"Түркілерге ешкім шақ келмейді" деп Шыңғыс ханның "мұңғылдарын" айтады арабтар...

 
Астана. 17 қаңтар. Baq.kz- Әлем өркениетінің дамуына адам айтқысыз зор үлес қосқан көшпелі мәдениет өкілі – түркілер туралы көне қолжазбалар түрлі елдердің мұрағаттарында әлі де түбегейлі зерттеуді күтіп, шаң басып жатқаны анық. Сондай түпнұсқалықтардың бірі – араб дереккөздері. Дешті Қыпшақ даласына VIII ғасырдан бастап ислам дінінің тарала бастауымен бірге, екі ел арасындағы мәдени-саяси байланыстар бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүрді. Түркілер халифаттың саяси өмірінде үлкен маңызға ие болды. Бұл жайт араб тарихшылары мен жылнамашыларының түркі халқына деген қызығушылықтарын арттыра түсті. Араб деректеріндегі түркілерге арналған ерте еңбектердің ішінен IX ғасырда Ибн ал-Факих ал-Хамаданидің «Ахбар ал-Булдан» («Елдер туралы хабар») кітабының «Түркілер туралы» тарауы мен XI ғасырдағы Абу-л-Ал Ибн Хассуланың «Түркілердің басқа сарбаздардан артықшылығы туралы» шығармасын айтуға болады. Бұл қолжазбаларды белгілі шығыстанушы А.З.Валиди (Кеңестер үкіметіне қарсы күресте Мұстафа Шоқайдың сенімді серігі болған-авт) 1920 жылы Мешхедтегі имам Али ибн-Ризаның кесенесінің кітапханасынан тапқан(Иран). 1937 жылы Мешхед қолжазбаларының фотокөшірмесін Иран үкіметі КСРО Ғылым академиясына тарту еткен. Соның негізінде А.П.Ковалевский 1939 жылы араб түпнұсқалығының орысша аудармасын жеке кітап қылып шығарды. Бүгінде электронды жарияланымда жүрген «Мешхед қолжазбалары» сол 1939 жылғы аударманың нұсқасы. Сондай-ақ танымал араб тарихшысы аль-Ибридің (XIII ғ.) түркілер туралы айтқан пікірін де назарларыңызға ұсына кеткен жөн: «Түркілер көп санды халық, бірақ олардың ең басты артықшылығы – олар әскери әдіс-тәсілді және соғыс қаруларын жасауды жетік меңгерген. Салтатты жүрісте оларға жету мүмкін емес және қылыштасуда, найзаласуда, мергендік өнерде оларға ешкім шақ келмейді» дейді. Тарихшы бұл жерде «түркілер көп санды халық, бірақ олардың ең басты артықшылығы – олар әскери әдіс-тәсілді және соғыс қаруларын жасауды жетік меңгерген. Салтатты жүрісте оларға жету мүмкін емес және қылыштасуда, найзаласуда, мергендік өнерде оларға ешкім шақ келмейді» деп Шыңғыс ханның «мұңғылдарын» айтып отыр. Өйткені, XIII ғасыр – Алтын Орданың ең бір дәуірлеген кезеңі. Ол уақытта жер бетінде одан қуатты бірде-бір империя болмаған. Яғни, Шыңғыс хан заманында өмір сүрген, елдің жағдайын жақсы білетін аль-Ибри «мұңғылдардың» түркілер екенін жақсы білген. Шыңғыс ханның «мұңғыл боп» кеткені көп кейін – орыс заманы. Дәулетқали Асауов BAQ.KZ *Тақырып өзгертілді