Шалқалай жатқан шаңырақ

ШАЛҚАЛАЙ ЖАТҚАН ШАҢЫРАҚ

немесе ескерткіштер елдігімізді танытып тұр ма?

 

Ескерткіш – елдің еңсесін, ері мен еркесін танытар теңдесі жоқ өнер туындысы. Ол ұлттың, оның келер келешегінің айнымас символы. Қалаға қыдырыстай келген кез-келген жолаушы міндетті түрде ескерткіш маңына тоқтап, естелікке суретке түсіп жатады. Көпшілік мерекелерде ел сол ескерткіш маңын ду-думанға бөлейді, жастар махаббат серттерін осы ескерткіш басында бекемдейді. Қысқасы, мүлгіген тас тұғыр қаншама жанның көз қуанышы, көңіл жұбанышы екені даусыз.

Талай жиҺангездің, зиярат етуші момын мұсылманның арманына айналған Түркістан да, шүкір, ескерткіштен кенде емес. Бірақ саны бар да, сапасы төмен сол ескерткіштер рухани астана ажарын ашып тұр ма?

Қала қақпасы – вокзал алдында алып ескерткіш тұр. Бұл маңдай тұстағы даңғыл көшеге еңсе көтеріп тіктеп қарай алмай, жүзін төмен салған Абылай хан бабамыздың ескерткіші. Жалпы, алаш баласы аспанға қарап өседі, Көк Түріктің тұқымы көкке қарап айбар көрсетеді. Ал біздің мүсіншілеріміздің біртуар тұлғаларымызды сомдағанда тұмсығымен жер иіскетіп, бастарын салбыратып қоятыны қалай? Бұл турасында кезінде баспасөзде әрқилы пікірталас та өрбіген. Ол кезде ескерткіш қала әкімдігінің алдындағы саябақта тұратын. Кейін биліктегілер оны «көзден таса, көңілден саяқ» вокзал жаққа ауыстырып тынды.

Қалада ауып-көшіп жүрген ескерткіш бұл ғана емес. Қолына тәспі ұстап, белдігіне бәкі байлаған ескерткіш те бірнеше рет «қоныс аударып» үлгерді (жергілікті тұрғындардың базбірі оны әл-Фараби, бірқатары Әмір Темір ескерткіші десіп жүр, бірақ тақтайшадағы жазуы Алланы мадақтаған жазбаға көбірек келіңкірейді). Қазір бұл ескерткіш Саттарханов даңғылы мен Байтанаев мүйістерінің қиылысында тұр.

Не бесік екені, не таудан көтеріп әкеліп қонжита салған бұжыр тас екені белгісіз балбал мүсіннің де кесене маңына «әр беріп» тұрғанына біраз уақыт болды. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген жазуы оның бесік екенін аңдатқандай. Бірақ маңайы көріксіз күйге еніп, мүжіліп, ұсқыны қашқан бұл моғал тасты бесік символы деу қиын.

«Қанаты қайрылып», «мойны үзілген» көгершіндер қонақтаған осындай қойтас ел «Тельман» атап кеткен көше қиылысында да тұр.

Қала әкімдігіне қарсы беттегі саябақта ел бірлігін сипаттайтын алып монумент бар. Арлы-берлі өткен жүргінші жұмбаздай жымдасқан алты шаңыраққа қарап мұны алты алаштың бірлігін меңзеген ескерткіш деп ұғады. Монументтің іргесіндегі тақтайшаға да: «Биіктігі 21 метрлік төрт мұнарадан тұратын «Бірлік» сәулеттік композициясы алты алаш ұрпақтарының ынтымағын, бірлігін және даму тарихын көрсетеді» деп жазылған. Аспанмен астасқан төрт діңгекті көріп, сәулетшілер «төрт қақпалы Түркістан», «төртеу түгел болса төбедегі келеді...», «дүниенің төрт бұрышы» деген сияқты әдемі ұғымды бергісі келді ме екен деп те пайымдайсың. Бір кездері «Егемен Қазақстан» газетінің «Тәуелсіздіктің символын бейнелейтін төрт мұнаралы монумент» деп жазғаны да есте. Діңгектерге асылған темір шығыршық бір қарағанда, жер шарына ұқсас, допқа да келеді. Зады бір-бірімен жымдасқан алты шаңырақ болуы мүмкін. Төбедегі шаңырақ – әдемі. Оған еш таласымыз жоқ. Ал бір қырынан жантая жатқан төрт шаңырақты түсіну қиын. Жамбасына қисайған шаңырақ қазақ үшін жақсылықтың нышаны емес. Астындағы шаңырақ тіпті шалқасынан жатыр. Қазақта «шаңырағы шайқалды», «шаңырағы ортасына түсті» деген пәлекет ұғым бар. Мына шалқасынан жатқан шаңырақ, тіфе-тіфә, соны меңзегендей...

Осы біздің батырлар өнебойы аттан түспеген бе деп те ойлайсың кейде. Батырларға соғылған ескерткіштер кілең бір қалыптан шыққандай: қолында қылышы не қалқаны, астында ауыздығымен алысқан арғымақ аты болады. Аттан түсіп, жауының жағасын алып, кеңірдегін қысып тұрған немесе найза шаншып, табанына таптап жатқан батырдың ескерткішін көрмеппіз. Фантазия жоқ, талғам төмен. Ал Түркістандағы Қабанбай батырдың астындағы арғымағының тіпті шайнар ауыздығы да жоқ. Ескерткішті соққан сәулетшілер батырымызды «жүгенсіз» арғымаққа қонжита салған.

«Бекзат» спорт кешенінің алдында қазақты әлемге танытқан қос батырымыздың еңселі ескерткіштері бар. Екеуі де мақтанышымыз, екеуі де жұдырықпен жұмыр жерді бағындырған бекзат батырларымыз. Бір өкініштісі, екі ескерткіш те бір қолдан шыққандай жадағай, боксшыларымыздың дара мінезін, арман-аңсарын, болмыс-бітімін, ішкі жан дүниесін ашып тұрған жоқ. Жай ғана адамды тұла бойымен алған фотосуреттің көшірмесі іспетті. Тек бірінің қолындағы қолғабына, екіншісінің қолындағы медаліне қарап боксшылар екенін пайымдайсың. Өмірдегісі мен мүсінделуі екі бөлек. Тұтастық жоқ. Мүсіншілер спортшыларды жете зерттемеген бе дейсің.

Әрине, біткен іске сыншы көп. Алайда, қандай да бір болмасын, өнер туындысына жеңіл-желпі қарамаған жөн. Көрермен көзіне шалынатыны – астындағы тұғыры емес, оның үстіндегі мүсіннің мүддесі болса керек. Ендеше төрт қақпалы Түркістанның төріндегі өнер туындыларының да атына мазмұны сай сапалы болғанын қалаймыз.

          Бекжігіт СЕРДӘЛІ, ҚР мәдениет қайраткері.