Шәкәрімнің Қытай асқан ұлы Зияттың жастарға рухани тәрбие берудегі қызметі

  Қазақ философы, көрнекті ақын Шәкә­рім­­нің «Қош, жан балам!» деп ақтық сөзін арнаған баласы Зият Шәкәрімұлы өзінің аз болса да өнегелі өмірін балаларға, жастарға рухани тәрбие беруге, халық ағарту ісіне арнаған жас ақынның өмірі туған тарихи Отанынан жырақта қиналумен өткен. Т.Төлеков: «Зият туралы көп жылдар ештеңе айтпай, іште бүгіп келдік, тіпті қажыда ондай бала болған жоқ деген уәж айтып, жасырып, Зияттың Қытай еліне қашып кеткенін қыл­мыс санадық. Бұл за­ман­ның салдары» - дейді. Ш.Құ­­дай­бер- ­­діұлы қайтыс болған тұста қазақ жерінде тәркілеу, репрессия лау – геноцид қаупінен босқын болған қазақ­тардың мәжбүрлі түрде шетелдерге қоныс аударуы жалғасып, қазақ халқының қуғын-сүргінге ұшыраған уақыты еді. Сол кезде Зият Қытайдағы қазақ­тарға кетуге мәжбүр болады. Т.Төлеков: «Абай ұрпақтары, айналасындағы ағайынға опат болу қаупі туып қуғындала бастағанда Зият қажының(Шәкәрімнің авт.) өзінің мақұлдауы­мен Бердеш, Сапа деген азаматтарға еріп, Қытай еліне аттанған» дейді. Зият жолда көп қиын­дық көріп Шағантоғай­дағы Сонабайұлы Иса қажының үйіне арып-ашып жеткендігін Зият «Иса қажыға» арнаған өлеңінде айта келіп, Иса қажының ескіше оқыған, мешіт ұстап, медреседе бала оқыт­қан, арып-шаршап жеткен көп қазаққа пана болып қайырым­дылық жасап отырған ұлағатты адам екендігін білдіртеді. Қытайға барған соң Зият әкесі Шәкәрім Құдайбер­діұлына арнап «Сілбі» поэмасын жазады. Поэмада Зият әкесінің қапыда жендеттер қолынан жазықсыз оққа ұшқанын, әкесінің көкірек көзі ояу, шебер сөздері «Шөлдеген жанға еді бал» деп замандастарын білім мен ғылымға жетелеген жаратқан иенің жолын жөн көрген, қажы екенін айтып, ораза, зекетін, намазын қалдырмайтын адал жан екендігін бейнелейді. Зият «Сілбі» поэма­сында: «Әке­кем сізді сағындым Ойласам естен жаңылдым. Жас өмірді сөндіріп, Тағдыр-ау, саған не қылдым? Асқар белім, биігім, Қайғыңның тарттым күйігін, Қайғы билеп әкетті, Көтере алмай иығым. Паналаушы ем саяңды, Опасыз өмір таянды. Жүректегі зар-мұңым Бір өзіңе аян-ды» деген жол­дарынан Зияттың әкесін жан дү­ниесімен жоқтаған қайғы-мұңын байқаймыз. Кезінде Шәкәрім балаларына арнап: «Етігім, пешпет, сағат қалсын, Қабыш пен Ақат, Зият алсын, Атадан мирас алғандай. Айтқанмын өлсем жылама деп, Туған жан өлмей тұра ма деп ...» деген өлең қалдырды. Зият та бар­ша Құнанбай ұрпақтары тә­різді аса дарынды, жанынан өлең шығарып айтқыш жан екен. Оның сол жақта жүріп жазған, ел арасына тараған өлеңдері мен мұралары аз емес. Зият Қытайға барған қысты Қазақстанның Шыңғыс тауынан қоныс аударып келген әкесі Шәкәрімді жақсы білетін Қабдолланың ауылында өткізіп, Қабдолланың баласы зия­лы, орыс тіліне жетік Айтқа­зымен дос болады. Үрімшіде тұратын Зият шығармашылығын зерттеуші Мидғат Разданұлы «Бұ­дан 60 жыл бұрын біздің аға­ларымыз Зият Шәкәрімұлынан оқыпты... Біздің үйімізде қа­зақ­тың екі ұлы ақыны Абай мен Шәкәрім өлең­дерінің қолжазба күйіндегі (кө­шірме) нұсқалары болғаны әлі есімде. Бұдан 43 жылы бұрын Шә­кәрімнің немересі – Мереке Зиятұлы біздің мектебімізден оқыған болатын» дейді. М.Раз­данұлы мәліметтері­нен Зияттың 1931 жылы Қытай­дың Тарбағатай өңірінде көп тұра алмай 1933 жылы Сарсүмбе (қа­зіргі Алтай) қала­сына жақын Бітеуірге деген Мәми ауылына келіп орналас­қандығын, бұл кезде Зияттың жасы 25-те екендігін, сол кезде елдің саяси-әлеуметтік жағдайы қиын, аласапыран заман болға­нына қарамай жергілікті қазақ­тардың Зиятқа барын­ша қол ұшын бергендігін бай- ­қай­­мыз. Қытай қазақтары ара­- сына мұға­лімдер ілгері-кейін «орыс жері­нен»(Қазақстан, Ресей қазақтары авт.) келген, жо­ғары білімді немесе арнаулы ма­мандығы бар адамдар болған. Мәселен, Шабдан Әбдікерімұлы Москвадан оқыған, Кәрім Дүй­себаев, Сәлім Жаназаров орыс­ша, қазақшаға жетік педагогтар... Мырзахмет, Садық, Құсайын, Зият көп еңбек сіңірген мұғалім­дер болған екен. Бұның ішінде Зият Шәкәрімұлы дутың (гене­рал-губернаторлығы) мекемесі­нің жанындағы мәдениет қыз­мет­кері болып, көбіне оқу­­шы- ­лардың сабақтан тыс мәдени қи­мылдарын жандандыруға еңбек сіңірген. Оқушыларға хор, декламация, комедия жазып беріп үйреткен, жастарды кәсіптен сырт сахналық шығармалар, пьесалар қоюға жұмылдырған. Зият дүниетанымының қа­лып­тасуына: 1. атасы Абай мен әкесі Шәкәрім шығармаларын үздіксіз оқуы жақсылық пен жа­мандықты ажыратуына, адалдық, имандылық, ар, намыс, адамгершілік туралы ұлағатты білімнің үлкен әсері болғандығын бай­қауға болады; 2. әлеуметтік-мә­де­ни ортада болып жатқан саяси-тарихи жағдайлар жас ағар­ту­- ­шының Қазақстанда тұрған жас кезінде орыс өктемдігін көруі, осы қиындыққа төзе ал­маған қазақ халқының босқын болуы, кінәсіз әкесі Шәкәрімнің қазасы, Қытай жеріндегі жергілікті би­ліктің қазақтарды қуғын-сүргінге ұшыратуы тез іс-қи­мыл­дар жасап, келісімді шешімдер қабыл­дауына ерекше әсер етеді. Бұны әсіресе Зияттың өлкелік «Қазақ-Қырғыз ұйымының» мәдени-ағарту жұмыстарымен бірге мектепте оқушыларға сабақ бере жүріп, ұстаздық қызметтен бө­- лек – сабақтан тыс оқушылар­- ға сахна әдісін үйретіп, өзі «Аюбай», «Шал мен баланың айтысы» т.б. шағын пьесалар жазып, ба­лаларға орындатып сахнаға алып шық­қандығын байқаймыз. «Шал мен бала» пьесасында Зият қоғамдық сананы қалыптастыру мақ­сатын­да көне мен жаңаның тартысын жас өспірімдердің рухани дү­ниесіне үлкен ой салатын­дай, әрі жеңіл, жаттауға ыңғайлап жаса­ған. Сонымен қатар бала­ларға М.Жұмабаевтың, А.Бай­тұр­сы­новтың, Абай мен Шә­кәрімнің өлеңдерін жаттатып, бұл шығар­малардың ішінде әсі­ресе Абай мен Шәкәрімнің «адам болу» мектебінен жас жеткіншектерге тәлім-тәрбие беріп, еңбекке бау­лып, баланың рухани дүниесінің шыңдалуына ықпал етіп, ұзақ уақытын балалармен бірге өткі­зеді екен. 3-ден Зият жат жерге барғанда әке орнына әке болып, шыңдалып еңбек етуіне ықпал еткен ұстазы Сейтқазы мұғалім болды. Сейтқазы Нұр­таев 1880 жылы Қазақстанның Көкше­тауын­да туылған, Троицк қаласында «Расулия» мұғалімдер даяр­лайтын мектебін бітірген. Сейтқазы орыс, қазақ, араб тілі, ислам дінін терең білетін өз ойы бар, аса өнегелі кемелді жан-жақты білімді, патша өкіметіне қарсы көтеріліске қатынас­қан­дығынан саяси қуғынға түсіп Семейдің Шың­ғыстаудағы Құ­нанбай қажы ауылында мұ­ғалім болуынан «Сейтқазы мұ­ғалім» атанған. Өр Алтайдағы әйгілі бидің бірі Кө­кеннің немересі Мәми би «Аба­қия» мектебін ашқанда 1909 жылы Сейтқазы Мәмидің шақыруымен Қазақ­станнан осы мектепке мұ­ғалім­дікке келеді. Зият Сейтқазы мұ­ғалімнің қызы Мүнирамен үй­­ле­­­ніп, 1937 жылы Мереке деген ұлы болған. 1936 жылы Зият Үрімшіге – өлкелік «Қазақ-Қыр­ғыз ұйымына» қызметке кіріседі. Бұл ұйым халыққа білім беру, оқу-ағарту, мәдени жұмыстармен айналысады екен. М.Разданұлы «Сейтқазы мұ­ғалім Алтай қазақтары рухани дүниетанымын көтеруге елеулі үлес қосқан бірегей тұлға. Зиятқа қамқорлық ету оның адамгершілік тұрғыда көп қызметінің бірі ғана, оның ықыласы, тегінде Құнанбай ауылында көп болып, Абай, Шәкәрім сынды ұрпақ­тарына терең сүйіспеншілігінен болса керек» – дей келіп, ол Шә­кәрім шығармаларының Өр Ал­тайға белгілі болуы оның ұлы Зият­тың әкесінің қолында бар мұраларын алып келгендігінен де еді дейді. Дегенмен негізгі себеп шығармалардың құндылығында екендігін айта келіп, «Шәкәрім­нің өр Алтайдағы ізі: 1. Сөзін өзі жазып, әуенін де өзі шығарған әндері бар. 2. Бір топ өлеңдері, «Үш анық» шығармасы қол жазба күйінде тарады. 3. «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік–Кебек», «Ләй­лі–Мәжнүн», «Дубровский әң­гі­месі», «Қазақ шежіресі» кең тарады» дейді. Зият балаларға әкесі Шәкәрімнің өлеңдерін оқытып, жаттатып, өзі де білімге үндеген жаңа өлеңдер, әндер жазып, көп адамның көкейінен жол тапқан. Зиятты көріп одан тікелей тәрбие алған кісілерден Мұратбек Мәңкей, Асығат Мәң­кей, Уахит Ораз, Сәлімжан және Асқар Татанайұлы қатарлы үл­кендер оның портретін былай бейнелейді: бойы ұзын, еті жұқа, қабағы биіктеу, дөңестеу қыр мұрынды, дөңгелек көзді, ширатпа қара мұрт қойған, қара торы жігіт болатын. Сақалын жасатып (реттеп), самай шашына тұтасты­рып қоятын, қыста қара түлкіден тіктірген арғын тымақ, саптама етік, жазда европаша костюм-шалбар киіп таза жүреді екен. Зияттың шәкірттері ішінен көп­теген білімді кісілер шыққан. Со­ның ішінде Зият оқытқан Ас­қар Татанайұлы­ның Абай, Шә­кәрім өлеңдерімен танысуы, ұс­тазының сахна өнерін үйретуі көрнекті ақын, жазушы, драматург А.Татанайұлының рухани дүниетанымының қалыптасуына үлкен әсер етеді. Жас ақын Зият шығар­мала­рынан оның атасы ғұлама Абай мен әкесі Шәкәрім мектебінен алған үлгісі анық байқалады. Ағартушы-ұстаз Зият Шәкә­рім­ұлы халықты өнер-білім, ғы­лым үйреніп, надандықты жоюға шақырып, замандастарына батыл ақыл кеңес береді. Зияттың мақ­саты айқын: ол шығармаларында қазақ халқының жарқын бола­шағы үшін бүгінгі жастар аса білім­ді өнерлі болмаса, басқа елдермен теңесе алмайтынына ел­­­дің көзін жеткізе, сендіре ой қоз­- ғайды. Зияттың бұл ой-пікірі бү­- гінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Жастай қайтыс болған Зият өзінің аз ғұмырында халық ағарту ісіне елеулі үлес қосып, драмматургия саласында көптеген шы­ғармалар жазып, өзіне тән мұ­расын қалдырып үлгерді. Жас ағартушы ақын Зият Шәкә­рім­ұлы келер ұрпақтың рухани дү­ниетанымын дұрыс бағытта қа­лыптастыруға, драматургия ісін дамытуға, мұғалімдер даяр­лауға, мәдениет саласы мен оқу-ағарту ісінде үлкен еңбек жасап, өзіне тән әдеби мұрасын қал­дырған жас ақын қазақ мә­дениті мен әдебиетіне еңбек сіңірген қоғам қайраткері, ақын, ағар­тушы, ұла­ғатты ұстаз. О.Егеубай: «Шың­жаң бойынша тұт­қын­далған қазақстандық, қытай­лық алаш азаматтары арасында Р.Мәрсе­ков, Зият Шәкәрімұлы, А.Үлім­жіұлы, Ғазез Қалманов, Т.Жол­дыұлы т.б. көптеген қолға түскен 108 адамды бір ретте тірідей кө­міп өлтірді» – дейді. Ал, Зияттың Мереке атты ұлы 1955 жылы немере ағасы Бердеш Әзім­байұлы мен жездесі Қали Иман­қожаев деген кісілермен Қазақ­станға кет­­кен екен. Бұл шамамен 50-жылдары Мұхтар Әуезов пен Ахат Шәкәрімұлының Қытай­дағы Шәкәрім ұрпақтарын ша­қы­ру хаттарынан кейінгі елге ора­лу сәті болуы мүмкін. Өйткені Шәкәрімнің жиені Нәзипа (ана­сы Шәкәрімнің қызы Жәкім, әке­сі Қабыш) Мұхтар Омархан- ұлы­­­ның және нағашысы Ахат­тың шақыруымен 1954 жылы Қазақ­станға көшіп келген екен. Қазір Зияттың Мереке атты ұлы Қазақ­станда тұрады. Гүлнар Омарова, философия ғылымдарының кандидаты