ТАТАМИДЕГІ ТАЙТАЛАС (фото)

Тәуелсіздік күніне және Асқар Шайхиев атындағы Таэквондо клубының 15 жылдығына арналды

Өткен айдың соңында Алматы облысы Іле аудандық Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратында Алматы облыстық Таэквондо федерациясының вице-президенті Қайыр Қажи басшылық ететін Асқар Шайхиев атындағы Таэквондо клубының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне және аталмыш клубтың 15 жылдығына орай, аталмыш спорт түрінен Алматы облысының жасөспірімдер арасындағы ашық біріншілігі болды. Шағын да болса заманға сай, сәулетті салынған мектеп залына төселген татамиде еліміздің 17 клубынан келген 300-ге тарта жас өреннің таланттары талқыға түсті. «Баласы бәйгеге шапса, анасы үйінде отырып тақымын қысады». Дегенмен, бұл жолы құлындарын жетектеген ата-аналар қол соғып қуаттап, күш-жігер беруге аламан басына жиналыпты. Жекпе-жек десе, қаны қызатын қазақ емеспіз бе, жас қырандардың тайталасын тамашалауға келген жанкүйер қауым жарыс көрігін қыздырып, әп-сәтте әсем ғимаратты ду-думанға айналдырды.

Дүбірлі доданың құрметті қонақтары да шен-шекпендері, атақ-даңқтары жұртты тамсандырар, кез келген көрермен қол алысып, дидарласқанды мақтан тұтатындай кілең «сен тұр, мен атайындар»! Атап айтар болсақ: Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев; Алматы облысы Таэквондо федерациясының президенті Нұрлан Есілбаев; Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Сәтібаев; Олимпиада ойындарының жүлдегері, бүгінде кәсіби бокс алаңында еліміздің атын күллі әлемге паш етіп жүрген «Қазақ» – Қанат Ислам; белгілі қоғам қайраткері, танымал ақын, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Иса; Алматы қаласы Таэквондо федерациясының вице-президенті Ғани Тілебалдин; «Райымбек» спорт клубының президенті Асхат Тұмабаев; Іле аудандық Денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Отыбаев; «Жеңіс» спорт клубының президенті Досымбек Оңласынов; Бауыржан Момышұлы атындағы спорт клубтың президенті, Алматы облысы Таэквондо федерациясының вице-президенті Мәлік Шаншарбеков; «Арыстан» спорт клубының президенті, Алматы облысы Таэквондо федерациясының вице-президенті Берікжан Құттыбаев.

   

Құрметті оқырман, бұл неғылған таусылмайтын тізім дей көрмеңіздер! Мұнымен біз іс-шара деңгейінің қаншалықты жоғары болғанын жеткізбекпіз.

Сонымен, жарыс шымылдығын Алматы облысы, Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Сәтібаев мырза кіріспе сөзбен ашты. Бұл іс-шараның мақсаты жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, жалпы бұқараны спортқа тарту, ауыл спортын дамыту, спортшылардың шеберліктерін арттыру және жолдастық қарым-қатынасты нығайту екенін айта келе Алмасбек Қожабекұлы жас өрендерге сайыста сәттілік тіледі. Одан әрі құрметті қонақтар Қазыбек Иса, Қанат Ислам, Нұрлан Есілбаев  және т.б. балғын спортшыларға баталарын берді.

 

Қазақтың қай шарасы да ән-күйсіз өтпейтіні белгілі. Бұл тұрғыда Рамазан Стамғазиев, Есет Сәдуақасов сынды өнер майталмандарының әуелете салған әндері жиналған қауымды шаттықа бөледі.

Алматы облыстық таэквондо федерациясы   вице-президенті,  Асқар Шайхиев атындағы Таэквондо клубының басшысы  Қайыр Қажи құрметті қонақтарға  аталмыш клуб атынан естелік кубок пен  алғыс хаттар тапсырды.

Әсем ән мен ағаларының батасынан жігерленген жас өрендер жекпе-жектерін жанарларынан жалын шаша бастап кетті. Құдды шөже қораздардай бір-біріне айбат жеге атылған балдырғандар залдың ішін қиқуға тұндырды. Бірінен бірі асып түсетін өрендердің өнеріне баға беріп, кім мықтыны анықтау Адай Марғұлан бастаған төрешілерге оңайға түспегенін түсіну қиын емес. Дегенмен, жарыс болған соң, біреу жеңіп, екіншісінің жеңілетіні заңдылық. Сондықтан, жеңімпаздар тізімі келесідей болды: жалпы командалық есепте І-орынды «Барыс» спорт клубы иеленді. Талғар спорт клубының өрендері ІІ-орын алса, ІІІ-орынға Бекболат СК және Асқар Шайхиев спорт клубының жастары жайғасты.

Қанат ИСЛАМ, Олимпиада ойындарының жүлдегері, кәсіби боксшы:

Мағжан атамыз айтқандай, «Мен жастарға сенемін»!

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында жастар мәселесін назардан тыс қалдырмайды. Соның бірі салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Осы мақсатқа жету жолында мынадай іс-шараларды жиі өткізудің маңызы ерекше. Сондықтан, жарысты ұйымдастырушыларға ризашылығым шексіз. Өте жағары деңгейде өтті. Сондай-ақ, спорттағы жетістіктер арқылы елімізді әлем жұртшылығы танып, мойындайтынын естен шығармаған жөн. Біздің мақсатымыз – дүниежүзі көз тіккен дүбірлі додаларда жеңіске жетіп, Қазақтың Көк туы желбіреп, Әнұраны шырқалғанда сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімде болатынымызды келер ұрпаққа ұғындыру. Бүгінгі татамиде тулаған жас толқынға қарап, бұл мақсатымыздың орындаларына шүбә келтірмеймін. Мағжан атамыз айтқандай, «Мен жастарға сенемін»!

Қазыбек ИСА, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, ақын:

Қазақтың туын көкке көтере беріңдер!

– Елбасымыздың  спорт туралы керемет сөзі бар: "Шетелде еліміздің туы тек мемлекет басшысы келгенде және спортшыларымыз жеңіске жеткенде ғана Көк туымыз көкке көтеріледі"- деген. Жекпе-жек десе, делебесі қозатын қазақтың ұрпағымыз ғой! Мына балалардың күресін тамашалап, кәдімгідей риза болдық. Олардың көздеріндегі ұшқынды көріп, Тәуелсіздігімізді баянды ететін ұрпақ өсіп келе жатқанына сеніп, тәуба дедім. Елімізде осы спорт түрінің қалыптасып, дамуына ерекше септігін тигізген қазақтың батыр ұлы, бүкіл түркі әлемінің мақтанышы Мұстафа Өзтүрік екенін жұрт біледі. Оның ісін әрі қарай жалғастырған Бексейіт Түлкиев ағаларымыз таэквондоның түлеуіне үлес қосып, тер төкті. Осы дүбірлі жарысты ұйымдастырып отырған  Алматы облыстық Таэквондо федерациясы басшыларын бұрыннан жақсы білемін. Федерация  вице-президенті,  Асқар Шайхиев атындағы Таэквондо клубының басшысы  Қайыр Қажи бала кезімізден көз алдымызда өсті. Әйгілі таэквондо тарланы Бексейіт Түлкиевпн таныстырп, спорттық өміріне жолдама алуына себепші болған жайым да бар еді. Ал  Таэквондо федерациясы президенті Нұрлан Есілбаев еліміздегі  таэквондодан ең жоғары дәрежені - 6 данды иеленген спортшы. Оған бұл дәрежені Кореяда  Дүниежүзілік таэквондо президентінің өзі табыс етті. Түркістан облысы, Шардара ауданының  Сүткент ауылында өскен Нұрланды да жақсы білемін.  Ал енді осындай атақты ағаларына қарап, бой түзеп келе жатқан  мына жас қырандардың  ағалар атына кір келтірмей, жеңістерге жете беретініне күмән жоқ.  Мен бұл балғын спортшыларға Қазақтың туын көкке көтере беріңдер, деп Ақ жол тілеймін!

Орынбек САХИДӘУЛЕТҰЛЫ,

Қазақ үні