“Шығыс Түркістан Республикасының қас-қағым сәті” және Оспан батыр
Оспан туылған кеңістік қазір Қытай мемлекеті меншігі болып есептелетін, байырғы Шығыс Түркістан, қазіргі Шыңжаң өлкесі, ежелден қазақтың атамекені екендігі қытай, орыс, Батыс елдері жазба деректерінен белгілі. «Шығыс Түркістан» деген қазақтың байырғы жерінің атын Қытай мемлекеті жергілікті халық санасынан өшіру мақсатында «Синь-Цзянь» ( «Жаңа шекара») – деп атап кеткен Шығыс Түркістан – «Түркістан тарихи аймағының шығыс бөлігі, қазір ҚХР-дің солтүстік батыс бөлігінде орналасқан ШҰАР жеріне сәйкес келетін өлкенің тарихи атауы. Қазір ҚХР-да белгілі сая-
си себептерге баланысты бұл тарихи атау ресми түрде аталмайды. Шығыс Түркістанның географиялық орналасуы аймақтың дәл ортасында тұрғандықтан тарихи әдебиеттерде оны Азияның “жүрегі”, ”тоғысу нүктесі”, “қақпасы” деп атау кең орын алған” дейді отандық қытайтанушы Н.Алдабек.
Оспан 1899 ж. Алтайдың Көктоғай ауданы, Өңдіқара өңірінде туылған. Оспан өмір сүрген уақыт ұлтаралық текетірестерге толы заман болмысын сол кезде өмір сүрген Оспан батырдың рухани ұстазы, шығармалары Оспан батырға дем берген ағартушы ақын Ақыт өлеңдерінен байқалады. Шыңжаңды басқарып отырған гоминдаң үкімет басшысы Шэн Шицай өзінің «алты дұрыс саясат» деп аталатын саяси реформаларын іске асыру мақсатында жергілікті халықты басып жаныштап, ел-жұртты еріксіз өзінің ата-қонысын тастап кетуге мәжбүрлейді. Сол кездері Алтайды мекендеген қазақтар атамекенін тастап қытай езгісіне шыдамай, Бәйтік тауын жағалай Баркөл, Құмыл асып, Қытайдың Ганьсу, Чинхай провинцияларына қоныс аударды. Қытай үкіметі жергілікті халық арасынан шыққан зиялыларды, жазықсыздарды ұстап, түрмеге қамап, қарапайым халықты қырып-жою секілді теріс іс-әрекеттер шектен асқандықтан бұл құбылыстар қарапайым халықтың ашу-ызасын келтірді.
Бұл құбылыстар төңкерістің немесе көтерілістің алдындағы дауылға жел тұрғызатын – төмендегілер бұрынғыша өмір сүре алмайтын, жоғарыдағылар төмендегілерді бұрынғыша басқара алмайтын кәрі тарихтың үлкен, қарапайым заңдылығы – халықтың, елдің санасында еркін ел болуды аңсау, тәуелсіз ел құру идеясын туындатты. Зорлыққа көндіге алмаған қарапайым халық Қытай үкіметінің озбырлығына қарсы көтеріліске шықты. Шығыс Түркістан халықтарының көтерілісі бүкілхалықтық сипат алды. Ж.Сәмитұлы: «1940 ж. Есімхан, Ырысхан бастаған Көктоғай, Шіңгіл елі Шың Шысай үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс жасағанда сол топқа қосылып шыққан, бұрын қарапайым шаруаның бірі болған Оспан соғыс барысында көрсеткен ерліктері арқылы батыр атанып, көзге түсті. 1940 ж. Есімхан, Ырысхан Шың Шысай үкіметімен келісімге келіп, қару-жарағын тапсырып, бітім жасағанда Оспан қаруын тапсырмай, елден бөлініп кетеді» дейді. Ж.Сәмиттің деректері бойынша осыдан бастап Оспан бастаған жасаққа Қытай үкіметінен қашып шыққандар топ-тобымен қосылып, оның жасағы күннен күнге көбейіп әскер саны едәуір артып, сол кездегі Монғолия үкімет басшысы Чойбалсан өзі іздеп келіп, Оспанға көптеген қару-жарақ беріп, Оспанды Бұлғын өзенінің Мақантас деген жерінде ақ кигізге отырғызып, хан көтеріп, қазақтың соңғы ханы деп жариялаған. Осы кезден бастап Оспан Исламұлы тек Оспан батыр деп қана аталған. КСРО мен Монғолия үкіметтері Оспанды Шэн Шицай өкіметіне қарсы пайдаланып, өз көмектерін ұсынды. 1943 ж. қарашада Монғолия әскери қолбасшысы Чойбалсан мен КСРО генералы Попов бастаған топ Ос-
панмен кездесіп, 1000 винтовка, 20 пулемет, оқ-дәрі т.б. қару жарақтар береді. Оған қоса әскери ұшақ, 200-ге жуық жауынгерді көмекке беріп, Қытай меншігіндегі Бұлғын бекінісін қайтарып алуға көмектесті. Оспан батыр 1940 ж.(Көктоғай көтерілісі) бастап Алтай аймағында Шэн Шицай үкіметіне қарсы бірнеше ұлт-азаттық көтерілістерді бастады. 1941-1943 ж. Оспан батырдың қазақ жасақтарын біріктіріп қытай өкіметіне қарсы көтерілісте, көтерілісшілердің жеңуімен Шығыс Түркістан Республикасын құрады. 1944-1945 жж. көтерілісшілер Шіңгіл, Көктоғайды Қытай әскерінен босатып Алтай аймағын азат етті. Осы еңбегі үшін Оспан Кеңес Одағының көмегімен құрылған Шығыс Түркістан Халық Республикасының Халық қаһарманы орденімен марапатталды. 1945 ж. қыркүйекте Оспан батыр Алтай аймағының генерал-губернаторы болып тағайындалды. Алтай комунистік Қытай билігіне өткеннен кейін ол қуыршақ генерал-губернаторлықтан бас тартты. Оспан батырға қарсы Алтайда «қолбасшы Жияң Юфу 16-полк атты әскер, 20 қорғаныс полкін зеңбіректерімен қаруланған армиясын жіберді. 1943 ж. Алтай аймағындағы көтерілісшілер күші Гоминдаң армиясының 128-дивизиясы, уақытша 3-дивизия, 11-дивизия атты офицерлер 2174 адамды, амандық қорғау отряды мен сақшы отряды офицерлері мен жауынгерлерінен 1471 адамды, Гоминдаң орталық армиясы 46-дивизиясы Шүй Биңчиң корпусындағы Ма Пыңлияң полкі (2-полк), Шия Иүйчиң
(3-полк) қоса 1000-ға жуық офицер мен әскерлерді, сондай-ақ қыруар артқы шеп офицерлері мен әскерлерін ұстап тұрды» (Ж.С.). Қытай билеушілерімен 11 жыл қанды шайқас жүргізген Оспан батырды 1950 ж. 19 ақпанда Гансудың Қанамбол тауының Мақай деген жерінде қолға түсіп, Үрімші түрмесінде өлім жазасына кесілді.
Гоминдаң үкіметіне қарсы Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық көтерілістер нәтижесінде көтерілісшілердің жеңуімен тарихта дүние жүзі елдерін дүр сілкіндірген, қуатты Қытай мемлекетінің үрейі мен зәре иманын ұшырған тарихта аты аңызға айналған 1944 ж. 12-қарашада ШТР құрылуы Оспан батырдың және т.б. қазақ батырларының атымен тығыз байланысты, ШТР теңдессіз жеңісі сол батырлардың қанымен келді.
Шығыс Түркістанның барлық мұсылман халқы қасық қаны қалғанша шайқасқан бұл жеңісті сақтап қалу үшін де көтерілісшілерге стратегиялық дұрыс бағыт, терең саяси көрегендік, білім мен ауызбірлік керек еді. Бұл жеңіс Ресей империясының алаңдаушылығын туғызғандықтан Ресей бұл көтерілісті бұрмалап көрсетуге кірісіп, стратегиялық жоспарлар жасайды. М.Шоқай: «Шығыс Түркістан соғысы біз-
ге – басқа өлкелердегі түріктер-
ге – қайда болсақ та барлық шараларды қолданып, шығыстүр-
кістандықтардың ұлт-азаттық күресіне көмектесу, кейбір орыс басылымдарында оқиғаның шығу себептері бұрмаланып көрсетілуіне тойтарыстар беру сияқты аса маңызды міндеттер жүктейді... ол жерде түрік тарихының беттері халқымыздың қанымен жазылуда. Орыс большевиктерінің қастандығы екі түрлі жолмен: 1.Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресін тұншықтыру үшін Қы-
тай үкіметіне көмек көрсетеді.
2. Шығыс Түркістан ұлттық қозғалысы антикемалистік және панисламистік сипат алғаны хақында жалған хабарлар тара-
тады» дейді.
ШТР құрылуы мен осы теңдессіз жеңісті Жапония, Англия, Ресей т.б. алпауыттар қаламады. Бұл жолбарыстарды ең алдымен байырғы Шығыс Түркістанның алтын, күміс, мол жер асты, үсті табиғи кен байлығы, Ұлы Жібек жолының түйісер жүрек тұсы, тоғыз жолдың торабында орналасуына қызығуынан сілекейі шұбырып, ашық айбат шеге алмай өкініште қалып, қай-қайсысы да Шығыс Түркістанды өз мүддесіне қолданғысы келді. Қытай үшін Шығыс Түркістаннан айрылу кешірілмес тарихи қате болар еді, бұл жерді жоғалту Қытайдың басты саяси стратегиялық базасынан жұрдай болып, Қытайға ұшы қиырсыз байлық кіргізіп отырған халықаралық экономикалық экспорт көзінен айрылумен тең еді. Бұл жеңіс Ресейдің абыржуын туғызғаны отар елдер уысынан шығу қаупі туындайтын еді. ШТР құрылғанымен, бұл кезең “Шығыс Түркістан Республикасының қас-қағым сәті” – болумен тарихта аты аңызға айналып қалды. Қытай мен Ресейдің бірлескен күш шығаруымен, Ресей көшбасшылық рөл атқарып, араласуымен бұл төңкеріс өмір сүруін тоқтатады. Бірақ бұл төңкерістің дүние жүзілік тарихи мәні мен маңызы өте зор болды. Ұлт-азаттық көтерілістің нәтижесінде ШТР құрған жаужүрек, қаһарман Оспан батыр қас қағым сәтке болса да атам қазақтың байырғы ата-қонысы Шығыс Түркістан өлкесін – байырғы қазақтың “кір-жуып кіндік қаны тамған” атамекен жерін жанын құрбан ете отырып, қытай отаршыларынан бір сәтке тартып алған тарихта-
ғы ШТР өмір сүруі немесе «қас қағым сәті» ұзаққа созылмай 1946 ж. 2 қаңтарда ШТР тарап «он бір бітім» деп аталатын акті бойынша Шығыс Түркістан Қытай құрамындағы автономиялы өлке ретінде қала беретін болды. ШТР тарихта «Қас қағым сәт» өмір сүргенмен, дүние жүзі елдерінде аты аңызға айналып қоймай көрші империяларға қауіп төндіруінің өзі, сол кездегі аз ұлттар мен аз санды қазақтың қуатты Қытай империясынан өз туған өлкесін қарулы күш біріктірудің арқасында тартып алып, аз уақыт болса да мемлекеттік аппарат құруының өзі дүние жүзілік тарихи маңызы өте зор тарихи құбылыс болды.
Бұл еркіндік жолындағы соғыс бүкіл халықтың қазақтың арман тілегінен туындаған азаттық жолындағы тарихи қажеттіліктен туындаған әділетті соғыс еді. Осындай еркіндік жолында күрескен ерлер жайлы «Ер – ел қорғаны», «Елдің атын ер шығарар» дейтін халық батырларына арналған сөздер ел аузында сақталды. Бұл сөздер еркіндікті, тәуелсіздікті аңсаған ел-жұрттың арманын арқалаған ұлт болашағы жолында күрескен халық арасынан шығып елін жаудан қорғаған батыр ерлерге арналған. Туған халқының азаттығы жолында қаһармандық ерліктің үлгілерін көрсете білген қазақ халқының хас батыры Оспанның қазақ тарихында есімі алтын әріптермен жазылды. Алайда, бұл көтеріліс тарихы тарихи отанда мектеп, жоғары оқу орындары оқулықтарына енген жоқ. Аты АҚШ, Европа, Орталық Азия, Евразия құрлығында аңызға айналған қазақ батыры Оспан Исламұлын АҚШ тарихшысы Л.Бенсон «алтын аңыз» деп атап, «Осман батыр:Золотая легенда казахов» деген тарихи еңбек жазды. Жас ұрпақ пен қоғамның, ұлттың мақсат-мүддесін өз тағдырынан жоғары қойып, туған ұлтының еркіндігіне кедергі келтіретін зорлыққа қарсы тұру, әлеуметтік қыспаққа түскен туған халқына ерлікпен араша тұру терең ұлтжандылықтың белгісі. Қазақта мұндай дара тұлғаларға ел, халық болып өзіне тиісті бағасын беріп, «Батыр» – деп атап, сол батырдың тұлғалық, азаматтық болмысын жоғары деңгейге көтеріп, сый-құрмет көрсетіп отырған. Ұлтжандылық – теңдессіз ұлттық патриотизм, өз ұлтыңа деген қам-
қорлық, ұлттың мақсат-мұратын өз мақсат мүддеңнен жоғары қою, руханилық жолындағы жоғары деңгейдегі парасаттылықтан туындап гуманизммен астасқан ұлы махаббат болып табылады. Жеке адамның ұлтжандылық сезімі ұлттық мұраттармен, туған өлке – ата-қоныс пен туған елге, туған Отанға, туған жер Анаға деген терең махаббатпен сабақтасып, ұлттың тұтастығы еркіндік үшін күресуі, тә-
уелсіздікті сақтап қалуға қызмет ету – ұлттық идеямызбен астасып жатады. Туған елінің тәуелсіздігі жолында күресте жан беру – бұл туған Отанға, туған елге, жалпы адамға деген ұлы махаббат – адам бойындағы гуманистік көзқарас. Бұл ұлы сезімдердің бәрі туған ұлтқа деген шынайы, терең сүйіспеншілік ұлттық рухы асқақ, биік, ержүрек, қайсар, хас батырлық, бекзат тұлғалардың ғана бойында болатын некен-саяқ ұлы қасиет – ұлттық идеямен астасып жатады. Н.Назарбаев: «Біздің ұлттық идеямыз – тәуелсіздік, тәуелсіздікті сақтап қалу және ұлттың дәрежесін көтеру... Ендігі ең қастерлі міндетіміз – тәуелсіздікті жариялап алу бар да, сол тәуелсіздікті сақтап, баянды ету. Өз мемлекеттілігін, өз жер аумағын сақтап қалған мемлекет қана нағыз мемлекет болады. Осы үш мәселе төңірегінде түпкі идеямыз болуы керек» дейді (Егемен Қазақстан. Тараз университеті студенттерімен кездесу. 2005 ж. 26 сәуір). Бұл халықты, ұлтты біріктіретін ой, қазақтың мұраты. Бұл ертеден келе жатқан атам қазақтың арманы, мақсат-мұраты, елдің мүддесі.
Қазақ халқының қаһарман батыры Оспан Исламұлы артына өшпес із қалдыра отырып, қазақ елінің тәуелсіздігі мен еркіндігі, мақсат-мұраты жолында өз тағдырынан ел тағдырын жоғары қойып, келер ұрпақтың бостандығы жолында жан беруі, оның бойындағы ұлтжандылықтың халықтың арманымен, тілегімен, ұлттың идеясымен астасып жатқандығының айғағы болса керек. Оспан батыр АҚШ, Европа, Орталық Азия, Ресей елдерінде аты аңызға айналып, бір өзі сол тарихи заманда Ресей, Қытай, АҚШ, Англия, Жапония секілді алпауыт арыстандардың мысын басып, сол елдер басшыларымен халықаралық аренада үлкен саясатқа араласты. Оның ерлік жолы қазіргі жастарға үлгі өнеге болу үшін оның есімі мектеп, жоғары оқу орны оқулықтарына енгізілуі керек. Ресей жоғары оқу орындарында шетел орыс әдебиеті мен мәдениеті т.б. арналған курстар оқытылады. Біздің елімізде де шетел қазақтары жасаған рухани құндылықтар жалпы қазақ әдебиеті мен мәдениетіне және Жоғары оқу орындары оқулықтарына енгізіліп, Жоғары оқу орын-
дары тарих, филология факультеттерінде шетел қазақ әдебиеті, траихы т.б. курстары енгізілуі керек деп ойлаймыз.
Гүлнар Омарова,
философия ғылымдарының кандидаты