Қазақстандық спортшы сынған аяғымен әлем чемпионатының медалін жеңіп алды
2018 ж. 24 қараша
2439
1
Оралдық Әліби Теміртасов Бахрейнде аралас жекпе-жектен өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленді. Қазақстандық спортшы сынған аяғымен үш жекпе-жекке қатысқан.
Қазақстандық спортшының ерлігі туралы Қазақстан ММА федерациясының құрметті президенті Айдар Махметов фейсбуктегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды sputniknews.kz.
56,7 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Әліби Теміртасов екінші жекпе-жектің ортасында жарақат алып, қалған екі жекпе-жекті ақсаңдап жүріп өткізген.
"Бүгін рентгенге түсіргенде, Әлібидің екінші жекпе-жекте жіліншігі сынғаны анықталды. Мұндай жарақатпен әлем чемпионатының медалін қалай жеңіп алғаны мен үшін жұмбақ, таңданып әрі тәнті болып отырмын!, — деп жазды Махметов.
Оның пікірінше, Әліби нағыз ерлік жасаған. 1/4 финалда америкалық қарсыласын, мұның алдындағы әлем чемпионатының қола жүлдегерін мерзімінен бұрын жеңген. Ал жартылай финалда дағыстандық Руслан Сатиевпен тартысты жекпе-жек өткізген.
"Қазақ елі осындай батырларымен мақтануы керек! Осындай жігіттер еліміздің атын әлемге шығарады. Әліби, нағыз батыр!, — дейді Махметов.
Ол Әлібиге ота жасау қажет екенін атап өтті.
Қазақстан құрамасы Бахрейндегі әлем чемпионатынан бір алтын, бір күміс және жеті қола медальмен оралды.