Ашхабадта өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Денис Улановқа 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдесі табысталды. Бұл туралы Olympic.kz хабарлады.
Ауыр атлет Ұлановқа Рио Олимпиадасының медалі табысталды
2018 ж. 08 қараша
2066
0
Дениске Олимпиада жүлдесі екі жылдан кейін бұйырды. Ауыр атлетиканың мамандары жиналған басқосуда қазақстандық зілтемірші өзіне тиесілі медальді еншіледі. Қазақстандық зілтеміршіге Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Тамаш Аянның өзі қола жүлдені тапсырды.
Риодағы Олимпиада ойындарында Денис Уланов 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, төртінші орынға табан тіреген болатын. Қоссайыс қорытындысы бойынша біздің спортшы 390 келіні еңсерді. Румыниялық Габриель Синкарян да дәл осы нәтижені тіркеген. Алайда, салмағының жеңілдігіне байланысты қола жүлде Синкарянның қоржынында кеткен.
Кейін Синкарянның Олимпиада ойындарында тапсырған допинг сынамасы оң нәтиже бергені анықталды. Румын атлеті спорттан шеттетіліп, оның Олимпиададағы көрсеткіші жоққа шықты. Осылайша, қола медаль ресми түрде Денис Улановқа табысталды.
"Бұл жүлдені тұтастай екі жыл күттім. Әрине, Олимпиада тұғырында тұрғандай сезім болған жоқ. Десе де, бұл сәтті де жақсы орайластырып, еліміздің туын көкке көтерді. Мұның бәрі жақсы әсер қалдырды. Қола медаль алғаныма енді сене бастадым. Барлық тексеру аяқталып, жүлдеге қол жетті. Менен медальді қай кезде алғым келетінін жолдап, хат жазған болатын. Бірден әлем чемпионатында табыстағанын қаладым. Еліміздегі спортты дамытуға қосқан үлесі үшін елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтамын. Спортшыларға үлкен мүмкіндік сыйлаған ҰОК президенті Тимур Құлыбаев пен біздің федерациямыздың басшысы Жанат Түсіпбековке де алғысым зор. Қазіргі қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес - дейді Уланов.
Ашхабадтағы әлемдік сында Уланов 89 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, В тобында өнер көрсетті. Жарақатына қарамастан 352 келіні көтерген жерлесіміз жалпы есепте 14-орынға тұрақтады.
Ол 2020 жылғы Олимпиада ойындарының фавориттері қатарында.