Ақыт ұрпақтарының репрессияға ұшырауы және Қалман Ақытұлы

Қалман (Ғабдүлманнан) 1911 жы­лы көрнекті ақын, ағартушы Ақыт Үлімжіұлы отбасында дү­ниеге келген, Ақыттың тұңғыш баласы. Қалман араб, парсы, шағатай, түрік, қытай, монғол тілдерін жетік меңгерген. Ғазез қажы:«Ақыт балалары ішінен тұңғыш ұлы Қалманға жауапты істерді сеніп тапсырып, қоғамдық істерге араласып, өзі қазылық қызметте жүргенде елдегі дау да­майлы істер кезінде адамдармен қарым-қатынас орнатуда аталы-үлгілі, шешендік сөздерден тәлім алуына әкесі Ақыттың ықпалы барлық ұстаздарынан да басым болды. Әкем бір жағынан Қал­манды оқытып, тәрбиелесе, енді бір жағынан алдына келген дау-шарға кесім жасағанда жанына отырғызып, хатшылық істерді тап­сырып, көзі тірісінде қоғам­дық жұмыстарды үйренуін қада­ғалады» дейді. Қалман жас кезінен көне – жаңа араб жазуларын меңгерген, би шешендердің сөз­дерін жатқа айтып, сөзге шешендігімен, зеректігімен көзге түс­кен, өзі де көптеген өлеңдер шы­­ғарады екен. Қалманның талантын байқаған Алтайдың сол кездегі губернаторы Шәріпқан Көгедаев 1935 жылы Қалманды Сарысүмбеге шақыртып, Алтай­дағы «Махма-и шариа» (шариғат істері бойынша дау дамайларды шешетін құқықтық ұйымның) мекеменің төрағасы етіп таға­йын­дайды. Осыдан бастап Қал­ман әкесінің көзі тірі кезінде «қазы» аталып кетеді. 1937 жыл­дан бастап Қалман әкесінің ша­қыруымен Алтай аймағы жер­гілікті хұқық қорғау ұжымы төрағасына көмекші болады. Бұл кездері елдің жағдайы аса ауыр аласапыран, аумалы-төкпелі қиын заман еді. Әкесі Ақыттың «Менің Қалманым сияқты 7 жа­сында Құран аударған ұлды қайсың таптыра алдың» дейтін сүйікті ұлының бірі, Қалман ұлт-азаттық көтеріліс бастап, халық үшін жан берген, Үрімші түрме­сінде азапталып, өлтірілген. Осы күні Түркияда тұратын Дәлелхан Жаналтай «Қиын заман – қиын күндер» еңбегінде: «1942 жылы Ра­қат Халелтәйжіұлы, Қалман Ақыт­қажыұлы бастауында көте­ріліс жасалды» деп көтерілістің басталу себептеріне тоқтала оты­рып, Қалманның Шығыс Түркі­станды азат етуге тікелей арала­сып, көтерілісті бастаушылардың бірі болғанын айтады. Қалман­ның Үрімші түрмесінде жазыл­ған: «Толғау», «Көшпенділер жыры», «Сұлу сурет», «Қыран құс», «Жоқтау»(әкесіне арнаған), «Қыз қуар», «Қыр тұрмысы», «Мұңды қалам», «Ей халқыңның панасы» т.б. шығармалары сақ­талған. Қалман екінші рет түрме­де отырғанда қытайдың әйгілі әдебиеттанушы, киножұлдызы актер, режиссер, драмматург, өнер қайтаткері Уаң Уи Имен бір камерада отырған екен. Осы қытай досы Уаң Уи И Қалманның «Көшпенділер тұрмысы», «Қы­ран құс», «Қыз қуар» өлеңдерін Қалманның айтып беруімен қы­тай тіліне аударып, алып кетіп, түрмеден шыға сала қайта өңдеп, 1956 жылы «Көшпенділер жыры» деген атпен, Пекинде 15 мың тиражбен, қытай тілінде, кітап етіп шығарады. 1988 жылы 30 мартта «тағдырлас досым – Қалманды еске алғанда» мақаласында, Уаң Уи И Қалман өлеңдері туралы былай дейді: «Бұл өлеңдер... сахара (дала авт.) тұрмыс көріністерін суреттейді. Сондай-ақ туған елі мен жеріне деген сағынышы мен шексіз сүйіспеншілігі бейнеленеді екен. Мен осындай қарапайым, адамды тебірентерлік өлең текстерін қолма-қол жазып алдым... Мен осы өлеңдерді естігеннен кейін, Қалманның айтып-айтпай нағыз дарынды сахара ақыны деген атқа лайық екендігін түсіндім, ол өлеңді уақиғалығымен, лири­калығымен, керемет табиғи түрде қабыстырады, осыншама сезімге бай осы өлеңдер, менің қазақ ұлтының көшпенді тұрмысына болған әуесімді қозғады. Бұл өлең Қалман екеуміздің екі жыл­дық абақтыдағы тұрмысымыздың гауһары саналады» дейді. Со­ны­мен қатар Уаң Уи Идің «Көшпен­ділер жырының» баспадан шы­ғуына толықтама» атты мақаласы бар. 1935ж. Алтайдың Көктоғай ауданында көрнекті ақын Ақыт отбасында дүниеге келген Мәс­тура Ақыттың 11 қызының ішіндегі ең кенжесі. Ғазез Ақытұлы­ның айтуынша әкесінің бірінші әйелі түскен жылы қайтыс бол­ған, кейінгі жұбайы Кәмпиттен 5 бала болған, ол да қайтыс бол­ған. Одан кейін алған Боқай да, жыл уағына жетпей қаза болған. Ақыт әкесі Үлімжінің ағасы – Шүмектің Қырдасын деген ба­ласы өлгеннен кейін, Қыр­да­сынның кіші әйелі Мәликемен некелеседі. Мәлике мен Ақыттан Мәстура деген қыз туылғанда елдің жағдайы ауыр еді. Шыңжаң губернаторы Яң Зың Шын қазақ­тар тұратын Шығыс Түркістан жерін милитаристік жолмен дара билеп, қазақтарға өте ауыр зардаптар әкелді. Одан кейін Шэн Ши Цай билігі қазақтарды қыр­ғынға ұшыратқандықтан қа­зақтар ата-қонысын тастап, бос­қын болып елден кетуге мәжбүр болды. Осы құбылыстар әсерінен Шыңжаң қазақтары Тибет, Гималай тауларын бетке алып, туған елден қоныс аударып Үндістан, Пәкістанға кетуге мәжбүр бола­ды. Қанды көш әсерінен, аш­тықтан, ауа райына көндіге алмаудан Пәкістан, Үндістан жерлерінде қазақтар қырылды. Осы құбылыс жайында Лиас Годфрей “Казахский исход” атты ең­бе­гінде, Қытай жерінен Наймандар мен Керейлердің Тибет тауы ар­қылы Индияға қоныс аударуын антикоммунистік позиция, деп түсіндіріп, Шығыс Түркістан мен Орта Азия елдеріндегі қазақ қоғамында орын алған саяси, тоталитарлық режимді терең сынады. Прайс Филипп “Великий казахский подвиг” атты еңбегінде Синьцзяннан босқын болған 20 000 қазақ отбасының аса ауыр күндерді өткізіп, Ин­дияға келу құбылысының өзі, қазақтардың “Еркін әлем” үшін коммунизмге қарсы күрес жо­лындағы ұлы ерлікке қосылған үлес деп бағалау керек” деп есептеді (Омарова Г.С. Қазақ диаспо­расы: философиялық талдаулар. Karatay KONYA – TURKIYE: «Bahcibanlar basim san. A.S.» 2011. -191.). Бұл құбылыстар осы қанды көштен тірі қалғандар: Х.Алтай, Д.Жаналтай, Х.Оралтай, Х.Ғайратолла т.б. еңбек­терінде тарихи көштің шындығы терең айшықталды. Қытай жерінен шыққан қоныс аударушы қазақтар Тибет, Такламакан шөлі, Үндістан, Пәкістан т.б. жерлерде аштан, аурудан, ауа райына көн­діге алмай қырылып, тірілер Түркия мемлекетіне келіп қо­ныстанады. Шыңжаңдағы қы­тай езгісіне шыдамаған қазақтар Бәйтік тауын жағалай Баркөл, Құмыл асып, Қытайдың Ганьсу, Чинхай провинцияларына көшіп кетеді. Тибет тауы арқылы Үнді­стан, Пәкістан жерлеріне қоныс аударғалы жатқан елмен бірге ел басына күн туған кезде Ақыттың әйелі Мәлике бір баласымен елді тастап кетуге мәжбүрлі түрде бел байлап, екі жастағы Мәстураны Ақытқа аманат етіп қалдырады. 1938 жылы елдің жағдайы түзел­мей, қайта онан сайын қиында­ғандықтан 2 жастағы Мәстураны бағып-қағу, аман алып қалу сол кездегі аласапыран заманда Ақыт­қа шын мәнінде қиын бол­ды. Сондықтан, Ақыт Мәстура қызын сол кезде елден кетуге бел байлаған Жота қажының баласы Кәріштәй деген молла кісі мен оның әйелі Әлдибопаға аманат етіп тапсырып тұрып: «Құдай алдына дейін саған аманат, аман болса адам қылып өсіріңдер, үл­кейгенде өзі таза адал адамға ұза­тарсың, қияметте қолыңнан ала­мын” деген екен. Гоминдан үкі­меті 72-ге қараған шағында, қарт ақын Ақытты жан­түрші­герлік қинаумен азаптап, қорлап, өлтір­геннен кейін оның туған туыс­тары мен балаларын ұстап Үрімші түр­месіне қамайды. Қы­тайда «Мәдени төңкеріс» жыл­дары Ақыт ұр­пақ­тары, туыс­тары түгелдей қырғынға ұшы­райды. Ақыт қайтыс болғанда оның 13 ұл, 11 қызы бар еді. Ақыт­тың азамат ұлдары: Қалман, Нұ­риддин, Абдулхафиз, Мақаш, Нұриддин, Ғазиз т.б. балаларына «ұлтшыл» деген айып тағылып, Тарым ең­бекпен түзеу лагеріне ай­дал­ған. Қалман 1958 жылы Ақыт­тың басқа ұлдарынан гөрі қатаң жа­заға кесіліп, көтеріліс баста­ған­дықтан Үрімші түрмесіне қа­ма­лып, 1966 жылы Үрімші түр­- ме­сінде ауыр азап шегіп қайтыс болады. Алыс шетелге қоныс ауда­ру­шы көшке ілескен Ақыттың әйелі Мә­лике Тибет тауы бөк­терінен өтіп, Пәкістанға жеткеннен кейін, ауа райына көндіге алмай, ауырудан қайтыс болған. Ал, Кәріштай мен әйелі Әлдибопа, Мәстураны алып отбасымен асқан қиыншылық­тарды бастан өткізіп, құр жаны Пакистанға қиындықпен әзер жеткен екен. Пакистанда 12 жыл тұр­ғаннан кейін, Елісхан ба­тыр, За­йып тәйжі т.б. бастаған көш­ке ілесіп, Мәстура Түркия жеріне келіп қоныстанған. Бұл кезде Мәс­тура апа 12 жаста екен. Мәстура өзінің шын мәніндегі әкесінің Ақыт, ше­шесінің Мәлике екенін 16 жасында, дін адамы, имам Ағзам молланың баласы Бидахметке тұр­мысқа шы­ғарында ғана білген екен. Ағзам мол­ла Ақытпен жақсы таныс, дос адамдар екен. Ғазез Тарым еңбекпен түзеу лагерінен 21 жылдан соң 1979ж. 56 жасында, отбасына оралған. Ғазез Ақытұлы – Мемлекеттік ислам қо­ғамының мүшесі, дінтанушы ұстаз, ақын-жазушы – 89-ға қараған шағында қайтыс болды. Ғазез араб, парсы, түрік т.б. тілдерді меңгерген жалпы қазақтан Құран Кәрімдегі ғылыми негіздерді ең алғаш ғылы­ми айналымға енгізуге ат салысқан діни қайраткер. Ақыттың Мақаш, Абдулхафиз, Нұриддин т.б. бала­ларының бәрі араб, парсы, ша­ғатай, түрік тілдерін меңгерген екен. Ақыт балаларының медреседе білім алуына мүмкіндік жасап қана қоймай, сол кездегі заманның қиындығына қарамастан балала­рына Қашқардан арнайы «дамолла» деңгейіне жеткен, терең білімді мұғалім Мұхаммед Имин дамолла хазіретті алдырып, балаларын 4 жыл оқытады. Имин Ақыт бала­ларына араб, парсы, түрік тілін үйретіп, әсіресе сол кездегі белгілі болған Құран тәфсирлері, атақты Хадис кітаптарын, Шығыс елдері мен Түркияда шыққан кітаптарды оқытады. Сол кездері білімді адамдар аз болғаны белгілі. Ал, Ақыттың барлық балалары сауатты болған. Оның ішінен Қалман әкесімен бірдей медреседе сабақ беріп, Құранды тікелей аударып, ағартушылық, қазылық қызмет атқарды. Қазақ­станда дүниеден өткен Мақбиба Қалманқызы, көзі тірісінде жас кезінде әкесі Қалманның бірнеше рет түрмеге отыруынан жас өмірі өте ауыр, қиыншылықта өткендігін ауыр күрсіне әңгімеледі. Ақыттың Мақаш, Нұриддин, Абдулхафиз т.б. ұлдары өлең шығаратын, шешендік сөздерді білетін, көзі ашық көкірегі ояу өте сауатты жандар екен. Ғазез қажы: «Қалман күні бүгінге дейін ақталған жоқ. Әр адамның өзіндік бір көзқарасы болады ғой. Менің өз көзқарасымда Қалман обалды бо­лып өмірден ерте кетті - деп ойлай­мын. Өйткені, Қалман өз кезінде «солшыл саясатқа» атап айтқанда: «коллективтендіру» идеясына на­разы еді. Бірақ, амал бар ма? ақыры түрмеде дүние салды. Қайран, есіл Аға!» дейді. Мәстура апай қазіргі кезде Түр­кияда тұрады, Мәдина, Мүшіррет, Суна, Айшагүл, Фатима секілді алты қыз, Абдулла Жафар мен келіні Зейнептен Рукие-Ипек, Огуз-Фарук, Жиһан-Төре Ұшар атты ұл-қыздарды өсі­ріп, ұлын ұя­ға, қызын қияға ұшы­рып, өсіп-өн­ген отбасы. Асылдан туған текті ұр­пақ­тар әкеден айры­лып қамық­пай, әке жолын қуып шығарма­шы­лықпен айналысып, ғылыми ең­бектер жазып, жас ұр­пақты адалдық пен әділ, иманды болуға тәрбиеледі. Ақыттың немересі Абдолла Жафар Ұшар атасы Ақыт Үлімжіұлы шы­ғармаларының 2 томдық толық жи­нағын 2011ж. қазанда бауырлас ел Түркияның Кония қаласында 6000 данамен басылып шығуына демеушілік жа­сады. Алыс шетелге қонысаударушы қа­зақтардың суреттері Қ.Ғай­ратол­ланың «Алтайдағы қанды күн­дер» деген еңбегінен алынды. Гүлнар ОМАРОВА, философия ғылымдарының кандидаты