Отандық балуан еркін күрестен Азия чемпионы атанды
2019 ж. 24 сәуір
4370
0
Қытайдың Сиянь қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты басталды. Алғашқы жарыс күнінде еркін күрес шеберлері арасында мықтылар анықталуда.
65 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Саятбек Оқасов финалды үндістандық Баджранг Баджрагштан 7:12 есебімен ұтылып, Азия біріншілігінің күмісін қанағат тұтты, - деп хабарлайды baq.kz.
Сонымен қатар, 70 келіде сынға түскен Нұрқожа Қайпанов ақтық сында жапониялық Коджира Шиганы 9:0 есебімен жеңіп, өз мансабында тұңғыш рет Азия чемпионы атанып отыр. Сондай-ақ, биылғы құрлық додасындағы Қазақстанның алғашқы алтын жүлдесін қоржынға салды.
79 келіге дейінгі салмақта Ғалымжан Өсербаев қола жүлдені еншіледі. Кіші финалда ол жапон балуанын 6:0 есебімен жеңген.
Сондай-ақ, 97 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Ерғали Әлішер қырғызстандық балуанды ұтып, турнирдің қола жүлдесін иеленді.
Бүгін Азия чемпионатында 61, 74, 86, 92 және 125 келідегі балуандар күш сынасады.