Бекзат Саттархановтың ата-анасы: Ұлымыз жайлы мүлде ұмытып кетті
2018 ж. 06 қараша
6877
0
Бекзат Саттархан әлемге қазақ елін танытқан ер. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі спортшыны құттықтаған еді. Олимпиада жеңімпазы Бекзат өмірден кеткенімен, ыстық естеліктерімен есте.
2000 жылы Түркістандағы спорт кешеніні Бекзат Саттархановтың құрметіне қойды. Бүгінде кешенде жұмыс істейтін мектеп өзге спортшы Абдысалам Нұрмахановтың атында, деп жазады Otyrar.
Түркістан қаласына кірер жерде әйгілі спортшының ескерткіші тұр. Жанындағы спорт кешеніне жөндеу жүргізілмегелі біраз уақыт өтті. Спорт мектебінің орынбасары жөндеу жұмысына ақша бөлінгенін, алдағы уақытта қолға алынатынына уәде берді.
“Біз республика деңгейінде жарыс өткіземіз. Келесі жылдың наурыз айынан бастап жөндеу жұмысы басталады. 300 млн теңге бөлінді. Өз қаражатымызға еденін ауыстырдық. Кабинеттерді жасадық”, – дейді мектеп орынбасары Асанов Төленбек.
Ал, Бекзат Саттархановтың әкесі ренішін жасыра алмады.
“Бекзат Олимпиада чемпионы болғанда бұл кешен болды. Қазір кешен Бекзаттың атымен аталғанымен ішінде мектеп өзге спортшының есімімен аталады. Мұражайдағы медальдар жасанды. Тұпнұсқасы өзімізде. Бекзат жайлы мүлде ұмытып кетті. Ол туралы жақсы ешнәрсе айтылмайтын болды. Мектептің жөндеу жұмысы жайлы айтқым да келмейді. Бекзаттың құрметіне дұрыс ғимарат салу керек еді. Ол Қазақстанды танытты ғой. Қазақтың намысын қорғады. Бекзат өмірде болмаған секілді. Бұл туралы айту маған оғай емес. Бірақ еш нәтиже жоқ”, – деді Сейілхан Саттаров.
Спорт мектебінде әр аймақтан келетін мыңдаған оқушы жаттығады. Ұжымда 50-ге жуық бапкер жұмыс істейді.
Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы жөндеу жұмыстары 2019 жылдан бастап жүргізілетінін мәлімдеді. Құрылысқа 7 млн теңге бөлінгенін айтты.