"Астана Арландарының" бас бапкері: Өзбектің қолын көтергенде үстімнен мұздай су құйып жібергендей болды
2018 ж. 17 қыркүйек
4676
0
Дүниежүзілік бокс сериясының финалына да екі аптаға жетер-жетпес уақыт қалды. Қыркүйектің 26-сы мен 28-і күндері «Астана арландары» Қытайда «Куба батырларымен» айқасып, WSB жобасының төрт дүркін чемпионы атануға тырысады. Кеше осыған байланысты команда Астанада жиналып, жаттығу жиынын бастап кетті. "Астана" Президенттік клубы «арландардың» бас бапкері Нұрлан Ақүрпековті сұхбатқа тартқан екен. Аталмыш сұхбатты оқырманға ұсынамыз.
- Нұрлан Сәкенұлы, боксшылардың финал алдындағы физикалық дайындықтары қалай?
- Жакартадағы Жазғы Азия ойындарының қарсаңында боксшылар Алматыда да, Астанада да толыққанды оқу-жаттығу жиындарын өткізген. Одан кейін қазір аймақтарда Федерация кубоктары өтіп жатыр. Яғни, боксшылар әрдайым тонуста жүр. Физикалық дайындықтарына алаңдаудың қажеті жоқ.
- Ал Азиададан оралған боксшылардың моральдық жағдайлары қандай?
- Әлбетте, боксшылар әрқашан мұндай ірі додалардан алтын әкеліп, жанкүйерлерді жарқын жеңістерге үйретіп қойған. Биыл бірінші рет Азия ойындарынан алтынсыз қайттық. Сондықтан шығар, жанкүйерлер бізге басқаша қарайтын сияқты. Басқаша амандасып, басқаша хал сұрасатын секілді. Әлде бізге солай көріне ме, білмеймін. Дегенмен, бұл жағдай боксшыларға оңай тимегені анық. Бас кезінде аздап көңілсіз жүрді. Бірақ, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев Азиададан жүлде алған спортшыларды қабылдағанда Асланбек пен Әбілханды ерекше атап өтіп, оларға алтын алған спортшылармен бірдей етіп сыйақы берген. Сондықтан, боксшылар қазір қолдауды сезінетін болды.
- Жалпы, Азиададағы сәтсіздіктің себебі неде осы?
- Бұл туралы Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов бәрін жақсылап айтып берді. Алып-қосарым жоқ. Төрешілер тарапынан теперіш көргеніміз де шындық. Әйтпесе, біздің боксшылардың дайындығы өте жоғары деңгейде болды. Ешқайсысын жеңілді деуге аузың бармайды. 64 келідегі Бекдәулет Ибрагимов те, 69 келідегі Асланбек Шымбергенов те қарсыластарынан басым болды. Басқалары да жарап тұрды. Ал Әбілханның финалдық жекпе-жегінен кейін жеңісімізге өте сенімді болдым. Өзбектің қолын көтергенде біреу үстімнен мұздай су құйып жібергендей болды. Дегенмен, өмір мұнымен тоқтап қалған жоқ. Алда да бізді талай маңызды додалар күтіп тұр. Боксшыларымыз өздерінің мықтылықтарын әлі сан мәрте дәлелдейді.
- WSB финалында да төрешілер тарапынан әділетсіздік болады деп қорықпайсыз ба?
- Біріншіден, Дүниежүзілік бокс сериясының финалы бейтарап елде өтіп жатыр. Мұның өзі жекпе-жекте төрешілердің әділ болуының кепілі деп білемін. Оның үстіне, WSB жобасының рейтингі өте жоғары. Күллі әлем көз тігіп отыр. Барлық ел тікелей эфирден көре алады. Азиаданың қасында әлдеқайда биік тұрған турнир. Сондықтан, бұл жерде төрешілер тарапынан бұрмалаушылықтар болады деп ойламаймын.
- Финал өзге елде өтеді. «Арландар» қолдаусыз қалмай ма?
- Клуб басшысы Бақтияр Артаевтан бастап, «Астана арландарының» барлық қызметкерлері Қытайға бара жатыр. Сондай-ақ, «Астана» Президенттік клубынан да қолдау зор. Оның үстіне, ол жақта қандас бауырларымыз да жекпе-жек кешіне келіп, боксшыларымызға жанкүйер болады деп ойлаймын. Сондықтан, залда кубалықтарға қарағанда біздің жанкүйерлеріміз көбірек болады.
- Жалпы, кубалықтар туралы не айтасыз? Боксшылары жайлы ақпаратыңыз бар ма?
- Олар құрамын жариялап қойды. Бірақ, өзгерістер болуы мүмкін. Дегенмен, байқағаным, кейбір салмақтарда бірінші нөмірлері жоқ. Жастарына сенім артып отырған сияқты. Буын алмасу процессі жүріп жатқанын байқадым. Алайда, мұның барлығы жай ғана көзбояушылық болуы да ғажап емес. Қалай десек те, бізді керемет кеш күтіп тұр. Олар да бізден сескенетіні анық. Төрт дүркін атану үшін бар күшімізді саламыз.