МАЛАЙСАРЫ АУЫЛЫНАН АТТАНҒАН ҚОС ҚАЗАҚ

с

1986 жылы Желтоқсан оқиғасына Май ауданынан  қатысқан азаматтар жайлы мәлімет

 Павлодар облысына қарасты Май ауданында батыр бабамыз Малайсары есімін иеленген іргелі ауыл бар. Осы ауылдан түлеп ұшқан қос азамат 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде жалындаған жастар қатарында қазақ ұлтының тәуелсіздігі үшін арпалысты. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне ұлтжанды қазақ жастарымен қатар Құрманжан Әукенұлы Ыбыраев пен Рүстембек Кәдірбекұлы Қасенов та қатысқан еді. Майданға мылтықсыз шыққан қос батырдың бірі мерт болса, екіншісі еш жазықсыз түрмеге қамалды... Бүкіл ұлттың тағдырын таразылап, елдігін сынаған бұл оқиғадағы қазақ жастарының ерлігі ұрпақ жадынан өшпес үшін тарихтың жабулы парақтарын қайта парақтау қажет. Өз ұлтына жасалған әділетсіздіктерге шыдамай қазақ жігіттерінің арыстандай айбат шегіп, қазақ аруларының бозторғайдай шырылдап бас көтеруі, биліктің озбыр саясатына қарсылық білдіруі – үлкен ерлік. Оқиғаның немен тынғандығын жан-жақты суреттеу, зерттеу үшін және жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында Желтоқсан қаһармандары туралы білгенімізді айту, жазу – баршамыздың ортақ парызымыз.

 ЖЕЛТОҚСАННЫҢ СЫРЫ БАР АШЫЛМАҒАН...

Құрманжан Ыбыраев 1954 жылы Қытай жерінде дүниеге келген. Павлодар облысы Май ауданындағы Киров (қазіргі Малайсары) орта мектебін аяқтаған. Алматының зооветеринарлық институтын және Мәскеу қаласындағы сұрыптау-генетикалық жоғары мектебін бітірген. Сол шаруашылықта зоотехник болып қызмет істеп жүргенде Айгүл Ботабаевамен көңілдері жарасып, шаңырақ көтеріп, екі перзент көрген. 1983 жылы кандидаттық диссертация қорғау мақсатында Алматы облысы, Жамбыл ауданының Мыңбаев селосындағы қой шаруашылық ғылыми зерттеу институтының күндізгі оқу бөліміне аспирант болып түскен. 1986 жылдың қараша айында ауылға келіп, үшінші перзентке аяғы ауыр Айгүл мен екі баласын сонда көшіріп әкеткен. Ыбыраевтың отбасы институттың жатақхана тектес мейманханасының үшінші қабатындағы бір бөлмеге орналасады. Сөйтіп, ғылыми атақ қорғайын деп жүргенде атышулы Желтоқсан айының 17-ыншы жұлдызы туады. Сол күні таңертең Құрманжан Павлодарға билет алу үшін Мыңбаев селосынан 70 шақырым қашықтықта тұрған Алматыға аттанады. Ол әдеттегідей жаңа жыл қарсаңында елдегі ағасына барып, соғымның етінен өз үлесін алып қайтуды ойластырған екен. Бөгелмей келемін деп кеткен Құрманжан сол күні де, келесі күні де үйге оралмайды. Курстас жолдастары Айгүлге 17-19 желтоқсан күндері Алматыда көтеріліс болғанын, соған қатысты деген күдікпен Құрманжанның тұтқындалуы мүмкін екендігін, кінәсі жоқтығы анықталған соң босатылатынын айтып, жұбатады. Осы себепті Айгүл іштен тынып, зайыбының оралуын күтеді. Бірақ желтоқсанның 24-і күні таңертең жатақхана тұрғындары екінші қабаттағы әжетханадан оның жансыз денесін көрген. Марқұм қабырғаға арқасын сүйеп, екі аяғын алға созып, еденде отырған қалпында ештеңеге алаң болмай, қаннен қаперсіз, жайбарақат дүниеден өткен сияқты көрінген. Тек бір ұшы тұзақталып мойнына ілінген, екінші ұшы түрегеп тұрған кісінің созулы қолы жететін жоғарыдағы жіңішке суағар құбырға байланған жіп марқұмның өз-өзіне қол жұмсағанын айғақтап тұрғандай болған... 1990 жылдың қаңтар айында Желтоқсан оқиғасына тиісті баға беру жөніндегі Мұхтар Шаханов бастаған комиссия Алматыдағы ғана емес, өзге облыстардағы да желтоқсан құрбандары мен зардап шегушілерді анықтау мақсатында ақпараттар жинай бастайды. Сол шақта біздің есімізге ең алдымен оралғаны – Құрманжан марқұм еді. Іле оның тағдыр-талайы жөніндегі ақпарат Алматыдағы Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясына жөнелтілді. 1991 жылы Желтоқсан оқиғасына 5 жыл толуына орай, Алматыдан Құрманжанның ағасы – Киров кеңшарының бүкіл облыс жұртшылығына есімі белгілі, Ленин орденді шопаны Рақымжан Ыбыраевқа шақырту қағазы келген. Рақаң мұның алдында осы Май ауданындағы Қазан кеңшарының Алматыда болған бір тұрғыны сол оқиға кезінде Құрманжанды бір милиция қызметкерлері ұрып-соғып, автобусқа салып әкеткендігін көріпті деген хабарды естіген. Мәйітті үйге әкелгенде бұрын милицияда қызмет істеген Хасенов Төлеуғайыр деген ауылдасы марқұмның бетінде соққының ізі екендігін бұған айтқан. Сүйекке түсушілерден де оның денесінде жарақат болғандығын кейін естіген. Бірақ Рақаң «Құрманжан, сірә, әлгі атышулы оқиғаға қатысқан соң, қызыл жағалылар біраз дүрелеп алып қоя берген ғой» деп ойлап, оның бұл «бұзақылығы» жайында жұртқа тіс жармаған. Алматыда Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясына ол інісінің институт жатақханасында қайтыс болғандығын айтады. «Денесінде жарақат болды ма?» деген сұраққа «иә» деп жауап берген. Сол-ақ екен, комиссия мүшелері «баяғыдан бері қайда жүрсіз?! Ініңіздің кісі қолынан қаза тапқанын біле тұра, оны неге жасырдыңыз?! Ертең-ақ мүрдені қазғызып алдырып, неден өлгендігін анықтатамыз!» деп тұс-тұстан дүрсе қоя береді. Мұндайды күтпеген Рақаң: «Ойбай, сендерден бірдеңе тілеп тұрған мен жоқпын! Сендер қазып алғандарыңмен, ол тіріліп келмейді. Інімнің аруағын мазалай көрмеңдер» деп «әкелеп-көкелеп», комиссия мүшелерінен зорға дегенде құтылғанына қуаныпты. Ал Рақаңның Құрманжанның мәселесі бойынша Алматыға барып-келгенін бұл кезде Павлодарда тұратын келіні Айгүл білмеген. Бұлай болуының себебі де бар еді. Қайғылы қазадан кейін Айгүл мен қайын жұртының қарым-қатынасы салқындай бастапты. Тек Киров орта мектебінде мұғалім болып істейтін қайын апасы Дариға мен бір-екі адам ғана оның көңіліне медет берген. Ал Айгүл күйеуінің мұндай қазасының сырын өзінше іздеп, өткен шақтарын көзге елестетеді... 1996 жылы Желтоқсан оқиғасының он жылдығы қарсаңында Айгүл Ботабаева мен марқұмның әпкесі Дариға Ыбыраева біз қызмет істеп жүрген облыстық радионың редакциясына келді. Екеуі «Жуырда радиодан сөз сөйлеген бір адам Желтоқсан оқиғасына Құрманжан да қатысты деп айтқан көрінеді. Осы жайттың анығын білсек» деді. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінен бастап Желтоқсан және басқа да саяси оқиғалар жөнінде Хасен Қожа-Ахмет, Амантай қажы, Советқазы Ақатаев, Қажыбай Қабулов тәрізді түрлі саяси-қоғамдық құрылымдардың жетекшілерімен және желтоқсаншы павлодар­лықтармен сұхбаттасып бірталай хабар дайындағанмын. Бірақ олардың бір де бірі Құрманжанның есімін ауызға алған емес. Айгүл мен Дариға әпкемізге осы жайтты айтып, республикалық радионың редакторлары және Хасен Қожа-Ахметке жолығу керек деп кеңес беріп, бағыт-бағдар нұсқадым. Екеуі Алматыға барғанда әлгі адамдармен және Қайып-Мұнар Табеймен де кездесіп, біршама жайтты білген. Құрманжанның есімі Желтоқсан құрбандарының тізімінде тіркелмеген көрінеді. Ол туралы радиодан кімнің сөйлегені анықталмаған. Өйткені он жылдығына орай Желтоқсан оқиғасы жөнінде бірнеше редакция хабар жүргізген және олардың таспалары өшіріліп кеткен. Сондықтан Айгүл радио тілшіге жағдайын айтып сұхбат берген, Құрманжанды білетіндер болса, өзімен хабарласуларын өтініп, мекен-жайын да айтқан. Ал Хасен Қожа-Ахметке Құрманжанның адал коммунист болғандығын, кей күндері ерікті халық жасағы кезекшілігіне шығып, қоғамдық тәртіпті қадағалауға атсалысқандығы болмаса, қақ-соқпен ісі жоқ момын жігіт екендігін баяндаған... Қоғамдық-саяси істері үшін бірнеше рет істі болып, әлденеше жылды «арқалап» келген Хасекеңнің төс қалталарына қызыл билет салып, жеңдеріне қызыл шүберек байлаған «жолдастарға» қалай қарайтынын ішім сезеді. Бірақ Құрманжанға келгенде сезімге берілмегені «Желтоқсандағы тағы бір жұмбақ қаза» атты мақаласында анық аңғарылады («Ана тілі» №18. 1-мамыр, 1997 жыл). Ол Айгүл мен Дариғадан қазаның егжей-тегжейіне дейін сұрап, нық сеніммен «бұл бүркемеленген өлім» деген. Оны кім істегенін анықтау ниетінде «Туыстарынан өзге, мысалы жай киінген КГБ қызметкерлері Құрманжанның мәйітін ауылға апарғанда қоса еріп жүрген жоқ па?» деп сұрақ қойған. «Оны байқамадым» деп жауап беріпті Айгүл. Хасекең ақыры екеуіне «Марқұмның сүйегіне түскен және оның өмірінің соңғы күндері мен ақтық сәтін көрген адамдардан куәлама жазғызып әкеліңдер» деп ақыл-кеңесін айтыпты. Ал олар, сүйекке түсушілер болмаса, Құрманжанмен бірге оқығандарды таба алмаған. Бұл кезде институт жабылып қалса керек. Айгүл жатақханада тұрған бір ай ішінде марқұмның жолдастарының бір-екеуінен басқасымен танысып үлгермеген. Тіпті олардың да аттарын ұмытқан. Ал радиодан айтқан өтінішіне орай «Құрманжанды сондай күні мен көрдім» деп ешкім хабарласпапты. Оның үстіне, үйде үш баласы бар жалғызілікті анаға енді Алматыға жол жүрудің реті келмеген. Осылайша, Құрманжан Ыбыраевтың 1986 жылдың желтоқсан айындағы тағдыр-талайы жұртшылыққа белгісіз болып, ұмытыла бастаған. Жуырда Айгүл мен Дариға осы мәселе бойынша редакциямызға келді. Қолдарындағы құжаттармен таныса отырып, екеуінен қазаның қалай болғандығын бастан-аяқ тәтпіштеп сұрадық. Бұл қасіретті оқиғаға байланысты бірнеше факті айрықша назар аудартады: 1. Желтоқсанның 23-і күні кешкі сағат 20-21-дің аралығында Ыбыраевтың бөлмесіне жатақханада вахтер болып істейтін, жас мөлшері 55-60 аралығындағы қазақ әйелі келген. Көзтаныс болса да, араласып көрмеген бұл апайы оның бөлмесіне бірінші рет бас сұққан. Айгүл екеуі дастархан басында шай ішіп, әңгімелесіп отырғанда ол Құрманжан жайында сұраған. Бұл болса вахтердің өз бөлмесіне кештетіп келуіне де және әлгі сауалына да ешқандай мән бермеген. Сондықтан әлгі кісінің аты-жөнін есте сақтамаған. Егер де біз «Қайғылы қазаның алдында бөлмеңе бөтен біреу келіп, Құрманжан туралы сұрады ма?» деп сауал қоймасақ, Айгүл бұл жайтты да ұмытады екен. 2. Марқұмның асылып тұрмағандығын, отырған күйде болғандығын, мойындағы тұзақ жіптің ұзын екендігін және тартылып тұрмағандығын Айгүл анық байқаған. Оның үстінде қысқы киім болған, бірақ портфель тәрізді қолға ұстайтын заттары жанында жатпаған. 3. Марқұмды соңғы күндері тірі көрдім деп ешкім айтпаған. 4. Милиция қызметкерлері жұмыс тәртібі бойынша жұмбақ қазаның сырын анықтау мақсатында Айгүлден сол 24-і күні де, кейін де түсініктеме алмаған. Онымен тіпті тілдеспеген. Ал МҚК (КГБ) қызметкерлері бұл мәселеге орай Айгүлге ешқашан келмеген. 5. Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш селосындағы ауруханада сот-медициналық сараптама жасаған дәрігерлер марқұмның денесін туған-туысқандары қиыр шеттегі Павлодар облысына әкететінін білсе де, қайтыс болуы туралы куәлікті әлдеқандай себеппен сол шақта бермеген. Киімін де қайтармаған. Бұл куәлікті туыстары марқұмның қырқын өткізгеннен кейін, келесі жылдың 3-інші ақпан күні ғана алған. Ондай қайтыс болу мерзімі 24-інші желтоқсан, өлім себебі асылу салдарынан дегенді меңзейтін сот-медициналық сараптамасының қорытындысы жазылған. Бірақ дене жарақаттары жөнінде ештеңе көрсетілмеген. Туыстары мұндай белгілердің куәлікте жазылуы қажетті деп таппаған, сондықтан талап етпеген. Ал желтоқсанның 27-сі күні Құрманжанды жерлеу алдында сүйекке түскен оның Семей облысында тұратын нағашысы Дубаев Насыр, сол Малайсары ауылында тұратын зейнеткерлер Адырақов Ғазиз бен Жарылғасин Ануар марқұмның оң жақ құлақ шекесінде жара-таңба, майысқан терең шұңқыр тесік болған, оң жақ құлағы, беті, көзінің асты көгерген, сол жақ беті, құлағы таза және тамағының астында ешқандай таңба болған жоқ деп куәлдама берген. Осы фактілерді негізге ала отырып, қайғылы оқиғаның қалай болғандығы жөнінде топшылауға мүмкіндік бар. Ыбыраев Құрманжан 24 желтоқсан күні жатақханада өз-өзіне қол жұмсамаған. Одан бұрын милиция қызметкерлерінің соққысынан мерт болған. Қаза тапқан орны мен нақты мезгілі белгісіз. Бірақ қаза Желтоқсан оқиғасына байланысты болған. Құқық қорғау органдары қызметкерлері Құрманжанды өздерінің тұтқынға алғандығын біреулер көргендіктен мүрдесін далаға тастап кетуге сескенген. Әйтсе де қазаны бүркемелеу арқылы өз қылмыстарын жасырған. Бұл істі жүзеге асыруға ықтиярлы я ықтиярсыз түрде вахтер әйел атсалысқан. Ол әлгілердің тапсырмасымен алдын-ала Құрманжанның өлімі жөнінде әйелінің хабарсыз екендігін анықтап білген. Түннің бір уағында милиция қызметкерлері Қ.Ыбыраевтың мүрдесін жатақханаға алып келгендерімен, оны өз бөлмесі орналасқан үшінші қабатқа көтеруге біреулердің оянып кетуі тәрізді әлдеқандай жағдай бөгет болған. Ертеңінде таңертең олар жатақхана тұрғындары, Қ.Ыбыраевтың қазасын өздері ойлағандай, танығанына көздері жеткен соң, оның әйелінен өтірік болсын өлімнің себеп-салдарын анықтау мақсатында түсініктеме алуды ұмытып кеткен, я қажеті жоқ деп санаған. Қазаның бүркемеленуін Ұзынағаш ауруханасының дәрігерлері заңдастырған. Сол желтоқсан айында сот-медициналық сараптама жасаған дәрігерлерге зорлықпен өлтірілгендерді өз-өзіне қол жұмсаған немесе табиғи өліммен қайтыс болған деп көрсетуге нұсқау берілген. Қ.Ыбыраевтың туыстары қайтыс болуы туралы куәлікке дене жарақаттары жөнінде жазылуын талап етпес үшін бұл құжатты толтыру әдейі кейінге қалдырылған. Марқұмның киімінде қанның дағы, жыртылуы тәрізді оның зорлықпен өлтірілгеніне айғақ белгілер болғандықтан туыстарына берілмеген және оларды ешкім сұрамаған. Осылайша жұмбақ қазаның нақты сыры ашылмай қалған. Соның салдарынан Ыбыраевтар отбасында түсінбестік орнап, ақиқатты анықтауға кедергі келтірген. Рас, әлі де Құрманжан Ыбыраевтың тағдыр-талайы жөнінде шындықты білетін куәгерлерді іздестіріп тауып, әділдікке қол жеткізу қиын. Әлгі милиция қызметкерлері мен дәрігерлерді тауып алу оңай болғанымен, олардың «иә, біз сөйтіп едік» деп мойындай қоюлары екіталай. Құрманжанның қазасы сырының ашылуына бір көмектессе, сол кезде жатақханада вахтер болып істеген апай көмектеседі. Енді имандылыққа бас бұрған адам солай істеуге тиіс. Жамбыл ауданы мен Мыңбаев ауылының әкімдері сол апайды іздестіруге қол ұшын созып, азаматтық танытады деген үміт те бар. Марқұмның тағдыр-талайы жөнінде білетін бұрынғы курстас жолдастары, таныстары шындықтың ашылуына атсалысуы керек-ақ. Арман ҚАНИ Қасенов Рүстембек Кәдір­бекұлы 1964 жылы 26 ақпанда Малайсары ауылында (бұрынғы Киров совхозы) дүниеге келді. 1981 жылы өз ауылындағы 10 жылдық орта мектепті үздік бітіріп, сол жылы күзде жоғары оқу орнына түспек ниетпен Алматыға аттанады. Сол жылы өзі таңдаған мамандығы бойынша оқуға түсудің сәті түспей, Алматы автослесарь училищесінде бір жыл оқып, білім алады. 1982-1984 жылдар аралығында Германияда әскери міндетін атқарады. Отан алдындағы борышын өтеп келісімен Алматы жол құрылысы институтының сырттай кешкі бөліміне оқуға түседі. 1985 жылы оқу оқып жүріп, Алматы үй құрылысы комбинатына жұмысқа орналасады. Намысқой қазақ жігіті Рүстембек Қасенов 1986 жылы 22 жасында «Желтоқсан» көтерілісіне қатысады. Еліне азаттық аңсаған азамат Рүстембек Кәдірбекұлы өз құрбы-құрдастарымен бірге Алматы­дағы республика алаңындағы бейбіт шеруге шығады. Алайда, жастардың бас көтеруін күтіп отырған қараниет милиционерлер мен КГБ жендеттері жыртқыш аңдарша бас салып, өрімдей жастарды аяусыз ұрып-соғады. Олардың жауыздығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жастарға жалған айыптар тағылып, түрмеге қамалады, оқудан, жұмыстан қуылады. «Нашақор», «бұзақы» деген жалған жала Рүстембекке де жабылып, 1987 жылы абақтыға қамалады. Екі жылдан кейін ақталып, 1989 жылы бостандыққа шығады. Еш кінәсіз екендігі дәлел­денгенмен, оқуын, жұмысын жал­ғастыру қиынға түседі. Алайда, табанды, қажырлы Рүстембек 1990 жылы оқуын, жұмысын жалғастыруға қол жеткізіп, 1994 жылы мамандығы бойынша диплом алады. 1996 жылы Президент Н.Назарбаев Желтоқсан оқиғасына қатысқан 15 азаматты қабылдайды, жастармен бірге Рүстембекке де үш бөлмелі пәтер кілтін табыс етеді. 1998 жылдан бастап денсаулығы сыр бере бастайды. «Желтоқсан оқиғасында алған ауыр соққылар іш құрылысына, бауырына қатты батқан еді» дейді інісі Мұратбек. 2002 жылы балалық шағы өткен Павлодар өңіріне көшіп келеді. 2005 жылы ұзақ уақытқа созылған науқастан көз жұмды. – Қылшылдаған жап-жас кезіміз еді ғой. 22 жасымызда әділетсіздіктің құрбаны болып кете бардық. Алматы үй құрылысы комбинатында слесарь болып жұмыс істейтінмін. Дүрмекпен бірге алаңға келдік. Ондай сәтте үйде жата ала ма адам?!. Институттан шығарды. 2 жылға соттады. Өмір бойы қара дақ маңдайдан кетпейтіндей көрінді. Босап шықтым. Институтқа қайта түсіп, былтыр бітіріп шықтық. Өкінішім – жастық шақтың біраз жылы кетті. Бірақ көңілге демеу болатын нәрсе – сол ауыртпалық бос кетпеді,– деген екен өз естелігінде марқұм Рүстембек Кәдірбекұлы. Рүстембек 1990 жылы үйленіп, жары Қарагөз екеуі Азат, Ақтөре есімді екі ұлды болған еді. Жары мен екі ұлы қазіргі кезде Павлодар қаласында тұрады. Әкесі Кәдірбек марқұм қайтыс болған, анасы Мә­кітай апаның көзі тірі, Малайсарыда тұрады. 1961 жылы әкелері өз қо­лымен тұрғызған, Рүстембек өмірге келген шаңырақта туған інісі Мұрат­бек те отбасымен тіршілік етуде. 2008 жылдан бері Малайсары ауылында Тәуелсіздік күні қарсаңында Желтоқсан қаһармандары Құрманжан Ыбыраев пен Рүстембек Қасеновты еске алу кештері мен дәстүрлі спорт жарысы өткізіліп тұрады. «Рүстембегім жасынан алғыр, жайдары еді. Ашулануды білмейтін. Алматыға оқуға түсіп, қуантқан кезі әлі есімде» деп көзіне жас алған еді анасы Мәкітай апа ұлын еске алу кешінде. «Мінезі әкемізге тартқан, салмақты болатын. Сырын айта бермеуші еді. Бәрін іште сақтайтын. Әділ, жалғандыққа жаны қас еді» деді ағасы туралы Мұратбек Қасенов. Қазақ ұлтының тарихына таңба­ланып жазылған Желтоқсан оқиғасы жұрт жадынан өшпек емес, демек, жас қырандардың көзсіз ерліктері де, есімдері де ұмытылмайды. СОЛ БІР КҮННІҢ КУӘГЕРІ Баймұқанова Маржан Алтайқызы 1969 жылы 25 тамызда Павлодар облысы Май ауданы Ақшиман ауылында дүниеге келген. 1986 жылы 10 жылдық Ақшиман орта мектебін ойдағыдай аяқтап, арман қуып Алматыға жол тартады. 1986 жылдың күзінде Алматы мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына оқуға түседі. Өзімен қатарлас қазақ жастарымен бірге Желтоқсан оқиғасына қатысады. – Ол кезде 1 курста оқитынмын. 17 желтоқсан, сәрсенбі күні болатын. Сабақ түстен кейін басталатын еді. Құрбым Мәрияш Жанпейісова (қазір Аягөзде тұрады) екеуіміз Гоголь көшесінен жерасты жолымен қазіргі орталық әмбебап дүкенге қарай өтіп бара жатып, әр түрлі дауыстарды құлағымыз шалды. Қонаевтың орнына Колбин деген біреу келгендігін теледидардан да көргенбіз, біз де осыған іштей қарсы болғанбыз. «Қазақ еліне – қазақ басшы!» деген ұрандар айтылып, кілең жастар бейбіт шеруге шыққандығын көрдік. Біз де сырт қалмай, сол жастарға ілестік. Шеруге Киров атындағы зауыт жұмысшылары да шығыпты. Сосын бәріміз қосылып жатақханаға беттедік. Алматы мемлекеттік қыздар педагогикалық институына қарасты үш жатақхана қазіргі А.Байтұрсынұлы (бұрынғы Космонавттар) көшесінің бойында қатар орналасқан. Біз №6 жатақхананың 5 қабатында тұратынбыз. Жатақханаға әзер кірдік, жігіттер есікті күшпен ашты. Ішке кіріп, жатақханадағы қыздарға мән-жайды түсіндірдік. Бәріміз бірігіп орталық алаңға жеттік. Бейбіт шеруді қолдаушылар көбейе берді. Жастар одан сайын жігерлене түсті. Алдыңғы қатарда жүріп, билікке өз тілегімізді жеткізбек болдық. Бейбіт шеру кеш батқанша жалғасты. Қараңғы түсе алаңға жиналған жастарды мұздай салқын су шашып таратпақ болды. Біздің топтағы қыздар біртіндеп алаңнан кете бастады. Соңында тобымыздан Қорғалжыңнан келген Бейсенбина Айтбала екеуіміз ғана қалыппыз. Сол түні қатты тоңдық, қарнымыз да ашты. Жатақханаға жеткенде алдымыздан оқытушыларымыз қарсы алды. Олар Сейілбек Исаев (кейін ректор болды), кураторымыз Хадиша Қожахметова, методист-ғалым Мүлипа Дүйсебаева, барлығы да орта жастағы ғалымдар еді. Бұл кісілер біздің тұлға ретінде қалыптасуымызға ықпал етті, шәкірттерін ұлтжандылыққа тәрбиеледі... Ертеңінде бізді сыртқа шығармай, қамап қойды. Төменгі қабатта асхана бар, тамақтанамыз да қайтадан бөлмемізге кіреміз. 18-19 желтоқсан күндері ешқайсымызды сабаққа жібермеді. Туыстарымызға да хабарласуға тыйым салынды. Көп кешікпей бір оқытушымыз келіп, Желтоқсан оқиғасынан соң түрмеге қамалған, қатты соққы тиіп жарақаттанған жастар туралы айтты. Әсіресе, ҚазМУ, Алматы мемлекеттік сәулет және ауыл шаруашылығы институттарының студенттері қатыгездікпен «жазаланғанын» естідік. Алаңда жүргенде бізді де суретке түсірген еді. Сол кездегі саяси шешімге қарсы екенімізді көрсін деген оймен суретке түсіргендеріне қарсы болмадық. Сол суреттер көп жастардың тағдырына өшпес таңба салды. КГБ жеңдеттерінің қыспағына түсті, күнәсіз жастар «кінәлі» болды. Үрейлі күндерді артқа тастап, жаңа жылды қарсы алдық. 1987 жылдың мамыр айының соңғы күндерінің бірінде ұстазымыз Хадиша апай келіп, Қайратқа ату жазасы берілгендігін хабарлады. Қайрат оқыған Алматы сәулет институтының студенттері Орбита шағын ауданындағы жатақханада тұратын. Қайтадан ереуілге шықпақ болыпты. Сол кездегі құқық қорғау органдарында қызмет істеген кейбір қазақ азаматтарының арқасында Алматы мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының студенттері жазадан аман қалды деп ойлаймын. 1989 жылы 3 курсты бітірер жылдың жазы, сессия кезінде Хадиша апай топтан 5 адамды үйіне шақырып, Қалдыбай Әбеновпен және өзге бірнеше адаммен таныстырды. «Аллажар» фильмі түсірілмек» деді. Алаңға барған қыздардан көрген-білгендерін сұрап, материал жинауға көмектесуімізді өтінді. 1989 жылдың күзінде 4 курста оқып жүрген кезім. Хадиша апайдың бастамасымен қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқитын студенттердің кездесуі болды. Кездесуге Желтоқсан оқиғасына қатысқан, сотталып келген Хасен Қожахметов, Бақытбек Иманғожаев және «Аллажар» фильмінің режиссеры Қалдыбай Әбенов пен Аманжол Нәлібаев қатысты. Кездесуге декандар қарсылық білдірді, бірнеше мәрте жарық сөндірілді. Кейін М.Шаханов құрған комиссияның жалпы жиналысына материал жинау мақсатында қатысып жүрдік. Хадиша апайдың ұйымдастыруымен институт қыздары үнемі көмектесіп тұрдық, комиссия отырысында хатшылық қызмет атқардық. Оқу бітргеннен кейін 1992-94 жылдары Алматыда тұрдым. Құрбы-құрдастарыммен кездесіп, хабарласып жүрдім. 1994 жылдан бері Павлодарда ұстаздық қызметтемін. Желтоқсан оқиғасы ешбір қазақтың жадынан өшпеуі тиіс. Себебі Желтоқсан көтерілісі – Тәуелсіздікке талпынған жас жүректердің көзсіз ерлігі. Бодандықтың бұғауын үзген қуатты серпіліс болды, – деп әңгімесін аяқтады Желтоқсанның куәгері Маржан Алтайқызы. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ұстаздық етіп, қазақ тілінің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген қазақ қызының қайсарлығын артынан ерген сіңлілері үлгі етсе екен дейміз. Тарихты өзгертетін қарттар емес, жастар екені даусыз. Мейрамбек ҚЫЗЫРҰЛЫ