«Астана» капитаны «Вуэльта» көпкүндігінің қатарынан екі кезеңінде екінші орын алды
2018 ж. 11 қыркүйек
3254
0
«Астана» велоклубының капитаны Мигель Анхель Лопес Испанияда өтіп жатқан «Вуэльта» көпкүндігінің қатарынан екі кезеңінде мәре сызығын екінші болып қиды. Осылайша колумбиялық шабандоз жалпы есепте төртінші орынға көтерілді, - деп хабарлайды "Астана" Президенттік клубының баспасөз қызметі.
Жалпы, «Вуэльта» көпкүндінің соңғы екі кезеңінде «Астана» нағыз командалық жарыстың жарқын үлгісін көрсетті. Жарыс тізгінін бірден өз қолдарына алып, соңына дейін бәрін өз бақылауларында ұстады.
Ешкімді бөле-жара атай алмаймыз. Бәрі де керемет жарыс өткізді. Ал мәреге жеті шақырым қалып, Ян Хирт өз шаруасын аяқтағанда алға Мигель Анхель Лопес шықты. Колумбиялық шабандоз бір шақырымдай алда шапты. Бірақ, көшбасшылардан құралған бас пелетон капитанымызды алысқа ұзатпады. Мигель бұдан бөлек, тағы бірнеше рет алға ұмтылған. Алайда, оны франциялық Тибо Пина озып кетті. «Астана» капитаны мәре сызығын екінші болып қиды.
- Командаластарыма үлкен алғыс білдіргім келеді. Әлемдегі ең озық команда екенімізді дәлелдедік. Маған осындай жарыстар ұнайды. Әлбетте, кезең жеңімпазы бола алмағаныма өкінемін. Дегенмен алда әлі уақыт бар. Жеңіске жетуге болады. Бабыма енді кіріп келе жатырмын. Жеңіске деген жорығымды жалғастыра бермекпін, - деді жарыстан соң Мигель Анхель Лопес.
Осы кезеңнен кейін «Астана» командалық есепте де төртінші орынға көтерілді. Сондай-ақ, жалпы есептің көшбасшысы британиялық Саймон Йетстен 43 секундқа артта келе жатқан Мигель Анхель Лопес те үздік үштікке бір қадам жақын. Бүгін «Вуэльта» көпкүндігінде демалыс. Ал ертең шабандоздарды жекелей жарыс күтіп тұр. Көпкүндіктің ең маңызды, шешуші аптасына енді жеттік.