Философия мен өркениет байланысы

Философия мен өркениет байланысы

Өркениетті адам дегеніміз кім? Өркениетті қоғамның қалыптасуындағы философияның рөлі қандай? Бұл қандай қоғамда болса аса маңызды мәселе.

          Адамзат баласы көне заманнан-ақ өзінің іс-әрекеті арқылы неше түрлі жаңа дүниелер жасап, қоғамға өзіндік үлесін қосып отырды. Осылайша, адамзат қалыптастырған, яғни материалдық жағынан болсын, рухани жағынан болсын негізі қаланған дүниелер «өркениет» деген ұғымға ие болды. Ол келешек ұрпаққа мирас боп өз жалғасын тауып отырды. Түптеп келгенде, дәл осы мирастық байлықты сақтаушы – философия.

         Өркениет ой әлемінің қарыштап дамуының нәтижесінде жетіліп отырды. Өркениеттің дамуына ықпал етуші негізгі факторлар – адамзат баласы, қоғам және қоршаған орта. Ал осы аталған үш фактор философияның пайда болуына септігін тигізеді. Философия өркениетті көруге мүмкіндік береді. Демек, философияның құндылықтарды сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарады.

     Әлемді түсінуге талпынатындар да, оны түсіндіруге талпынатындар да философияның көмегімен бар құпияны ашуға ұмтылады. Мұндағы қалыптасқан нәтижелер «өркениет» деп аталады. Яғни, философия өркениеттің қалыптасуының бастау көзі болғандықтан, ол өркениеттегі философиялық ойдың жетілуіне, дамуына септігін тигізеді. Философия өркениетті жағдайда ғана іске асып, дамып, жетіліп отырады. Өркениетті қалыптастыру үшін де біраз сатылардан өту керек болады. Тұлға мен оның іс-әрекеті негізінде пайда болатын орта философия мен өркениеттің өсуі үшін басты фактор болып есептеледі.

       Философия әлемдегі тұтас бір бейнені көруге мүмкіндік береді. Бұл жердегі тұтас бейне өркениет деп аталады. Өркениетті елді қалыптастыруда құндылық басты орында. Құндылығы жоқ қоғамда адам өз-өзін жоғалтады. Сондықтан, әлеуметтік тепе-теңдік жүйесі қоғамға жайдан-жай енгізілмейтіндігі анық. Егер кез келген қоғамның өзіндік жүйесі бар болатын болса, онда өркениетті де қалыптастырудың өзіндік үлгісі болуы тиіс. Бұл ұлттық құндылықтарды қамтитын философиялық ой арқылы іске асады. Ұлттық философиялық ой адамды ұлттық моральдық тұлға болуына септігін тигізеді.

            Қаншама уақыттан бері философия адамзат болмысын ұғынудағы көшбасшылық рөлге ие болды. Нәтижесінде, соның ықпалының арқасында өркениет дамып, жетіліп, кейінгі ұрпаққа жеткізілді. Осы тәріздес, өркениеттің өзі де философиялық ойдың қарыштап дамуына өз әсерін тигізіп отырды. Яғни, ұлы өркениеттер олардың философиясының ұстанымдарына, өзіндік ережелеріне бағытталған.

Данат ЖАҢАТАЕВ,

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті.

 Бақтыгүл ӘБДІЛЛА,

 әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің

филология факультетінің магистранты

qazaquni.kz