Талғат Жайлауов: «Барыс» – өзіндік тарихы мен бай дәстүрі бар клуб
2018 ж. 17 шілде
2918
0
Талғат Жайлауов. 2007 жылдан бері «Барыс» командасының намысын қорғап келе жатқан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны мұз айдынының нағыз лидері. Әрдайым командасын алға сүйреп, «Барыспен» бірге қуанып, сәтсіздігі болса, күйіп-пісіп жүретін шабуылшы әңгімеге де шорқақ емес. Сөйлегенде сөздің түбін түсіреді. Оның сұхбаттарын бір деммен оқып шығуға болады. Бұл жолғысы да қызықты шыққан сияқты.
- Талғат, сіз үшін «Барыс» деген не? Бұл команданың сіздің өміріңізде алатын орны қандай?
- «Барыс» – өзіндік тарихы мен бай дәстүрі бар клуб қой. Қазақстан хоккей командаларының шыңы. Бұл сенің екінші үйің сияқты. Қаласа қуып та жібереді, қаласа бауырына да қысады.
- Ал өзіңіз үшін қай маусым есіңізде қалды?
- Ең алғашқы маусымым есімде қатты сақталыпты. «Барысқа» енді келген кезім еді. Бірақ нәтижем нашар болғаны үшін «Номадқа» жіберді. Ол жақта жарты жыл ойнап, маусым ортасында Өскеменнің «Торпедосынан» шақырту алдым. Өзім сол клубтың түлегімін ғой. Қуана келісіп, кейін Братина кубогының плей-офф кезеңінің финалына дейін жеттік.
- 2014 жылы Құрлықтық хоккей лигасының «Жұлдыздар матчына» қатыстыңыз. Қазір сол командадағы жұлдыздардан кімдермен араласасыз?
- Мәссаған, мен «Жұлдыздар матчында» болдым ба? Уақыт қалай жылдам өтеді десеңші... Немерелеріме мақтанышпен айтып жүретін жайт қой бұл. Әркімнің басына бұйыра бермейтін бақ. Соның арасында болдым. Жұлдыздармен бірге шайба қудым. Былай айтқанда, бәрін 3D форматында көрдім ғой. Бірақ, сол матчтағы жұлдыздардың ешқайсымен араласпайды екенмін.
- Бүгінде өзіңіздің спорттық формаңызды қалай бағалайсыз? 33 жылдық спорттық режимде не өзгерді?
- Көк түсті форма өте әдемі. Маған жарасады. Тура өзіме қйып ойғандай. Ал спорттық формама келетін болсам, оған жаттықтырушылар баға беретін шығар. Осы уақытқа дейін спорттық режимім өзгерген емес. Өзімнің күн тәртібім бар. Соған сәйкес жаттығамын, тамақ ішемін, демаламын.
- «Барыс» хоккей клубы «Астана» Президенттік клубының құрамына кіреді. Осы үлкен спорттық отбасының басқа мүшелерінен кіммен араласасыз? Егер хоккей болмағанда спорттың қай түрін таңдар едіңіз?
- Әлбетте, спорттың басқа да түрлерінен хабардар болып отыруға тырысамын. Әсіресе, «Астана» футбол клубының жанкүйерімін. Орайы келгенде, Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңіндегі жауапты ойынын сәтті өткізіп келуіне тілектестік білдіремін. Боксшыларымыздың Азия ойындарына дайындалып жатқанын білемін. Ол жақтан жарақатсыз оралуына тілектеспін. Ал велоспортты әкем жақсы көреді. Бір күні екеуміз осы тақырыпта әңгімелесеміз-ау. Ал өз басым, хоккей болмағанда футбол немесе баскетболды таңдар едім. Футболда плеймейкер, баскетболда үйлестірушінің рөлі ұнайды.
- Сізді көшеде жанкүйерлер танып та жататын шығар. Егер суретке түсуге шақырып, автограф сұрап жатса, қайтесіз?
- Бұл қалыпты жағдай. 99 пайыз жағдайда бас тартпаймын.
- Сіздің өміріңізде Өскеменнің алар орны қандай?
- Мен бұл қалада туып өстім. Білім алдым. Үлкен хоккейге жол ашты. Сондықтан, әрдайым Өскемен қаласына алғысым зор.
- Уикипедияда сіздің лақап есімізді «Тала» деп көрсетіпті. Расымен де командада сізді осылай атай ма?
- Мені кішкентайымнан бәрі «Тала» атап кеткен. «Барыста» да солай. Дегенмен, команда массажистері «Талгич» деп айтады.
- Шілденің 8-і күні «Сенің жаңа қырың» челленджіне қатыстыңыз. Бұл жоба жайлы не айтасыз?
- 2018 жылы еліміздің 30 пайызы спортпен шұғылданатындай болуы тиіс. Бұл жақсы көрсеткіш. Дегенмен, бұдан да асып түсуіміз керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтпақшы, «Бақыттың 90 пайызы байлықта емес, денсаулықта». Сондықтан, спортпен айналысыңыздар. Мен салауатты Қазақстанды таңдаймын.
Дереккөз: presidential-club.com