Мәсімов Жауынгерлік өнер ассоциациясының Конгресіне қатысты
2019 ж. 18 наурыз
5353
1
Астанада Қазақстанның Жауынгерлік өнер ассоциациясының Президенті Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Ассоциацияның I Конгресі өтті, - деп хабарлайды baq.kz.
Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, «GAISF» Жоғары Вице-президенті Рафаэль Чиулли, «GAISF» Вице-Президенті Стефан Фокс қатысты.
Ассоциация Президенті Кәрім Мәсімов ұйымның міндеті мен мақсаты туралы айтты.
«Ассоциация жауынгерлік өнердің философиясын түсіндіріп, бұқаралық спортты дамытып, спорт кадрларын даярлауға өз септігін тигізеді. Ұйым Қазақстанда жауынгерлік өнерді дамытатын орталық органға айналады. Бүгінде еліміз бойынша ұйымның өкілдіктері жұмыс істейді. Олар жергілікті жерлерде жауынгерлік өнердің дамуына ықпал етеді. Бүгінгі күні күшті бір жерге жұмылдыру өз жемісін берді. Осы жылдың желтоқсанында киокушинкай каратэнің КВЮ нұсқасы бойынша Әлем чемпионаты өтеді» - деді Кәрім Қажымханұлы.
Өз кезегінде, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы спорт федерацияларының жұмысын жүйелі ету қажеттігін баса айтты.
«Аталған республикалық федерациялар елімізде жауынгерлік өнер спорт түрлерін дамытып, Қазақстанды халықаралық ареналарда таныстырып жүр. Осы орайда, Ассоциация бұқаралық спорттың дамуына түрткі болатыны сөзсіз. Ұйым ұлттық штаттық командалардың алдымызда тұрған Халықаралық жарыстар мен Спортаккорд желісі бойынша жауынгерлік спорт түрлерінен өтетін Бүкіләлемдік ойындарды жоғары дәрежеде өнер көрсетулеріне көмектесетін болады. Айта кетейін, Астана 2021 жылы Бүкіләлемдік ойындарды өткізуге үміткер 4 қаланың қатарында», - деді министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Шара барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және ҚР Ұлттық Олимпиада Комитетімен ынтамақтастық жөнінде екіжақты келісімге қол қойылды.Конгресс аясында «Қазақстан мен Әлемде спорт саласындағы құқықтық мәселелер», «Спорттағы медицина» және «Спорттағы PR. Спорт түрін танымал етудің жолдары» атты тақырыптарда секциялар ұйымдастырылды.