МІРЖАҚЫП ДУЛАТОВ БАЯН-ӨЛГИЙДЕ ЖЕРЛЕНГЕН ДЕГЕН ӘҢГІМЕ БАР

         С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті оқытушыларынан құралған ғылыми топ Моңғолияға арнайы іссапармен барып келді. Биология ғылымдарының докторы Мағаш Аятханұлы жол бастап барған ғалымдардың ішінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, журналистика кафедрасының меңгерушісі Қырықбай Алдабергенов те болып, шетелдегі қазақтардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып келген екен. Шыңғыс хандық құрған Моңғол елінен оралған ғалыммен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді... – Қырықбай Мазанұлы, Моңғолияға жасалған ғылыми сапардың мән-маңызы неде? – Тағдырдың жазуымен тарыдай шашырап кеткен қазақтың басы қосылып, етек-жеңімізді жинап, бөлек ел болып, биік мақсаттарға бет бұра бастағанымызға 20 жыл болды. Әр қиырда жүрген қандастарымыз тарихи Отанына оралып жатыр. Көш басталды, бірақ әлі тоқтаған жоқ. Біз осы сапар барысында Моңғолия Республикасын мекендеп отырған қазақтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалына, әсіресе, мәдениеті мен руханиятына назар аударуға тырыстық. Ондағы қазақ ғалымдарымен тәжірибе алмасып, Моңғол мемлекеттік ғылым академиясының Баян-Өлгийдегі өкілдігі басшылығымен жолығып, бірқатар келісімшарттар жасастық. Келесі жылдан бастап С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Баян-Өлгийдегі мемлекеттік ғылым академиясы өкілдігінің тарих және экономика бөлімімен бірлесіп Моңғолиядағы қырғыз-түрік көне сына тастарын, балбалдарды және тастағы суреттерді зерттейтін болдық. Олар өз кезегінде Қазақстандағы, әсіресе Павлодар өңіріндегі моңғол тілінен енген жер-су атауларының шығу тарихын зерттемек. – Көрші елдегі қазақ диаспорасының ана тілінде білім алуына қаншалықты жағдай жасалған, ондағы білім беру жүйесі қандай? – Сапарда жүргенде мені ерекше қуантқан жағдайлар болды. Ол Моңғолия қазақтарының ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрді берік ұстануы, туған тілін құрметтеуі, қазаққа тән бауырмалдығы мен қонақжайлылығы. Бізді басқа ұлттардан бір төбе етіп көрсететін қазақы қасиеттерімізді бөтен елдегі бауырлармыздың бойынан көруім ерекше разы етті. Жаһандану үрдісі жүріп жатқанда, аз ұлттар жұтылып кетеді. Сондықтан мемлекет ұлттық саясат жүргізбесе, жалпақшешейліктің соңы құрдымға құлатады. Осыны сезген Моңғол билігі бірыңғай мемлекеттік тілде білім беру жүйесін жүргізуде. Бұның көрінісі Баян-Өлгийде де байқалады. Мәселен, қазақ сыныптары жабылуда, бұған дейінгі 8 сыныптық қазақ мектептері қысқарып, орнына тек бастауыш сыныптар ашылмақ. Сонда Моңғолиядағы қазақ балалары ана тілінде тек 4 сынып тәмәмдап, одан соң сол елдің тілінде білім алуға мәжбүр болады. Жайсыз хабардан соң ондағы қазақтар балаларының болашағына алаңдаулы отыр. Сондықтан бұл мәселеге мемлекет деңгейінде назар аудармасақ болмайды. Елдегі көші-қон саясатына да жаңа серпін қажет екендігін аңғартады. Жат жердегі қазақтардың атамекеніне оралуын жеделдетуіміз керек. Оған дейін оларға жан-жақты көмек көрсетуіміз қажет. Біз алдағы уақытта Моңғолиядағы қазақ ғалымдарымен ортақтасып, түрлі ғылыми конференциялар ұйымдастырмақпыз. Олар бізге Баян-Өлгиийде қазақ ұлттық университетін ашпақ ниеттерін білдірді. Қазір онда Қобда университеті жұмыс істейді, әр өңірде бөлімшелері бар. Енді бізден болашақ ұлттық университетке PhD докторлар даярлап беруімізді сұрап отыр. – Моңғолиядағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне тоқталсаңыз... – Біз Баян-Өлгийге қарасты Сақсай елді мекенін араладық. Онда, негізінен, қалмақ, моңғол, қазақ ұлттары қоныстанған. Жергілікті қазақтардың тұрмысына көңілім толды. Әр үйдің ауласында 2-3 автокөлік тұр. Жалпы, Моңғолия мал шаруашылығы ерекше дамыған ел. Осы саланың дамуына жергілікті қазақтар сүбелі үлес қосып келеді. Сондықтан да болар, ондағы қазақтар еркін өмір сүруде. Біраз ел көшпелі тіршілік еткенімен, ғылымның соңғы жетістіктерін әр шаңырақтан көруге болады. Мысалы, ондағы жұрт Қытайда шығарылған мотоциклмен жүргенді жөн көреді. Бірақ сапасы нашар. 2 литр бензинмен 250 шақырым жол жүреді. Өйткені жанармай тапшы. Моңғолиядағы қазақтардың саны 100 мыңға жуықтайды. Негізінен, керей, найман, уақ рулары құрайды. Кейбір деректер бойынша, қазақтар бұл өлкені 1840 жылдан бастап қоныстанған. Жергілікті қазақтар бұл аймақты өз жеріміз деп есептейді. Түрік қағанатынан бері қазақтар осы өңірді қоныстанғаны рас. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Тағы бір есімнен шықпай жүрген жайтты айтайын. Алаш алыптарының бірі – Міржақып Дулатовтың мүрдесі Баян-Өлгийде жерленген деген әңгіме ел арасында аңыздай айтылып, тарап кеткен екен. Тіпті, Алаш қайраткерімен көзінің тірісінде тілдескен адамдар да болған деседі. Қазіргі уақытта белгілі ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы Моңғол елінде мемлекеттік деңгейде жасақталған экспедицияны басқарып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын білдік... Мейрамбек ҚЫЗЫРҰЛЫ, Кереку