуды кеңінен өрістете бастады және де бұл іс соғдылықтар мен қытайлықтарға тапсырылып отырды. 758 жылдың шамасында-ақ Селенгі жағалауынан Байбалық қаласы бой көтерді. Осы мерзімге таяу тұстары Ұйғырия астанасы Қарақорымда қытайша жазуы бар қабірлік ескерткіш тұрғызылды (387-бет).

            Қарақорым қаласы ұйғырға тән екені Рашид ад-Дин шежіресінде де анық жазылған. Сондай-ақ бұны саяхатшылар Карпини мен Рубрук те қуаттайды. Демек, Түрік қағанаты дәуірінде де, оның жұртында Алты Алашты құру кезінде де тарихи оқиғалар үдерісі бүгінгі Моңғолия жерінде орын алған. Моңғолия үстіртіндегі Қалқа өзенінің бойы ежелгі дәуірлерден бері саяси орталық болғаны тарихтан мәлім. Шыңғыс ханның түлеп ұшқан жері де осы Қалқа жері. Оны жер жүзі ғалымдары «Халха моңғолы» дейтіні де содан.

             Алаш-Қазақ жұртының қалыптасуы жолында жан алып-жан беріп күрескен осынау ұлы тұлғаның ата тегі мен туып-өскен ортасы және ұлан-ғайыр ерлік жолдары туралы оқып-білгенімізді ортаға салмақпыз. Осы орайда Шыңғыс хан туралы жазылған жүздеген шығармаларды қамтуды мақсат тұтпадық, ондай жағдайда қағанның шынайы кейпін жасау мүмкін де емес. Сондықтан сол дәуірге ең жақын кезеңде жарыққа шыққан Рашид ад-Дин Хамаданидің «Тарихтар жинағына», Сол әулеттің ұрпағы болған Әбілғазы ханның «Түрік шежіресіне», авторлары намәлім, Моңғолияның қиыр шығысы болып табылатын Қалқа жерінде Дәр деген кісінің қолынан алынған «Алтын шежіре» мен Қытайда жарық көрген «Моңғолдың құпия шежіресіне» басымдық бергенді жөн көрдік. Себебі, жатжұрттық авторлардың тісі бата бермейтін Шыңғыс ханның тегі осы шығармаларда молынан қамтылғаны байқалады.

                                      КҮН ЕЛІНЕ АПАРАР ЖОЛ

            Қазақ елі ішіне шежірелік дерек ретінде алғашқы болып қазақ тілінде жарық көріп, кең тараған Әбілғазы ханның «Түрік шежіресін» көпшілігіңіз оқыған шығарсыздар? Сонда Оқ-ғұз хан дүниеден өтерде өзінің тағын кімге қалдырады? Күн ханға ғой, солай ма? Осы Күн хан деп текке айтылған ба? Жоқ, әрине! Бұл хандар әулетінің түп негізі Күн елінен екенін, ал Күн елі деген атаудың өзі тайпаның аспандағы жарық көзіне баланған аты екенін білдіреді. Біз неге Көктің Ұлы деп аталдық? Күн патшасынан өрбіген Көктенші, Көктен деп аталған ұрпақтарының аттарын неге Көтенші, Көтен деп өзгертті? Себебі, біздің ұлық, күндей биік ел екенімізді сипаттау мақсатымен дүниеге келген ру аттары кейінгі дәуірлерде кейбіреулерге ұнамады немесе олардың діни ұстанымына тура келмегендіктен рудың аттарын қарапайым түсінікке «жақындатуға» тырысты, содан келіп, пәстікті, төмендікті білдіретін осы аттарды қожа-молдалар арқылы ел ішіне таратып, «осылай» деп мойындатты.

            Құдайғ шүкір, түбі неміс, орыс ғалымы В.В.Радловтың зерттеулерінің нәтижесінде рулардың шынайы есімдері анықталып, бұл тарихи деректерді дана Шәкәрім қажының өз шежіресіне ендіруінен аталарымыздың бұл түпкі аттарымен табысудың сәті түсті, ағайын! Шындыққа қолымыз жеткен бұл күндері әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азамат мазмұны мен түбі тереңде жатқан руларымыздың аттарын қасиет тұтып, сонымен қатар ендігі жерде ұрпақтарымыз адаспауы үшін оларға Күн-құратпыз деп, тайпаның түпкі атауын да ұқтырайық! Олар өз руларының Көктің Ұлы, Көктенші, Көктен екенін біле жүрсін! Хандар әулетінен екенімізді, хандар әулеті Күн-Құраттың «Алтын көзесінен» тарағанын білдіретін рулардың аттары бұл. Елдің өткенін де, бүгінгі күнін де төмендетуге ешкімге құқұқ берілмеген. Шет елдіктерше «Гун» дегені де, «Хун», «Хунну» дегендері де Күн дегенді білдіретін елдігіміздің өзге тілдердегі аттары екенін халық білсін, әлем білсін! Бізді адамның сасық мүшеснен шығарып, төмендеткісі келгендердің сөзіне еріп ұсақталмайық! Тайпаның Күннен шығып тұрған қастерлі елесімін үргеніштік Нағанай деген қарақалпақ елі қоңыраттары сопысының ұрпақтары мінген аттарының «қоңыр» түсімен байланыстыруын «арамзалық» деп қана бағалауға болады.

             Бергі атамыз – Шыңғыс хан, түпкі атамыз – Күн хан, ал Ергене Қондағы атамыз Құрлас хан екен. Әбілғазы былай дейді: «Қиян мен Нүкүз әулеті Ергене Қонда тұрғанда, әр жамағат бір ру атын алды. Қиян нәсілінен Құрлас атты бір кісі болды. Оның нәсілі басқа рулардан көп болды, оны Құрлас елі деді. Сол Құрлас нәсілінен бір кісіні хан көтерді, бірақ аты белгісіз. Содан кейін үнемі сол Құрлас нәсілінен патша сайлайтын болды. Халық Ергене Қоннан шыққанда патшалары Құрлас руынан Бөрте чене деген еді». Құрластың ұрпақтары молынан өсіп-өнсе, ол атаудың көпшесі құраттар, яғни Құрат болып қалыптасатыны бесенеден белгілі. Ендеше рудың бұл атын түпкі Күн атымен қосарласақ, Күн-құрат болып тұр ғой. Ергене Қоннан Күнқұрат деген атпен, сол аңғардан елді бастап шығыппыз. Бұл деректер де, Қалқа даласын қайтарып, Түрік қағанатын құрғанымыз да шежірелерде жазулы тұр. Бірақ айтылу ыңғайымен әрі шежірешілердің елдің түпкі атына мән бермеуі салдарынан шежірелерге Қоңырат болып еніппіз. Сонымен, арада ұзақ ерлік жолдарын қалдырып, Шыңғыс хан дәуіріне де жетіппіз...

             Шыңғыс ханның анасы Әуелін (Ұлын деп те жазады) бегім де, атақты төрт ұлын дүниеге әкелген жан жары Бөрте фужин де «Күнқұрат» қыздары екені мәлім. Алайда қағанның нағашы жұрты мен қайын жұрты туралы мәлімет ашық айтылса да, өз жұртына келгенде талас-тартыстан арыла алмай отырмыз. Оған тарих та, шежірелер де кінәлі емес, әрине. Мәселе оларды дұрыс оқып, түсініп, деректерді өзінің табиғи арнасына сала білуде ғана деп ойлаймыз. Осы орайда алдымен Шыңғыс хан шыққан ортаның сипатына тоқталғанды жөн көрдік.

              Рашид ад-Дин былай дейді: «Егукей баһадүр – Шыңғыс ханның әкесі. Мұғулдар әкесін «ичига» деп атайды. Ол көптеген мұғул руларының патшасы болатын. Оның үлкен және кіші туысқандары, яғни немере ағалары мен немере ағайындары, бәрі оны тыңдайтын әрі оған бағынатын, сондықтан ортасынан оны патшалыққа қойған еді. Ол – ержүректік пен батырлыққа тиесілі болатын (яғни ержүрек әрі батыр адамтұғын). Сөйтіп, Есугей баһадүр өзге мұғул руларымен көп соғысты, көп шайқасты. Әсіресе татар руларымен және сол сияқты Қытай әміршілерімен және әскерлерімен (көп соғысты). Ол туралы сөз айналаға тарады, оның есімі атақты болды және ол барлық халықтың алдында мойындалатын және құрметтелетін.

         Оның (Есугей баһадүрдің) түрлі рудан көптеген әйелдері болды. Олардың үлкені – бақытты және құрметке ие балалары мен ұлдарының анасы Өгелін (Ұлын) фужин еді. Оны тағы да Өгелін ика деп те атайтын, ол Олқұнұт руынан еді». (Рашид ад-Дин: «Тарихтар жинағы», 274-бет).

           Ал Олқұнұттың Күнқұрат руына жататыны құпия емес. Шыңғыстың жан жары, атақты төрт ұлының анасы Бөртенің де аталмыш тайпаның қызы екенін білеміз. Алайда, Шыңғыс хан шыққан руды нақты анықтаған жағдайда ғана қағанның дүниедегі қайсы халыққа тән екені белгілі болады, сонда ғана бұл күндері осы тұрғыда орын алып отырған талас-тартысқа нүкте қоя аламыз.

           Әрине, көне дәуірден қолдан-қолға өтіп, бізге жеткен дүниелерді кім қалай оқыды, қалай аударды деген де мәселе бар. Советтік дәуірде Шыңғыс ханды жаппай моңғолға жатқызып келгендер елдің іші-сыртында ешкімге дес берген жоқ. Ондайлар ел ішінде әлі де аз емес және олар едәуір ықпалға да ие. Ал енді Зәріпбай Оразбай аударған Рашид ад-Дин шығармасында біз моңғол деп келген елдің атын көре алмаймыз, оны түпнұсқаға сәйкестендіріп «мұғул» деп жазады. Түпкі автор да, тиісінше аудармашы да Шыңғыс хан әулетін түркі-мұғулдың мұғул-дүрліккен аталатын тайпасынан екенін айтқанымен, ары қарай қорытынды жасауды оқырманның өзіне қалдыратындай. Дей тұрғанмен шығарманың өн бойында Күнқұрат тайпасы ерекшеленетіні анық көзге ұрады.

                       КҮНҚҰРАТТЫҢ «АЛТЫН КӨЗЕСІНІҢ» СЫРЛАРЫ

            Шежіреге қарайық: «Бұл қауым Ергене қоңға кеткен сол екі адамнан тарайды. Алдын айтып өтілгендей, бұл қоңырат қауымы басқалардан бұрын, (кеңес жасамай) кенеттен шатқалдан шығып кетіп, нәтижесінде өзге рулардың ошақтарын таптап кеткен болатын. Мұғулдар қоңыраттарда кездесетін аяқтарының ауруы сол әрекеттерінің салдары деп және ол істің күнәсі олардың аяқтарына түскен деп сенеді. Ал мұғулдардың басқа рулары ерте заманда, олар бірінші болып шығып кеткендіктен оларға ашуланды және олардың қарсыласына айналды. Олардың арасындағы бұл жағдай барша жұртқа мәлім.

             (Соң) қоңырат қауымынан бірнеше рулар бөлініп шықты, содан әрқайсысы жеке-жеке белгілі бір атау мен лақап ат алды. Сондай-ақ олардың барлығы негізінде осы рудың тармақтары болғандықтан және олардың жұрттары (тұрақтау мекендері) икирас пен қоралас руларымен бірге Қараун жидунның арғы жағында болды, сондықтан ол рулардың (өмірлік) жағдайлары мен атаулары осы негізгі тармақта еске алынады. Қандай нақыл естілген болса, дәл солай түсінуге оңай түрде баяндалатын болады.

             Айтып жеткізілуінше, олардың (қоңырат қауымының) шығу тегі келесідей: үш ұл алтын көзеден дүниеге келеді. Бұл сөз шынында белгі беру мен сілтеме жасау ғана. Ал оның мағынасы келесідей: Бұл ұлдарды дүниеге келтірген адам табиғи болмысынан ақылды, кемел, жақсы әдебімен, әрі мәдениетті кісі болған. Оны алтын көзеге ұқсатқанының арнайы себебі (бар), бұл сөз мұғулдарда қолданатындықтан. Өйткені оларда патшаны көргенде: «Біз патшаның алтын жүзін көрдік!» деп айту әдеті бар. Ал (шындығында) олар (оның) алтын ішкі, рухани жан-дүниесін меңзеуде. ... Себебі, алтын – тот баспайтын асыл зат және оны көп қажет ететін, өте таза және пәк зат есептелінеді. Көрініп (белгілі болып) тұрғандай, олар осы мағынаны меңзеген еді, әйтпесе керісінше жағдайда адам баласының алтын көзеден туылуы ақылдан алыс және ойдан құрастырылған жағдай» (Рашид ад-Дин, «Тарихтар жинағы: 157-бет).

              Әрине, адам баласының алтын көзеден дүниеге келуі мифке жатады. Мифтік сипаты бар бұл нұсқаны қазіргі күндері біреу құптар, біреу құптамас. Алайда, бұл аңыздың бір кездегі өмірдің қажеттілігінен туындағанын, елдің бұған сенгенін, қасиет тұтқанын жоққа шығаруға болмайды ғой. Осы орайда ежелгі дәстүрін ардақтап отырған Жапон елінің тюркологы Наката Оконың пікірін еліміз тарихымен шендестіре аламыз. Ол «Жапонияда тарихи мифке қалай қарайды?», деген сұраққа былай деп жауап беріпті: «Біздегі ең үлкен миф – Жапон императоры Құдайдан туған деген миф. Бірақ біз, тарихшылар, бұл мифке тиіспейміз. Неге десеңіз, ол – біздің рухани матрицамыз. Оның түбінде аңыз жатқанын, шындыққа жанаспайтын нәрсе екенін жақсы біліп отырмыз. Бірақ ол біз үшін қозғамайтын, мызғымайтын тақырып. Киелі, қастерлі тақырып. Жапонияның мемлекет ретіндегі тарихы да осындай аңыз-әпсанадан басталған» (аударған Жолымбет Мәкіш). Біздегі Күнқұрат – хандар әулетінің алтын көзеден дүниеге келуін осындай қастерлі аңыз-әпсанаға жатқызуға болады. Сондай-ақ аталарымыздың Көктің ұлы, Көктен, Көктенші деген тәңіршілдік дәуірде туған аттарын да сақтап, қасиет тұтқанымыз абзал. Ел атауын бабаларымыздың Күн-Гун деп, Көк аспан әлеміндегі жарық көзінен шығаруын елдің рухани құндылығы ретінде әспеттеген жөн.

         Ары қарай Рашид ад-Динге жол береміз: «Сонымен, үш ұлдың есімдері және олардың әрқайсысынан тараған тармақтар келесідей егжей-тегжейді түсінікте келеді.

         Бірінші ұл – Жұрлық мерген. Ол – қазіргі кезде қоңыраттарға жататын бір қауымның (рудың) атасы. (Бұл қоңыраттардың ұрпақтарынан барлық дәуірлерде әміршілер мен текті әйелдер көптеп шыққан).

           Екінші ұл – Құбай шері. Оның екі ұлы болды: Икирас пен Олқұнұт.

           Үшінші ұл – Тұс Бодауыт. Оның екі ұлы бар еді: Қаранұт пен Күнлеут. Күнлеуіттен Мисар ұлық. Одан Қоралас (түпнұсқада Курулас) есімді ұл туды. Оның әулетінен бүкіл қоралас руы тарайды. Және ол қытай қызын алды, одан Елжігін атты ұл тапты. Елжігін қауымының бәрі соның ұрпағынан тарайды» (158-165 беттер). Мінеки, енді Кұнқұраттың «алтын көзеден» шыққан ұрпақтары қатарындағы ҚОРАЛАС руынан ХАНДАР ӘУЛЕТІ тарайтынына көз жеткізу қиын емес. Сондай-ақ Қораластың Күнлеуіттен шығуына мән беріңіз. Күнлеуіттің түбірі біз жоғарыдағы деректемелерде айтқан «КҮН» ғой.

           Бізге жеткен шежірелер мен тарихтың өн бойынан Оғыз ханға дейін де, одан бергі дәуірларде де хандық дәстүр таспиқтық көрініспен атадан балаға жалғасатынын байқап отырмыз және ол көлденеңнен бөтен жұртқа бұйырмаған. Оғыз хан тұсында ордадан енші алып шыққан Қыпшақ хандығының, Көк түріктер қағанаты ыдырауынан кейін пайда болған Найман, Керей хандықтарының, сондай-ақ Отырардың Қайыр ханының да түп негіздері бір, олар хандықтың зәулім бәйтерегінің тамырынан өрбіген көк шыбықтар іспетті пайда болған құрылымдар еді. Оғыз хан дәуірінен бастау алған хандық биліктің негізгі өзегі оның ұрпағы Ел хан мен оның ұлы Қиан ханзада арқылы Шыңғыс ханға дейін айнымай жеткеніне қолдағы шежірелер мен тарихи деректер куәлік ете алады. Күнқұраттың Қианның ұрпағы екенін шежірешілер де меңзеп отыр. Ал хандар әулетінің Күнқұраттың «алтын көзесінен» шығуында да үлкен мән бар. Оны хандар әулетін қара халықтан ерекшелендірудің заттық көрінісі десек, ал Дүбін Баян мен Алаң Қуа туралы ел ішіне тарап, шежірелерге енген аңыз әулеттің нұрдан тарағанын бейнелеу мақсатымен өмірге келгені көзге ұрып тұр. Елдің рухани қуатын білдіретіні бұл аңыз дерегіне қарасақ, Жұлдыз ханның қиан-Дүбін Баян атты ұлы ерте қайтыс болып кетеді де, жас әйелі екі баласымен жесір қалады. Әменгерлік салтымен оған сөз салғандарға жас келіншек ризалығын бермейді. Бір түнде шаңырақтан нұр болып құйылып, кісі кейпіне енген елес адам келіншектің құрсағын сипайды да, содан екі қабат болған дейді. Осындай жағдаймен үш ұл өмірге келген көрінеді. Міне осы ұлдарды дүниеге әкелген Алан Қуаның өзі Күнқұраттың қораласынан екен, тиісінше оның нұрдан пайда болған ұлдары да қоралас болып тұр ғой. Нұрдан пайда болған ұлдардың алтыншы ұрпағы Шыңғыс ханның атасы Қабыл хан Күнқұраттың Қораласынан болса, одан кейінгі ұрпақтары да Күнқұраттың қораласы болмай кім болар еді? Бұл аңыз хандар әулетінің Күнқұрат-қораластан екенін анық айғақтайтын бұлтартпас қосымша дерек екеніне күмән бар ма? Осы орайда Күнқұрат тайпасының көк аспан нұрынан пайда болуын меңзейтін тәңіршілдік сипатты Көктің ұлы, Көктен, Көктенші аталарының аттары Алаң Қуа туралы аңызға сәйкес келетінін кім теріске шығара алады? Бұл аталардың аттары діни көзқарасқа сәкес «Көтенші», «Көтен» болып өзгерсе де, В.В.Радловқа сілтеме жасаған Шәкәрім қажы өзінің шежіресіне Көк және Көктенші деп ендіріп, аталмыш рулардың түпкі атауларын бүгінгі ұрпаққа жеткізіпті («Аманат» журналы, 2008 ж. №3).

            Хандар әулетінің Күнқұраттың Қораласынан тарайтыны ендігі жерде ешқандай дау тудырмайды деп ойлаймыз. Сонда да болса, анықтама ретімен айта кететін бір сұраққа тоқталғанды жөн көрдік. Ол «қият» деген хандар әулетінің лақап атының пайда болуына байланысты туындайды. Рашид ад-Дин бұл туралы төмендегідей түсінік береді: «Содан соң Алан Қуаның Қабыл хан атты алтыншы ұрпағы алты ұл дүниеге келтірді. Олардың барлығы батыр және ұлы да, сый-құрметке ие адамдар мен ханзадалар болғандықтан, қият (атауы) қайтадан олардың лақап аты болды. Сол уақыттан бері Қабыл ханның балалары мен оның әулетін қият деп атайды. Әсіресе қият деп оның ұлдарының бірі, Шыңғыс ханның атасы болып келетін Бартан баһадүрді атайды» (150-бет). Көріп отырғандарыңыздай, рудың атасы болатындай қият деген кісі аты өмірде болмаған, ол тек мықтылықты білдіретін лақап ат қана екенін шежіреші ескертіп айтып отыр. Қияттың хандар әулетінің руына жатпайтынын, оның лақап ат қана екенін Әбілғазы шежіресінен де байқап едік. Ол былай депті: «Шыңғыс ханның үшінші атасы Қабыл ханның алты ұлы болып еді, баршасы батыл, ұшқыр, батыр еді, соған қарай бұл жігіттерді қияттар деді. Таудан аққан селді моңғолдар «қиян» дейді, қият – соның көпшесі» (44-бет). Әбілғазы «Түмне ханның баяны» бөлімінде де бұл сұраққа тоқталып, былай депті: «Қияттың мағынасын жоғарыда айттық, бұл жерде де айталық. Таудан аққан селді моңғолдар қиян дер, қият – соның көпшесі. Түпкі мағынасы – күшті, жылдам, таудан аққан сел әрі күшті, әрі жылдам ағады. Сол себепті бұл атты Ергене Қон ішінде отырғанда Қианның балаларына қойыпты. Көп жылдар өткен соң әр жамағат бір ру атын көтерді. Мәселен, бірі қорласпын, бірі дүрманмын дейді, енді бірі қоңыратпын дейді.

 Қият аты ел ішінде сақталмады, жоқ болды. Бұдан үш-төрт мың жыл өткенде Қабыл ханның алты ұлы болды. Алтауы да батыр, палуан және шапшаң еді, сол себепті оларға қияттар деп ат қойды» (53-бет). Сонымен, екі шежіреші де қият дегенді хандар шыққан ру деп емес, Қабыл хан әулетінен тараған ұрпақтардың лақап аты ғана деп таниды. (Шыңғыс ханның тегі туралы бұл айтылғандардан тыс дәлелдерімізді кезегі келгенде айтармыз).

                      ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ ЛАУАЗЫМДЫҚ АТЫ ТУРАЛЫ

          Шыңғыс ханның лауазымдық аты туралы шежірелік деректердің бірінде – Әбілғазы хан былай дейді: «Хижраның бес жүз тоқсан тоғызыншы, (жаңа есеппен 1202жылы) доңыз жылында, қырық жасында Шыңғысты хан көтерді. Найман кіре деген жерде үлкен той жасап, ас берді. Қоңқамар руынан Меңлік ечекенің ұлы Көкше деген бар еді, халық оны «тәңірдің беті» дер еді. Сол келіп: «Маған тәңіріден ишарат болды. Тимучинге бар, елге, халыққа айт, «Бұл күннен бастап Тимучин демесін, Шыңыз десін! Жер жүзінің патшалығын Шыңызға, оның балалары мен тұқымына бердім», деп айтты», - дейді. Бұл айтқанын ел жөн көріп, осы лауазымдық атпен хан көтерілген екен. Шыңның мағынасы ұлық, қатты деген болар, -ыз соның көпшесі» («Түрік шежіресі»: 61-бет). Жасыратыны жоқ, бұл нұсқадан қандайда бір негіз көре алмадық. Ханның лауазымдық аты жөнінде басқа да тұспалдар бар. Осы орайда «Алтын шежіреде» қызықты деректер кездеседі екен. Бірге қарап көрейік: «Есукей батыр татардың Темүжіні мен Қарабұқаны қолға түсіріп әкелгенде, Әуелін бегім жүкті еді. Онон дариясының бойындағы Делуін Болдұқ тауының қойнауында қара жылқы жылы (кей деректерде доңыз жылы; автор), жаздың алғашқы айының жаймашуақ күні, шаңқай түскі мезгілде болашақ Шыңғыс қаған дүниеге келеді. Ол анасынан туғанда алақанына ұйыған қан шеңгелдеп түскен деседі. Татардың Темүжінін тұтқын етіп әкелген кезде туылды деп, ырымдап нәрестенің атын Темүжін деп атап, темір бесікке бөлепті. 

          Темүжін деп аталған жөні осы екен. Темүжін жарық дүниеге келіп, жеті күн өте бере, көл шетіндегі қазандай қара тасты бейтаныс бір құс үш күн бойы айнала ұшып шықылықтайды. Есукей бұл құстың тегін емес екенін сезіп, қара тасты қақ жарып көре бергенде, ішінен алтын таңба шығады да, ол қөкке ұшып кетеді. Біраз күн өткен соң, қара тас қайта қалпына келеді. Әлгі бейтаныс құс тағы да ұшып келіп, шықылықтай бастайды. Есукей батыр қара тасты қайта жарып көргенде, күміс таңба шығады да, ол көлге түсіп кетеді. Тағы біраз күн өткен соң, қара тас қалпына келіп, баяғы құс қайта ұшып келеді де, шықылықтай бастайды. Сонда Есукей батыр: «Ұлым дүниеге келгеннен бері, осы бір құс шықылықтап кетпей қойды деп, қара тасты қайтадан жарып көргенде, хасбу таңба шығады. Есукей батыр әлгі таңбаны үйіне әкеліп, арша-қола тұтатып, оны аса қастерлеп, аластап отырған сәтте, баяғы құс ұшып келіп, шаңыраққа қонады да, «Шыңғыс, Шыңғыс» деп шықылықтайды». Киелі құстың шықылықтаған үніне үйлестіріп, кейін Темүжінді Шыңғыс қаған деп атандырған еді». (22,23 беттер). 

              «Алтын шежіреде» тақырып ары қарай былай өрбиді: «Ескей батыр Темүжін тоғыз жасқа толған жылы, жаздың бір күні шешесі Әуелүннің төркіні Олқұн тайпасынан қыз айттыруға, ұлын ертіп жолға шығады. Шекшір деген жерден өтіп, Шұғырық маңына келген кезде, Қоңырат тайпасынан Дей шешенге жолығады. Екеуі сәлемдескен соң, Дей шешен: «Есукей құда, қайда аттанып барасың?» деп, жөн сұрайды. Сонда Есукей батыр: «Мынау, ұлымды нағашы жұртына апарып, қыз таңдатпақпын», дейді. «Е, ұлыңның көзі шоқты, беті отты екен», деп мақтайды да: «Есукей құда, өткен түні мен мынандай түс көрдім. Түсімде бір ақсұңқар құс ай мен күнді жарқырата шеңгелдеп, өзі келіп, қолыма қонды. Бұл түсімді әдейі ешкімге айтпадым. Енді, сол ақсұңқар құстың нақты өзін көргендей бойымды қуаныш билеп, жақсылыққа жорып тұрмын. Болжап көрсем, сол ақсұңқар құс сіздің Қият елін бақытқа бастайтын секілді», деді. («Алтын шежіре», 24бет).

            Дей шешен айтқан: «...ай мен күнді жарқырата шеңгелдеген ақсұңқар құс» дегені мен Есукейдің шаңырағына қонақтап, «Шыңғыс, Шыңғыс» деп шықылықтаған құс сәйкес келіп тұр емес пе? Қыран құсқа байланысты осы тұспалдауларды жартасқа, тауға байланысты тағы бір аңыз дерегімен толықтырайық. Шыңғыс ханның өзі де, ата-бабасы да буддашыл болмағанын білесіздер. Сонда да болса, будда ламалары шығарған мына дерекке назар аудару артық болмас: «...Шыңғыс ханның даңқын мәңгі арттыру үшін Сақия Ғұнға Нетбу лама жарлық етіп, Қытайдан Илишида Шигу, Би Ба деген екі зергерге «Ұлы Тәңір құдыретімен, қайсар жүректі, қайтпас жігерлі Шыңғыс қаған туылсын! Ол барша тірлікке иелік ететін болсын!» деген сөздерді Бұрқан Қалдун тауының қызыл жартасына қашап жаздырды», дейді. (24 бет).

             Шыңғыс ханның дүниеге келуіне және өміріне байланысты шежірелік бұл деректердегі «тау» және «қыран» ұғымдарын қосарласақ, «тау қыраны» немесе «Шың құсы», яғни «Шың құс», айтылуында «Шыңғыс» шығып тұрған жоқ па? Шыңғыс ханның тікелей бұйрығымен дүниеге келген Алтын орда империясының гербі екі басты самұрұқ құс екенін кім білмейді? Демек бұл да жоғарыда біз ұсынған нұсқаның қисынды екенін дәлелдейді. Алтын орданың шекпені етегінен шыққан Ресейдің гербі де қыран құсқа байланысты өмірге келіпті. Бұл деректер Шыңғыс ханның лауазымдық есімі Шың құсы – қыранға байланысты дүниеге келгенінің дәлелі деп пайымдадық

                   ШЫҢҒЫС ХАННЫҢ КІШІ ӘКЕСІ МЕҢЛЕКЕ ТУРАЛЫ

            . «Алтын шежіреге» қарайық: «Есукей батыр Дей шешеннің үйіне келіп, әлгі айтқан қызын сынап көрген еді, шынында ол көзі шоқты, жүзі нұрлы көріктінің өзі екен. Оны әкелі-балалы екеуі де ұнатты. Қыз Темүжіннен бір жас үлкен, онға шыққан кезі екен. Есімін Бөрте деп қойыпты. Бір түнеп, келесі күні таңертең Дей шешеннің қызын қалап еді, ол бүй деді: 

            – «Көп қолқаласа қадірі асар, аз қолқаласа қадірі азар» деген. Қыз баланың тағдыры да туған босағасында отырып қалмау емес пе, қызыма рұқсат етемін. Есукей құда, мынау бала күйеуді біздкіне қалдырып кет! – дейді. Сонымен екеуі құда болуға сөз байласып, Есукей батыр былай деді:

           – Ұлымды осында қалдырайын. Иттен қорқатыны бар еді, шошынып қалып жүрмесін. Құда, өзіңіз көз-құлақ болып жүргейсіз! – деп тапсырып, қосар атын құдалыққа тарту етіп, белдеуіне байлайды. Сөйтіп, Темүжін ұлын қалдырып, өзі еліне қарай аттанып кетеді. 

              Жолда келе жатқанда, Шекшірдің сары делесында, келін түсіріп, той жасап жатқан татарларға кез болады. Татарлар Есукейді көре сала, ежелгі жауымыз келді деп, өзара ымыраласып, оны аттан түсіріп алып, асқа шақырады. Ұсынған тамағына у қосып береді.

             Аңдаусызда қапы қалып, у ішкен Есукей батыр, жол бойы ауырып, үш күн жүріп, үйіне зорға жетеді. Келе аттан құлаған Есукей:

              – Менің ішім өртеніп барады. Қасыма жақын келіңдер! – деп еді, Қоңқотанның Шырқа ақсақалының ұлы Меңлік:

              – Мен бармын, - деп, батырдың жанына таяп келеді. Есукей оны өзіне қарай қолымен жақындатып ап, әлсіз үнмен:

               – Бауырым Меңлік, менің сөзіме құлақ сал! Ұлым Темүжінді Дей шешеннің үйіндегі қалыңдығына қалдырып кетіп едім. Қайтар жолда той жасап жатқан татарларға жолығып, таңдайым кеуіп, шөл қысқан соң, берген асын ішкен едім. Олар маған у қосып беріпті. Татарларда кегім қалып барады. Жесір қалар жеңгең мен жетім болар балаларымды саған аманат етемін! Жылдам жетіп, Темүжін ұлымды алып кел! – дейді де, тынысы бітіп, о дүниеге жүре береді. (25, 26 беттер).

               Осы орайда Есукейдің дүниеден өтерде отбасын аманаттаған Меңліктің оған туыстығының деңгейі қандай дәрежеде деген сұрақ туатыны сөзсіз. «Алтын шежіренің» 19-бетіндегі мынандай дерекке қарайық: «Бардан батырдың балалары – Есукей батыр, Некүн тайшы, Меңдітүкті, Мерген Екітай, Дәрітай кенже осы бесеуі еді» . Осы бес ағайынды бола тұрып, ол о дүниеге жөнелерде әйелі мен балаларын көлденең ағайындарының біріне аманаттауы ақылға сиымды ма? Сондықтан Есукейдің «Бауырым Меңлік», деп шақырғаны өзінен кейінгі екінші інісі Меңдітүктіге жоримыз. Меңлік пен Меңдітүкті атауларының түбірі «Мең» екені бізді осы ойға жетелейді. Меңдітүкті азан шақырып қойған аты болса, оның ауызекі ықшамдалған нұсқасы Меңлік екені дау тудырмаса керек. 

               «Моңғолдың құпия шежіресінде» (32-бет) Бартан батырдың ұлдары Меңгіті-қиян, Негуін тәйжі, Есүкей батыр, Даридай-отшы төртеуі екені айтылады. Осы бауырлардың қатарындағы Меңгіті-қиян деген ат та назар аударарлық. Бұл есімнің түбірі де «Мең». Меңгіті-қиян деген аттың айтуға қолайлы түрі Меңлік еместігіне кепіл бар ма? Жоқ ондай кепіл. Қайта бұл түп негізі бір есімнің қолданбалы түрі Меңлік екені анық. Рашид ад-Диннің «Тарихтар жинағында» Бартан баһадүрдің ұлдары туралы былай дейді: «Бірінші ұлының есімі Меңгіду қиян» (268-бет). Көріп отырғанымыздай, бұл есімнің де айтылу ыңғайы Меңлік пен Меңлеке екені сөзсіз. 

             Меңлекенің әулет ішіндегі орны зор болғанға ұқсайды. Шежірешілер осы жағдайды назардан тыс қалдырмаған. Өйткені ол Шыңғыс ханның кіші әкесі ғой. «Оның көп ұлы болатын, алайда оның орынбасары мен мұрагері Шинжуыт болды. Шыңғыс ханның кезінде Меңгіду қиянның әскері мен руын және бағыныштыларын сол басқарды. Шыңғыс ханның тайжуыттармен соғысы кезінде ол әскерімен бірге Шыңғыс ханның алдында қызметте болды. Кейіннен оның ұлдары Көкі ноян және Мұғату баһадүр мыңдық әміршісі және Меңгіду қиянның руының басшысы болды. Бұл рудың көпшілігі Дешті Қыпшақта, Тоқтайдың алдында (қызметінде). Олардың әміршілерінің саны көп және олар үлкен маңызға ие». Ал, Меңгідудің атына Қиян аты қоса тіркелуінің өзі Шыңғыс хан әулетінің түп негізі Ергене Қонға кірген ханзадамен байланысын білдіретін қосымша дерек деп білдік. 

           Сонымен, жоғарыда үш шежіреден келтірілген деректер Шыңғыс ханның кіші әкесі болған кісі Бардан батырдың ұлы және Есукейдің туған бауыры екенін айғақтап тұр. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Меңлекенің әулеті Дешті Қыпшақта, яғни бүгінгі қазақ құнқыраттарының қатарында екені айқындалады. Қазақ қоңыраттары арасында өлшеусіз беделге ие болған Меңлеке бидің есімі жылдар өте келе Мелде биге өзгергені де күмән тудырмайды. Ол кісінің дүниеден өткен бауырының жесіріне әменгерлік салтымен үйленуі де елдің жадында. 

           Шежірелерге Меңлекенің түпнұсқалық аты Меңгіду ҚИЯН болып енуі ақиқи шындықтың жүлгесі болатын. Бұл тайпамыздың бастауында ханзада Қиянның тұрғанын білдіреді. Қият деген рудың хандар әулетіне қатысы жоқ екенін көрсету мақсатымен оны Қиянның көпшесі деп шежірешілер айтса да, адасушылар ел ішінде жоқ емес. Оларға кешіріммен қарай отырып, хандар әулетінің түп негізі Күнқұраттың әулетінен тараған Қоралас руы екенін тағы да еске салу артық болмас. 

                     ҒЫЛЫМИ ОРТА ПІКІРЛЕРІНЕ ҚАРАСАҚ

            Бұл жөнінде өз заманында ағылшын тарихшысы Генри Ховорс егжей-тегжейлі айтып кеткен екен. 

            Английский историк Генри Ховорс "История Монголов" 1876г.

с.38

...T.о. наиболее важная часть дарлегинов, а именно, Коныраты, которые образовали федерацию из шести племен, были, как я убежден, вовсе не монголы, а тюрки - взгляд, для подтверждения которого я должен сослаться на заметки в конце этого тома, где я также пытался показать, что их земли находились, не в Маньчжурии, как аргументировал д"Оссон, а в западной части пустыни Шамо - к югу от реки Онгин..

Henry Howorth "History of the Mongols - From the 9th to the 19th Century" Pt 2, The So-called Tartars of Russia and Central Asia, Division 1, Elibron Classics, @2005 Adamant Media Corporation, published in 1880 by Longmans, Green and Co, London

p.14

...Burtechino, the wolf-ancestor of the "Mongol" imperial stock,we are told, was a descendant of Kian, and belonged to the tribe Kurulas (Abulghazi, 33). The Kurulas, as we said, were a branch of the Kunkurads . Rashid ud din several times tells us that Alun Goa, who was ther real ancestress of the "Mongol" Khans, belonged to the same tribe of the Kurulas (Id. 64, note 3, by Des Maisons), whence it follows that the "Mongol" Khans were descended from the Turkish tribe of Kunkurads..

Перевод:

с.14

Бурте-чино - волк-прародитель "монгольского" императорского рода как нам сказали, был потомком кианов и принадлежал к племени курулас (Abulghazi, 33). Курулас, как мы сказали, были ветвью коныратов. Рашид ад Дин несколько раз говорит нам, что Алун Гоа, которая была прародительницей "монгольских" ханов принадлежала к тому же племени курулас(Id. 64, note 3, by Des Maisons), чего следует, что "монгольские" ханы происходили от того же из ТЮРКСКОГО ПЛЕМЕНИ КОНЫРАТОВ. Так Кабул хан женился на Гоа Гулка, которая была из рода конырат, Исугей женился на Улун Еге или Огелен Ека, которая была из рода олхонуд. Главная жена Темуджина Бурте фуджин тоже была из рода олхонуд...

Henry H. Howorth "History of the Mongols" Part I "The Mongoils Proper and the Kalmuks", London, Longman, Green and Co, 1876

p.35

...The Kurulas were a section of the Turkish tribe of the Kunkurats, thus the connection with the Turks is still kept up in the legend...

Перевод:

с.35

...Курулас были частью тюркского племени Коныратов, т.о. связь с тюрками все еще поддерживается в этой легенде...

            Көріп отырғанымыздай, Генри Ховорстың нақты деректерге негіздеп жасаған бұл аса маңызды қорытындысы ғылми ортаға кеңінен мәлім және ол бұрын-соңды қандай да бір зерттеушінің тарапынан теріске шығарылғаны туралы хабар кездеспейді. 

             Қазақ ғалымдары тарапынан да Шыңғыс ханның тегіне байланысты оңды пікірлер айтыла бастады. Мысалы, Қазақ Ұлттық Университетінің ғалымдары Т.Омарбеков пен Г.Б.Хабижанова былай дейді: «...вместе с тем определяется генетическая взаимосвязь средневековых конратов с родом Қиян, от которого позднее берет свое начало род Чингисхана». 

            Бұл айтылғандардың бәрін генетик ғалымдардың ашқан жаңалықтары ғылыми тұрғыда растайды. Шыңғыс хан әулеті мен қазақ қүнқұраттары үшін ортақ ДНК формулалары төмендегіше бейнеленеді: С3d М-407 ескіше; С2с1а1а1 М-407 жаңа формула. Екеуінің де мазмұны ортақ. Бүгінде Шыңғыс хан әулетінен Қытайдағы Төленің ұлы Құбылай қаған ұрпақтары мен Шыңғыс ханның інісі Қасардың ұрпақтарының қаны осы формуламен бейнеленген. Қазақ күнқұраттарының 86 пайызы осы қан үлгісін көрсетіп тұр. Осы формуладағы қан үлгілері басқа елдерде де бір пайыз, жарым пайыз болып там-тұмдап кездеседі, ал бізде бұл бұқаралық сипатқа ие болып тұр ғой. Сондықтан Шыңғыс ханның Күнқұрат перзенті екенін ешкім теріске шығара алмайды.

             Шежірелік және тарихи деректердің қан үлгілері туралы генетик ғалымдардың зерттеулерімен қабысуы Шыңғыс ханның түркілік тегін, оның ішінде нақты Күнқұрат тайпасының перзенті екенін айна-қатесіз, ғылыми негізде көрсетіп тұр. 


                  ТЕКТІЛІКТІ САҚТАУ ЖӨНІНДЕ ҚАҒАННЫҢ ЖАРЛЫҒЫ

               Хандар әулеті Күнқұрат тайпасынан шығуын ескерген қаған тектілікті бұзбай сақтау мақсатымен арнайы жарлық шығарады. Жарлықтың орысша мәтіні төмендегіше: «Когда в роде хун-цзи-ла (кунграт) рождаются девочки, они из поколения в поколение становятся императрицами; когда рождаются мальчики, они из поколения в поколение женятся на принцессах. Пусть непрерывно из поколения в поколение объявляют этот жалуемый указ в первую луну четырех времен каждого года» (цит. по: Мэн-да бэй-лу). Шежірелерден көріп отырғанымыздай, қаған бұл жарлықтың орындалуын өзі бұлжытпай бақылауға алып отырған сыңайлы. 

                                     ЖҰРЛЫҚ МЕРГЕН ҰРПАҚТАРЫ 

              «Бұл қоңыраттардың ұрпақтарынан барлық дәуірлерде әміршілер мен текті әйелдер көптеп шыққан. Бұлар жайлы белгілі болғандар төменде баяндалады. Шыңғыс хан дәуірінде ұлы әміршілер арсында қоңырат руынан Таргих Амил атты бір кісі олардың тобының бастығы болған. Ол Шыңғыс ханға мойынсынып, онымен бірге болды....

         Қоңыраттардың тағы бір әскери бөлімінің басшысы және басқарушысы Дай ноян болатын. Оның Алшы ноян мен Құқұ ноян есімді екі ұлы, Бөрте ужин атты қызы бар еді. Шыңғыс хан оны жастық шағында айттырды, алайда қыздың әкесі көп қарсылық жасады. Алшы ноян Шыңғыс ханмен дос болғандықтан, ол әпкесін оған бергізуге тырысты. Ол әпкесі Алшы нояннан бірер жас үлкен еді.

             Дай ноянның Дәрітай атты бауыры бар еді, оның төрт ұлы болды: Қата, Бүйір, Тәкудай және Жанқұр. Олардың және олардың балаларының көпшілігі әйелдерін Шыңғыс ханның әулетінен алатын әрі оның әулетіне өз қыздарын беретін еді. Олардың дәрежелері соншалық жоғары еді, олар Шыңғыс ханның ұлдарынан жоғары отыратын, барлығы сол қанаттың әміршілері еді. Қазіргі уақытта олардың тікелей ұрпақтарынан қағанның қызметінде және Үгедей, Шағатай, Жошы ұлыстарында көптеген күйеу балалары бар. 

             Бір уақыттары Құтықтының қызы Қалмишты айттырған Салжыутай гурген және Тоқтайдың ұлысынан елші ретінде келген Ебуған гурген де осы әулетке жатады. 

              Иран жерінде Абатай ноян мен оның балалары Нарбура, Өтеман, Құтлық Темір және олардың балалары да қоңырат руынан шыққан еді. Бұлыған қатын мен Керемүн қатын екеуі де Абатайдың әулетінен. Бұлыған қатын Өтманның қызы, Керемүн қатын Құтлық Темірдің қызы. 

              Шыңғыс ханның дәуірінде оны Алшы ноян деп атайтын құрметті әміршісі бар еді. Ал оның шын аты Дарғы гурген болатын. Оның Чигу гурген атты ұлы бартұғын. Шыңғыс хан қоңыраттың басқа руларынан төрт мың кісіні бөліп, оған басқаруға берді. Жне оған өзіні немересі – Төле ханның үлкен қызы Тұмалұнды берді де, содан оны Тумат аймағына жіберді. Қазіргі уақытқа дейін олардың ұрпақтары сол жерде өмір сүреді. Байудай Харбатан соларға жатады, сол жақтан келген. Байудай қоңыраттың тармағы болып табылатын олқұнұттан шыққан. Бұлар жайлы әлі баяндалатын болады. 

              Шыңғыс ханның кезінде тағы басқа бір әміршісі болатын, оның аты – Тоғышар. Оны Далан Тұрқақты Тоғышар деп те атайтын. Себебі ол тұрқақ пен кишикту жасау әдетін алғаш сол бастаған болатын. Тағы бұл мемлекетте (Иранда) Бадғис аймақтарында өмір сүретін қараунастардың мыңдықтарының әміршісі Нигубай баһадүр Тоғышардың немересі еді. Жне ол Шыңғыс ханның алдында әрдайым қызметте болатын. Шыңғыс хан Қытайға жорыққа шыққан кезінде, оны өз әскерінің артына екі мың атты әскермен қарауылға жіберді. Кейбір мұғул қауымдарынан, сондай-ақ керейт, найман сияқты тағы да Шыңғыс хан өзіне бағындырған басқалар, егер олар қайта опасыздық жасап, арт жағынан шабуылдамауы үшін осылай істеді. 

            Тағы басқа бір Қытай ноян атты Шыңғыс ханның ұлы әміршісі және мулазимі болған. Мұндағы (Иран жеріндегі) Тудай қатынның қызметіндегі Мәлік – оның ұлдарынантұғын. 

            Хұлағу ханның әйелдері болған Құтүй қатын, Мртай қатын жоғарыда аты аталған Мәліктің немере қарындастары, ал Мұса гурген немере інісі еді. 

            Төле ханның ұлы Жұриқаның Бұлаған есімді әйелі бар еді. Ол әйел Алшы ноянның ұлынан туған немересі болатын.

            Құбылай қағанның Жабұн қатын есімді өте пәк және сұлу әйелі бар еді, ол Алшы ноянның қызытұғын. Құбылай қаған оны өте жақсы көретін, және бұл жайлы, оның шежіресінің тармақтары жайлы бөлімде баяндалатындай, оның одан төрт ұлы мен бес қызы бар еді. Бұл әйелінің қытай тіліндегі лақап аты Қонқу, яғни үлкен әйел – бәйбіше еді. Ол дүние салған кезінде Құбылай қаған оның орнына әйел етіп, оның немере інісі Начин гургеннің Намбуй қатын есімді қызын алды. Одан оның ұлы бар, оның есімі Ағруғшы. 

            Үгедей қағанның қлы Құшудың Қатақаш атты әйелі Алшы ноянның баласынан туған немере қызы болатын, сөйтіп Құшудың осы әйелінен Ширамун туылды. 

              Алшы ноянның Нашыннан кейін туған Шике гурген атты ұлы болды.

               Шыңғыс ханның Тұмалұн атты қызын алған Дарғы гурген де қоңыраттан еді (сонда:159, 160, 161-беттер).

               ҚОҢЫРАТТЫҢ ЕКІНШІ ҰЛЫ ҚҰБАЙ ШЕРІ ҰРПАҚТАРЫ

         Икирас руының барлығы оның әулетінен және ұрпағынан тарайды. Мөңке қағанның бәйбішесі Құтықтай қатын осы рудан шыққан Хуулдай гургеннің қызытұғын. Ол (Хуулдай гурген Шыңғыс ханның үлкен қызы Құжын бикені алған Бұту гургеннің ұлы еді. 

          Олқұнұт қауымының барлығы Құбай шерінің екінші ұлы Олқұнұттың нәсілінен тараған. Шыңғыс ханның кіші қызы Алталұнды алған Тайжу гурген осы рудан еді. Ол туралы хикая ұзын, сондықтан бөлек жазылады. Оның Жұжынбай атты ұлы бар болатын. Ол Мөңке қағанның Шірін есімді қызын әйелдікке алды. Ол дүние салған кезінде оған Бижиқа атты қарындасын берді.

          Есугей баһадүрдің әйелі, Шыңғыс ханның анасы Ұлұн (Березинде солай жазылған, біз де осы есімге тоқтам жасадық. Автор) фужин де осы рудан шыққан еді. 

            Шыңғыс ханның кіші қызы Алталұқанды айттырып алған Ұлар гургеннің Тайжу гурген де осы рудан шыққан еді. Ол Шыңғыс ханның анасы Ұлұн фужиннің бауыры болатын.

                    ҚОҢЫРАТТЫҢ ҮШІНШІ ҰЛЫ – ТҰС БОДАУЫТ

          Тұс бодауыттан Қаранұт, Күнлеуіт атты дүниеге келгені мәлім. Барша қаранұт руы осының үлкенінен. Күнлеуіт ағасының жесірін әменгерлікпен алып, одан Мисар ұлық есімді ұл дүниеге келеді. Мисар ұлық та ағасының жесірін алып, одан Қоралас атты ұл туады. Қоралас руы түгелдей соның әулетінен тарайды. Дарату гурген осы рудан болатын. Берту (Березин осылай оқыған) гурген Шыңғыс ханның анасының бауыры еді.Шыңғыс хан оған өз қыздарының ең үлкені Құжын бике атты қызын берді. Одан Дарғы гурген атты ұл туды. Және Шыңғыс хан өзінің басқа бір Жабұн атты қызын сол Дарғы гургенге берды. Берту гургеннің әкесі Текус атты кісі болатын. Бірде Текус тайжуыт руында болғанда, олардың моынсұнбайтыны туралы хабарды үлы Бертуға жеткізеді. Қоралас руының басшысы Жаурқа тайжуыттарға қарсы соғыста Шыңғыс ханмен одақтас еді. 

          Мисар ұлықтың қытайлық әйелінен Елжігін атты ұл дүниеге келіп, одан осы аттас ру тарайды. Бұл мемлекетте (Иранда) Ғарақай ноян, оның балалары Жайтемір, Әлі әмірші, Тису мен Абашы солардың қатарынан. Тису әміршінің ұлдары: Тұрықжар баһадүр, Сартақ және Харбанда. Бұлыған Хорасан атпен танымал болған Бұлыған қатын Ислам патшасының (Шыңғыс ханның бесінші ұрпағы, Иранды билеген Ғазан ғали әл-Рахметті айтып отыр. Автор) әйелі – Тису әміршінің қызы еді. 

          Бұл жоғарыда аталған бірнеше ру тармақтары дәл сол Алтын көзеден туған әрі бәрі бір рудан бөлінген еді. Және аталған себепке сәйкес, солардың барлығы бір-бірімен немере ағайындылар және бір-біріне жақын туысқандар болған. Алайда әрбір тармақ өз алдына ру болды және әскери жағынан озаттарға қосылды, саны бойынша да өте көп болды. 

            Жоғарыда айтып өтілгендей, Шыңғыс ханның дәуірінде Тұрықжар баһадүр мен Сартақ баһадүр ағайындылар болған. Шыңғыс хан мұрасын бөлісу кезінде олар Жидай ноянның мыңдық қолының құрамында Төле ханға тиесілі болды, содан маңғұт руымен құда-жекжат болды. 

            Олар – Тұрықжар мен Сартақ Шыңғыс ханның жарлығымен жорыққа аттанып, барғұт руын бағындырды. Олардың басшысын Қадан Далдұрқан деп атайтын. Сол уақытта олар ант беріп, одақтас болды және: «Біз бір әулеттей әрі бір-бірімізге бауыр боламыз. Мұғулдар бір-бірлерімен қыз айттыратындай, біз де бір-бірімібен қыз айттыратын боламыз. Біздің арамыздан басқа рудан қыз айттырған әр кісі келін мен күйеу балалыққа қатысты әдептілік тәртіптерін сақтайтын болады», - деп өзара уәделестік шарттарын жасасты. Содан олар қазіргі уақытқа дейін сол дәстүрмен өмір сүруде.

              ЖОШЫ ҰЛЫСЫНДА ТЕКТІЛІКТІҢ САҚТАЛУЫ 

        Жошы ханның үлкен ұлы Орда қоңырат қызы Сартақтан дүниеге келді. Ол Жошының үлкен әйелі болатын. Орда әкесінің тірі кезінде де, одан кейін де өте сыйлы және құрметті болды. Жошының орынбасары екінші ұлы Бату болды, алайда Мөңке қаған олардың атына үкімдер мен заңнамалар жазғанда Орданың есімін бірінші жазатын. Орда Батудың патшалық етуіне өзі келісті жне әкесінің орнына сол Орда өзі отырғызды. Әрі Жошы хан әскерлерінің бір бөлігін ол басқаратын, екінші бөлігін – Бату.

          Орданың бірінші ұлы Сартақтай қоңырат руынан шыққан Жужа қатыннан дүниеге келді. Оның Хужан есімді әйелінен Құнышын деп ат қойған ұлы туылды. Ол (Хужан) Құлағу ханның әйелі (қоңырат қызы) Құтүй қатынның сіңлісі еді. Бұл Құнышын көп уақыт бойы орда ұлысының билеушісі және Арғын ханның, содан кейін ислам патшасы Ғазан ханның да досы әрі жақтаушысы болды. 

           Жошы ханның екінші ұлы Бату қоңырат руынан шыққан Алшы ноянның қызы Үкі фужиннен дүниеге келді. Оны Сайын хан деп атайтын. Ол өте ықпалды және құдіретті болды, содан Жошы ханның орнына ұлыс пен әскерлерді басқарды. Шыңғыс ханның төрт атақты ұлы дүниеден өткен соң, оның барша немерелерінің ең атақты ағасы болып қалды әрі олардың алдында үлкен сый мен құрметке ие болды. Құрылтайларда ешкім оның сөзіне қарсы шықпайтын. Керісінше барлық ханзада оған бағынатын, мойынсұнатын. 

           (Кезінде) Шығыс ханның Жошыға әскерімен аттанып, барлық Ібір-Сібір, Пулар, Дешті Қыпшақ, Башқұрт, Орыс және Шеркестен мұғулдар Темір қақпа деп атайтын хазарлық Дербентке дейін басып алу, оларды өзінің иеліктеріне қосып алу туралы берген бұйрығынан жалтарып кеткендіктен , Үгедей қаған патшалыққа отырған кезде Батуға солай істеуге бұйырды. Содан немере інісі Мөңке қағанды, оның бауыры Бөжікті және өзінің ұлы Күйік ханды ұлы әміршілермен, олардың арасында ұранқай руынан шыққан, ол (бұдан бұрын) Жебе ноянмен бірге осы мемлекетке келген Сүбедей баһадүрды және басқа да ханзадаларды әскерлерімен бірге алдыңғы шепкі жасаққа тағайындап, бәрі Батудың жанына жиналып, солтүстік елдерді жеңіп алуға бұйырды.

        633 хижри жылының жұмада әл-ахир айына сай келген бичин жыл, яғни мешін жылы олар жорыққа аттанып, ол уәлаяттардың көп бөлігін бағындырды. Сосын 637 хижри жылына сәйкес келетін кулқұна жыл, яғни тышқан жылының көктемінде қағанның әмірімен Күйік хан мен Мөңке қаған кері бұрылып, ұлы мәртебелі қағанның алдына аттанды. 

         Содан соң Бату мен бауырлары, әміршілері мен әскерлері тағы да біраз уақыт ол мемлекеттерді жеңіп алумен болды. Сондай-ақ оның (Батудың) әулеті әлі де жеңіп алып жатыр (шежіреші өз дәуірі тұрғысынан айтса керек).

          Шыңғыс ханның Бөрте бегімнен туған екінші ұлы Шағатайдың әйелдері мен күңдері көп болған. Алайда олардың арасында ең ықпалдылары екі әйелі болатын. Біріншісі – оның барлық көрнекті ұлдарының анасы болған, қоңыраттардың патшасы Дәрітайдың ұлы Қата ноянның қызы Есулін қатын болатын. Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөрте фужин мен Есулін қатынның әкесі немере аға-қарындас болатын.

            Екінші әйелі – аталған Есулін қатынның сіңлісіТуркан қатын. Шағатай оған Есулін дүниеден өткен соң үйленді. Хандар әулетінің тектілікті сақтау бағытында жасаған амалдары туралы басқа да мысалдар аз емес.

           Енді бүгінгі күнге қатысы болуы мүмкін бірнеше қызықты дерекке қарайық. Батудың бірінші ұлы Сартақтан ұрпақ болмаған дейді. Екінші ұлы Туқұқаннан Мөңке Темір дүниеге келіпті, ал оның бәйбішесі қоңырат қызы Олжай қатыннан Алғи жарыққа шығады. Қош, бұл Алғи деген кім сонда? Сонымен қатар Мөңке Темірдің оныншы ұлы Тұғырылдың Өзбек есімді ұлы болыпты. Бұл сонда болашақ Өзбек хан ба? Өзбек ханды Батудың немересі деуші еді, бұл жерде шөбересі болып тұр. Соған қарағанда шежіредегі Алғи бүгінгі Алғидың аттасы ғана екенін жоққа шығара алмаймыз. Сонымен қатар арада бірнеше буын өтсе де, ұрпақтары өздерінің хандар әулетінен шыққан Алги атасын ұмытпай, сол бұтақтан ру шежіресін тарқатуы бек мүмкін ғой.

         Жошы ханның оныншы ұлы Шымбай, оның бірінші ұлы Хинду екен. Хиндудың Жағу есімді ұлы болған дейді. Жағудың келесідей тәртіпте үш ұл өмірге келгені айтылады: Жалайыртай, Күндалаң Маңғытай, Тағашы. Бұл Маңғытай рудың аты ма, әлде рудың аттасы ғана ма? Біз сұраққа кесімді жауап айта алмаймыз, тек еске салумен тоқтаймыз. Нақ сол кезде қағаз бетіне түскен шежіре болмаған соң, шатасулар бола береді. Алайда бізге белгілі Маңғытай руын тарихи Маңғыт руынан шығару нұсқасы бұрыннан бар.

           Жалпы бүгінгі күні бізге жеткен шежірелердің барлығын түпнұсқалық дүние дей алмаймыз. Оның бірнеше себебі бар. Бұл көбірек діни көзқарасқа байланысты орын алған. Ақсақ Темір мен Өзбек хан Орта Азия көшпелі тайпаларына ислам дінін ендіруді Иассауи заманындай үгіт-насихат жолымен ғана емес, агрессивті, күштеу амалымен жүргізудің жақтаушылары болғаны белгілі. Өзбек ханның Жошы ұлысы аумағындағы ханзадалар мен төрелерді ордасына жинап алып, олардан ислам дініне кіруді талап еткен. Ата-бабаларынан бермен тәңіршіл болып келген олардың бірқатары келісім бермеген. Өзбек хан олардың басын алдырғаны туралы дерек бар. Ақсақ Темір Ұлытауда Тоқтамыс ханды жеңген соң, оның жақтаушылары болған қоңыраттарға геноцид жасағаны, қырғынға ұшыратқаны мәлім. Ол өз айналасындағы тарих оқымыстыларына ел арасында хандық дәстүрге байланысты шежірелерді қайта қарауға тапсырма бергені кәдік. Сондықтан Рашид ад-Дин шежіресіне өзгерістер енгізу сол дәуірде қолға алынуын теріске шығара алмаймыз. Атап айтқанда, бұның бір дәлелі Шыңғыс ханның анасы Ұлынды әменгерлікпен алған Меңлекенің шежірелерде екі түрлі көрініс беруі. Бірінші нұсқады ол Бардан батырдың ұлы Меңгіду қиян болып көрінсе, оны тағы бір жерінде қоңқотаннан Шырқа ақсақалдың ұлы еді деп жазады. Соған қарағанда, Темір дәуіріне жататын тарих оқымыстылары Меңлекені шежірелерден түпкілікті сызып тастай алмай, бүркемелеп қана қалдырыпты. Сондай-ақ қоңыраттарға жататын Көктің ұлы, Көктен, Көктенші аталарының ежелгі тәңіршілдік дәуірден келе жатқан аттарын өзгерткен. Құдай жарылқап, аталарымыздың түпнұсқалық аттарымен В.В.Радлов пен Шәкәрім қажы деректері арқылы табысып отырмыз. Сонымен қатар Меңлекенің атын Мелде би деп, Есукейдің атын Жығалы мырза деп, Ұлынның атын Жезбике деп өзгерткені көзге ұрып тұр. Әбілғазы шежіресінде де тарихымызға көптеген «ревизия» жасалыпты. 

             Орыстар да тарихымызды тәркілеуге жәрдемдескен. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Моңғолия мемлекетін құрып, оған біздің төл шежіремізді таңып жіберген. Оларға қазақтан шыққан большевиктердің қол ұшын бергенін білеміз. Бүгінгі күні де солардың айтқанын алқалап жүрген қазақ ғалымдары аз емес және олар ел ішінде едәуір ықпалға да ие.

                                 Шыңғыс ханның Алаш елін құруы

        Алтайда Алты Алашты құрған Шыңғыс хан екені аса көп дау тудырмас. Ежелгі хандар әулетінің перзенті Шыңғыс хан Көк түріктер қағанатының жұртында шашыраңқы күй кешкен осынау алты тайпаны ұйыстыру жолында алға қойған мақсатына жету үшін қандай саясат ұстанды: кімдерді ішке тартты, кімдерге арқа сүйеді, кімдермен соғысуына тура келді деген сияқты сан қилы сұрақтардың жауабын іздеп, шежірелерді, т.б. дереккөздерді парақтағанда, рулар араындағы тартыстардың өршуінде атадан балаға жалғасқан мүдделер тоғысы мен қайшылықтары, отбасылық бақыт үшін күрес қатар өріліп жататынын байқадық. Ал, оларды үйлестіру тәңіршіл өр ұлдардың заманында қиынның қиыны екені және рас. Шашыраған елдерді ұйыстыруды мақсат тұтқан тұлғаның бойында хандық дәстүрдің ежелден қалыптасқан әулетішілік үрдісі бойына қанмен сіңірілген тектілігі қажет етілетіні сөзсіз, тексіздерді өз елінің ішінде де басшы деп мойындай қоймайтын. Сонымен қатар, тек өзіне ғана тән бекзат болмысы, ойшылдығы, қалыптасқан жағдайға байланысты ең оңтайлы шешім қабылдай білу қасиеттерімен ерекшеленуі тиіс болатын. Осы қасиеттерді Шыңғыс ханның бойынан көре аламыз ба? Бірге қарастырайық.

             Жоғарыда айтқанымыздай, күнқұраттар мен меркіттердің арасында қырқыстың орын алуы мына жағдайдан басталған екен: «Сол шақта Бардан батырдың ұлы Есукей батыр Онон дариясының бойында құс аулап жүреді. Ол жолда Меркіттің үлкен Шілеті дегенінің Олқұн тайпасынан қыз алып келе жатқанына кездесіп, күймеде отырған оның қалыңдығына үңілсе, хас сұлудың өзі екен. Есукей салған жерден оны ұнатады да, үйіне келіп, ағасы Некүн мен інісі Дәрітай екеуін ертіп алып, Шілетінің артынан қуады. Оларды көріп, зәресі ұшқан Шілеті бір қиырға қарай жүйрігіне қамшы басып, қаша жөнеледі. Ал, күймесі сұлуымен қала береді. Шілеті соңына түскен үш қуғыншыға шалдырмай, тұмсық айналып, оларды адастырады да, Күймеге қайтып оралады. Сонда Әуелін бегім асыға:

          – Әлгі үш қуғыншының түрі жаман. Жаныңа қас қылудан тайынбас. Маған қарайламай, өз басыңды сауғала. Аман-сау құтылсаң, талай сұлуды табарсың, мендей бірін аларсың, - дейді. Есукей батырдың Әуелүн бегімді әйел етіп алған жөні осылай еді» («Алтын шежіре»: 20-бет). 

           Сүйекке таңба болып басылғандай қалыңдық дауы атадын баласына мына сипатта жалғасады: «Деректерді жеткізушілер келесіні айтады: Шыңғыс хан Меркіт руымен соғысып жатып, олар үстем келген кезінде, Бөрте фужин Жошыға жүкті еді. Меркіт руы оны тұтқындап алып кетті» (Рашид ад-Дин, «Тарихтар жинағы»: 299-бет). 

            Бұл қораластардың көсемі болған Есукей батырдың беймезгіл қазасынан соң оның малын бағып, қызметін қылған қарамағындағы отыз-қырық мың түндік бір қауым ел жас Шыңғысты баласынып, оған бағынбай кеткен кезі. Қайду ханның тұсында оқыс қылықтары үшін хандар әулетінің құлдығына түсіп қалған жалайыр-тайжуыттар батырдың әулетінің қас жауна айналып, оның мұрагері Шыңғыстың өміріне қауіп төндіруде еді. Тек Шыңғыстың анасы Әуелін бегімді әменгерлікпен алған Бардан батырдың ұлы, Есукейдің туған бауыры Меңлік әкей ғана әрі ақылшы, әрі пана. Оның да Есукей қазасынан соң шашырап кеткен Күнқұраттың бір атасы, хандар әулеті - қораластарды бір тудың астына жинау үшін басы қатулы еді. Бұндай жағдайда меркіттер олжалап алып кеткен қалыңдығын қайтару үшін Шыңғыс әкесі Есукеймен анда-дос болған, меркіттерге сөзі өтімді Уаң ханның көмегіне жүгінуден басқа лаж таба алмайды. 

            «Керейдің Уаң ханы кезінде Есукей батырмен айнымас дос болған. Олардың сонша тату-анда болғаны былай еді: Уаң хан әкесінің інісі Құршақұс ханды өлтіріп, немересі Көр ханмен жанжалдасып, жүз кісімен Қарғын тауына тығылып, зорға құтылады. Содан Уаң хан Есукейге барып, көмек сұрауға мәжбүр болған-ды. Есукей батыр оны қабыл алып, көп әскермен Көр ханға қарсы аттанып, елін, жерін Уаң ханға қайтарып алып береді. Есукей мен Уаң ханның достығы осылай басталған» («Алтын шежіре»: 71-бет). 

             «...Темүжін Жотан шешейдің (Бөртенің анасы) киітке әкелген қара бұлғын ішігін алып, екі інісін қасына ертіп, әкесінің ескі досы – Толы өзенінің бойындағы қара орманды мекен етіп отырған Керей тайпасының Уаң ханына барады. Әкесімен дос болғаны үшін өз әкесіндей көріп барғаны еді. Хан ауылына келген ол:

           – Әкемнің ескі досы едіңіз. Сізді әкемдей көріп, келініңіздің жасауынан келген қара бұлғын ішікті үстіңізге жапқалы әкелдім! – деп ұсынады. 

            Бұған қатты разы болған Уаң хан:

            «Қара бұлғын ішіктің қарымына қақыраған еліңді – құрастырып берейін!

             Бұлғын ішік бодауына, бытыраған еліңді біріктіріп берейін!

             Бүйірінен бүйрегін, кеудесінен қақырығын кетірейін!» - дейді.

        Шыңғыстың тартуын ала тұрып, оның айтқан өтінішіне ден қойған Уаң хан Бөрте фужинді қайтаруға кірісуі табиғи. «Ол замандары меркіт рулары мен Оң ханның ортасында бітімгершілік қарым-қатынастар болғандықтан оны (Бөрте фужинді) Он ханға беріп жіберді. Он хан оны сыйлап, құрмет көрсету аясында ұстады. Шыңғыс ханның әкесімен болған көне достығының себебінен, ол оған өз келініндей қарады, Шыңғыс ханды «балам» деп атайтын. Оның (Он ханның) әміршілері: «Неліктен сен оны (өзіңе әйелдікке) алмайсың», - дейтін. Ол жауап беріп: «Ол – менің келінім. Оған опасыздық көзімен қараған өте әділетсіз және бекзаттықтан тыс болатын еді»,- дейтін.

       Шыңғыс хан бұл жағдайдан хабардар болған кезінде Он ханға жалайырдан шыққан Сартақ ноянның («Тарихтар жинағының» 165-бетінде Сартақ ноян қоңыраттың Елжігін руынан екені айтылған) атасы Сапаны жіберіп, ол әйелін сұратты. Он хан оған сый-құрмет көрсетіп, оған ханымды беріп жібереді. Олар (Сапа мен Шыңғыс ханның әйелі) Шыңғыс ханға қарай бет алады. Жолда Жошы дүниеге келеді. Жол қауіпті болғандықтан олардың тоқтап, бесік жасауға мүмкіндігі болмады. Сапа аз ұннан қамыр илеп, оған Жошыны орап алды. Өзінің етегіне салып, оның мүшелері ауырмайтындай етіп, оны ақырын алып жүрді. Содан ол (сәби) жолда туылғандықтан Жошы (Жолшы) деп атанды («Тарихтар жинағы»: 300-бет). 

            Арада жылдар өте келе кіші әкесі – Қалқа күнқұраттарының биі Меңлекенің атырабына бытыраған елі қайтадан бас құраған кезде, жастық шағында отбасына шабуылдап, жан жары Бөртені олжалап алып кеткен меркіттерден есе қайтаруы Шыңғыстың бекзаттық болмысына лайық құбылыс. «593 хижра жылына сәйкес келетін жылан жылы Шыңғыс хан меркіттер әміршісі Тоқтыға қарсы жорыққа шықты. Меркіттер руы мұғулдардан бөлек болғанына қарамай, күшті де үлкен қауым болатын. Олармен Қарас мурас өңіріндегі Керулен өзеніне жетпей, Селенгі өзеніне жақын Моруша сиул деп аталатын жерде шайқасып, меркіттердің бір тармағы болып келетін удойыт-меркітке соққы беріп қиратты, тәркілеу жасады. Бұл соғыс барысында қолға түскен барлық нәрселерді (Шыңғыс хан) түгелдей Оң ханға тарту етті. 

         Осыдан соң келер жылқы жылы Он хан қайтадан күшейді, сөйтіп бағыныштылары мен әскерінің басшысы болды. Содан Шыңғыс ханмен ақылдаспай, ол меркітке қарсы соғысқа шығып, Бұқара дала деп аталатын жерде оларға соққы берді, Тоқтының ұлы Тағуз бекиді өлтірді. Және Тоқтының екі қызы Тотықтай мен Шарынды тұтқынға түсіріп, тағы да Тоқтының екі бауыры Құду мен Шылауынды үй іші және қызметшілерімен бірге алып келді. Ал Шыңғыс ханға бұдан (олжалардан) ештеңе берген жоқ. Ал Тоқты бекидің өзі Барқыжын деп аталатын жерге қашып кетті» («Тарихтар жинағы»: 365-бет). Меркіттер елін ер жігітке тән ар-намыс үшін шапқан Шыңғыс ханның қолға түскен мал-мүлікті Оң ханға тарту етуі әлбетте оның бекзаттық болмысынан дерек береді. 

          Арадағы қалыңдық дауы өрши келе екі елдің арасында жаулыққа ұласып кетеді. «Келесі хикаяларда егжей-тегжейді айтылатындай, меркіттер Шыңғыс ханмен көп мәрте соғысты. Соңғы соғыста Тоқтабекидің садақты өте жақсы және дөп ататын кенже ұлы Құлтуған мерген қашып құтылып, қыпшақтар жағына кетті. Жошы оны қуып жету үшін әскерлерін жіберді, олар оны тұтқынға түсірді. Жошы хан оның садақ атудағы мергендігі жайлы есіткендіктен, нысана қойып, оған оқ атуын бұйырады. Құлтуған мерген оқ атып, нысанаға дәл тигізеді, артынан екінші оқты атып, бірінші оқтың қауырсыны орналасқан ойыққа дәл тигізіп, бірінші оқты екіге қақ бөліп жібереді. Жошы ханға бұл өте ұнап қалады, содан Шыңғыс ханға елші жіберіп, Құлтуғанның өмірін сақтап қалуды сұратады. Шыңғыс хан оның сұратуын құптамай: «Меркіт қауымынан асқан жаман еш қауым жоқ. Олармен қаншама рет ұрыстық, олардан біз көптеген қиындықтар мен тынышсыздықтар көрдік. Осыдан соң оны қалай тірі қалдыруға болады, әлде оның қайта бүлік жасауы үшін бе!? ... Құлтуғанның саған қандай қажеттігі бар?! Патшалықтың жауы үшін қабірден басқа орын жоқ!» - деді. Осы себептен Жошы хан оны өлімге кесті, осылайша олардың үрім-бұтағы үзілді. Ақыр соңында Тоқтабеки де соғыста өлтірілді» (Сонда: 95-бет). 

           Әбілғазы «Түрік шежіресінде» былай дейді: «Есукей баһадүрге бағынатын елдің ішінде малы мен басы көбірегі тайжұт руы еді» (55-бет). Ары қарай екі арада болған шешуші шайқасты былай деп сипаттайды: «Тайжұттың азғыруымен Нирун елінің көп рулары он үш жасар Шыңғыс ханға жау болып, көп жылдар атысты, шабысты. Шыңғыс хан қырық жасқа толғанда, барыс жылының басында бір кісі қашып келіп, Шыңғыс ханға мынандай хабар берді: «Барлық Нирун елі жиылып, сіздің үстіңізге аттанды. Бөтен жұрттардан Биауыт, Меркіт, Татар елдері Тайжұтпен бірге аттанды. Шыңғыс хан бұл уақытта әлсіз емес еді, жақсы мен жаманды көріп, ащы мен тұщыны татып, ыстық пен суықты көріп еді. 

              Өзіне тәуелді елдердің малы мен жанын бір жерге жинады. Он үш ру ел болды, он үш күрен етіп, үй мен малды бір-біріне тақай, дөңгелек етіп құрды. Дүние, мал жақсысын пана етіп, мықтап байлады, жаманын күреннің сыртына қойды. Сол уақытта жау келді, бұлар күренге арқа беріп, соғыс ашты. Шыңғыс ханның қарамағында он мыңдай, жау жағында отыз мыңдай кісі бар еді. Ұзақ та қатты шайқас болды. Ақыры, құдай тағала Шыңғыс хан жағында болып, ол жеңіп шықты. Сол күні бес-алты мың кісіні өлтірді. Тайжұттан тірі түскен кісілерді байлатып қойды. Жетпіс жерге қазан көтертті, оған су толтырды, су қайнаған уақытта қол-аяғын байлатып, әр қазанға бір кісінің аяғынан ұстап тұрып, басын батырды, әбден піскенше ұстап тұрды. Одан соң Тайжұт еліне аттанып, халқын шауып, жақсыларының ұл-қыздарын пенде етті, жамандарын айдап әкеліп, өз еліне қосты. Бұлар қосылғаннан кейін елі бұрынғыдан да күшейді. Шыңғыс ханның атағы бүкіл монғол жұртына жайылды (56, 57 беттер).

             «Алтын шежіреде» тайшылармен арадағы ұрыстың қорытындысы туралы былай делінеді: «Сол ұрыста Шыңғыс хан тайшылардың ұрпағына дейін тұқымын құртып, күлін көкке ұшырды» (60 бет). 

            Ал, татарлармен арадағы қарым-қатынас ежелден салқын болатын. Бағзы замандардан келе жатқан жаулықтарды айтпағанда, екі арада орын алған кейінгі бір оқиға туралы Рашид ад-Дин былай дейді: «Бірде Қабыл ханның қоңырат (түпнұсқада кунгират дейді) руынан шыққан әйелі Қуақу Лукудың ағасы Сайын тегін атты кісі ауырып қалады. Оны емдеу үшін мұғулдар татардан Шырқыл Будүй атты «камиді» шақырады. Ол келіп, қамшымен ем жасайды, алайда Сайын тегін өліп қалады. Мұғулдар ол қауымға (татар) берген уәдесін орындап, емшіні үйіне жөнелтеді. Содан Сайын тегіннің аға-інілері барып, Шырқыл емшіні өлтіріп кетеді. Осы себепті татарлар мен мұғулдардың арасында жаугершілік пайда болды(79-бет). Екі жақ та ыңғайлы сәттің туған кезінде бірін-бірі өлтіріп, тонап кететін. Көп жылдар бойы бұл соғыс пен жаугершілік (жағдайы) жалғасты» (80-бет). 

             Сондай-ақ «Алтын шежіреде» айтылғандай, Шыңғыс хан дүниеге келер алдында Есукей батырдың татардың Темүжіні мен Қара бұқасын қолға түсіруі, татарлардың Есукейге у қосылған ас беріп, ажал құштыруы екі арадағы шиеленісті асқындыра түседі. Бұл жағдайдан шығудың ұрыстан өзге жолы жоқ екенін түсінген Шыңғыс хан шешуші қадамға барады. 

            «Ит жылының күзінде Ақ татар, Әлші татар, Тұтқы татар, Аруқай татарларымен Жетпіс Неміргі деген жерде Шыңғыс қағанның әскерлері соғысуға әзірленді. Шабуылға шығардан бұрын Шыңғыс қаған былай деп жарлық етті: «Дұшпанды жеңген кезде олжасына қызықпаңдар. Оны соғыстан кейін бөлісу оңай. Алдымыздан қатты соққы тисе, алғаш ұрыс бастаған жерге жиналыңдар! Оған келмеген адамдардың басы алынсын!» Сонымен Жетпіс Неміргі жерінде ұрыс болды. Шыңғыс қаған дұшпанын оңдырмай жеңіп, Ұлқай Шілжіге елін түгелдей өз қарамағына алды. Ал, Ақ татар, Әлші татар, Тұтқы татар, Аруқай татар төртеуін сол жерінде жаныштайды» («Алтын шежіре: 72 –бет). Сол ұрыстың қорытындысында Шыңғыс хан татардың Есүй мен Есүйген ханшаларын олжалайды. Олар Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөрте бегім мен екінші ханымы Құланнан кейінгі үшінші-төртінші ханымдары болды.

              Шыңғыс ханның Алты Алашты құруына арадағы «анда-достығын» өзінің теріс пиғылына пайдалануды мақсат тұтқан Жамұқа көп кедергі келтірген болатын. Оның бүркемеленген шын сипатын Шыңғыс ханға арнап айтқан: «Темүжін досым, тыңдағын! Тау сағалап қонайық – жылқышыға үй болсын, жақтайсың ба сөзімді! Су сағалап қонайық – қой-қозыны баққанның қолқасына ас болсын. Құптайсың ба сөзімді!» деген сөздерінен аңғарған Бөрте бегім былай депті: «Жамұқа досты «дүниеден тез айнығыш, тұрлауы аз адам» дейтін еді. Енді бізден де жалығайын деген екен. Жаңағы сөзі бопсалағаны болар. Біз оның айтқан жеріне түспейік. Бөгелмей жүріп, бөлініп кетіп, түні бойы көшелік!» дейді. Темүжін Бөрте бегімнің айтқанына көніп, әлгі жерге түспестен, түні бойы көшіп, тайшы елінің шетіне келеді. Олардан үркіп, үдіре көшкен тайшылар жерін тастап, Жамұқаның жағына қарай ығып кетеді». 

          Осы оқиғадан кейін көп кешікпей әлдебір сылтаумен жалайырдың он үш батырын бастаған Жамұқа Шыңғыс ханға оқыс соғыс ашады. Ұзаққа созылған бұл соғыс Шыңғыс ханның пайдасымен аяқталады («Алтын шежіре: 50-бет). Әбілғазының айтуынша, «Оң ханның ұлы Сәнкүнге жел беріп, бұзықтыққа итермелеген Жамұқа еді. Оң хан өлген соң ол найман Тиаң ханға қосылады. Ол өлгеннен кейін өз жұртына келеді. Жамұқаның соңынан еріп, ешбір нәтижеге қол жеткізе алмаған тайпаластары ақырында оны байлап-матап, Шыңғыс ханға тапсырады. Хан опасыздығы мен жасаған сан-қилы дұшпандықтары үшін буын-буынын кесіп өлтіріңдер деп бұйырады. Буындарын кесе бастағанда Жамұқа тұрып: «Шынымды айтсам, Шыңғыс хан қолыма түсе қалса, оның буын-буынын кесіп өлтірсем деп ойлаушы едім, бірақ менің дегенім болмады», дейді (62-бет).

            Шыңғыс ханның Алтай өңірінде беделі мен ықпалы артып бара жатқанына Найман мен Керей хандары бейжай қарап отыра алмады. Найманның Таян ханының өзіне қарсы жорық қамына кіріскенін естіген бойда Шыңғыс хан ертерек қозғалғанды жөн көрді. Әбілғазы хан өзінің «Түрік шежіресінде» былай дейді: «Тиаң хан да Шыңғыс ханның аттанғанын есітіп, екеуі қарсы ұшырасты. Шыңғыс хан соғысуға әскерін дайындап, оң қолына інісі Жошы Қасырды, сол қолына үлкен ұлы Жошыны қойып, өзі орталық әскерді басқарды. Ертеңіне күн батқанша қатты соғыс болды. Таян хан ауыр жаралы болып, әскері қашты...» (62-бет).

             Әкесінің досы болған Оң ханның әулетімен қыз алып, қыз берісіп, достықты ұрпақтар арасында жалғастыруды жөн көрген Шыңғыс хан: «Жошыға Сенкімнің қарындасы Шақыр бегімді берсін, ал Сенкімнің ұлы Тасақытқа өзімнің қызым Күжін бегімді берсем», деген ойын жеткізіпті. Сонда Сенкім менменсіп, келісім бермей қайтарады. Екі елдің арасына от салушылар қатарында ханның Алтын, Құшар, Торы сияқты ағайындары да төбе көрсетеді. Не керек, құдалық іске аспай қалады. Осы ойды өзінің теріс мақсатына пайдаланғысы келген Сенкім әкесіне былай дейді: «Жуықта Шыңғыс ханның өзі ұлы Жошыға біздің Шақыр бегімді сұраған еді. Енді бауыздау жескен құда болайық деп, шақырып алайық та, сол жерде қолға түсірейік!» Сенкімнің бұл сөзіне әкесі Уаң хан: «Ия, балам, үрім-бұтағыма жамандық бермесін деп тілеймін. Балам, өзіңе айтарым, көзің жетпей тұрып, арам пиғылға бой ұрма, Тәңірдің кәріне ұшыраймыз»,- дейді. Әкесінің бұл сөзіне Сенкім разы болмай, үйден шыға жөнеледі. Сонда Уаң хан баласына жаны ашып, шақырып алады да: «Ия, жалғыз ұлым! Тәңірден қорқып, сенің талабыңды таптамайын. Қауқарларың жетсе, ойға алған істеріңе кірісе беріңдер! Мен рұқсатымды бердім!» -дейді. Сонымен, әкелі-балалы екеуі осы еөзге келісіп, «Шақыр бегімді Жошыға беруге ұйғардық. Құдаласуға келсін», -деп, Шыңғыс ханға қарай кісі жөнелтеді. Құдалыққа шақырылған Шыңғыс хан қасына он серігін ертіп, жол үстіндегі Меңлік әкейдің үйіне келіп қонады. Сонда Меңлік әкей ойланып отырып: «Ия, інілерім, естеріңде шығар, жуықта ғана Шақыр бегімді сұрағанымызда, өзімізді келеке-мазақ қылып, бермеп еді ғой. Енді несіне «бауыздау жескен құда болайық деп, аяқ астынан шақыра қалды? Өзін өр санап, күнге балап жүргенде, келіп алсын дегені не қылғаны? Бұл қылықтарында «Жөн бе, жоқ, дөң бе» дегендей мән бар. Балам, осыны ойыңа ал! Көктемнің көктырнақ кезі келді. Мінген аттарың да арық екен. «Жылқымыз қоң алған кезде барайық», -деп сылтау айтыңдар!- дейді. Сәлден кейін және былай деп ақыл айтты: «Өзің бармай-ақ, Бұқатай мен Қышықұтайды «құйрық-бауыр жесіп, құдаласып кел!» деп жіберейік. Ақыры, Меңлік әкейдің айтқаны болды. Шыңғыс хан үйіне қайтты». («Алтын шежіре»: 78-бет).

          Бұл әңгімені Әбілғазы хан былай деп қорытындылайды: «Сөйтіп, Шыңғыс ханды өлімнен құтқарды. Меңлік ечеке Шыңғыс ханның қызметінде болды. Оның анасын алғанда, Шыңғыс он үш жаста еді. Сол уақыттан өзі өлгенше: соғыста да, жақсы күндерде де, жаман күндерде де оның қасынан ажырамай, оның қызметінде болды. Отырғанда да ханның оң жағында, басқалардан жоғары отырар еді» (46-бет).

          Екі арадағы егес жалғаса келе, үлкен ұрысқа ұласып, ол Шыңғыс хан әскерінің толық жеңісімен аяқталады. Тарихтың осы кезеңі туралы «Алтын шежіреде» былай делінеді: «Ержүрек Керей елін басып алған соң, оларға ерген Найман мен Меркіт елдерінің соғысуға жүрегі дауаламай, бытырап кетті» (84-бет). Бұл шежірелік дерек Шыңғыс ханға Алтайда қарсы тұрар күш қалмағанын білдіреді. 

              «Алтын шежіреде»: «Қалқа өзенінің Бұйра көліне құяр сағасында көп малды Қоңырат деген ел бар» (84-бет) екені еске салына отырып, оқиғалар барысы ары қарай төмендегіше өріледі: «Шыңғыс хан Жетпіс Неміргіден Қалқа өзеніне қарай бет алған жолда, барлық әскерін санап көрсе, екі мың алты жүз адам екен. Осыдан бір мың үш жүз адам Шыңғыс ханға ілесіп, Қалқа өзенінің батыс шетіне қарай көшті. Ал, қалған бір мың үш жүзі оңғұттар мен маңғыттарға ілесіп, Қалқа өзенінің шығыс шетіне қарай ойысты». 

           Он үш жасынан қырық бес жасқа дейінгі аралықта буырқанған өмірін осылайша сәтті қорытындылаған Шыңғыс хан ордасын тігу үшін бұл мекенді не үшін таңдады деген сұрақ туындайтынын ескеріп, тарихқа аз-кем шолу жасайық. Хандар әулетінің бастауындағы Күн (Гун) елінің ханы Оғыздың ордасы Қалқада тігілгенін тарихтан білеміз. Күндер елі ыдырауы кезеңін өз мүддесі үшін пайдаланған Қытай елі салған қырғыннан соң, Ергене Қон аңғарында өткен мәжбүрлі 450 жылдық үзілісті айтпағанда, Күнқұрат ұрпақтары құрған Түрік қағанаты мен оның заңды жалғасы – Көк түріктер қағанатының ордалары да Қалқада орын тепкен болатын. Ата тарихын Көк түріктер қағанатынан қалған ескерткіштер жанындағы барқыларда отырған тәңіршіл шырақшылардың баянынан тыңдап, қалқалық жыраулардың Көк түрік батыры Алпамыс туралы дастанын құлағына құйып өскен Шыңғыс хан үшін елдің өткені жұмбақ емес еді. Сондықтан Шыңғыс хан өзі ұйыстырған жаңа мемлекет ордасын тігу үшін күнқұраттардың ежелгі мекенін– Қалқа өзенінің бойын таңдаған. Бұл Керей, Найман, Татар, Жалайыр, Меркіт тайпаларының Қалқа өзені бойын мың жылдар бойы мекендеп, тұғырлы хандық дәстүрді сақтаған Күнқұрат елі атырабына ұйысуын, осының негізінде Шыңғыс ханның Алты Алашты құрғанын білдіретін тарихи құбылыс болатын. 

           Қалқа өзенінің батыс жағалауында тігілген жаңа ордасында өткен алғашқы хан кеңесінде Шыңғыс хан Алты Алашты құру барысында сыннан өткен батырлары қатарынан әскербасыларын тағайындайды. Осы орайда «Алтын шежіреде» жазылған ханның әділдік пен достарына деген адалдыққа құрылған кесімді сөздері мен жарлықтарын тұтастай назарға ұсынғанды жөн көрдік. 

            Ол былай дейді: «Жаршыдайды өзіме биік таудың панасындай көруші ем. Балшын көлінен сусын ішуге түскен кезде, сол жерден Жаршыдай, Арқай екеуін елші етіп, Керейге жіберіп едім. Ақыры Тәңір мен қара жер қоса қуат беріп, біз керейлерді бағындырған едік. Меркіт пен Найман бұзылған кезде Керейдің Жақа Қамба батыры екі қызына ерген сылтаумен өзінің бағынышты елінен кетіп қалған еді. Ол тегін кетпей, жауласып кеткендіктен, Жаршыдай артынан қуып барып, әдіс айласын асырып, оның көзін құртқан еді. Ақырында Жақа Қамба елін қырғын қып, басып алды. Жаршыдайдың бізге тигізген тағы бір жақсылығын айтсақ: «Жан беріскен күндерде, жанын аяп қалмаған, өлім келген сәттерде, өзін маған арнаған ер еді бұл!» деп, Шыңғы хан Жаршыдайдың ерліктерін еске алып, өз құзырымен керей батыры Жақа Қамбаның қызы Ибаға бегімді оған сыйға тартты. 

           Құбылайға:

            – Мықтының мойнын, балуанның белін үзген ер едің, сен! Енді, Құбылай, Желме, Сүбетей, Жебе сынды төрт арланымды ойға алған ісіме жұмсамақпын. Боршы, Мұқылай, Бөріқұл, Шылауын сынды төрт батырымды қасыма алмақпын. Соғыс болған кезде орғұт, маңғұт шеріктерімді Жаршыдайға бастатып қойсам, көңілім жай тауып отырар едім, - деді.

           «Құбылай әскердің барлық қимылдарына әмір ететін болсын», деп жарлық қылды. «Битекүн тым табансыз болғандықтан, оны мыңбасы еткім келмеді. Ол тек сенімен тізе қосып, мың басын басқаратын болсын. Сөйтіп, кейін Битекүннің қандай қолбасшы болатынын көрерміз!»-деді. Және Шыңыс хан Дегетейге де былай деді: «Боршы, Мұқылай бастаған нояндарым! Тұдай, Доғылқу бастаған шербилерім! Сіздер қара түнде қасқыр болып жауға шапқанда, жарық күнде қарға болып көшкен кезде – жырылып жұртта қалмаған, бөлінгендерге бірікпеген, сатқын біреулерге бетін сатпаған, кекті біреулерге келісім етпеген Дегетей мен Көкеші екеуінің рұқсатынсыз еш уақыт өз беттеріңмен әрекет қылмаңдар!» - деп әмір етті.

            Және де: «Балаларымның үлкені Жошы еді. Кенекіні Жошының қол астындағы түменге ноян етіңдер!» - деп жарлық қылды. Және де:

            «Дегетей, Көкеші, Теке, Үсен қарт төртеуі көргенін көпсітіп көкімейтін, естігендерін еліртіп елге айтпайтын адал кісілер еді. Бұларға бәрің де сеніп жүріңдер!»-деп тапсырды. Шыңғыс хан Желмеге арнап тағы да: «Мен туғанда, Жаршыдай қария көрігін көтеріп, Желме деген баласын бұрынғы бесігімен қоса жанына ертіп алып, Бұрхан Қалдын тауынан түсіп келген екен. Сонда, Делуін Болдық деген жерде туған маған арнап, бұлғын түгісінен жасалған бесігін беріпті. Содан бермен есіктегі құл, етектегі еншіміз құсап жүрген Желменің бізге тиген жәрдемі есепсіз көп еді. Бірге туып, бірге өскен, бұлғын құндағымыз ортақ болған қадірлі құрдасым Желме тоғыз мәрте жолдан тайса да жазаға тартылмасын!» - деп әмір етті. Ал, Тұлыға Шыңғыс хан: «Әкеңдікінен өзге мыңдыққа әмір етіп келген едің. Ұлысты құрған кезде әкеңнен бөлек бір қанатты басқарып, ұлысқа сеп болғаның үшін «шерби» атақ бердім. Енді, өзіңнің жиып-терген еліңді біріктіріп, өзге бір мыңдық болып, торғауыттармен әмпейлесіп биле!» -деп әмір етті. Сондай-ақ Үнгір аспазға да әмір берді: «Үш Тоқырғұт, бес Тарғұт, Меңгіт қиянның баласы Үңгүр шәншіғұт, сендер баяқұттарды өздеріңе қаратып бір алқа-топ құрыңдар!» 

              Сонда Үңгір бүй деді: 

              – Құзырыңызға алсаңыз, баяқұт әулетім түгелдей бөтен елде бытырап жүр. Рұқсат етсеңіз, баяқұт елінің басын қосып, аға-інілерімді біріктіріп, мыңдық етсем!

            Шыңғыс хан сонда:

            – Олай болса, аға-інілеріңді жиып, өзің мың басы бол! Және Үңгір, Бөріқұл, оң мен солдағы жатқан елге қамқоршы болып, азық-түлік үлестіретін болыңдар! Батыста отырғандарға өз орнымен, шығыстағыларға рет-ретімен, ешкімді құр қалдырмай, осылайша қызмет етсеңдер, менің жаным жай тауып, көкірегім кеңіп қалар еді. Енді, Үігір, Бөріқұл екеуің аттарыңа мініп, көпшілікке үлестерін жеткізіп беріңдер!- деп жарлық қылды. – Түсе қалған жұртқа үлкен саба қойып, оң жақ пен сол жақтың еліне сусын үлестіріп отырыңдар! Қонған жерлерің қолайлы болсын! – деп жұрт көрсетіп берді. Бөріқұлға былай деді: - Шешем байғұс Шектіқұтық, Көкеші, Күшік төртеуіңді бөтен жұрттан тауып алып, бауырына салып еді. Бөтеннен тауып, бесікке бөлеп әлдилеп, баласындай әлпештеп, айдарыңнан көтеріп, адамменен тең қылды! Иегіңнен көтеріп, ер жігітпен тең қылды. Баласы маған серік қып, өсіруге серт қылды. Өсірген асыл анаға- өзіңмен болған маған да, өтедің қарыз ісіңді. Қырғын болған соғыста қонағасыз қонбадық. Толассыз ұрыста тамақсыз болмадық. Тағы да, әкемізді мерт қылған Татар елін тоздырдың. Өшіміізді қайтарып, қасымызды тойтарып, татардың көп елін қылышпен өлшеп турадың! – дейді.

          Сондай-ақ хан Үсен қарияға да: «Үсен, Көкеші, Әсем, Дегей төртеуі естіген, көргенін өсіріп айтпайтын жақсы мінезді жандар еді. Мұңғолдың төре дәстүрінде ноян мен бекті көтермелейтін дәстүр бар. Бұл кісі Бәрін ағаның жақсы ұрпағы еді. Үсен қарияны бек болғызайын. Сіз бек болған соң, боз ат мініп, ақ тон киіп, таққа отырып, көктегі ай мен күнге мінәжат етіп отырыңыз!»-деп әмір берді. Тағы да Шыіңыс хан Құйылдыр досы соғыста опат болғандықтан, бұрынғы айтқан аманатын ескеріп: «Құйылдырдың үрім-бұтағына шейін , қазынадан жетім-жесірге деген көмек алатын болсын!» - деп жарлық қылды. Және де Шаған сұлудың баласы Нәрін торыға арнап:

          – Әкең Шаған сұлу мен үшін соғысып, Далын Болшындағы ұрыста опат болып еді. Енді, сол әкеңнің жақсылығы үшін, жетім-жесірге арналған көмектен алып тұр! – деп әмір еткенде, Нәрін Торы:

            – Мұрсат етсеңіз, Некүс аға-інілерім шетте тоз-тоз боп жүр. Некүс туыстарымның басын қосып, ел болдырғым келеді, - деді.

                   Шыңғыс хан оның сөзін қоштап: 

                  – Олай болса, Некүс туыстарыңды жинап, басын қос. Сен өзің сол мыңдықты басқар. Ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын болсын!- деп әмір етті. Тағы да Торқан сарыға арнап: «Балаң кезімде тайшы Тарқұтай Кірілтүктің тыстарының қолында тұтқын болған едім. Сонда, өзіңнің аға-інілеріңнен қорықпай, Шылаын, Шымбай деген екі балаңмен бірге мені құтқарып қалған едің. Әлденеше күн Қадан атты қызыңа бақтырып, жау аяғы басылған кезде, азық-түлік беріп, атыңа мінгізіп, мені босатып жіберген едің. Сол бір жақсылығыңды ұмытпай, түнде түсімде, күндіз өңімде еске алып жүруші едім. Тайшылардың соңынан келген екенсіз. Енді, менен нендей жақсылық, қандай ілтипат тілейсіз!?- деді. 

              Торқан сары Шылауын, Шымбай балаларымен бірге бүй деді: 

             – Мекен алайық. Меркіттің жері Шіліңгір өзенін мекен қылайық. Басқа ілтипат-шапағаттарыңызды, хан ием, өзіңіз біліңіз! – десті. Бұл тілектеріне Шыңғыс хан: 

            – Торқан сары ұрақтары бұрынғы меркіттің жері болған Шілінгір өзенін мекен етіп, ие болсын! Оны ұрпағынан ұрпағына шейін мұра қылсын. Және әкелі-балалы бұл үшеуі тоғыз мәрте қылмыс қылса да, жауапқа тартылмай кешірілсін! – деп жарлық етті. Және Шылауын, Шымбай, екеуің айтқан сөздерің есімде жүрсін. Сұрағыларың, кемдіктеріңді толтырғыларың келсе, аралық кісімен айтқызбай, өз беттеріңмен айтып, өздерің сұраңдаар! – деп әмір берді.

              – Батай, Кішілік екі дарқыт, ойрандаған жауыңнан олжа тапсаң, олжаңды ал! Аңға шығып ата алсаң, атқан аңды өзің ал! - деп жарлық қылды. 

               Торқан сары Тайшы Төдегеннің адамы еді. Батай мен Кішілік екеуі Шерудің жылқышылары болатын. «Енді, менің жақын серіктерім болып, тойда табақ тартысып, еркін өмір сүріңдер», деген де жарлық айтылды. 

              Шірет қария Алық, Найық деген екі баласы үшеуі Тарқұтай Кірілтүкті байлап-матап бізге әкеле жатады. Бұлар Құдықты түбек деген жерге келген кезде Найық: «Өз ханымызды өзіміз тұтқын ғып, өзге ханға апарғанымыз жөн болмас, босатып жіберейік»,- дейді. Олар осы сөзге тоқтап, ханды босатып, үйіне қайтарып жібереді. Шірет қария, Алық, Найық үшеуі Шыңғыс ханға беріліп, оған қызмет етуге келеді. Сонда Найық: «Өз ханымыз Тарқұтай Кірілтүкті ұстап әкеле жатып, жолай босатып жібердік. Өз ханымызды сізге ұстап әкелсек, өз ханына қол жұмсаған қылмыскер деп сенбес едіңіз. Өз ханымызды өз қолымызбен ұстап әкелуге дәтіміз бармады», - деген еді. Сол адалдығың үшін, Найық, сен орталық түменді билігіңе ал!» - деп жарлық қылды. Тағы да мынандай жарлықтар берді:

           «Қолды болған сегіз сары аттың ізіне түсіп қуғанда, күн шығар сәтте кез болған, денеме күш-қуат дарытқан досым еді! Борашы оң қанаттың түменін билесін! Дұшпанды жайпасып, олжаны байласып, күліктің жалында күніңді ойнатып, құйрықта құйынды боратып, жаудың бетін қайтарып, аман-есен оралған жалайырдың жайсаңы – Мұқылайдың еңбегі зор еді. Оған «Күй ун чінсан тәйжі» деген атақ беріп, сол қанаттың түменін билеттім! Жебе, Сүбетей екеуі өздерінің жиған-терген елін біріктіріп, мыңдық етсін!» Деки қойшы қалған елдің бәрін жинап, мыңдық етіп билесін!» Ең соңында Күштімөшірге кісі жетпей қалғандықтан: «Әрбір топтан жиыстырып, Күштімөшір мен Молқытай екеуі бірігіп, бір мыңдыққа ие болсын!» - деді. Осылайша ұлыс құрамын бекітті. 

              Ұлыс орнатуға қатысқандарға мыңдықты билетіп – мыңдық ноян деп, одан кейінгілерді жүздік ноян, ондық ноян, түмен ноян деп, бәрін марапаттап, бұл іс аяқталған соң: «Бұрын сексен серігім, жетпіс аңдушы-торушым болған еді. Енді көк тәңірінің күшімен, ұлан байтақ ұлысты жалғыз қолға келтірген кезде, менің аңдушы-торушы серіктерімді мыңдықтан бөліп жасақтаңдар! Және де серік-сенімділер тобын жасақтаңдар! Серік-сенімділерді құрғанда, түмен, мыңдық, жүздік нояндары балаларының ішінен білімпаз алғырларын таңдап, біздің жанымызда жүруге ылайықтыларын кірістіріңдер! Мыңдық ноянның балалары он жолдасы мен бір інісін ертіп келетін болсын! Жүздік ноянның балалары бес жолдасы мен бір інісін ертіп келетін болсын! Ондық нояндар мен мәнсапсыз адамдардың балалары үш жолдасы мен бір бауырын ертіп келетін болсын! Сөйтіп, олар өзі шыққан жасағынан күш-көліктерін әкелетін болсын! Менің серік-сенімділеріме келетін мыңдық нояндардың ұлдары он нөкері мен күш-көліктерін өз мыңдықтарынан әкелетін болсын!

             Әкелерінен үлес, өз несібесіндегі тапқан-таянған түліктерімен, мініс аттарын қоса, біздің мөлшерлеп бергеніміздей дайындықпен келсін! Жүздік ноянның балалары бес нөкерімен, ондық ноянның балалары мен басы бос адамның бададары үш нөкерімен және өз керек-жарақтарымен қоса, біз мөлшерлеп берген дәрежедегі дайындықпен келетін болсын!» - деп әмір етті. 

          Және де: «Мыңдық, жүздік, ондықтың нояндары мен көпшілік қауымға бұл жарлық құлақтандырылсын! Қарсы шыққанын айыпқа бұйырыңдар! Біздің құзырымызға бағынудан жалтарған, жасаққа ілесуге қарсы болған кісі шықса, оның орнына басқадай адам кірсін, анау адамды жазалап, көз көрмеске қуып жіберсін!» - деп жарлық қылды. «Бізге іштесіп, үйренуге келген кісі болса, қумаңдар!» - деп әмір етті. 

           Сөйтіп, ханның жарлығы бойынша, мыңдық, жүздік, ондық нояндарының балаларын жарлыққа сай бөлектеп, сексен серік болғызды. Оны сегіз жүз санға жеткізді. «Сегіз жүзді мыңдыққа жеткізіңдер!» - деп әмір етті. 

           «Күзетшіге кіргендерді кешіктірмеңдер!» - деп жарлық етті.

           «Үлкен Нәрін күзетшілердің мыңбасы болсын!» - деп жарлық қылды. «Бұрынғы төрт жүз садақ тартушыны ыңғайлап алып, Желменің баласы Есентей, өзің бас боп, Түктейдің баласы Бөкемен сыбайласып басқар!» - деп әмір берді.

            Және де: «Есентей бір топ садақшыны бастап келсін! Ұрытаң жеке өзі бір топ садақшыны бастап келсін! Албалаң бір топ садақшыны бастап келсін! Садақ асынған торғауыттар топ-топ садақшыларды осылайша басқарып келсін! Садақшылардың ұзын санын осылайша мыңға жеткізіп, Есентей әмір етсін!» - деп жарлық шығарды. Тағы да мынандай жарлықтар берді: «Бұрынғы Өлең шербиге бағынған торғауыттарды мыңға жеткізіп, Боршының туыстарынан Өлең шерби билік етсін! Енді бір топ мыңдық торғауытқа Мұқылайдың туысынан Бұқа билік ететін болсын! Елукейдің туысынан Алшытай батыр бір мың торғауытқа билік етсін! Бір мың торғауытты Түте шерби билесін! Бір мың торғауытты Доғалқу шерби билесін! Бір мың торғауытты Жаршыдайдың туысынан Шанай билесін! Бір мың торғауытты Елші туысынан Ақұтай билейтін болсын! 

           Бір мың торғауытты Арқа Қасыр бір мың жеңімпаз батырлардан таңдап алып, көп күндер бойы қалқан боп, АЛТЫН ТӘНІМДІ сақтайтын болсын! Соғысқан сәтте маңдай алдымызда болып, батырлықпен ұрысқа енсін!»

           Сөйтіп, мыңдықтардан бөлектеп әкелген торғауыттарды сегіз мың торғауыт болғызды. Күзетші мен садақшы екі мың болды. Түмен сақшы он мың болды.

         Тағы да мынандай жарлықтар шығарды: «Біздің сыртымыздағы түмен сақшыны мығымдап, үлкен қарулы қолға айналдырыңдар! Торғауыттардың төрт бөлек сақшыларына сүйеніп, Бұқай бір бөлек сақшыларды басқарып, жеке топ құрып шықсын! Түмей бір бөлек сақшыларды, Доғалқу шерби бір бөлек сақшыларды құрып шықсын! Сақшыға кіргенде сақшы нояны, өзі құрған сақшы тобын үш күн сайын алмастырады. Сақшы адам сақшылықты үзсе, сол сақшыға үш рет дүре соғылсын! Әлгі сақшы тағы үзсе, жеті рет дүре соғылсын! Әлгі адам ауру-сырқаусыз, ноянның ұлықсатынсыз үшінші рет тағы үзсе, отыз жеті дүре соғылып, бізге еруден бас тартқан деп айыпталып, көз көрмеске жер аударылсын!»

           «Кезекші сақшылардың нояны осы жарлықты үш кезекшіге құлақтандырып тұрсын! Егер құлақтандырмаса, кезекшінің үлкені жазалы болсын! Жарлықты біле тұра тәртіп бұзса, жарлық бойынша жүктелген кезекті үзсе, сол сақшы айыпкер болсын! Сақшылардың үлкені, қателік болған кезде, менің үкімімсіз өзімен тең дәрежелі сақшыны жазаламасын! Егер тәртіп бұзған болса, маған хабарлайтын болсын! Ол жаза жүктеуге тиіс болса, біз жазалайық. Дүрелеуге тиіс болса, жатқызып дүрелейік. Егер сақшыны сақшы соққыға жықса, таяқтаған болса, таяқпен ұрайық. Жұдырығы тиген болса, жұдырықпен ұрайық!» -деп әмір етті.

          Тағы да: «Сырттағы мыңдықтың ноянынан менің сақшыларым артық. Сырттағы жүздік, ондық нояндардан менің сақшыларымның біреуі артық. Сақшыларым мен сыртқы мыңдық нояндар тең дәреже көрсетіп, ұрсатын болса, мыңдықтың адамы жазаға тартылсын! Садақшы сақшылар күндіз өзінің міндетті жерінде тұрып, күн батар кезден бұрын түнгі күзетшімен алмасып, ол жерден кетіп, сыртқа барып қонады. Бізді түнде күзетші қорғауға тиіс. Садақшылар садағын, аспазшылар табағын түнгі сақшыға тапсырып кетсін! Сыртқа түнейтін садақшы, сақшы, аспаздар біз ауқаттанғанша, өз орындарында тұрып, сақшыға келісіп, сорпа-суларын ішкен соң, аяқ-табақтарын аспазшыларға тапсырсын! Кезекші сақшылар тек осы заң бойынша әрекет ететін болсын!» - деп жарлық қылы. 

         Және де: «Күн батқан соң орданың алды-артынан өткен бейсауат адамды ұстап алып, таңертең сақшы сұраққа алсын! Күзетшілер кезек алмастырғанда, өзді-өздерін түгендеп келетін болсын! Кезектен кетерде және түгендеп, келгені кірген соң барып кететін болсын! Күзетші түнде орда есігін күзетсін, кірмек болған бейсауат адамның басын қақ айырып, қолын мықтап шауып тастайтын болсын! Шұғыл хабар әкелген кісі болса, күзетшімен келісіп, үй сыртында тұрып, күзетшіге айтатын болсын! Күзетшінің тұрған орнына бөтен ешкім тұруға болмайды! Күзетшінің ұлықсатынсыз ешкім ордаға қарай жүруге болмайды!

           Күзетшінің жанына ешкім келуге болмайды! Күзетшілердің арасынан ешкім өтуге болмайды! Күзетшілердің санын ешкім сұрамасын. Күзетшінің жанынан өткен кім болса да, күзетші ұстап алсын! Арасынан өткен адамды және ұстап алсын! Күзетшінің санын сұраған адамның мінген атын, ер-тұрманын, киім-кешек, керек жарағын күзетші өзіне аударып алсын!» деген жарлықтар шығарды. 

         «Тоқсан бес мыңдық жасақтан менің жанымды қорғауға таңдап алған түмен сақшыларымды, менен кейінгі менің орнымды басатын балаларым мен жұрағаттарым осынау сақшы-жасақтарымды аманаттай көріп, әлсіретпей сақтап ардақтаңдар. Осынау үлкен сақшы-жасақтарымды ежелгі киелі әулие деп санаңдар!» - деп аманат етті. 

        «Орда шербиінің қыздары мен ұлдарын, түйешілері мен сиыршыларын күзетшілер басқарып, олар үй-арбаны да жауаптансын. Қазан-аяқты да күзетшілер жауаптансын. Біздің ішіп-жемді де күзетшілер басқарсын!»

              Шыңғыс ханның Алаш елін қалыптастырудағы жоғарыдағы жарлықтарының мәнін академик Т. Сайдулдиннің мына сөздерімен сипаттай аламыз: «Саяси тұрғыдан Алаш – мемлекеттің монархиялық басқару жүйесінің далалық көшпелі өмірге бейімделген атрибуты. Феодалдық дәуірде халық сирек қоныстанған кең алқапта тұрақты үлкен армияны ұстап тұру мүмкін болмағандықтан, қажет жағдайда ғана ер азаматтар мініс аты мен қару-жарағын, азық-түлігін, яғни барлық қажеттілігін өзі дайындап, бір дабылмен әскери сапқа тұра білді. Бұндай жүйе жай халыққа, яғни алашқа белгілі бір дәрежеде еркіндік пен экономикалық мүмкіндік беріп, жауапкершілік жүктеп, бағыныштылықта ұстайды» («Дат»: 27-08-2014). 

              Алтай өңірінде Алты Алашты қалыптастырған Шыңғыс хан әулеттің ел құрау дәстүрін Орталық Азияда жалғастыруға бағыт алады. Кейін Алаш болған бұл өңірдегі тайпалар қағанға өз еріктерімен мойынсұнып жатты. Тек Еділ-Жайық бойында ғасырлар бойында мемлекеттік дәстүрін қалыптастырып үлгірген Қыпшақ хандығына келгенде ғана мәселе туындайды. Әбілғазының «Түрік шежіресінде» бұл оқиға туралы былай делінеді: «Бұл кезде Дербент жолының бойында қыпшақтар мен аландар отырар еді. Сүбітай баһадүр көп сыйлықтармеен кісі жіберіп, «Сіздер біздің туысымызсыздар, ал аландар – жат жұрт, сондықтан бізбен бірге болыңыздар!»- деді. Қыпшақтар мұғулдардың сөзіне еріп, аландардан бөлінді. Қыпшақтардың көмегінен айырылған соң аландар мұғулдарға төтеп бере алмай жеңілді. Мұғулдар оларды талап, қырып, құл етті. Мұны көрген қыпшақтар орыстардан көмек алып, қарсы соғысты». Алайда қыпшақтар жеңіліс тауып, қаған құрған елдің қатарына қосылады. Ханы Мажарстанға қашып кетті.

                               О Т Ы Р АР О Қ И Ғ А С Ы Н Ы Ң С Е Б Е П Т Е Р І

             Отырар қаласына келгенде, тығырыққа тірелгені рас. Бұдан өзіне саяси ұпай жинап жүрген тарихшылар мен жазушылар аз емес. Сол кездегі нақты жағдай Рашид ад-Диннің «Тарихтар жинағында» жазылған. Оқырмандар назарына сол деректерді ұсынғанды жөн көрдік. 

               «Бұл оқиғаның егжей-тегжейлі баяны келесідей болған еді: Хорезмшахтың билігінің соңында халық шын мәнәндегі қатерсіздік пен молшылыққа ие болды. Фитнаның, яғни алауыздықтың ошақтары сөніп, жолдар тонаушылар мен қарақшылардан тазарды. Саудагерлер табыс табу мүмкіндігі болған тұс-тұстағы мемлекеттерден табыс табу үшін топ-тобымен ағылып жатты. Мұғул рулары көшпенділер болғандықтан, олардың қоныстары қалалардан алыс болғандықтан, олардың арасында түрлі сұрыптағы киімдік мата мен төсеніштер жоғары бағаланатын, содан олармен сауда-саттық жасау табыстылығы жайлы сөз кең таралды. Осы себептен Бұқарадан үш саудагер көпес зарбафт киім, зинданичи, қарбас пен өзге де сол халықтар үшін жарамды деп шешкен мата түрлернен тұратын түрлі тауарларымен сол аймақтарға жол тартты. 

           Ол кезде Шыңғыс хан Қытай мен Түркістан мемлекетінің көп бөлігін бағынбаушылар мен бұзақылардан тазартқан еді. Содан жолдарда саудагерлерді қауіпсіз өткізулері үшін жолдарға қарауыл (күзетшілер қойған еді. Олардың маталары мен заттарының арасынан лайықты (сапалы, құнды) деп тапқандарын олардың иесімен бірге Шыңыс ханға жіберетін еді. Ол үш саудагерді де сол жаққа (Шыңғыс ханның алдына) аттандырды. 

          Олар келген кезде олардың бірі маталарын жайып салды да, борлығы он, әлде жиырма динар тұратындай матасын екі, әлде үш (алтын) бәлішке бағалады. Бұл әділетсіз сөздерден Шыңғыс хан ашуға мінді, сөйтіп: «Бұл адам бізге маталар ешқашан келмеген деп ойлайды-ау!» - деді. 

           Содан қазынадан бар бағалы маталардың түрлі сұрыптарын оған көрсетуге бұйрық берді. Сосын оның маталарын тізімге тіркеп, тәркілеуге, оның өзін тоқтата тұруға бұйырды да, Шыңғыс хан оның жолдастарына маталарын көрсетуге бұйырды. Сөйтіп маталарының бағасын қаншама сұраса да, олар киімдерге баға бермеді (бағасын айтпады), сөйтіп: «Біз бұл маталарды патшаның алдына алып келген едік»,-десті. 

         Олардың бұл сөзі Шыңғыс ханға ұнады да, ол зарбафтың әрбір данасы үшін бір бәліш алтын, ал қарбас және зинданичи үшін бір бәліш күмістен беруге әмір етті. Сосын олардың әлгі жолдасын шақыртып, оған да тартып алынған маталары үшін дәл сондай көлемде төлем жасады, олардың бәріне түрлі жақсы сөздер айтты. Ол уақыттары мұсылмандарға толықтай құрметтеу мен сыйлау назарымен қарайтын, тіпті оларға деген сый-құрметті көбірек көрсету үшін оларды тап-таза ақ киіз үйлерде қабылдайтын. Олар аталған саудагерлер) қайтар кезде Шыңғс хан әйелдеріне, ханзадалар мен әміршілерінің әрбіріне өз жақындарынан екі-үш адамнан дайындап, олардың алтын және күміс бәліштермен сұлтанның уәлаятына аттануын, сауда-саттық жасап, сол өңірдің бағалыәрі сирек кездесетін заттарын сатып алулары үшін жіберуге бұйырды. Бұйрыққа сәйкес әрбір адам (қатын, ханзада мен әміршілер) өз адамдарынан бір-екі адамды дайындады. (Сөйтіп) төрт жүз елу мұсылман жиналды. 

            Шыңғыс хан ол саудагерлерге елшілер ретінде Махмұд Хорезмиді, Әли қожа Бұқариді және Жүсіп қаңқа Отрариді қосып жіберіп, Хорезмшаһқа: «Сол сіздердің жағыңыздың саудагерлері бізге келді, оларды сіздер еститіндей түрде біз кері қайтардық. Біздер де олармен бірге сіздердің мемлекеттеріңізге барып, сіздердің өңірлеріңіздің сирек кездесетін заттарын және сол аймақтардың сирек маталарын біздің жағымызға алып келулері үшін бірнеше саудагерлерді қосып жібердік.Сіздердің отбасыларыңыздың ұлылығы мен сіздердің әулеттеріңіздің бекзаттығы жасырын емес. Және мемлекетіңнің кең байтақ жері мен сенің бұйрықтарыңның өтімді күші жердің көп бөлігінде ақсүектерге де, қараша халыққа да мәлім. Ал мен үшін сен – ҚҰРМЕТТІ ҰЛЫМ ЖӘНЕ МҰСЫЛМАНДАРДЫҢ ҮЗДІГІСІҢ. Енді бізге жақын аймақтар жаудан тазартылып, толықтай азат етілген, бейбітшілік орнатылып, екі жақтан да көршілік құқұқтар белгіленген кезде, екі жақтан да байсалдылық пен бекзаттылық келісімінің жолын ашқанымыз жөн. Және біз қиын жағдайларда бір-бірімізге көмек пен қолдау жасаудың міндетін алуымыз, сондай-ақ әлемнің (тіршіліктің) бай-дәулетті болуы – олардың (саудагерлердің) көптеп келіп кетуіне қатысты болған саудагерлер көңілдері тыныш күйде сапар шегулері үшін жолдарды түрлі апатты жағдайдан сақтаудың міндеттемелерін мойындарымызға алуды талап етеді. Содан, өзара келісімнің нәтижесінде мазасыздықтың негізі жоқ болады және бағынбаушылық пен алауыздықты қолдау кесіледі», - деп хабар жолдады.

            Елшілер мен саудагерлер Отырарға келгенде ол жерде Иналшық атты біреу әмірші еді. Ол сұлтанның анасы Түркен қатынның туысы болатын және Қайыр хан лақабымен аталатын еді. Саудагерлер тобының ішінде бұрынғы кезде онымен таныстығы болған бір үнді көпесі бар еді. Иналшық қабылданған дәстүр бойынша оны өзіне шақыртты. Ол болса өз ханының (Шыңғыс ханның) ұлылығына тәкәппарланып, оған құрмет көрсетпеді. Қайыр хан оған ашуланды және оған қоса олардың дүниесіне көз салды (қызықты). Содан оларды тұтқындап, Иракта жүрген сұлтанға (Хорезмшаһқа) ол жағдай жайлы хабармен елші жіберді. 

            Хорезмшаһ Шыңғыс ханның игілікті сөзіне құлақ салмай әрі мәселеге шарғи тұрғысынан терең қарамай, олардың қанын нақақтан төгуге мүмкіндік беретін жіне олардың дүниесін тартып алуға мүмкіндік беретіндей бұйрық берді. Сөйтіп оларды өлтіруге әрі мал-дүниесін тартып алуға рұқсат беру арқылы «өмірдің харам етілгендігін» (жазықсыз адамдарды өлтіруге тиым салынғандығын) түсінбеді.

           Қайыр хан Хорезмшаһтан келген бұйрыққа сай оларды өлтірді, алайда ол осы ісімен тек саудагерлерді ғана емес, бүтіндей бір әлемді ойрандатты, бір халықты бақытсыздыққа ұшыратты. 

          Хорезшаһтан бұйрық келмей тұрып, саудагерлердің бірі айламен түрмеден 

 қашып шығып, түкпір көшеде тығылып қалды. 

Ол өзнің жолдастарының өлімі жайлы хабардар болғанда, ол асығып Шыңғыс ханға қарай жолға шықты. Ол оған өзге саудагерлердің қайғылы жағдайы туралы баяндап берді. Бұл сөздер Шыңғыс ханның жүрегіне сондай күшті әсер етті, нәтижесінде оның шыдамдылық пен байсалдылыққа күші қалмады. Ол осындай жалындаған ашу үстінде жалғыз өзі жартастың басына шығып, мойнына белбеуін асып, бас киімін шешіп, жүзін төмен қаратып отырып қалды. Үш күн бойы ол әзіреті Хаққа (Құдайға) жалбарынып, зарлап жылады, сөйтіп: «Уа, Ұлы Құдай! Уа, тәжік пен түркілердің жаратушысы! Мен бұл фитнаның тууының бастаушысы болған жоқпын. Өз құдыретіңмен маған кек алуға қуат бере гөр!» - деді. Содан соң өзінде жақсы хабардың белгілерін сезінді. Содан сергектеніп, қуанышты күйде ол соғысқа қажеттінің барлығын тәртіпке келтіруге мықтап ниеттенген халде ол жақтан төмен түсті. (473-475 беттер). 

                                                         Х И К А Я

      Сосын сұлтанның сатқындығы туралы есіне салып, әрі оның соғысқа дайындалуы үшін, оның жағына әскерлердің жорыққа аттанып бара жатқаны жайлы мәлімдеп, елшілер жіберді. Содан Хорезмшаһ тәкаппарлығы мен менмендігінің салдарынан, істеген істерінің ақыры не боларын ойламай, апаттардың, бақытсыздықтардың және азаптардың тұтқынына түсті. Шариғат ғұламалары айтқандай, «жаза тағайындалар кезде істердің салдарына қаралады».

        Шыңғыс хан әскерлерінің жорыққа шыққандығы туралы хабар сұлтан Мұхаммед Хорезмшаһқа жеткенде, ол Иракты ұлы Рукнаддинге тапсырып, Хамаданнан Хорасанға қарай жолға аттанды. Нишапурда бір айдай уақыт болып, сосын Бұхараға жол тартты. Ол жерде бірнеше күн ойын-сауықпен айналысып, содан кейін Самарқанға барды. Ол жақтан көп әскермен Жентке жетті. ЖендтОл жақтан көп әскермен Жентке жетті. Жендтен ол Түркістан аймақтарына, өз уәлаяттарының шекарасына қарай жол тартты.

          Бұл уақытта Шыңғыс ханның әскерлері қырғыз бен тұмат қауымдарына тойтарыс беру үшін және жеңілген соң қашып, қайтадан басын құраған Күшлік пен Меркіт патшасының ұлы Құдуды ұстауға жіберген әскері осы рулардың қашқындарын қуалап, Түркістанның шекара аумағындағы Қарақұм жеріне келіп жетті. Хорезмшаһтың күзетшілер жасағы мұғулдардың әскері осы аймаққа жақын маңда екенін хабарлады. Сұлтан олардың соңынан аттанды. 

           Кейбір мұғул риуаятшыларының айтуынша, ол әскер, Шыңғыс хан Сүбедей баһадүр мен қоңырат руынан шыққан Тоқашарды оған қолбасшы етіп тағайындаған, содан оны Құдуға қарсы соғысуға жіберген әскер еді. Олар Құдумен жоғарыда аталған жерде шайқасты, оны және оның әскерінің көп бөлігін өлтірді. Бұл туралы хабар сұлтан Мұхаммедке жетті, сонда ол оларға қарсы шайқасуға аттанды. 

         Ол шайқас болған алаңда жарақаттанған жауынгерді көрді, одан болған жағдай туралы жайды сұрап, мұғул әскерінің ізінен кетті. Келесі күні таңсәріде ол Қайлы мен Қимаш өзендерінің екі ортасында оларды қуып жетті де, әскерін ұрыс тәртібіне сай орналастырды. Мұғул әскерлері шайқасудан қашу үшін: «Біздің сұлтан Хорезмшаһпен соғысуға Шыңғыс ханнан рұқсатымыз жоқ, біз басқа шаруа бойынша келген едік», -десті. 

          Бірақ сұлтан олардың сөздеріне құлақ аспады, тізгінін шайқастан кейін бұрмады. Сондықтан мұғулдар да шайқасуға бет бұрды. Екі жақтан да әскердің бір-біріне қарсы тұрған қанаты бір-біріне қарай қозғалып, қарсы түйісті. Сол кезде мұғулдардың бір бөлігі орта бөлікке шабуыл жасады. Сөйтіп сұлтанның тұтқынға түсіп қалу қауіпі орын алды. Алайда оның ұлы Жалаладдин мықты тойтарыс беріп, ол тіпті тау тоқтата алмайтын шабуылдың бетін қайтарды, сөйтіп әкесін апатты жағдайдан аман алып шықты. 

          Ол күні кешке дейін сұлтан Жалаладдин табандылықпен ұрысты. Күн батқан со екі әскер де өз орындарына қайтып, демалуға кетті. Мұғулдар оттар жағып, орындарынан көшіп, кері бұрылды. Олар Шыңғыс ханның алдына келген кезде өз көздерімен көрген сұлтан Жалаладдиннің ерлігі мен батыр істері туралы әңгімелеп берді. Шыңғыс хан екі жақтың ортасында соғысуға тосқауыл қалмағанын, олардың ортасында дәнекер болатын патшалар құрығанын түсінді. Ол әскерлерін дайындап, жасақтады, содан сұлтан Мұхаммедтің иеліктеріне жорыққа шығуға ниеттенді.

           Сұлтан бұл фитнаның бастаушысы болды, солай бола тұра Шыңғыс хан өзінің бұрынғы ережелеріне сай бірінші болып оған шабуыл жасағысы келмеді. Сондықтан барлық жолмен өзара достастық бойынша достық амалын жасауға және көршілік құқұқтарын сақтауға тырысты. Сол үшін одан кек алу іс-әрекеті бойынша қолға алуға және ашулануға себеп болатындай сұлтан жағынан бірнеше іс-әрекет жасалғанша ол онымен ұрысқа аттанған жоқ.

               ХОРЕЗМШАХ ИЕЛІКТЕРІНЕ БЕТТЕУІ ЖӘНЕ ОТЫРАРДЫ АЗАТ ЕТУІ

         615 хири жылының зул-қағидасына сай келетін, алайда оның айларының үлкен бөлігі 616 жылына сәйкес келетін қоян жылы келіп жеткенде, Күшлік фитнасының (бүлігінің) шаңы саябырсып, жолдар дұшпан мен қарсыластардан тазарған кезде Шыңғыс хан балалары мен түмен, мыңдық, жүздік әміршілерін тағайындап, (оларды) бөліп тәртіптеді. Сосын мәжіліс жасап, құрылтай өткізді. Қайтадан олардың ортасында реттеуші тәртіптер мен заңдарды орнатты да, Хорезмшаһтың еліне жорыққа шықты. Ол айдаһар жылының жазында Ертіс өзенінің бойындағы жолда келе жатып сұлтан Мұхаммедке өзінің оған қарсы жорыққа шыққандығы жайлы және сұлтанның бұрын оған қарсы жасағандары, (соның ішінде) бұл жайлы жоғарыда баяндалғандай, саудагерлердің өлтірілуі мен өзгелер үшін оған кек қайтаруын айтып елшілер жіберді. Ал күзде ол ары қарай жол жүріп, жолында кездескен өңірлерді қолға алды. Ол Қаялық аумағына жеткен кезде ол жердегі әміршілер басшысы Арыслан хан Шыңғыс ханның алдында бас ұрып, мойынсұнды. Содан тағайындау алып, мұғул әскерінің қатарында, көмек ретінде олармен бірге кетті. 

            Бесбалықтан ұйғырлардың Жеті Құт өз қарастыларымен, тағы да Алмалықтан Сұнақ беки өзінің әскерімен Шыңғыс ханның қызметіне келді. 

            Аталған айдаһар жылының күзінің соңында Шыңғыс хан саны көп әскерімен Отырар қаласына жетіп келді де, оның патшалық киіз үйін қамалдың қарама-қарсысына тікті. 

         Алдын айтылғандай, сұлтан Қайыр ханға үлкен әскер берген және оған көмекке өзінің жеке хажибі Қарашаны он мың атты әскерімен бірге жіберген еді. Сөйтіп Қайыр хан қамалды және қаланың қорғандарын мүмкіндігі барынша жақсылап бекітіп, онда түрлі әскери құралдарды жинады. 

             Шыңғыс хан Шағатай мен Үгедейге бірнеше түмен әскермен қаланы алуды бұйырды. Жошыны бірнеше жасақтарымен Женд пен Баршынкентке жіберуге дайындады, ал басқа бір әміршілер тобына Хоженд пен Бенакент бағытына жіберуді қалады. Осылайша ол жан-жаққа жорыққа баратын әскер дайындап, өзі Төле ханмен Бұхараға аттанды. (Бұхара қандай жолмен азат етілгені жайлы өз орнында баяндалатын болады).

          Ал Отырарда бес ай бойы екі жақтан шайқас болды. Ақыр соңында Отырар халқының жағдайы шарасыз халге жетті. Сөйтіп Қараша мұғулдарға бағынуға жіне қаланы тапсыруға келісім берді. 

           Ал Қайыр хан болса ол бүліктің әу бастағы тудырушысы өзі екенін білгендіктен, ондай (яғни қамалды тапсыру жайлы) ойды, сірә, қиялына келтіре алмайтын. Ол барша күші мен ынта-жігерін (бұған жол бермеуге) салды. Содан «Мен маған жақсылық істеген адамға (яғни Хорезмшаһқа) опасыздық жасамаймын» деген сылтаумен бейбітшілік келісімін жасауға келіспеді. Осы себепті Қараша оны артық мазаламай, түнде өзінің әскерімен бірге қала қорғанының сыртына шығып кетті. Мұғул әскері оны тұтқынға түсіріп, ханзадалардың алдына алып барды. 

            Олар: «Саған сонша ниғметтер беріп, жақсылық жасаған өзіңнің мырзаңа (Хорезмшаһқа) опа жасамадың (адалдық танытпадың), сондықтан бізде сенен ортақтықты (адал болуыңды) үміт етпейміз», -десті. Оны барлық нөкерлерімен қосып өлтірді. Сосын қаланы алып, қаладан барлық адамдарды қой отары сияқты айдап шықты және барлық нәрселерді тәркіледі. 

           Ал Қайыр хан жиырма мың әскерімен қала ортасындағы бекініске көтеріліп кетті. Сөйтіп олар әр кезек елу-елу адамнан соғысуға шыға берді, шыққаны шыққандай, соғысып өлтіріле берлі. Содан бұл соғыс бір ай бой жалғасты. Олардың көпшілігі өлтірілді. Ақыр соңында Қайыр хан екі адамман тірі қалды. Ол әлі тойтарыс беріп, шайқасуда еді. Мұғул әскерлері оны сарай ішінде қоршап алды. Ол бір шатырға шығып алып, еш берілмеді. Нөкерлердің екеуі де өтірілді, ал оның қолында қаруы қалмады. Сонда ол кірпіштерді лақтырып, бұрынғыдай шайқасты. Мұғулдар оны жан-жағынан қоршап алды, сөйтіп оны қорғанның төбесінен төменге тартып түсірді. Содан соң қамал қорғаны бұзылып, жермен бірдей етілді. Халық пен қолөнершілердің қылыштан аман қалғандарының кейбірін Бұхара, Самарқан мен сол аймақтардың хашарына алып кетті. Ал Қайыр хан Көксарайда өлімге кесіліп, ол жақтан (ары қарай) кетті.Осымен бұл хикая бітті (489-бет).


                           ЖОШЫНЫҢ ЖЕНТ ПЕН БАРШЫНКЕНТТІ АЗАТ ЕТУІ

         Әлемді жаулап алушы Шыңғыс ханның бұйрығына сәйкес ханзада Жошы аталған уақытта Ұлыс Жетімен бірге Жент бағытына қарай жол тартты. Алдымен ол Жент аймақтарына жататын және Сейхунның (Сырдарияның) жағалауында орналасқан Сунақ елді мекеніне дейін жетті. 

        Ол (Жошы) алдымен ертеден бері саудагер ретінде Шыңғыс ханның қызметінде болған, оның жақын адамдары қатарына жататын Хұсайын хажыны елшілерге басшы етіп, өзінің (Сунақ аймағының халықтарымен) таныстығы мен туысқандығы бар болғандықтан, ол аймақтың тұрғындарына (қарсылық көрсетпеу жайлы) кеңес айтып, олардың қаны мен малы аман қалулары үшін мойынсұнуға шақыруы үшін елшілікке жіберді. Ол Сунаққа келгенде ол әлі елшілік міндетімен халыққа насихат айтуға көшпей тұрып-ақ тұрғындар арасынан кейбір рңбаған жексұрындар мен түрлі сілімтіктер айқай-шу көтеріп, «Аллаху акбар!» деп айқайлап оны өлтірді. Мұны өздерінің сұлтанының алдында жасаған бір үлкен қызмет деп білді. 

        Жошы бұл жағдай жайлы есіткенде әскерді жауынгерлік тәртіпке келтіріп, ерте таңсәріден кешке дейін соғысуға бұйрық берді. Олар қаланы күшпен және мәжбүрлеп басып алмағанынша бірнеше рет соғысты. Содан кешірім мен мейірім қақпаларын жауып, бір адам үшін кек алып, Сунақ әскерінің бәрін қырып салды. Сөйтіп ол жердің басқаруын өлтірілген Хұсайын хажының ұлына тапсырды. Сосын ол жерден кетіп, Өзгент пен Баршынкентті азат етті. Содан соң Асанасқа жол тартты. Ол жақтағы әскердің көпшілігі түрлі алаяқтар мен сілімтіктерден құралған еді. Олар шайқасқа тым беріліп кетті, сөйтіп көпшілігі қырып салынды. 

             Бұл жайлы сыбыс Жентке дейін жетті. Сұлтан ол аймақты қорғауға тағайындалған әміршілердің әмірі Құтлығ хан түнде Сейхуннан (Сырдариядан кешіп өтіп, шөл арқылы Хорезмге жол тартты. Ол Жентті тастап кетті деген хабар Жошы ханға жеткенде ол тұрғындарды өзіне тартып, (оларға мұғулдара қарсы) дұшпандық іс-әрекеттер істеуден бас тартуын ұсынып, Жентке Шынтемірді елшілікпен жіберді. 

            Жентте толыққанды басшы мен билеуші болмағандықтан, әрбір адам өз білгенінше әрекет ететін, өзінше ойланатын әрі ең жақсы шығар жолды іздейтін.

            Қараша халық айқай-шу көтеріп, Шынтемірге жабылмақ болды. Ол оларға Сунақта болған жағдайлар мен Хұсайын хажының өлтірілуінің салдары туралы айтып, оларды сыпайы және байсалды түрде тыныштандырды. Олармен «Мен бөтен жерлік әскердің бұл жерге тиісуіне жол бермеймін!» деп келісім жасады. Олар бұл уәдені есітіп, қуанып қалды, сөйтіп оған ешқандай зиян тигізген жоқ.

             Шынтемір кенеттен олардың алдынан кетті де, Жошы мен Ұлыс Жетіге келіп, оларға өзі көрген жағдайлар жайлы айтып берді. Олар ол жаққа қарай жол тартып, 616 хижри жылының сафар айының 4 жұлдызында қаланың алдында орналасты. 

             Әскеилер ор қазумен, оны дайындаумен айналысты. Жент тұрғындары қақпаларды жауып, қамал қорғандарының үстінде шайқасты бастады. Олар ешқашан соғысты көрмегендіктен «Мыналар қамал қорғанына қалай шыға алады?!» деп мұғулдарға таңданды. Мұғулдар болса қамал қорғанына сатыларды қойып, жан-жақтан көтерілді де, қала қақпаларын ашты. Сосын олар барлық тұрғындарды қала сыртына шығарды. Екі жақтан да бірде –бір адамға қылыш соққысымен зиян тигізілген жоқ. Қала тұрғындары соғыстан бас тартқандықтан мұғулдар олардың бастарына (төбесіне) мейірімнің қолдарын қойды. Тек Шынтемірмен дөрекі сөйлескен бірнеше басшы адамдарды ғана өлтірді. Содан тоғыз күн оларды (адамдарды) жазықта ұстап, қалалықтарды (олардың мал-мүлкін) тәркіледі. Сөйтіп олар Жанкентті билеуге Бұхараның қардуанынан болған және Шыңғыс ханның жорығынан алдын оның , қызметіне түскен Әли хожаны тағайындады. Одан соң Жанкентке кетті де, оны азат етті. Ол жерге билеушіні тағайындады да, ол жақтан Ұлыс Жеті Қарақұрымға жорыққа аттанды...» (490, 491,492-беттер). 

           Сонымен, Хорезмшаһ отарындағы ежелгі кенттер осылай қайтарылды, сөйтіп бұл жерлерден Ұлы тауға дейінгі аралыққа, сондай-ақ дария бойындағы Шардара, Сардоба өңірлеріне өзінің қандастары – Қалқа күнқұраттарының үлкен бөлігін қоныстындырды. Осы арқылы өзі армандаған болашақ Алаш елінің түстіктегі іргесін бекітті. Бұлардан кейін Банакент, Хоженд шәһарлары азат етілді.

                                         ХОРЕЗМШАҺТЫҢ АҚЫРЫ

           Шыңғыс хан Отырарға келген кезінде Самарқандағы әскер санының көптігі ол жердегі қамал мен қорғанның алынбайтындығы жайлы сөз бар жаһанға тараған еді. Шыңғыс хан сақтық үшін алдымен қаланың айналасын тазалау керек деп шешті. Осы себепті ол алдымен Бұхараға барып, оны азат етті. Сосын ол жақтан Самарқанға барлық асаршыларды жинап әкелді. Ол Самарқан қаласына жеткен кезде, Отырарға және өзге де аймақтарға тағайындалған ханзадалар мен әміршілер өздеріне тапсырылған қалалар мен уәлаяттарды жеңіп алу ісін аяқтап, ол жерлерден алынған асаршылармен бірге келіп жетті. Шыңғыс ханның өзі күні бойы қала-қамалдың қабырғалары мен бөлек-бөлек қорғандарын айналып шығып, оларды және қақпаны қолға алу жайлы жоспарын ойластырды. 

            Шыңғыс хан Самарқанды қоршауға алған кезде жағдайлар туралы хабармен бірге сұлтанның жазғы ордасында екені жайлы есіткенде, ол алдыңғы жасаққа күзет ретінде бесүт руынан шыққан Жебе ноянды бір түмен әскерімен жіберді. Сосын олардың артынан ұранқай руынан шыққан Сүбедей баһадүрді тағы бір түменмен ортаңғы әскер етіп жіберді. Олардың соңынан қоңырат руы әміршілері арасынан Тоғышар баһадүрді тағы бір түменмен жіберіп: «Сұлтан Хорезмшахтың артынан қууға аттаныңдар, оны қай жерде қуып жетсеңдер де, егер ол сендермен шайқасқа түсетін болса, егер сендердің қарсылық көрсетуге мүмкіндіктерің болмаса, кідірмей хабар беріңдер. Егер ол әлсіз болса, оған қарсы тұрыңдар. Оның әлсіздігі, қорқуы мен үрейі жайлы хабарлар тоқтаусыз келіп жатқанына қарағанда, меніңше оның сендермен текетіресуге күші болмас деп ойлаймын. Сендер ұлы Құдайдың күшімен оны тұтқындамағандарыңша қайтып келмеңдер. 

                Егер ол сендерден қалжырап, бірнеше адаммен биік тауға, әлде тар үңгірге тығылса, әлде пері сияқты адамдар көзінен ғайып болса, сендер оның уалаятына күшті дауыл сияқты соққы беріп кірулерің керек, кім сендерге бағыныштылық танытып келсе, марапат жасаңдар, құқұқтық құжатын беріп, билеуші етіңдер. Ал мойынсұнбаушылық танытатын әрі қарсы тұрып, көкіректенетін әрбір кісіні жоқ қылыңдар. 

             Менің осы бұйрығыма сәйкес үш жыл аралығында бұл істерді аяқтап, сендер Дешті Қыпшақ арқылы қайтып келіп, бізге көне жұртымыз Моғулстанда қосыласыңдар. Себебі біз өткен күнге салыстыра қарағанда, шамасы бұл уақыт ішінде Иран жерінің істерін аяқтап, жеңуші және жеңіске жетуші күйінде үйімізге қайтып келсек керек. Сендердің арттарыңнан мен көп ұзамай Төле ханды Хорасан, Мерв, Герат, Нишапур мен Серахс қалалары мен олардың аймақтарын азат ету үшін жіберемін. Жошы, Шағатай мен Үгедейді жақсы әскерлермен бірге Хорезмшаһ қалаларының ең маңыздысы және астанасы Хорезмді жеңіп алуға аттандырамын. Ұлы Құдайдың күшімен ант етемін, бұл істер біздің қолымыздан келеді, біз дәл осы уақыт ішінде үйімізге қайтып ораламыз», - деп әмір етті. 

           Сөйтіп Шыңғыс хан оларды аттандырды. Содан соң аталған ұлдарын Хорезмді жеңіп алуға тағайындап, оларды көп санды әскерімен бірге аттандырды. Оның өзі Төле ханмен бірге жорықтан шаршағандықтан Самарқан аймағында біраз күн дем алды. 

            Жебе, Сұбедей, Тоғышар отыз мың ержүрек баһадүрмен Пенжабты жаяу кешіп өтіп, ол (сұлтан) жайлы сұрау жасап, оның іздерін іздеп, сұлтанның соңынан кетті. 

            Сұлтан Мұхаммед Хорезмшаһ бұдан алдын Термез өзенінің жағасында болған еді. Ол Бұхараның құлауы, оның соңынан Самарқанның азат етілуі туралы хабарды алғанында, ол төрт рет өзінің иеліктерінің үстінен такбир айтып, жолға түсті. Анасының туысқандары арасынан уранилықтар аталатын түркілердің тобы оның жолсеріктері еді. 

          Олар оны өлтіруді ойластырды. Алайда олардың бірі сұлтанды хабардар етіп қойды. Түнде ол ұйықтайтын орнын ауыстырып, шатырын тастап кетті. Таңсәріде оқ соққысынан қалбыр сияқты ілме-тесік болған шатырын көрді. Осыдан соң сұлтанның қорқынышы мен үрейі үдей түсті. Ол Нишабурға баруға асықты. Ол қай жерге барса да, адамдарды қорқыту мен бопсалау арқылы қамал мен қасырларды күшейтуге бұйрық беретін. Осы себептен халықтың бір үрейі мың есеге артатын. Нишабурга жеткенде өз тағдырының қайғысын жою үшін ол шарап пен ойын-сауыққа берілді. 

            Олардың жақындап келе жатқаны жайлы хабар Нишабур жұртына жеткенде Сұлтан Исфарайнға аңшылыққа шыққан сияқты көрініспен аттанды. Ал шын мәнінде ол Иракқа жол тартты. Сол сәтте оған бөтен әскерлердің келгені жайлы хабар берілді. Сонда өзінің Иракқа бару шешімінен қайтып, Фарзин қаласына қарай бұрылды. 

           ...Қысқаша айтқанда, ол қай жерге барса да, тек бір-ақ күн тоқтайтын, мұғул әскері оны қуып келетін. Ол (Хорезмшаһ) сол аймақтардың құзыретті адамдары болып саналатын Мазандаранның ұлы әрі атақты адамдарымен ақыл-кеңес жасады. Олар сұлтан үшін жалғыз шешім – бірнеше күнге Абескун аралдарының бірінде тығылу деп шешті. 

             Сұлтан аралдардың біріне кетіп, біраз күн сонда тоқтады. Оның аралда екендігі жайлы хабар тараған кезде ол сақтықпен басқа аралға көшіп кетті. Оның көшу уақыты Жебе ноянняң Рейден сұлтанды қууға жіберген мұғул әскерінің келу уақытымен сәйкес келді. Олар сұлтанды таппағандықтан кері қайтып, оның гаремі мен қазынасы тұрған қамалды қоршауға алды. Олар қамалды азат етіп, сұлтанның гаремін де, қазынасын да – барлығын Самарқанға, Шыңғыс ханға жіберді. Бұл сұмдық сыбыс Сұлтанның құлағына жеткенде, ол өзінің гаремінің әшкере етілгенін, ұлдарының қылыштың азығына айналғанын, ал ақсүйектерден туған текті әйелдердің өзге елдіктердің билігінде күң болғанын білді. Ол сондай қатты сасқалақтап, абыржып қалды, нәтижесінде бұл жарық дүние оның көзіне қараңғы болды. 

           Ол уайым-қайғыдан әбден қалжырады, өзінің ізгі жанын қашан Хаққа тапсырғанынша бұл өкінішті жағдай мен сұмдық қасіреттен тоқтамай зарлап жылап-еңіреді. Сөйтіп Сұлтанды сол аралда жерледі. (Рашид ад-Дин: «Тарихтар жинағы»).

                                        ХОРЕЗМНІҢ ҚҰЛАУЫ

             Жоғарыда айтылғандай, Шыңғыс хан Самарқанды жеңіп алуды аяқтаған кезінде, ол Жебе, Сүбедей және Тоғышарды Хорасан мен Иракқа апарар жолмен Сұлтан Мұхаммед Хорезмшаһтың артынан іздеуге жіберді. Сөйтіп өзі кейін Сұлтанның ізімен Хорезмге баруды ойластырып, ол жазды сол аймақтарда демалу жіне аттарды азықтандырумен өткізді. 

            Сосын Мауереннаһр иеліктері түгелдей азат етіліп, одан өзге аймақтар да дәл солай Шыңғыс ханның билігіне қаратылған және басқарылатын болған кезде, оның түп атауы Гурганж болған, ал мұғулдар оны Үргеніш деп атайтын – Хорезм –жіптері кесіліп құлаған шатыр сияқты ортада қалып қойды. Сонда Шыңғыс хан оны да азат етуді қалады. Міне, осы уақытта ол Хорезмге жорыққа баруға өзінің үлкен ұлдары Жошы, Шағатай мен Үгедейді саны жағынан шөлдің құмы сияқты көп, ал көлемі бойынша дәуірдің оқиғалары сияқты, яғни барша оқиғаларды қосқандағыдан да ауқымды болған әскермен бірге тағайындады. Олар сол жылдың күзінде оң қанаттың әміршілерімен бірге жолға шығып, олармен бірге жасақ деп аталатын маңдай, яғни алдыңғы шепкі әскер түгелдей жолға аттанды. 

          Бұл кезде сұлтан Жалаладдин әкесінің өлімінен соң Хорезмге барған еді, алайда кей әміршілердің қастандығынан ол жақтан қайтып кеткен болатын. Оның бауырлары мен сұлтан әміршілерінің қатарынан болған шенеуніктер мұғул ханзадаларының жақындап келе жатқандығы жайлы сөздің нәтижесінде, оның артынан Хорасанға жол тартты.Жолда олар мұғул әскерінің қолынан мерт қылынды. Осы себептен Хорезмнің астанасы сұлтандарсыз қалған еді.Сөйтп ол жердегі сұлтанның әскерінің қатарынан болған ықпалды адамдардың – сұлтанның түркі ұлтты анасы Түркен қатынның туысқандарынан Хұмар есімді бір кісі және Ұлы Хажиб, Арбұқа пахлауан, әскерлерді басқарушы Әли Дуруғини және өзгелер тобы бартұғын. Ал қала тұрғындарының санының көптігі сипаттауа келмейтіндей көп мөлшерде еді. 

          Содан ол үлкен қалада сұлтан әулетінен ешкім қалмағандықтан тәртіп орнататын және күрделі оқиғалар орын алғанда маңызды істерді басқаруға жүгінетін белгілі бір басшы болмағандықтан, басқару ісі сұлтанның анасына туысқан, жақындарынан әмірші Хұмар тағайындалды. 

            Күндердің бірінде, кенеттен, мұғулдың әскерінен азғантай аттылары қақпа алдынан малды айдап кету үшін шауып келді. Бірнеше көргенсіз, келте ойлайтын адамдар мұғулдың бар әскері осы азғантай адамдар екен деп ойлап қалды. Атты мен жаяулардың жасағы бұл аттыларға қарай беттеді. Мұғулдар олардан аң тұзағынан қашқандай қаладан бір фарсах жердегі Бағи Хұррамның маңына жеткенше қашып барды. Ол жақта торуылда тұрған мұғул аттылары қорғанның артынан атып шығып, бұл қуып келе жатқан топты қоршап алды. Олар жүз мыңға жуық адамды қырып салып, қашқандардың артынан қуып, Қабылан қақпасы арқылы қалаға кіріп барды, сөйтіп Танура деп аталатын жерге дейін кіріп барды.Күн батысқа ауғанда бөтен елдің әскері артына бұрылып, жазыққа қайтып кетті. Келесі күні олар қайтадан қалаға қарай беттеді. Сұлтан әскерінің басшысы Фаридун Ғури бес жүз аттылармен қақпаға жасалған шабуылды қайтарды.

               Сол уақытта Жошы, Шағатай мен Үгедей саны көп әсермен келіп жетті, сөйтіп серуендеп жүргендей болып, қаланы айналдыра шолып шықты. Сосын тоқтап, әскер қаланы айналдыра шеңбер болып орналасты. Содан соң қала халқын бағынып мойынсұнуға шақырып елшілер жіберді. Хорезм айналасында тастар болмағандықтан, мұғулдар үлкен тұт ағаштарын кесіп, олардан тас лақтыратын аспаптардың тастарын алмастыратын снарядтар жасады. 

              Өздерінің әдеттеріне сәйкес олар күннен күнге қала тұрғындарын ауызша бопсалаумен, уәделермен әрі қорқытумен үрейде ұстап отырды. Ал кейде оқ, тас атып қоятын, сөйтіп барлық жақтан жан-жақты жұмыс бастауға хашаршылар жетіп келгенше (осылай жалғасты). Түрлі жақтардан көмек келген соң, алдымен орларды толтыру туралы бұйрық шығарды.Екі күн ішінде орлар түгелдей толтырылды. Сосын қаладағы тоған –көпір тұрғызылған Жейхун суларын басқа арнаға бұру туралы шешімге тоқталды. 

              Мұғул әскерінің үш мың адамы бұл іс үшін дайындалды. Олар кенеттен тоғанның ортасына соққы берді. Алайда қала халқы оларды қоршауға алып, бәрін қырып салды. Олардан бірде-бір адам тірі қайта алмады. Бұл жеңістің нәтижесінде тұрғындардың шайқаста және қарсылық көрсетуде ынталырақ болды.

              Ағалы-інілі Жошы мен Шағатайдың мінздері мен қалауларының (көзқарастарының) түрлілігінің нәтижесінде олардың арасында бірін-бірі жақтырмаушылық орын алды, сөйтіп олар бір-бірімен келісе алмайтын еді. Олардың келіспеуінің және қарсылықтарының нәтижесінде соғыс ісі құлдырап кетті және оның қажеттері қараусыз қалды. Содан әскердің істері мен Шыңғыс ханның бұйрықтары бүліне бастады. Осының нәтижесінде хорезімдіктер мұғул әскерінің көбін қырып салды. Осы себептен, айтуларынша сол кездері өлтірілгендердің сүйектерінен жиналған төбелер әлі күнге дейін көне Хорезм қаласының айналасында үйіліп тұр. Осндай жағдаймен жеті ай өтті, қала болса әлі алынбаған еді. 

              Хорезмдегі ұлдарынан елші келіп, Хорезмді алу мүмкін еместігі және көп әскердің өлгені, сондай-ақ бұның жартылай себебі Жошы мен Шағатайдың (және Үгедейдің) арсындағы келіспеушіліктен екені жайлы хабар беріледі. Шыңғыс хан ол сөздерді есітіп ашуланды, сөйтіп олардың кіші баыры Үгедейдің басшы болып, олардың барлығын әскерімен қосып билеп, соның сөзі бойынша соғыс жүргізуін әмір етті. Ол (яғни Үгедей) ақылының кемелдігімен, қаілеттілігімен және көрегендігімен атақты және белгілі еді. 

             Елші Шыңғыс хан әмірінің жарлығын алып келгенде, Үгедей бұйрыққа сәйкес іс-қимыл жасай бастады. Ол байыпты және ақылды болғандықтан, әр күні бауырларының бірін көруге барып тұратын, олармен жақсы қарым-қатынаста өмір сүретін әрі өзінің өте епті билеушілігімен олардың ортасында сырттай келісімді шығаратын. Солайша ол әскер ісін тәртіпке келтірді және бұйрықты мүлтісіз орындады. 

            Содан соң мұғул жауынгрлері бірлесе соғысқа аттанып, сол күні-ақ қала қорғанына ту тігіп, қалаға кірді және мұнай салынған ыдыстармен қаланың ықшам аудандарын өртеп жіберді. Қала тұрғындары ішкі қақпаларды паналады, сөйтіп көшелер мен ықшам аудандардың басында қайтадан соғысты бастады. Мұғулдар сұрапыл соғыс жасап, жеті күн ішінде бір ауданнан кейін екіншісін алып, осы тәсілмен қаланы түгелдей қолға алғанша олардың әскерін ығыстырып, қорғандарын өртеп жіберіп отырды. 

          Қаланы алған соң олар адамдардың барлығын жайлауға – қаланың сыртына шығарып, олардан жүз мыңға жуық қолөнершілерді бөліп алды да, оларды шығыс елдерге жіберді. Жас әйелдер мен балаларды тұтқынға алып кетті, ал қалған адамдарды жазаға тартты. Үргеніш шаһары құлады, Хорезм мемлекеті Шыңғыс хан құрған Алаш елінің құрамына енді.Алаш еліне батыстан да, шығыстан да, терістігі мен түстігінен де қауіп төндірер күш қалмады. Шыңғыс ханның Алаш елін құру мақсаты іс жүзіне асты.

   «Шыңғыс хан жазғытұрым өз жұртына қарай бағыт алды. Жол бойы уәлаяттар мен қалаларға билеушілер мен даруғалар қойып, Әму суынан өтіп, Бұхараға келді. Бұл жерде оған жан-жаққа жіберген ханзадалар мен нояндар қосылды», – деп бастайды Әбілғазы хан «Түрік шежіресінің» «Шыңғыс ханның өз жұртына оралуы» тарауын. Жан-жақтан ханзадалар мен нояндарды қатарына қосып алғанына қарағанда, алдағы үлкен іс-шараның мәніне қаған отбасы ғана емес, өзін қоршаған ортаның да толыққанды қаныққанын қалайтыны байқалады.

         Қаған жол бойындағы Бұқара шәһәрі маңына тізгінін тежеп, дін иелерін өз құзырына шақырады. Шақырудың мәнісін білмей абдырап, бойларын үрей билеген Ашыраф атты қази мен уағызшының көңілдері қағанның жылы жүзін көргенде ғана сабасына түсіпті. Шыңғыс хан аман-саулық сұрасқан соң, оларға мұсылман дінінің мән-жайын білгісі келетінін айтады. «Мұсылман деген Құдайдың құлы деген сөз. Құдай жалғыз, ол ешкімге ұқсамайды, оның түр-тұлғасы жоқ», - деп сөзін қази бастай бергенде: «Оны мен де білемін», - деп қолдау білдіріпті қаған. Дін иелері сөздерін жалғап, Мұхаммед пайғамбар Алланың елшісі екені, бес уақыт намаз оқып, құлшылық жасау, ораза ұстау, зекет беру, тағы басқа мұсылманшылық шарттары туралы айтқандарын қаған теріс көрмеген секілді. Тек олардың: «Құдайдың Меккеде Қағба атты үйі бар, күш-қуатымыз жетсе, соған барамыз»,- дегеніне келгенде, Шыңғыс хан: «Дүние жүзінің бәрі Тәңірдің үйі емес пе, бір жерге барып керегі не?» - деп, пікірін ашық білдіріпті. Әңгіменің барысында өзі ұстанатын тәңіршілдік пен мұсылманшылықтың қиылыспайтын тұстарын байқаса да, ол туралы сөз қозғамаған қаған дінбасыларының өзіне қандай тілектері бар екенін білгісі келеді. Діндарлар өздерін қорғайтын жарлық беруін өтінеді. Шыңғыс хан мұсылман қауымының бұл өтінішін қанағаттандырып, арнайы жарлық шығарады. Заңдық күші бар бұл құжаттың мәтініне мешіттер мен дін иелерінен салық алынбасын, діни мекемелердің мемлекеттен тәуелсіздігі қамтамасыз етілсін деген баптар енгізілген болатын. Жарлықтың мәтіні ел ішіне түгел тарауын қадағалауды қаған орда шербиіне жүктейді.

          Қаған Бұқарадан өтіп, Самарқандқа келген соң, Жошыға хабаршы жіберіп, оған көштің келе жатқанын мәлім қылады. Әкесінің Ұлытауға бет алған бұл сапарының мән-жайынан толық хабардар Жошы хан оған тарту ретінде көк, торы, қара, жирен, ақбоз түсті мыңдаған жылқы үйірлерін күнібұрын іріктеуге кірісіп, бұл жұмыстар аяқтала бере Ұлы тауға жол тартқан көш сайын далаға дендей кіріп келе жатты. Мамыр айы жартысынан ауған кезде көкке молынан кенеліп, қоңданған бес түсті бес жүз мың жылқы түлігі (Әбілғазы келтірген дерек) лек-легімен көз алдынан өткенін көрген қаған ұлына ризалығын білдіріп, өз тарапынан Жошыға алтын көзе тарту етеді. Жошы інілерін бауырына тартып, ағалық мейірімін білдіреді. Көшті қарсы алуға келген қағанның туған-туыстары мен құдалары қатарында қүнқұрат Дай шешеннің ұлы, Бөрте бегімнің інісі, яғни Шыңғыстың құрдасы әрі қайын інісі Алшы ноян бар еді. Жошы ханның жары, Батудың анасы Үкі фужин мен Қалқадағы қара шаңырақта отырған Төленің келіні, яғни Құбылайдың сүйікті жары Жабұн осы Алшы ноянның қыздары, ал Төленің екінші ұлы Жұриқаның жары Бұлағай Алшы ноянның немересі болатын. Содан да Шыңғыс хан әулетінің оған деген ықыласы ерекше. Шыңғыс қағанның Құжын бике және Тамалұн атты қыздарын алған күнқұрат нояндары Бұту гүрген мен Дарғы гүрген, сондай-ақ Төле ханның құдасы – Мөңкенің жары Құтықтайдың әкесі Қуылдай атты белгілі күнқұрат әмірі қарсы алушылар қатарында бой көрсетті. Шыңғыс қаған олардың бәрін бауырына тартып, мейірімге бөледі. Олар да қуаныштарымен ортақтасты. Көшті қоршаған нөкерлері мен әмірлерінің, сондай-ақ Жошы ханмен бірге алдан шығып қарсы алушылардың дені, сол заманның қатал тәртібіне сәйкес, тектілікке баса мән беретін Шыңғыс қағанның тікелей сұрыптауынан өткен, қалауымен қалыптасқан орданың негізгі құрамы күнқұраттан болатын.

            Ежелгі хандық дәстүрдің мүшесі ретінде оның ішкі тәртібін бала жастан ұғып өскен Шыңғыс тектілік қағидаттары ескерілмеген жағдайда оның салдары өте ауыр болуы мүмкін екенін тарихтан білетін. Оның бір көрінісі – Көк түріктер қағанатының ақырғы кезеңінде орын алған қанды қырғынның себепкері Білгі ханның жесірі Бөбек ханымның мекерлігі екені хандар әулетінің санасында өшпестей сақталған. Бұл тарихи оқиға туралы Л.Гумилев былай дейді: «...Білгі хан мен Иоллығ тегін ақсүйектердің өз бетімен кетушілігін басып отырды, бірақ Тәңіріхан кезінде билік жүргізуді ханша-ана, Тоныкөктің қызы По-бек өз қолына алып алды. Орда әдеттегі түріктік принцип бойынша құрылды: хан орталыққа басшылық жасайды, ал шығыс және батыс шадтары – екі қанатқа әмірлерін жүргізеді. Шадтар қандас ханзадалар болды және таңдаулы әскерлерді басқарды: Ханша басқару ісін өзінің сүйкімдісіне, қарапайым тарханға тапсырды, міне бұл жоғары қолбасшылық адамдары арасында күңкіл туғызды. Наразылықтың бетін қайтару үшін ханша батыс шадын өлтіруге өз ұлының көзін жеткізді. Шығыс шады Панкүл өзінің әскерімен хан ордасына шабуыл жасап, ханды өлтірді, сонан соң таққа марқұмның ұлын отырғызды. Алайда Панкүлдің қарсыласы жабғы Құт (қыт. Гуду) жаңа ханды өлтіріп, орнына оның інісін қойды. Әулет қауіп-қатердің астында қалды. Құт өзінің бас-көз болуға қойған адамын өлтіріп, тақты заңсыз иемденіп алды (741 ж.).Тақты заңсыз иемдену іште сақталған барлық өкпе-зәбірдің бұрқ ете қалуына түрткі болып, дала көгалдарында қан судай ақты... Түріктер қателескендерін байқап қалып, Панкүлдің ұлын Озмышхан құрметті атпен хан сайлады. Империя үкіметі Озмышханға империя жағына шығуды ұсынды. Озмышхан олай етуден бас тартты. Бірақ басмалдардың, ұйғырлар мен қарлұқтардың бірлескен күштері ... Озмышханды өлтіріп, оның басын Чаньанға жөнелтті. Алайда, түріктердің ымыраға келмейтін бөлігі қаруларын тастамай, ... Бәймейханның ұлы Құлынбекті таққа отырғызды. Онымен бірге тек ежелгі түрік даңқына берілгендердің неғұрлым табанды бөлігі ғана қалды. 744 ж. күрес әлі жүріп жатты... Тірі қалған өз жақтастарын Білгі ханның жесірі, Тоныкөктің қызы По-бек басқарып, өткеру шартын алдынала келіскен бойда Қытайға алып келді, олар шекаралық әскер сапына қосылды, ал По-бек патшазада әйел құрметті атағы мен кінәздік киім-кешек, қаражат алды...» («Көне түріктер»: 364 бет). Бұл Бөбек ханымның мекерлігінен келіп шыққан хандар әулеті тарихының қаралы беттері болатын.

             Ал, Бөбек ханым қайдан шықты? Ол түбі түркі-табғаштық, патша сарайы маңында тәлім-тәрбие алған, дана Түнкүктің қызы болатын. Дананың Көк түріктер қағанатын құруға, оның іргесін бекітуге үлкен үлес қосқаны дау тудырмайды. Сонда да болса оның болмысынан түркілік дәстүрді менсінбеушілігі де, кейде тіпті «семіз өгіз бен арық өгізді айыра алмайды» деп, ханның өзіне де биіктен қарайтыны байқалатын. Оның бұл мінезі қытайлық ортада қалыптасса керек. Бір ғажабы, оның түркілік ортадан оқшау, қытайлықтарға тән болмысы қызы – Білгі ханның жары Бөбек ханымның бойынан да байқалатын. Атырабындағылар ханымның бұл үстем мінезін ханға еркелігінен деп жоритын. Шын мәнінде, Бөбек ханымның өзіне деген ханның сенімі мен махаббатын жеке басының мүддесі үшін асыра пайдаланатыны жесір қалған кезде жасаған теріс қадамдары арқылы хан әулеті қатарында толық әшкереленгенін көріп отырмыз.

            Тарихи деректе ханның 734 жылы түріктердің Қытайда елшілік қызметте болған Мейлубек деген біреумен бірге ас ішкен сәтте, оның қолынан улануынан қайтыс болғаны айтылады. Оқиғалар барысынан көріп отырғанымыздай, Бөбек ханымның да Қытай елі арнайы қызметімен байланыста болғаны көзге ұрып тұр. Орда күзет қызметінде болған тарханмен ашыналығы, хан әулетіне қатысы болмаса да, оны орданың басшылық лауазымына тартуы бізді Білгі хан өліміне Бөбек ханымның да қатысы болуы мүмкін деген ойға жетелейді. Ханымның мекерлігінен туындаған төңкерістердің ақырында тархан жетекшілігіндегі тайпаны Қытайға бастап барып, Қорған сыртындағы шекаралық қызметке орналастыруы, патша сарайынан марапатталуы оның көрші елмен мүдделестігін, байланыста болғанын байқатып тұр.

           Тархан бастаған тайпаның қорған маңындағы атқарған қызметіне байланысты «Жалайыр» деген елдік атау алғаны да тарихтан мәлім. Бұл туралы академик Тілеуберді Сайдулдин былай дейді: «Ал жалайырға келсек, ол ат жалына қатысы жоқ атау. Ерте заманда «жал» деп қорғанды атаған. Бұл ру Қытайдан төлем алып, Қытай қорғанын сырттай бақылайтын болған» («Дат» газеті: 27-08-2014). Тайпаның Қайду хан заманымен тұспа-түс кезде іргелес Қытайдың шапқыншылығына ұшырап, ол жақтан арып-ашып келгенін де білеміз. Сөйтіп, тегі намәлім Бөбек ханым салған ылаң жалайырларға да зардабын тигізіпті.

              Сондай-ақ тектілік пен тексіздік арасындағы даудың ақыры Түрік қағанатының екіге бөлінуіне әкеліп соққаны туралы әңгіме де хандар әулетіне ежелден мәлім еді. Шыңғыс ханның тектілікке баса мән беруі, тектілік талаптары туралы арнайы жарлық жариялауы осыған ұқсас тарихи деректерден толық хабардар болуынан деп түсінген жөн.

           ...Алдағы бірнеше күндік жолды қарсы алушылармен бірге басқан қарасы мол көшті тау етегіндегі кең жазықта ақбоз үйлерін тіккен рубасыларлардың күнқұрат Саңғыл би .бастаған жүзқаралы үлкен тобы күтіп алды. Шыңғысты ақ киізге отырғызып, хан көтеру рәсіміне қатысқан аталмыш бидің ел ішінде абырой-беделі зор болатын. Қаған оның қолын алып, кідірген сәтінде:

             – Бытыраған қалың рудың басын қосып, Ұлыс елді құраған қағанын көруге халқың құштар еді, қош келіпсің, арысым! Ұлыстың Ұлы тауына басқан қадамың құтты болсын, Шың құсындай қыраным! – деп қол жайып бата берді.

                Қаған ордасының қалың елдің ортасына қоныс аударуына орай Ұлытаудың етегінде үлкен ас беріліп, тайқазандардан сыбағалар тартылып, ел-жұрт мәре-сәре болып жатқанын көрген қағанның көңілін шаттық сезімі биледі. Саңғыл бидің сыртында тұрған жырау осы сәтті пайдаланып, ханға арнаған толғауын: «Оғыз ханнан хан тағы сан ғасырға жалғасқан, Алаштың елі – бар бағы Шыңғыс ханға ұласқан...», - деп бастап жіберді. Хан жырауды бөгемей, мұқият тыңдап, оның иығына қолын салып, алғысын білдірді. Орда шербиі ақынға мезірет жасауды ұмытқан жоқ. Елге мәлім жыраулар мен әнші-күйшілер мерекелік бұл жиынның көркіне айналған. Қаған нөкерлерімен бірге ортадағы алаңдағы палуандар күресін де тамашалады.

           Бірегей ел болудың қуанышы осылай шарасынан асып-тасып жатқан кезде төрт ұлының кенжесі Төленің Қалқа даласындағы «қара шаңырағы» - ордасынан арнайы келген Бөрте бегім мен абысыны, «екінші ханым» – қағанның бесінші ұлы Құлықанның анасы Құлан қатын және қызметшілері қағанның, Рашид ад-Дин «ішіне мың адам сиятын, уықтары алтыннан жасалған» деп сипаттайтын Алтын ордасын тігіп, оның іші-сыртын атына сай әрлеумен айналысты. Өзге жұрт үшін әлі болса түсініксіз, алайда қағанның арманы – «Алаш» атты елінің ордасы Ұлы таудағы Қаракеңгір өзені бойында осылай орын тепті. Ежелгі хандар әулетінің мекені болған Қалқа өзені бойындағы Алты Алаштың ордасы сол мекенінен жылжыған жоқ. Ол қасиетті жер мен орда отшығын – кіші ұлы Төлеге еншіленді. Бөрте бегім қара шаңырақта отырған болатын.

           Он бес жасынан басталған арман жолындағы күресті толық жеңіспен аяқтаған соң, тізе бүккен елдер мен шәһарларды төрт ұлына еншілеп берген қаған алаңсыз көңіл-күймен Ұлы тауда бой көтерген жаңа Алтын ордасы төріне келіп жайғасты. Осы жолда ақылшысы әрі көмекшісі болған кіші әкесі Меңлеке Шыңғыс ханның оң жағында, барлық әмірлерден жоғары орын алды. Одан кейін Тоғышар мен Сүбедей баһадүрлер отырды. Сол қол жағында Бөрте бегімнің інісі, төрт ұлының нағашы атасы Алшы ноян орнықты. Ары қарай отбасының өзге де құдаларынан кейін хандық лауазым иелері – төрт ұлы өз жастарына орай орын алды. Жошы ұлысына қарасты рулардың билері орданың екі қанатына келіп тізе бүгісті. Орда ішіндегілердің бәрі кілең түменбасылар мен мыңбасылар. Қағанның қалауымен әскери және рулық құрылысты ұштастырып-ұластыру елді осылай жұдырықтай жұмылдыруға, темірдей тәртіп орнатуға қол жеткізген.

             Орда ішінде шыбын ызыңы естілердей тыныштық орнаған сәтте:

             – Ұлыс елім! – деп, қарлығыңқы дауыспен сөзін бастады қаған. – Орда керегесіне тұтылған алашада бедерленген ру таңбаларының нобайынан Жошы ұлысын түзген халықтың қарасы мол екенін көріп отырсыздар. Әу баста Алтайда орын тепкен алты рудан құралған елді «Алты алаш» деп атап едік. Алты Алашымыз өзіне Тәңіріміз жүктеген парызды толық атқарды. Бүгінгі күні ордамызды Ұлытаудың төрінде тігіп, сіздермен бас қосып отыруымыз Қалқа өзені бойында ордасын тіккен Алты тайпадан бастау алып еді. Алтай таулары атырабындағы Қырғыз бен Ұйғыр, Қара Ертіс бойындағы Қарлық сияқты елдерді, Жетісуда Үйсін, Қаңлыны қатарға қосып алып, Қытай, Тибет,Таңғұт патшалықтарын тізерлеттік. Сыр мен Әму бойындағы көп шәһарларымыз бен жерлерімізді парсылардан азат еттік. Әскердің ең бір қуатты құрамдары қатарында, әскербасылық қызметтерде барлығыңыздың өкілдеріңіз отыр. Біз қазір іргесі берік елміз!

             –Міне, бүгін елдікке негіз болған «Алты алашты» ерекше бөлектемей, баршаға ортақ «Алаш» деген атқа тоқтам жасайық.

          Отырғандардың пікірін білгісі келген қағанның:

          – Бұған не дейсіздер? – деген сұрағына:

          – Дұрыс! – Жөн! – десті отырған қауым.

           Сөйтіп, Қазақ мемлекеттігінің бастауындағы «Алаш» қасиетті халықтық атауы тарихи құжатпен хатталмаса да, бірауыздылық жағдайда хан кеңесінде мақұлданып, сайын далаға тамыр жайды.

           – Жаңадан бой көтерген Алтын ордамда неге Ұлытауда тігуді қаладым? Бұл, біріншіден, өзіміз бүгіннен бастап, Алаш деп ат қойып отырған еліміздің ортасы. Бүгінгі тіккен ордамызға дүниенің төрт бұрышынан жүз жылдар бойы ешбір ел қауіп төндіре алмайды. Бізге дейін ата-бабаларымыз бірнеше мәрте ұлы ел құрағанымен іргелес отырған ежелдгі дұшпан Қытай патшалығы жұртымыздың ішіне ши жүгіртіп, ағайындар арасына от тастап, ірітіп отырған. Қытайдан орданы алыс тігуді аталарымыз бізге өсиет етіп, тасқа жазып кеткен екен. Мінеки, енді осыны ескеріп, ордамызды елдің ортасына – осында әкелдік.

             Шыңғыс қаған тастағы жазу дегенде нені меңзеп отыр? Тарихқа қарап көрейік. «Шығыс түрік қағанаты құлап, оның қираған үйінділері орнында Таң империясы құрылғанын қарастырғанымызда, біз өзімізге өзіміз: бұл құбылыс тарихи заңдылықтан туды ма, әлде белгілі бір сәттің хал-ахуалына сәйкес кездейсоқтық ролі басым түсті ме? – деген сауалдарды қоймай тұра алмаймыз.

             Бұл мәселе тарихи әдебиетте өте аз жазылған. Тек орхон жазуларының авторы Иоллық-тегін ғана өз уақыты үшін аса дәлелді-дәйекті түсінік береді. Ол хандарды «ақылсыз да қорқақ» болғаны үшін, бектер мен халықты – хандарға адал болмағаны үшін, табғаштарды – алдамшылығы және інілерін ағаларына қарсы әзәзілдікпен айдап салғаны үшін айыптайды және ең мәндісі, ол түрік халқын нәуетек еткен қытайдың жиһаз мүлкін кіналайды. Бірақ Иоллық-тегін жеңілуді болмай қалмайтын нәрсе деп есептемеген. Бұған керісінше, бүкіл жазу болашақтағыны сақтандыру ретінде жазылған. Иоллық-тегін, егер Қытайдан көп жер қашық тұрса, табғаштармен қоян-қолтық араласып кетпесе, онда бәрі де оңға басатынына кәміл сенген. Сонымен Иоллық-тегіннің пікірінше, 630 ж. жеңіліс – қате саясаттың салдарынан, яғни тарихи кездейсоқтық болған» (Л.Гумилев, «Көне түріктер»: 204-бет).

               – Орданы Алтын орданы Ұлытауға көшіруіміздің тағы бір себебі,– деп сөзін жалғады қаған, – батыс-солтүстігімізде ата-бабаларымыз тізе бүктірген елдер бар. Түстік-шығысымызда қолөнері дамыған елдер мен батыстағы елдердің ортасында отыруымыз Алаш жұртымыздың бағы. Болашақта осыны ескеруіміз керек. Міне, сондықтан жуықтағы жылдары бізді өте көлемді жорықтар күтіп тұр. Сол жағымыздағы бұлғар-башқыр, орман елдерін, батыста Еуропа халықтарын қосып, ұлы мемлекет құру кезекте тұр. Шын-Машын мен Еуропаны жалғап, арада сауда-саттық жолдарын ашсақ, одан елге шаш-етектен пайда түспек. Біз осы мақсатты жүзеге асырсақ, Тәңіріміздің бізге жүктеген өркениетті алға апару міндетін атқарған боламыз.

             Елге арнаған сөздерін осымен аяқтаған қаған Алаш рулары арасында кең танымал Саңғыл биден елге бата-тілек арнауды сұрады. Абыз қарт Алаш еліне жақсы тілектерін білдіріп, ұзақ-сонар ақ бата жасады. Жиын көтеріңкі көңіл-күймен тарап, баршасы өз мекендеріне аттанды. Бөрте бегім өзіне тиесілі күзеті мен қызметшілерінің қоршауындағы күймесіне жайғасып, Қалқаға қарай жол тартты. Бұл сапардың қауіпсіздігі Құбылай ханзады мыңдығының жіті бақылауында болды.

          Үздіксіз ұзақ жылдарға созылған, ақыл-ойы мен бар күш-қуатын алған жорықтардан өзінің қатты қажығанын сезген Шыңғыс хан жаны мен тәніне тыныс беруді ойлап, бірауық аң аулауға шығып жүрді. Сарысу бойында саятшылық кезінде, астындағы тұлпары жүйткіп бара жатып, байқаамай, қабандар қазып тастаған оқпанға сүрініп жығылғанда, алдында қашып бара жатқан қара қабан кенет кері бұрылып, атымен бірге құлаған қағанға қарай ұмтылған. Оның пышақтай азу тістерінен тайсалған тазылар қағанға араша түсе алмай, қашқақтады. Қозыкөш жер артта қалған нөкерлерден қайран жоқ. О, құдырет! Қабан атқа да, қағанға да тиіспей, қапталдан өте шықты! (Мына сәйкестікті қараңыз: Қағанның өзі де доңыз жылы дүниеге келген еді ғой!). Қағары бар жандай, қатерден аман қалғанымен, қағанның қабырғалары зақымданып, екі жетідей, төсек тартып жатып қалды.

            Енді бас көтеріп,түрегелгенде, әкесінің бұйрығымен батыс жорығының қамын жеген Жошының кенеттен опат болуы Қағанның жан дүниесіне орасан үлкен салмақ түсірді. Жерлеу рәсіміне Қалқадан аңыраған анасы Бөрте бегім жетті. Қанша мықты болғанымен, ұлын жер қойнына тапсырарда қаған көздерінен сорғалаған жасты тыйя алмады, жан-жүрегімен жылап тұр еді... Ол осы сәтте өмірінің ең бір жарқын күндері артта қалып бара жатқанын сезген болатын.

        Жошының қырық күндік асынан соң, Алтын ордадағы хан кеңесінде ақыл-парасаты мол, шешімді немересі, Жошының екінші Батуға «Сайын хан» лауазымдық атымен қоса ұлыстың билігін беретінін мәлім қылды. Одан кейінгі оқиғалар барысы қағанның бұл жолы да дұрыс таңдау жасағанын көрсетті. Бұл оқиғаларды Әбілғазы шежіресімен түйгеніміз жөн болар: «Жошы хан мажар, башқұрт, орыс, кәрел және неміс жұрттарына аттанбақ болып: «Жеті жылдық сапар жорығының қамын жесін!» - деп елге жарлық қылды. Әскер жиналып жатқанда өзі ауырып, көп ұзамай қайтыс болды. Шыңғыс хан ол кезде тірі еді, немересі Бату ханға (лақабы Сайын хан): «Әкең қай жерге барамын деп дайындалса, сол жерге бас болып барасың!» деп хүкім қылды. Сайын хан әскерін жиыстырып жүргенде Шыңғыс хан өлді» (117-бет).

             Арадан жыл өтер-өтпес қағанның өзі бақилық болды. Әбілғазы былай деп жазады: «Шыңғыс хан бұл дүниемен алты жүз жиырма төртінші тауық жылы (жаңаша 1227 ж.) қоштасты. Доңыз жылы туып, доңыз жылы хан сайланып еді. Ханның барлық жасаған ғұмыры алпыс бес жыл еді, жиырма бес жыл патшалық қылды. Үш ай бойы жан-жақтан халық келіп, аза тұтып, ханзадалардың қайғысына ортақтасты».

            Осы орайда қаған өліміне байланысты ақылға сыйымсыз жалған деректер оқырмандар санасына қасақана тықпыланғанын айта кеткеніміз жөн болмақ. Өмірінің ақырғы жылы, өзі кеселді жағдайдағы қағанның ұлы Жошының қазасының жылы өтпей жатып, жүз мыңдаған әскерді бастап, Таңғұт жорығына аттануы ойы түзу адамды сендірмейді. Және ол жорыққа шығу үшін белгілі бір себеп те жоқ қой. Әбілғазы шежіресінде Таңғұт жорығы туралы былай делінеді: «Шыңғыс хан Меркіт елін бағындырып, оны қарамағына қосты. Одан соң Таңғұт уалаятына кірді. Таңғұттың төресі қалаға жасырынды, аз күнде қаланы алып, жермен-жексен қылды.Патшасын өлтіріп, әр уәлаятқа бір хәкім қойып, өзі қайтып, үйіне түсті» (63-бет). Таңғұт деген елдің өзі Тибеттегі Кокунор көлінің жағасындағы кішкентай ғана ел болған, ол елдің тарихта қандай да бір ықпалға ие болғаны туралы дерек кездеспейді. Саяси ықпалға ие болған бұрмалаушылар ол елдің атын ғана пайдаланған сыңайлы, одан басқа түк те емес. Қағанның сүйегін жасырын жерлеп, үстінен жылқы үйірлері айдалса, «үш ай бойы жан-жақтан халық келіп, аза тұтып, ханзадалалардың қайғысына ортақтасуы» мүмкін бе? Бұл елдің қағанға деген құрметінің белгісі еді. Ал, мазары қайда екені белгісіз марқұмға ел қалай құрмет көрсете алады?

              Бату атасы өсиет еткен батыс жорығына аттанардан бұрын Шыңғыс қаған мен әкесі Жошы ханға атап салдырған кесенелері Ұлы тауда мызғымастай болып әлі тұр. Тарихи жәдігерлер қатарын Ұлытау өңірінде бой көтерген Жошының қызы Болған ана мен Шыңғыстың екінші ханымы Құлан қатун кесенелері толықтырыпты. Саяси мүдде тұрғысынан жұмбаққа айналған Алаша хан кесенесі кімге тән екенін анық білген Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Жошы ханның әкесі -Алаша хан» (8 том, 45-бет) деген бір ауыз сөзімен ақиқатты анық жазып кеткенін ескерер болсақ, қанеки! Дәуіріміздің тағы бір данасы Қаныш Сәтбаев «Шыңғыс ханның мазарын басқа жақтан іздеп әуре болмаңдар, ол кісінің тәні Алаша хан кесенесінде жатыр», - деп замандастарына аманаттап кеткен екен.

              Уақыт алға жылжыған сайын жаңа мүмкіндіктер ашылып келе жатыр. Өкімет Ұлытауға көңіл бөліп, осы аттас облыс ашты. Жошы хан кесенесінің айналасын абаттандырып, оған арнап ескерткіш салдырлы. Ұлытауда ұлттық құрылтай өткізілуінде де мән бар. Алаша хан кесенесі Шыңғыс ханға тән деген кісілердің қарасы молайып келе жатыр. Ең бастысы, қолыңыздағы кітаптан оқып-білгеніңіздей, Шыңғыс қағанның өз елімізден екені тілдік, елдік және тарихи-шежірелік тұрғыда дәлелін тапты.

qazaquni.kz