Жемісті «Джиро» немесе «Астана» қалай үздіктер қатарынан орын алды?..
2018 ж. 30 мамыр
2181
0
«Джиро Д’Италия» велокөпкүндігінің биылғы жарысы «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының құрамына кіретін «Астана» командасы үшін сәтті аяқталды. Капитаны Мигель Анхель Лопес жеңіс тұғырының үшінші сатысынан көрінсе, жалпыкомандалық есепте «Астана» екінші орынды иемденді. Мәртебелі жарыстың біз үшін есте қалған ең қызықты сәттеріне тоқталсақ.
Джиродағы сегіз серке
Қай жарысқа болмасын, «Астана» шабандоздары көптің бірі болу үшін емес, жеңіске жету үшін қатысады. Бұл жолы да команда алдына сондай мақсат қойды. Алайда, алғашында, шыны керек, «биыл қалай болар екен?», - деп аздап уайымдағанымыз да рас. Себебі былтыр дәл осы жарыста «Астана» сапынан ең үздік көрсеткішке қол жеткізген шабандоз қорытынды кестеде небәрі 14-ші орыннан көрінген еді. Мамырдың басында «Астананың» «Джироға» қатысатын құрамы да анықталып, жарысқа команданы капитан ретінде 24 жастағы Мигель Анхель Лопес бастап шығатыны белгілі болды. Былтыр «Вуэльта» көпкүндігінде екі рет кезең жеңімпазы атанып, жалпыесепте сегізінші орынды иемденгені болмаса, бұрын-соңды «Джиро Д’Италия» жарысына қатыспаған еді. Сондықтан, «колумбиялық шабандоз көшбасшылық міндетті абыроймен атқарып шыға алмайды-ау» деп күдіктенгендер де болды. Бірақ, клуб басшыларының өз ойлағаны бар еді. Мигель Лопестің қасына дәл осы турнирде әбден ысылған Танел Кангерт (Эстония), Андрей Зейц (Қазақстан), Луис Леон Санчес (Испания), Алексей Луценко (Қазақстан), Ян Хирт (Чехия), Давиде Виллелла (Италия) сынды сенімді грегарилерді қосып берді. Ал бетін аулақ қылсын, колумбиялық шабандоз саптан шығып қалғанда, оның орнын испаниялық Пельо Бильбао басатын еді. Мұның барлығы клуб басшыларының әбден есептеп барып, қабылдаған шешімі еді. Бұл құрам Аппенин түбегіндегі 20 күндік турнирде өзін толық ақтады.
Жеңіске жол ашқан кезеңдер
«Астана» бұл көпкүндікте бірден бас-көз жоқ алға ұмтылған жоқ. Кімнің уақытша лидер екендігін, кімнің артынан қалмау қажеттігін алдын-ала зерттеп алған еді. Алғашында Пельо Бильбао көшбасшылардың қатарында болды. Ал Мигель Лопес асыққан жоқ. Мәселен, 3-ші кезеңнен кейін жалпыесепте бар болғаны 45-ші орында болатын. Үздік ондыққа тек 14-ші кезеңнен кейін ғана кірді. 186 шақырымға созылған бұл кезеңде Мигель мәреге төртінші болып жетіп, ең үздік жас спортшыға тиесілі ақ жейдені де жеңіп алған-ды.
Осыдан кейін ғана Мигель Лопес жалпы есепте ақырындап көтерілуді бастады. Ал 20-шы кезеңде үздік үштікке орналасып, Рим төрінде жеңіс тұғырынан көрінді.
Сондай-ақ, көшбасшының сенімді көмекшісі бола білген Пельо Бильбаоның да еңбегін атап өткен жөн. Қажет кезде шабуылдап, керек сәтте қарсыластардың аптығын басумен болған испаниялық шабандоз өзі де жеңіс тұғырына лайық екенін дәлелдеді.
Дегенмен, «Джиро Д’Италия» «Астана» үшін сәтті басталмаған. Жарыс басталмай жатып-ақ жаттығу кезінде командамыздың көшбасшысы Мигель Лопес құлап қалып, аяғын жарақаттап алады. Абырой болғанда, жарақаты аса ауыр болмай, колумбиялық шабандоз жарысты жалғастыруға күш тапты.
Ал жеңімпаз кім?
«Джиро Д’Италия» көпкүндігінің өткен жылғы жеңімпазы голландиялық Том Дюмулин биыл да жарысты жеңіспен бастады. Алайда, күлгін жейдені ұзақ киіп жүре алған жоқ. Екінші кезең мен бесінші кезеңге дейін жалпы есепте аустралиялық Рохан Деннис көш бастап тұрды. Кейін 19-шы турға дейін британдық Саймон Йейтс үстемдік құрғанымен жарыстың бітуіне екі-ақ тур қалғанда 25 жасар шабандоздың жүйкесі сыр беріп, көпкүндікті небәрі 21-ші болып тәмамдады. Ал жеңімпаз – «Sky» командасының капитаны Крис Фрум. Бір қызығы, бұған дейін «Джироның» тарихында бірде-бір британдық спортшы жеңіс тұғырының жоғарғы сатысына көтерілмеген екен. Екінші орынға Том Дюмулен орналасса, «астаналық» Мигель Анхель Лопес үздік үштіктен көрінді.
32 ел, 22 команда, 175 шабандоз
Жалпы, биылғы «Джиро Д’Италия» көпкүндігіне 32 елден 22 команда 175 шабандоз қатысқан екен. Ең көп өкілін қосқан ел – Италия. Жарыс жолына турнир қожайындарының 45 спортшысы шығыпты. Одан кейінгі орында 14 спортшымен Франция тұр. Ал 21 кезеңді шабандоздар орташа көрсеткішпен алғанда сағатына 40,119 шақырым жылдамдықпен жүріп өтіпті. Осылайша бұл да «Джиро» тарихындағы ең жылдам жарыс ретінде тіркелді.
Енді қай жарыста топ жарамыз?
Сонымен, «Джиро Д’Италия» аяқталды. Асыра сілтегеніміз емес, сәтті өткіздік. Енді алда «Тур де Франс» пен «Испания Вуэльтасы» күтіп тұр. Алғашқысында «Астананы» капитан ретінде жарысқа кімнің бастап шығатыны әзірге белгісіз. Ал Пиреней түбегіндегі турнирде Мигель Анехель Лопеске сенім артылады деген сыбыс бар. Бұл дұрыс шешім болса керек. Өйткені, колумбиялық шабандоз былтыр «Вуэльтада» екі кезеңді ұтқан. Бұл жарыс оған жақсы таныс. Бір жағынан «Джиродан» кейін аздап демалып алып, тамыздың соңына дейін нағыз бабына енуі тиіс. Иә, Апеннин түбегіндегі аламан жарыста үздік үштіктен көрінген «Астана» капитаны Пиренейде жеңімпаз атанып жатса, таңғалмаңыз. Ал «Тур де Франсқа» Александр Винокуров бастаған клуб басшылары бір мықтысын дайындап та қойған болар.