Шәкәрімнің Қытай асқан ұлы Зияттың жастарға рухани тәрбие берудегі қызметі
2012 ж. 18 шілде
5120
2
Қазақ философы, көрнекті ақын Шәкәрімнің «Қош, жан балам!» деп ақтық сөзін арнаған баласы Зият Шәкәрімұлы өзінің аз болса да өнегелі өмірін балаларға, жастарға рухани тәрбие беруге, халық ағарту ісіне арнаған жас ақынның өмірі туған тарихи Отанынан жырақта қиналумен өткен.
Т.Төлеков: «Зият туралы көп жылдар ештеңе айтпай, іште бүгіп келдік, тіпті қажыда ондай бала болған жоқ деген уәж айтып, жасырып, Зияттың Қытай еліне қашып кеткенін қылмыс санадық. Бұл заманның салдары» - дейді. Ш.Құдайбер-
діұлы қайтыс болған тұста қазақ жерінде тәркілеу, репрессия
лау – геноцид қаупінен босқын болған қазақтардың мәжбүрлі түрде шетелдерге қоныс аударуы жалғасып, қазақ халқының қуғын-сүргінге ұшыраған уақыты еді. Сол кезде Зият Қытайдағы қазақтарға кетуге мәжбүр болады. Т.Төлеков: «Абай ұрпақтары, айналасындағы ағайынға опат болу қаупі туып қуғындала бастағанда Зият қажының(Шәкәрімнің авт.) өзінің мақұлдауымен Бердеш, Сапа деген азаматтарға еріп, Қытай еліне аттанған» дейді. Зият жолда көп қиындық көріп Шағантоғайдағы Сонабайұлы Иса қажының үйіне арып-ашып жеткендігін Зият «Иса қажыға» арнаған өлеңінде айта келіп, Иса қажының ескіше оқыған, мешіт ұстап, медреседе бала оқытқан, арып-шаршап жеткен көп қазаққа пана болып қайырымдылық жасап отырған ұлағатты адам екендігін білдіртеді. Қытайға барған соң Зият әкесі Шәкәрім Құдайбердіұлына арнап «Сілбі» поэмасын жазады. Поэмада Зият әкесінің қапыда жендеттер қолынан жазықсыз оққа ұшқанын, әкесінің көкірек көзі ояу, шебер сөздері «Шөлдеген жанға еді бал» деп замандастарын білім мен ғылымға жетелеген жаратқан иенің жолын жөн көрген, қажы екенін айтып, ораза, зекетін, намазын қалдырмайтын адал жан екендігін бейнелейді.
Зият «Сілбі» поэмасында:
«Әкекем сізді сағындым
Ойласам естен жаңылдым.
Жас өмірді сөндіріп,
Тағдыр-ау, саған не қылдым?
Асқар белім, биігім,
Қайғыңның тарттым күйігін,
Қайғы билеп әкетті,
Көтере алмай иығым.
Паналаушы ем саяңды,
Опасыз өмір таянды.
Жүректегі зар-мұңым
Бір өзіңе аян-ды» деген жолдарынан Зияттың әкесін жан дүниесімен жоқтаған қайғы-мұңын байқаймыз.
Кезінде Шәкәрім балаларына арнап: «Етігім, пешпет, сағат қалсын, Қабыш пен Ақат, Зият алсын, Атадан мирас алғандай. Айтқанмын өлсем жылама деп, Туған жан өлмей тұра ма деп ...» деген өлең қалдырды. Зият та барша Құнанбай ұрпақтары тәрізді аса дарынды, жанынан өлең шығарып айтқыш жан екен. Оның сол жақта жүріп жазған, ел арасына тараған өлеңдері мен мұралары аз емес. Зият Қытайға барған қысты Қазақстанның Шыңғыс тауынан қоныс аударып келген әкесі Шәкәрімді жақсы білетін Қабдолланың ауылында өткізіп, Қабдолланың баласы зиялы, орыс тіліне жетік Айтқазымен дос болады. Үрімшіде тұратын Зият шығармашылығын зерттеуші Мидғат Разданұлы «Бұдан 60 жыл бұрын біздің ағаларымыз Зият Шәкәрімұлынан оқыпты... Біздің үйімізде қазақтың екі ұлы ақыны Абай мен Шәкәрім өлеңдерінің қолжазба күйіндегі (көшірме) нұсқалары болғаны әлі есімде. Бұдан 43 жылы бұрын Шәкәрімнің немересі – Мереке Зиятұлы біздің мектебімізден оқыған болатын» дейді. М.Разданұлы мәліметтерінен Зияттың 1931 жылы Қытайдың Тарбағатай өңірінде көп тұра алмай 1933 жылы Сарсүмбе (қазіргі Алтай) қаласына жақын Бітеуірге деген Мәми ауылына келіп орналасқандығын, бұл кезде Зияттың жасы 25-те екендігін, сол кезде елдің саяси-әлеуметтік жағдайы қиын, аласапыран заман болғанына қарамай жергілікті қазақтардың Зиятқа барынша қол ұшын бергендігін бай-
қаймыз. Қытай қазақтары ара-
сына мұғалімдер ілгері-кейін «орыс жерінен»(Қазақстан, Ресей қазақтары авт.) келген, жоғары білімді немесе арнаулы мамандығы бар адамдар болған. Мәселен, Шабдан Әбдікерімұлы Москвадан оқыған, Кәрім Дүйсебаев, Сәлім Жаназаров орысша, қазақшаға жетік педагогтар... Мырзахмет, Садық, Құсайын, Зият көп еңбек сіңірген мұғалімдер болған екен. Бұның ішінде Зият Шәкәрімұлы дутың (генерал-губернаторлығы) мекемесінің жанындағы мәдениет қызметкері болып, көбіне оқушы-
лардың сабақтан тыс мәдени қимылдарын жандандыруға еңбек сіңірген. Оқушыларға хор, декламация, комедия жазып беріп үйреткен, жастарды кәсіптен сырт сахналық шығармалар, пьесалар қоюға жұмылдырған.
Зият дүниетанымының қалыптасуына: 1. атасы Абай мен әкесі Шәкәрім шығармаларын үздіксіз оқуы жақсылық пен жамандықты ажыратуына, адалдық, имандылық, ар, намыс, адамгершілік туралы ұлағатты білімнің үлкен әсері болғандығын байқауға болады; 2. әлеуметтік-мәдени ортада болып жатқан саяси-тарихи жағдайлар жас ағарту-
шының Қазақстанда тұрған жас кезінде орыс өктемдігін көруі, осы қиындыққа төзе алмаған қазақ халқының босқын болуы, кінәсіз әкесі Шәкәрімнің қазасы, Қытай жеріндегі жергілікті биліктің қазақтарды қуғын-сүргінге ұшыратуы тез іс-қимылдар жасап, келісімді шешімдер қабылдауына ерекше әсер етеді. Бұны әсіресе Зияттың өлкелік «Қазақ-Қырғыз ұйымының» мәдени-ағарту жұмыстарымен бірге мектепте оқушыларға сабақ бере жүріп, ұстаздық қызметтен бө-
лек – сабақтан тыс оқушылар-
ға сахна әдісін үйретіп, өзі «Аюбай», «Шал мен баланың айтысы» т.б. шағын пьесалар жазып, балаларға орындатып сахнаға алып шыққандығын байқаймыз. «Шал мен бала» пьесасында Зият қоғамдық сананы қалыптастыру мақсатында көне мен жаңаның тартысын жас өспірімдердің рухани дүниесіне үлкен ой салатындай, әрі жеңіл, жаттауға ыңғайлап жасаған. Сонымен қатар балаларға М.Жұмабаевтың, А.Байтұрсыновтың, Абай мен Шәкәрімнің өлеңдерін жаттатып, бұл шығармалардың ішінде әсіресе Абай мен Шәкәрімнің «адам болу» мектебінен жас жеткіншектерге тәлім-тәрбие беріп, еңбекке баулып, баланың рухани дүниесінің шыңдалуына ықпал етіп, ұзақ уақытын балалармен бірге өткізеді екен. 3-ден Зият жат жерге барғанда әке орнына әке болып, шыңдалып еңбек етуіне ықпал еткен ұстазы Сейтқазы мұғалім болды. Сейтқазы Нұртаев 1880 жылы Қазақстанның Көкшетауында туылған, Троицк қаласында «Расулия» мұғалімдер даярлайтын мектебін бітірген. Сейтқазы орыс, қазақ, араб тілі, ислам дінін терең білетін өз ойы бар, аса өнегелі кемелді жан-жақты білімді, патша өкіметіне қарсы көтеріліске қатынасқандығынан саяси қуғынға түсіп Семейдің Шыңғыстаудағы Құнанбай қажы ауылында мұғалім болуынан «Сейтқазы мұғалім» атанған. Өр Алтайдағы әйгілі бидің бірі Көкеннің немересі Мәми би «Абақия» мектебін ашқанда 1909 жылы Сейтқазы Мәмидің шақыруымен Қазақстаннан осы мектепке мұғалімдікке келеді. Зият Сейтқазы мұғалімнің қызы Мүнирамен үйленіп, 1937 жылы Мереке деген ұлы болған. 1936 жылы Зият Үрімшіге – өлкелік «Қазақ-Қырғыз ұйымына» қызметке кіріседі. Бұл ұйым халыққа білім беру, оқу-ағарту, мәдени жұмыстармен айналысады екен.
М.Разданұлы «Сейтқазы мұғалім Алтай қазақтары рухани дүниетанымын көтеруге елеулі үлес қосқан бірегей тұлға. Зиятқа қамқорлық ету оның адамгершілік тұрғыда көп қызметінің бірі ғана, оның ықыласы, тегінде Құнанбай ауылында көп болып, Абай, Шәкәрім сынды ұрпақтарына терең сүйіспеншілігінен болса керек» – дей келіп, ол Шәкәрім шығармаларының Өр Алтайға белгілі болуы оның ұлы Зияттың әкесінің қолында бар мұраларын алып келгендігінен де еді дейді. Дегенмен негізгі себеп шығармалардың құндылығында екендігін айта келіп, «Шәкәрімнің өр Алтайдағы ізі: 1. Сөзін өзі жазып, әуенін де өзі шығарған әндері бар. 2. Бір топ өлеңдері, «Үш анық» шығармасы қол жазба күйінде тарады. 3. «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік–Кебек», «Ләйлі–Мәжнүн», «Дубровский әңгімесі», «Қазақ шежіресі» кең тарады» дейді. Зият балаларға әкесі Шәкәрімнің өлеңдерін оқытып, жаттатып, өзі де білімге үндеген жаңа өлеңдер, әндер жазып, көп адамның көкейінен жол тапқан. Зиятты көріп одан тікелей тәрбие алған кісілерден Мұратбек Мәңкей, Асығат Мәңкей, Уахит Ораз, Сәлімжан және Асқар Татанайұлы қатарлы үлкендер оның портретін былай бейнелейді: бойы ұзын, еті жұқа, қабағы биіктеу, дөңестеу қыр мұрынды, дөңгелек көзді, ширатпа қара мұрт қойған, қара торы жігіт болатын. Сақалын жасатып (реттеп), самай шашына тұтастырып қоятын, қыста қара түлкіден тіктірген арғын тымақ, саптама етік, жазда европаша костюм-шалбар киіп таза жүреді екен. Зияттың шәкірттері ішінен көптеген білімді кісілер шыққан. Соның ішінде Зият оқытқан Асқар Татанайұлының Абай, Шәкәрім өлеңдерімен танысуы, ұстазының сахна өнерін үйретуі көрнекті ақын, жазушы, драматург А.Татанайұлының рухани дүниетанымының қалыптасуына үлкен әсер етеді.
Жас ақын Зият шығармаларынан оның атасы ғұлама Абай мен әкесі Шәкәрім мектебінен алған үлгісі анық байқалады. Ағартушы-ұстаз Зият Шәкәрімұлы халықты өнер-білім, ғылым үйреніп, надандықты жоюға шақырып, замандастарына батыл ақыл кеңес береді. Зияттың мақсаты айқын: ол шығармаларында қазақ халқының жарқын болашағы үшін бүгінгі жастар аса білімді өнерлі болмаса, басқа елдермен теңесе алмайтынына елдің көзін жеткізе, сендіре ой қоз-
ғайды. Зияттың бұл ой-пікірі бү-
гінгі күні де өзектілігін жойған жоқ.
Жастай қайтыс болған Зият өзінің аз ғұмырында халық ағарту ісіне елеулі үлес қосып, драмматургия саласында көптеген шығармалар жазып, өзіне тән мұрасын қалдырып үлгерді. Жас ағартушы ақын Зият Шәкәрімұлы келер ұрпақтың рухани дүниетанымын дұрыс бағытта қалыптастыруға, драматургия ісін дамытуға, мұғалімдер даярлауға, мәдениет саласы мен оқу-ағарту ісінде үлкен еңбек жасап, өзіне тән әдеби мұрасын қалдырған жас ақын қазақ мәдениті мен әдебиетіне еңбек сіңірген қоғам қайраткері, ақын, ағартушы, ұлағатты ұстаз. О.Егеубай: «Шыңжаң бойынша тұтқындалған қазақстандық, қытайлық алаш азаматтары арасында Р.Мәрсеков, Зият Шәкәрімұлы, А.Үлімжіұлы, Ғазез Қалманов, Т.Жолдыұлы т.б. көптеген қолға түскен 108 адамды бір ретте тірідей көміп өлтірді» – дейді. Ал, Зияттың Мереке атты ұлы 1955 жылы немере ағасы Бердеш Әзімбайұлы мен жездесі Қали Иманқожаев деген кісілермен Қазақстанға кеткен екен. Бұл шамамен 50-жылдары Мұхтар Әуезов пен Ахат Шәкәрімұлының Қытайдағы Шәкәрім ұрпақтарын шақыру хаттарынан кейінгі елге оралу сәті болуы мүмкін. Өйткені Шәкәрімнің жиені Нәзипа (анасы Шәкәрімнің қызы Жәкім, әкесі Қабыш) Мұхтар Омархан-
ұлының және нағашысы Ахаттың шақыруымен 1954 жылы Қазақстанға көшіп келген екен. Қазір Зияттың Мереке атты ұлы Қазақстанда тұрады.
Гүлнар Омарова,
философия ғылымдарының кандидаты