"Астана" - отандық футбол тарихындағы басты оқиға
2018 ж. 07 шілде
4836
0
Бүгінде елордамыздың басты спорттық символдарының бірі – «Астана» Президенттік клубы. 2012 жылы құрылған бұл жобаның құрамында футбол, велоспорт, бокс, хоккей және баскетбол сынды спорттық бес түріндегі командалар бар. Астана күні қарсаңында vesti.kz порталы республикалық маңызы бар Президенттік клубтың командалары жайлы материалдар сериясын жариялады.
«Астана» ФК – Қазақстан футбол тарихының жарқын бөлшегі. Еуропада ерен жетістіктерге жетіп, медиа әлемнің ғана емес, қарапайым жанкүйерлердің де ыстық ықыласына бөленген клуб бүгінде Қазақстандағы ең үздік команда екендігін дәлелдеп, «Кәрі құрлықтың» шығыс бөлігінде мықтылардың бірі екендігін мойындатып жатыр.
Білікті бапкерлер алқасы мен көреген менеджерлердің арқасында «Астана» талай таланттың томағасын сыпырды. Қазір оларға Еуропаның ең мықты чемпионаттарынан ұсыныс түсіп, әр ойыншысын өз сапында көргісі келетін шетелдік клубтар өте көп. Дегенмен, командадан кеткендері бірен-саран. Ал қалғандары әлі де «Астананы» алға сүйреп, жеңістерге жетелеп жүр.
Бүгінде «Астана» тәжірибелі ойыншылар мен дарынды жастарды жинаған соны командаға айналды. Құрамында қақпасынан «соқыр тышқанды» да өткізбейтін Ненад Эрич бар. Серікжан Мужиков, Абзал Бейсебеков, Дмитрий Шомко, Патрик Твумаси, Юрий Логвиненко, Марин Томасов, Роман Муртазаев, Юрий Перцух, Бақтиер Зайнутдинов сынды жігіттер команданы өрге сүйреп жүр.
Тәжірибелі легионерлерінен бөлек, ұлттық құрамаға үнемі шақырту алып жүрген қазақстандық ойыншылар бас командамыздың соңғы жетістіктерінің басты себепшілері. Ұлттық құрамамыздың кейбір ойындарында негізгі құрамға, тіпті сегіз «астаналық» шығып жатады. Мәселен, Эрич қақпа күзетсе, алаңда Мужиков, Бейсебеков, Шомко, Логвиненко, Муртазаев, Малый, Постников, Зайнутдинов сынды футболшылар ойқастап жүр. Бақтиер демекші, «Астана» сапына биыл ғана ауысқан Перцух екеуі жас екендіктеріне қарамастан (20 және 22 жас) бірден көрермен көзайымына айналды. Ал Зайнудтинов тіптен Премьер-лиганың алғашқы ойындарында сұрмергендер көшін бастап, «Ертіс» қақпасына хет-трик жасады. Қазір бұл екі футболшының да болашақтарына зор үміт артылуда.
Дегенмен, бәрі осындай бірден керемет болып кеткен жоқ. Клуб басшылығына 2009 жылдан бастап алғашқы мақсаттарына жету үшін бес жылдай уақыт қажет болды. 2014 жылы бас бапкерлік қызметке болгар маманы Станимир Стоилов шақырылды. Алғашқы маусымда-ақ команданың ойынын түлетіп жіберген Стоилов «Астананы» Еуропа лигасының плей-офф іріктеу кезеңіне жеткізіп, тек Испанияның «Вильярреалынан» ғана жеңілді.
Содан бастап «Астананы» Еуропа елдері тани бастап, Стоиловтың дәуірі жүрді. Кейінгі жетістіктері тіптен керемет. Елорданың командасы Қазақстан футболның тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды.
2015 жыл болатын. Іріктеу кезеңінен іркілмей өтіп, фантастикалық ойындардың куәсі еткен Станимир Стоиловтың шәкірттері топтық кезеңде «Атлетико» (Испания), «Бенфика»
(Португалия) және «Галатасараймен» (Түркия) кездесетін болды. Мұндай ғаламат отандық футбол тарихында ешқашан болмаған.
Азулы командалармен бір топқа түскеніне қарамастан «Астана» 4 ұпай еншілей алды. Өз алаңында бірде-бір рет ұтылған жоқ. Ал қонақта тек «Атлетико» мен «Бенфикаға» есе жіберді. Иә, осылайша «Астана» еурокубоктағы межені көтеріп тастаған еді. Енді оны ұстап тұру да оңай шаруа еместігі белгілі болатын.
Команданың аты шыға бастады. Келесі қарсыластар санасып, журналистер мақтауын аяған жоқ. Мәселен, УЕФА-ның ресми сайты «Астана» туралы сериялық материалдарын ұсынды. Шетелдік БАҚ өкілдері де елордалықтардың әр ойыншысын бүге-шігесіне дейін талқылап, әр қапталындағы керемет балансты атап өтіп жатты.
Мәселен, 2016 жылы Еуропа лигасының плей-офф іріктеу кезеңінің қарсаңында Белоруссияның football.by сайты «Астананы» «Стоиловтың бандасы» атап, БАТЭ үшін шама келмес қарсылас болатынын атап өтті. Бұлай есептегендер тек белорустар емес еді. Шотланди, Ұлыбритания, Испания журналистерінің де есінде елордалықтар жақсы ойынымен есте қалды.
Расымен де, «Астана» борисовтіктерден басым түсіп, сол жылы Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Алайда, бұл турнирдегі дебютінде команда сенсация жасай алмай, өз тобында 4-орынмен шектелді.
Бірақ, келесі жылы-ақ Станимир Стоилов шәкірттері Еуропа кезекті бір сенсациялық маусымын өткізді. Еуропа лигасының топтық кезеңінде 2-орынды иемденіп, турнирдің плей-офф кезеңіне жолдама алды. Келесі қарсыласымыз Португалияның «Спортинг» клубы еді. Қиян-кескі қос айқастан кейін 4:6 есебі тіркеліп, келесі кезеңге португалиялықтар өткенімен қазақстандықтар да Еуропада өз фанаттарын тапқаны анық.
Бұл Еуропадағы жаңа рекордтың тіркелуіне себепкер болды. Нақты айтсақ, «Астана» соңғы үш еуромаусымда 452-сатыдан 67-ші орынға көтеріліп, осы аралықта 400 команданы басып озды. Иә, мұндай көрсеткішке бұған дейін Еуропаның бірде-бір командасы қол жеткізе алмаған болатын.
Тағы бір өзіндік рекордты «Астана» еурокубоктың өз алаңындағы ойындарда тіркеді. Қатарынан 17 ойында елордалықтар «Астана-Аренада» қонақтардан жеңілген жоқ. Чемпиондар лигасының аясындағы ойындарда 11 кездесудің алтауында жеңіске жетіп, бесеуінде тең түскен. Ал Еуропа лигасында алты матчтың үшеуінде тең түссе, үшеуінде қарсыластарынан басым болған.
Мұндай жетістіктерді еуропалық сарапшылар да атап өтіп жатты. Мәселен, ресейлік sports.ru сайтының тұжырымы бойынша, Қазақстан чемпионы ХХІ ғасырдың ең табысты клубтарының қатарынан орын алды.
Айтпақшы, мұндай мінездеме команданың Еуропа төріндегі ойындарына қарап қана берілген жоқ. «Астана» қазір өзін өзі қаржылық жағынан ақтап жатқан клубтардың санатына қосылудың жолында. Еурокубоктағы сәтті ойындардан кейін УЕФА-дан берілетін сыйақылардың мөлшері артып, клуб қазынасы толықтырылуда.
Бұл тек негізгі құрамға ғана емес, клуб құрылымындағы басқа командаларға да көмек. Мәселен, солардың бірі – «Астана» футбол орталығы. Он топтан тұратын бұл орталықта 9-
18 жас аралығындағы болашақ жұлдыздар тәрбиеленеді. Ал кейінгі кезде «Астана» футбол орталығы 7-8 жастағы кішкентай балдырғандарды да жаттықтыра бастады. Жалпы, бүгінде орталықта 350-ден астам бала жаттығады.
Осылайша «Астана» өзінің жоғары білікті шебер ойыншыларын тәрбиелеуге де кірісіп кетті.
«Астананың» қазіргі деңгейінің кетіп қалғаны соншалық, бүгінде клуб басшылығы алдарына тек еурокубокта ғана емес, Қазақстан Премьер-лигасында да топ жаруды көздейді. Мәселен, соңғы төрт жылда «Астана» Қазақстан чемпионы атағын ешкімге бермей келеді.
Биылғы маусымда да команда алдарына дәл сондай мақсат қойып отыр. Әзірге клуб Премьер-лигада еш кедергіге кезіккен жоқ. Қандай қиындық болмасын, бәрін де мүдірмей өтіп жатыр. Ал еуромаусым енді ғана басталады. Нақты айтсақ, шілдеде «Астана» Чемпиондар лигасына жорығын Сербияның «Сутьеска» клубына қарсы ойынмен бастайды.
Ал бұл тұрғыда команданы жаңа жеңістерге жаңа маман Роман Григорчук бастайды. Украиналық маманға Станимир Стоиловтан зор мұра қалды. Енді оны тек сақтап қалып қана қоймай, жетістіктерді еселеп, абыройды асқақтата түсу қажет.