Шардараның қазағымен қол күрестірген америкалық чемпион қабырғасы қирай жеңілді (видео)
2019 ж. 13 наурыз
8792
1
Армрестлинг спортының аңызына айналған америкалық Эндрю «Кобра» Родс шардаралық армрестлер Шынболат Райхановпен қол күресте екі қабырғасын сындырып алған, - деп хабарлайды baq.kz.
«Кобра» лақап атымен танымал Эндрю Родс өзін әлем чемпионатынан шеттеткен сол бір оқиға туралы Қазақстанға келген сапарында айтып берді. 17-18 ақпан күндері Шымкенттегі Жеңіл атлетика кешенінде Владимир Залманович Дрекслердің 80 жасқа толуына арналған қол күрестен Қазақстан Республикасы Чемпионаты өтті. «Кобра» Родс осы чемпионатқа құрметті қонақ ретінде шақырылыпты. Чемпионат басталардан бұрын баспасөз-конференциясы болды.
Шынболат пен «Кобра» Родс арасындағы қол күрес 2010 жылы АҚШ-та болған. Сол жылы Лас-Вегаста армрестлингтен әлем чемпионаты өтеді. Чемпионатқа Қазақстан армрестлинг құрамасының сапында шардаралық Шынболат Райханов та барады. «Ә» дегеннен ең мықты қарсыласқа тап келеді. Тоғыз дүркін әлем чемпионы Эндрю «Кобра» Родс. Жеңіл салмақтағы жеңілмейтін армрестлер. Бүгінгі мен бұрнағы ұрпақтың армрестлинг әлемінен хабары барына мәлім есім. Оның даңқын Шынболат та естіген екен. Талай мықтының білегін бұраған «Кобра» Родстың Лас Вегас чемпионатындағы бірінші қарсыласы 18 жасар көпке белгісіз қазақстандық екені мәлім болғанымен, осы кездесу «Кобра» Родстың соңғы әлем чемпионатына айналатыны ешкімнің де ойына келмеген-сірә.
- Иә, Лас-Вегастағы әлем чемпионаты болатын. Бірінші күні Шынболатпен қол күрестім. Өте қызық күрес жасадық. Бір бірімізге өте жақсы қарсыластық. Денемді үстелге жақындатып, тіреп тұрып, күш алып, жеңбек болдым. Бірақ, үстел маған «жоқ» деп айтты. Үстелге тіреліп барып күш алмақ сәтімде екі қабырғам сынып кетіпті. Бұл бірінші күнгі жарыс болатын. Қабырғамды сындырып алғаннан кейін, дәрігерлер келіп, жарақатымды қарап «жарысты тоқтат» деп айтты. Мен жарақат тұсымнан айналдыра орап беруін сұрадым дағыны әрмен қарай жарысты жалғастырдым. Басқа бірнеше қарсыласымды жеңдім. Сонымен жарыс бітті. Армрестлинг те қауіпті спорт,-деп еске алды «Кобра» Родс.
Айтуынша, қай спорттың да қауіп-қатері қатар жүреді. «Күтпеген жағдай болуы мүмкін. Спорт – сонысымен спорт. Егер адам спорттың сол ауырлығын серігіне айналдырса, онда қорқатын дәнеме де жоқ» деген.
«Кобра» Родстың әңгімесін әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Шынболат Райханов жалғады.
- 18 жаста едім. Көп нәрседен хабарсызбын. Бірінші рет қатысып жатқан әлем чемпионатым. Бірінші қарсыласым «Кобра» Родс екенін естідім. Оның әлемдегі ең атақты спортшы екенін де білемін. Бірақ, бар ойым жеңу болды. Екеуміз шыққанда «күллі қазақ елі атынан келдім, қандай жағдай болмасын жеңем» деген ой еш кетпеді. «Кобра» Родстың қаншалықты атақты екенін білсем де басты мақсат - елдің абыройы, халықтың намысы үшін жеңу еді. Жеңдім. Сол жарыста Эндрюдан кешірім сұрадым. Өйткені, жарақатынан отырып қалды. Дәрігерлер келді. Қазір де кешірім сұраймын. Мұндай мықты кісіні «пенсияға» жіберу қиын,-деді Шынболат.
Шынболат сол чемпионатта Қазақстанның жастар құрамасынан шыққан. 18 жаста. Ал Эндрю «Кобра» Родс 46 жаста болыпты. Шынболаттың енді-енді көтеріліп келе жатқан кезі. «Кобра» Родс 46 жасына дейін ешкімнен жеңілмеген.